Мамандығым экономист болғандықтан, өзiмше есеп жүргiздiм. Мәселен, бiр отбасында 20 саулық, 1 сиыр бар делiк. Сол 20 саулықтың соңынан жылына кем дегенде 18 қозы ередi. Сиыр жылына бұзаулайды делiк. 18 қозы мен 1 бұзауды сатқанда малдың қыстық жемшөбiн табу қиын. Бiр отбасында 7-8 адам бар делiк. Тек малының өнiмдерiмен күн көрiп отырғандар пайдаға несие алады ма? Егер сиыр күнiне екi шелек сүт берсе, әр қой 50-60 келi салмақ тартса, тұрмыс түзеледi. Қазiр әр отбасында бiр адам ғана жұмыс iстейтiнi жасырын емес. Жалғыз жанның жалақысы қай тесiкке жамау болады?
Мемлекет бай болуы үшiн әрбiр тұрғын бай болуы керек. Билiктегiлер дәл осылай ойлағанда ғана iс алға басады. Мемлекеттен қыруар қаржы алып, зым-зия жоғалып кеткен, банкротқа ұшыраған серiктестiктерден халыққа қандай пайда бар? Кейбiр мүмкiндiгi бар отбасыларда 30-40 iрi қара бар шығар, бiрақ көп шаңырақ бiр сиырының желiнiне қарап отыр. Жұрттың бәрiнде қаржы болса, мүмкiндiгi болса, шетiнен мал өсiрiп, ырғалып-жырғалып отырмас па? Ал, мемлекеттен қолдау көрiп, табысқа белшеден батқандар жұмысшыларына қандай көмек көрсетiп жатыр? Жарытымсыз жалақысы ғана ма? «Пәлен серiктестiк пәлен сиыр өсiрiп жатыр» деудiң орнына осындай астарлы жағына да көңiл бөлген жөн ғой деп ойлаймын.
Қазiр ұсақ шаруаларды бiрiктiру жөнiнде де мәселе көтерiлуде. Алайда, «бас басына би болғандар» жеке өмiр сүргiсi келедi. Бұдан олардың байып кеткендерi де шамалы. Бiрақ өз алдына қалқиып жүрсе болғаны. Кешегi ұжымдастыру адамдарды көп iлгерiлеттi емес пе? Соны неге ұмытамыз? Сенiмдiлiктi арттыру үшiн есеп-қисапқа адал болуымыз керек. Жыл аяғында қандай табыспен, қандай шығынмен шыққандары жариялы болғандары жөн. Мiне, сонда iрiлендiрiлген серiктестiктер алға жылжиды. Өндiрiлген өнiмдердiң өзiндiк құны арзандайды. Әр отбасына табыс кiрiп тұрса, халықтың әлеуметтiк-тұрмыстық жағдайына қарайласу деген осы болады.
Жасым сексеннiң сеңгiрiне шықты. Өмiрден көрген-түйгендерiмдi орталарыңызға салып отырмын. Бәлкiм, менiң мұнымды хош көрмейтiндер де табылар. Дегенмен, «айтпаса, сөздiң атасы өледi». Керек деп тапқандар, қажетiне жаратар деген ойдамын.
Орынтай ҚОРТАЕВ, Ордабасы ауданының құрметтi азаматы.
«Оңтүстiк Қазақстан».