Мейірімге зәру балалар немесе олардың жағдайы

/uploads/thumbnail/20170709103146269_small.jpg

Хикая: «Бір кездерде, арақ ішкіш маскүнем жан болыпты. Арақ ішіп алып, кез келген күнәні жасаудан қорықпайды екен. Бір күні бір жетімге өз баласындай, тіпті, одан да артық қошемет, құрмет көрсетіп, қамқорлық жасапты. Сол маскүнем түнде түс көріп, түсінде тозақты, ондағыларды көреді. Ол түсін былай баяндайды: «Мені тозаққа қарай сүйрей бастады. Сол мен құрмет көрсеткен жетім бала келіп, мені тозаққа алып бара жатқандарға: «Тоқтаңдар! Менің, Раббыма арызым бар»,- деді. Олар тоқтады. Бір сәттен кейін бір дауыс естілді. «Оны жіберіңдер! Ол мына жетімге қайырымдылық жасап, оны қуантқан еді!» - деді. «Сөйтіп тұрғанда мен оянып кеттім», - дейді. Сол  түсінен кейін ол арақ ішуді, күнә істерді бір жола қойып, жетімдерге көп қамқорлық жасайтын адамға айналыпты».

(естіген әңгімеден)

Төле бише тауып, Қазыбек бише қазып, Әйтеке бише жарып айтпасам да, қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі жетімдер туралы мақала жазу көптен бері көкейде жүрген ой болатын. Соны орындау мақсатында қолға қалам алып, оқырмандармен ой бөлісуді жөн көрдім.

Қазақ әлімсақтан мұсылман халық. Сондықтан да болар қатпар тарихында жетімін жылатпаған, жесірін қорлатпаған. Оларды қор көрмей, қайта кеңпейіл, жомарттық таныту Алланың разылығына ие болатынын жақсы білген. Әке-шешеден жастайынан жетім қалып, тұл боп қалған ұл-қызды баспанасына алып, ешкімге жалтақтатпай өсіруді азаматтық парызым, мұсылманшылық міндетім деп білген.

Ал бүгін ше? Ащы болса да сөздің ақиқатын айт демей ме атам қазақ. Бүгінде жасырын емес, санамыз шайқалып, жүректегі иманымыз әлсіреп, рухани түйсігіміз тоқырауға айналып бара жатыр.

Қазіргі таңда жетім десек тастанды деген ауыр сөзді қосып айтамыз. Жылы баспана, бүтін киіммен қамтамасыз етілгенмен тастандылардың жағдайы мәз емес екендігі жалпақ жұртқа мәлім. Жетімдер үйіне ат басын бұрып, табан тірей қалсаңыз жүздері солғын тартқан, көздеріне мұң ұялаған балаларды көресіздер. Қалтарысы мен бұлтарысы бітпейтін мына фәниде олардың бар арманы, Алладан тілейтіні бір ғана тілек. Күні-түні үзілмейтін – бір ғана үміт. Ол, мына бес күндік тіршілікте анасының ыстық алақаны мен әкенің ыстық құшағына бөлену.

Бал бөбектер ата-анасы өздерін тастап кеткелі, қанша қиындық көріп, сүрген әрбір күні сұрланған күздей суық әрі көңілсіз өтсе де періште жүрегі әке-шешесін әлдеқашан кешірген, оларды сөзсіз бақытты қылуға дайын-ақ. Бірақ, оны ойлап, шалыс басқан қадамын қатеге санап, баласына құшақ жайып жатқан ата-ананалар жүзден бір ғана шығар. Жетімдердің жай-күйін, іштегі запыран мұңды, ата-анасына деген ыстық сағынышты ауызбен айтып, бейнелеп жазу мүмкін емес шығар. Тек мына бір Зарина Долатаева атты ақынның «жетімдер монологының» үзіндісінен олардың жайын аз да болса ұға аларсыздар:

«Анашым...

