Осы бiзде шетелдерден мал сатып алу деген бiр науқан болды. Тiптi, Зеңгi баба тұқымдарын тiкұшақпен тасыдық. Содан не ұттық? Ұтқанымыз шамалы. Сиырдың көбiсi жерсiнбей өлiп қалды. Жерсiнгендерi күнiне 30-60 литр сүт бередi. Бiрақ сол сиырлар бар болғаны үш жылдан соң етке өткiзiледi деп естимiз. Сонда әрбiр литр сүттiң өзiндiк құны қаншадан түседi? Кәсiпкерлер мемлекеттен миллиондап, миллиардтап қаражат алса, оның сұрауы қайда?
Содан кейiн мен шетелден асыл тұқымды мал әкелу дегендi түсiнбеймiн. Қарапайым халық сол баяғы орындарында отыр. Жекеменшiк малды асылдандыру ешкiмнiң де ойына кiрiп шықпайды. «Түк те iстелiп жатқан жоқ» деп ауызды құр шөппен сүртуден аулақпыз, алайда, жекеменшiктегi сиырларды асылдандыру жағы ақсап жатыр. «Жекеменшiк сиырдың қаншасы асылданды?» деген сұраққа нақты жауап жоқ. Жыл сайын сиырларды қолдан ұрықтандырады. Бiрақ келесi көктемде оның бұзауының есебi алынбайды. Ауылда үйлерiнде бұқа ұстап отырғандар бар. Сиыры барлар соларға жүгiнедi. Одан қандай асыл тұқымды сиыр өсiп шығады? Iрi қараны қолдан ұрықтандыру мәселесi қолға алынғалы қаншама жыл өттi. Дегенмен, бұл мәселе әлi толыққанды шешiлген жоқ. Бұқаға сенiп, сиырларын қысыр қалдырып жүргендер де табылады. Сонда мал тұқымын асылдандырып отырмыз деген серiктестiктердiң халыққа қанша пайдасы бар?
Қазiр қай үйге бармаңыз, қорасынан қазақы қойды көресiз. Осы қойды асылдандыру да ұмыт қалған. Кезiнде арқар мен қазақы қойды шағылыстыру арқылы қойдың жаңа еттi түрi пайда болғанын бiлемiз. Осы ойымды кезiнде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына да жолдадым. Жауабы көңiл көншiтедi. «Етi көп, майы аз қой асырап жатырмыз» деген сыңайда жауап алдым. Сол қойлардың қозыларын жекелерге сатса, былайғы қарапайым халық та жетiлiп қалар едi ғой. Бұл жөнiнде кезiнде Ордабасы ауданының әкiмiне хат жолдадым. Аудан әкiмiнiң орынбасары Ғ.Үсенбаев «Ауылда тұратын қаражаты бар мал шаруашылығына қызығатын тұрғындары өз қаражаты есебiнен ауданға қарасты асыл тұқымды қой шаруашылықтарынан нарықтық бағада асыл тұқымды қошқарларын сатып алып, өзiнiң меншiгiндегi қойларымен асылдандыру жұмыстарын жүргiзiп, мал тұқымын жақсартуда. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар бойынша мемлекет тарапынан қаражатты қолдаулар көрсетiледi. Дәл осындай мемлекеттiк қолдаулар iрi қара, жылқыны асылдандыру жұмыстарына да көрсетiледi» делiнiптi. Дұрыс-ақ делiк. Алайда, «Сералы», «Сабыр», «Ортай» шаруа қожалықтарының асыл тұқымды қошқарларымен қойымызды ұрықтандырдық» дегендi естiмеймiз. Бiздiңше, асыл тұқымды шаруашылықтардың қозыларын таразыға тартып тұрып, жергiлiктi халыққа сату керек. Бұл жауапкершiлiктi ауыл әкiмдерiне жүктеген жөн. Сонда қарапайым халықтың да күнкөрiс қауқары артады. Әрi кеткенде 15-16 келiден аспайтын қойларынан құтылады. Ауыл шаруашылығын интенсивтi дамыту үшiн ғылыми негiздемелерге сүйенiп жүргiзiлу керек. Серiктестiктер ғана керек те, былайғы жұрт қолдағы қотыр тоқтысымен отыра бермеуi керек.
Орынтай ҚОРТАЕВ, Ордабасы ауданының құрметтi азаматы.
«Оңтүстiк Қазақстан».