Әлемде 700 миллионнан астам адам суға зәру

/uploads/thumbnail/20170709093148482_small.jpg

Тіршіліктің басты қайнары су. Оның таза әрі құрамының сапалы болуы адам баласының өмірі, жалпы жер бетіндегі тіршілік үшін маңызды. Қазір су мәселесі халықаралық мамандарды ерекше алаңдатып отыр. Оған себеп те аз емес. Мұхиттардағы тіршілік иелері соңғы он жылда 22 пайызға кеміген. Себебі судың сапасы нашарлаған. Әлем жұртшылығы судың сапасы мен тазалығына мән бермесе, алдағы жүз жылда балықтар мен су құстары мүлдем жойылып кетуі мүмкін. Осыны ойлаған «Жабайы табиғат қоры» мұхиттар мен теңіздерді сақтаудың арнайы бағдарламасын жасауда. 

Халықаралық мамандардың су тапшылы­ғы­мен күрескеніне бір ғасырға жуық уақыт болды. Соңғы 60 жылда суға қатысты 300 халықаралық келісімге қол қойылған. Осы мерзім ішінде дүниежүзі мемлекеттері арасында су үшін 37 қақтығыс болыпты. БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун 2012 жылы 22 наурызда «Дүниежүзілік су ресурстары күніне» орай жасаған жолдауында «Алдағы онжылдықта саны күннен күнге өсіп бара жатқан адамзатты азық-түлікпен қамтамасыз ету, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамсыз ету үшін тағам өндірісін арттыру қажет. Ал бұл ең маңызды ресурс — суды дұрыс пайдалануды қамтамасыз ету дегенді білдіреді» деген еді. 

Әлемдегі көптеген елдерде су тапшылығы айқын сезілуде, соның салдарына ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі төмендеп барады. Жиі айтылып жүрген климаттың өзгеруі мәселесінің тууына себеп боп отырған фактордың бірі ретінде осы су тапшылығын атауға болады. Қазір әлем бойынша 1 миллиардқа жуық адам аштық күйін кешуде. Ал 800 миллион жанға тұщы су жетпейді. 

Су мәселесі тек ұлттық емес жаһандық мәселе екенін осыдан-ақ пайымдауға болады. Азық-түлік қауіпсіздігі мен сумен ұдайы қамтамасыз ету үшін экономиканың барлық салалары атсалысуы керек. Экожүйеге қатысты су технологияларын пайдалану қажет. Су шаруашылығына инвестиция салу мәселесін шет ел мамандары жиі айта бастады. Ауылдық аймақтарды сапалы сумен қамтамасыз етпейінше, су ресурстарын тиімді пайдаланбайынша, бұл мәселенің шешімі табылмайды. Рио-де-Жанейрода өткен Тұрақты даму жөніндегі конференцияда БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун адамзат барынша ұмтылып жатқан жарқын болашақта су ресурстары басты рөл ойнайтынын атап айтты.

Алайда суға деген зәрулік күннен күнге өсіп барады. Оған халық санының көбеюі, көші-қон, азық-түлікке деген сұраныстың өсуі, энергия көздеріне деген сұраныстың артуы, т.б. мәселелер себеп болуда. Бұл жөнінде үш жыл бұрын Стамбұл қаласында өткен Дүниежүзілік су форумында айтылды. Тұщы суды тиімді пайдалану, су тапшылығын жою мәселелері жыл сайын халықаралық деңгейдегі жиындарда талқылануда. Осы тақырыпқа арналған БҰҰ-ның соңғы жиынында «Өзгермелі әлемдегі су мәселесі» деп аталатын баяндамасында су ресурстарын басқару қазіргі таңда өте өзекті боп отырғаны туралы сөз болған еді. Су мәселесін саяси деңгейде шешу үшін бірқатар елдер суды тиімді пайдалану жөніндегі арнайы заңды да қабылдады. 

Су тек су шаруашылығына ғана қатысты мәселе емес. Дамушы елдердің өзінде су тапшылығы әлі де өзекті күйінде қалуда. Су көздерін сақтау, оның тазалығын қадағалауға қатысты іс-шаралар қарқынды түрде жүргізіліп жатыр деуге болмас. Мамандардың болжауынша 2030 жылға қарай адамзаттың 67 пайызы яғни, 5 миллиард кісі таза сусыз қалуы мүмкін. Халықаралық ұйым мамандары 2015 жылы әлемдегі халықтың 90 пайызы таза ауызсуға жетеді деп болжаған еді, алайда көздеген нәтиже құжат жүзінде қалған. Оған басты себеп — су тазартатын құрылғылардың ескі болуы. Мәселен, Африканың 340 миллион тұрғыны таза сусыз өмір сүруде. Құрлықтағы жарты миллиард адам су тазартатын құрылғы болмағандықтан лас суды пайдалануға мәжбүр. 

Әлем жұртшылығының тұщы суға деген сұранысы соңғы елу жылда үш есеге көбейген. Адам саны жылына 80 миллионға өсіп отырғанын ескерсек, жыл сайын кісі баласының суға деген сұранысы 64 миллион кубометрге артады. Жалпы, жер жүзінде судың 80 пайызы ауыл шаруашылығына, 70 пайызы өндіріске, 10 пайызы тұрмыстық қажеттіліктерге пайдаланылады. 

Мамандардың болжауынша, 2030 жылы әлем жұртшылығының 47 пайызына су жетпейтін болады. Климаттың өзгеруі себебінен Африкада 2020 жылы 250 миллионға жуық адам сусыз өмір сүреді деген пікір бар. Су тапшылығы шөлді аймақтарда жаппай көші-қонның басталуына түрткі болмақ. Бұл үдеріс 700 миллион адамды қамтуы мүмкін. Дамушы елдердегі ағын судың 80 пайызы тазартудан өтпегендіктен өзен-көлдерді ластауда. 

Кейбір мемлекеттер даму бағдарламасына су ресурстарын басқарудың стратегиясын жасау арқылы мәселенің шешімін табуды ойластыруда. Замбия республикасында осындай бағдарлама экономиканың барлық секторларына енгізілген. Осының арқасында шетел инвесторлары Замбияның су секторына қомақты қаржы бөлуде. Австралия сумен қамтамасыз етудің арнайы жүйесін енгізді. Нәтижесінде бассейндерді сумен толтыру, көлік жуу сияқты әрекеттерге біраз шектеу қойылды. Суды бейберекет пайдаланумен күрес Таиланд, Филиппин сияқты елдерде жақсы жүргізілуде. Палестинада су жетпегендіктен тазартылған ағын судың 40 пайызы пайдаланылса, Израильде 15 пайыз, Египетте 16 пайыз қалдық су қайта өңделеді. Ал Сауд Аравиясы, Израиль, Кипр мемлекеттері теңіз суын тұзсыздандыру арқылы өндірісте пайдаланылатын су көлемін ұлғайтып алған.

Жер бетіндегі адам санының өсуі, ауыл шаруашылығы секторының кеңеюі, климаттың өзгеруі, гидрологиялық циклдың өзгеруіне ықпалы етіп, бүгінде су сапасы жаһандық мәселеге айналды. Өндірістік және тұрмыстық қалдықтардың кесірінен ластанған судың адам денсаулығына зиянды әсері бары белгілі. Бүгінде судың құрамында бұрын болмаған ауыр металдардың, органикалық химикаттардың, микробтардың көбейіп кеткені анықталуда. Орта Азиядағы су ресурстарын пайдалану мәселесі толық шешімін тапты деуге әлі ерте..

Шарафат Жылқыбаева 

Оставить комментарий

Связанные Статьи