Іздеумен келем, іздеумен келем өзіңді,

Естігім келеді бір ауыз жылы сөзіңді.

Жас жаныма серік етіп келемін

Таусылмайтын сабыр менен төзімді.

...Күнде оқимын сен қалдырған хатыңды,

Іштей ғана қайталаймын атыңды.

Көп болды ғой түн ұйқымды сағындым

Қанша таңды сені ойлаумен атырдым...

Анашым...

Азайып бара жатыр күлкім де,

Мәңгілікке көз жұмсам ғой бүл түнде.

«Кешір мені» деп жазыпсың хатыңда,

Менің сізге өкпелеуім мүмкін бе?

Сені ойлаумен өтеді менің әр күнім,

Білмеймін ғой не кінәмнің барлығын».  

Адамзаттың асылы, ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Мұсылман адамдар тұратын үйлердің ең жақсысы –  жетімі бар үй. Ол үйде жетімге құрмет көрсетіледі. Мұсылман адамдар тұратын үйлердің ең жаманы – жетімі бар үй. Ол үйде жетімді жәбірлейді», - дейді (Имам Ибн Мажәһ). Енді ғана ес жиып келе жатқан жәудіркөздердің ішкі мұңы, қиын тағдыры былай тұрсын, тәрбиеленіп жатқан балалар үйінде жағдайы жақсы дегенге сену қиын. Осы мақалаға кірісер алдында, жинаған мәліметтерді оқып отырып, жетім баладан алынған мына бір сұхбатты оқып жағамды ұстадым. Онда былай деген екен: «Кейбір апайлар сені үйіне апарып, жұмысқа салып, өзінің үйі бітсе, туған-туыстарының үйіне қора-қопсысын салуға, тазалауға апарады. «Бармаймын» деп қарсы шықсаң, саған дұрыс тамақ та, киім де, жылы көзқарас та болмайды». «Тәрбиеші» жұмысын істеп, нәпақасын тауып жүрген, сырт көзге мұнтаздай таза, өтірік мүләйімсіп, өтірік жаны аши қалатын, қамқоршы рөлін ойнап жүрген адамдар да бар екен-ау. (Көпке топырақ шашудан аулақпын) «Сырт қараса бұ дүние тәтті аса,

                    Мың пәле бар ішкі сырын қаттаса», - демекші, мұндай сырт көзге анасының орнына ана болып, сырт көзге ақ жүректі, мейірімді жандар болады деп ойламайсың. Олардың ондай ісін көбі біле бермейтін шығар.

            Жаныңды жегідей жеп, ішіңді удай ашытатыны – жетімдер үйіндегі балалардың көбі өзіміздің қаракөз қазақтарымыз болып отырғаны. Туған анасының өзегін жарып шыққан баласынан безінудің басты себебін осы мәселемен тікелей айналысып жүрген зерттеушілер: «Олардың тағдыры бір-біріне ұқсас. Қалаға оқу іздеп келген қазақ қызы оқуға түсе алмаған соң жұмысқа орналасып, өмірден өз орнын тапқысы келеді. Бірақ, мамандығы жоқ қыздың жұмыс тауып, қалаға сіңісіп кете қоюы қиын. Ата-ана бақылауынан шыққан қыздың қате басып, оның опық жеуі оп-оңай. Жастық мастықпен жасалған осындай ойсыз әрекеттің соңы дүниеге келген сәбидің тастанды атануына әкеліп соғады», - дейді.

            Бұрындары бір ауылдың, бір рудың баласы жетім болып қалса, жақын туысқандары, көрші-көлем бар өздерінің қанаттарының астына алып, жетімсіретпейтін, қала берді ата- әжесінің қолында жетілетін. Тіпті, ол ол ма, кешегі соғыс жылдары талай орыстың, кавказдың жетім балаларын асырап алған осы өзіміздің қазақ емеспе еді? Енді сол қазаққа не болды?

