Ауыл шаруашылығы нарықтық экономикаға бейімделе алды ма?

/uploads/thumbnail/20170709110128014_small.jpg

 

Жер-жаһан жұртшылығы экономикалық дағдарысты бастарынан өткерiп отыр. Әлемдiк әбiгершiлiк мал бағып, егiн еккен, топыраққа терiн сiңiрген ауыл еңбеккерлерiн де айналып өтпесi анық. Осындай алмағайып кезеңде ауылдың қарапайым еңбеккерлерi сынаққа қалай төтеп беруi керек? Бiрнеше жыл шаруашылықтарда еңбек еткендiктен де менi осы сауалдар жиi мазалайды.

Қаз дауысты Қазыбек бабамыз айтқандай, ежелден мал баққан ел. Сондықтан ата кәсiптi өркендету арқылы алдымыздан жаңа өрiс ашамыз. Бұған күмән жоқ. Бүгiнде жер бетiнде адам санының артуы азық-түлiктiң мол қорын қажет етедi. Ендеше, ауыл шаруашылығы өнiмдерi әрқашан үлкен сұранысқа ие болып қала бермек.

Ғаламдық өзгерiстермен бiрге ауыл шаруашылығын өркендету тәжiрибесi де күн сайын жаңарып отыр. Демек, дағдарысты сынақ қана емес, мүмкiндiк ретiнде де қарастырған жөн. Көзiн тапса, ауыл шаруашылығынан түсетiн табыс аз емес. Төрт түлiгiн түгендегендердiң орны төрде.

Менiңше, ауыл тұрғындары, мамандар нарықтық экономикада өз орындарын таба алмай жүр. Мемлекет тарапынан қолдау бар, инвесторлар тарапынан да көмек көп. Десек те, кей тұстары ауылдың өзiнен де ұсыныс, құптарлық құлшыныс күту керек. Өйткенi, бүгiнде шикiзаттың бағасы түсiп тұр. Баға күн сайын мың құбылады. Мемлекеттен қолдау көрген шаруалар өндiрген өнiмдерiн өтей алмайтын да күйге түседi. Қазiр ауылдағыларды жерi мен малы ғана асырап отыр. Осы екi басты байлықтың қадiрiн қазақ қаншалықты бiледi?

Бiрiншiден, жергiлiктi тұрғындарды өзiнiң әлеуетiн көтере алатын, өзiн-өзi дамытуға жол ашатын мамандықтарға баулу керек. Бұл дегенiңiз, ауыл жастарын жаппай заң, экономика салаларына оқытуды қойып, ата-баба кәсiбiне бейiмдеу деген сөз. Екiншiден, мемлекет тарапынан бөлiнетiн қолдаудың жауапкершiлiгiн жете түсiну. Ауылды өркендетуге арналған бағдарламалар, құжаттар бiзде аз қабылданған жоқ. Солардың аясында кәсiптерiн дамытып отырғандар бұдан әрi өздiгiнен жүрiп кету жолдарын бiлмейдi. Үшiншiден, ауылға бөлiнетiн қаражаттың қайтарымы есептелiнбейтiн тәрiздi. Төртiншiден, шағын несие беретiн мекемелер ауылмен тиiмдi жұмыс iстеу формасын әзiрлеп, мемлекетке ұсынуы керек. Бүгiнде ауылда өз бизнесiн өркендеткiсi келетiн жастар көп. Оларға қолдау қажет.

Дей тұрғанмен, бүгiнгi таңда мал баққанда алдына жан салмайтын қазақтың алдында бiрнеше күрделi мәселе тұр. Ол – төрт түлiктiң қанын тазартып, тұқымын асылдандыру. Оның қиындығы да көп. Бұл, әсiресе, сиыр өсiрiп отырған ауылдағыларға оңай емес. Неге? Өйткенi, менiң бiлуiмше, мал тұқымын асылдандыру деген ауылдағылар үшiн әншейiн көзбояушылық тәрiздi. Қазiргi басшылар iстiң көзiн таба алмай жүргендей. Мәселен, бүгiнде ауыл шаруашылығында да түрлi құрылымдар көбейдi. Аттарынан да жаңылысамыз кейде. Оларда қанша жұмысшы бар? Қаржылық қауқары қандай? Нарықтық экономика атымен олардың таза табыстары үнемi тасада қалады. Серiктестiк басшылары мемлекеттен миллиондаған теңге несие алады да, жұмысшылары бар-жоғы 40-50 мың теңге жалақыны қанағат тұтуға тура келедi. Жыл аяғында ортақ табыстан неге оларға көтерме сыйлық берiлмейдi? Бұл, сайып келгенде, адам еңбегiн қанау сияқты көрiнедi маған. Елбасы халыққа жағдай жасаңдар деп үнемi айтып отырады. Ал, түрлi жолмен қалтасын толтырып алғандар тек қара бастарын ғана ойлайды. Бұған не дейсiз?

Орынтай ҚОРТАЕВ, Ордабасы ауданының құрметтi азаматы.

«Оңтүстiк Қазақстан».

http://okg.kz/

Связанные Статьи