            Деректерге үңілсек, Орал қаласында ата-анасының қамқорлығынсыз 890 жетім бала тіркелген. Олардың 499-ы қамқоршылардың қолында, 63- і патронаттық тәрбиеде. Ал, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 378 бала мемлекеттік мекемелерде тәрбиеленуде. Отбасында тәрбиеленіп жатқан балалардың 160-ы, ал мекемелердегі 59 бала тұлдыр жетім. Соңғы үш жылда алып қарасақ, 2008 жылы 1096 бала, 2009 жылы 997, өткен жылы 993 бала жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар ретінде тіркеуге алынған. («Орал өңірі» газеті) Тағы да баспасөзде жарияланған мақалаларға назар аударсақ. Еліміз шетелдіктерге бала беруде 1,5 млрд халқы бар Қытайдың да алдына шығып отырғанын айта кеткен жөн. Осылайша шетелге мұнай шығарудан әлем бойынша төртінші орын алсақ, бала беруде үшінші орынға шығып отырмыз. Елімізде шетелге бала берумен айналысатын агенттіктер бар. Ал агенттіктің бір баланы шетелдіктің иелігіне заңдастырып беруден табатын ақысы 30-35 мың долларды құрайды. Сол ақша кімнің бақшалы үйінде кірпіш болып қаланып, кімнің мінетін көлігі, кімнің қалтасын томпайтып жатыр екен? Бұл жағы беймәлім.

            «Біздің балаларымызды көбіне америкалықтар (АҚШ) асырайды екен. Соңғы 15 жылда ел аман, жұрт тыныштықта 10 мың ұрпағымыз шетел асып кеткен. Осыдан бірнеше жыл бұрын АҚШ- тың Орегон штатындағы америкалық өзі асырап алған 10 жастағы қазақ қызын зорлап, айуандыққа барғанын Парламент депутаттарынан бастап, дүйім жұртты дүр сілкінткені жадымызда». («Жетімін сатқан ел оңбайды», Мұртаза Бұлұтай).

            Бір тесік, бір есік заманда шетел асқан қандастарымызды Атамекеніне шақырып, қазағымыздың санын көбейтеміз деп, төрткүл дүниеге дабыл қағып жүргенде, мыңдаған бейкүнә періштелер шетелдіктердің бауырында кетіп жатыр. Жас  болсын, кәрі болсын барлық адамдар өз жерінде, өз топырағында, өз тілі, өз дінімен өмір сүруі керек.

            Ойымды оқырмандарға жеткізе келе, дінтанушы, мәдениеттанушы Мұртаза Бұлұтайдың естелігімен қорытындыласам: -1996 жылы Алматыдағы бір фирмада жұмыс істеп жатқан кезім. Фирманың қарамағында екі қонақ үй бар болатын. Бір күні маған «сіз арабша білесіз ғой, көмек берсеңіз!» деп біреулер хабарласты. Барсам қонақ үйдің бірінде отызшақты араб жүр жылап-еңіреп. Оларды бір турфирма аңшылық жасатамыз деп Эмираттан алып келіпті, бірақ Алматы әуежайында әлгілердің өздерімен бірге ала келген құстарын біздің кеденшілер мен басқа да қызмет өкілдері тәркілеп алыпты. Біздің заң бойынша елге құс кіргізуге болмайды екен және елден құс шығара алмайды екенсіз. Жаңағы арабтарымыз, дардай жігіттер кәдімгі жас балаша жылап жатыр құстарына қайғырып, қоректенген жоқ, аштан өлетін болды-ау деп. Міне, қандай қызық жағдай! Біз балаларымызға елден шығарылмайтын құстарға бергеніміздей мән берсек еді, балаларымыз үшін жаңағы арабтың құсына қайғырғандай қайғырсақ еді...

 Авторы: Ақжол ӘБИБУЛЛАЕВ,

 М. ӨТЕМІСОВ атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ІІІ курс студенті.

Оставить комментарий

Связанные Статьи