Кешелі бері ақындар туралы әр түрлі әңгіме боп жатыр ғой. Онда келген екенбіз, қазақтар. Байқасаңыздар, ақындар өліп жатыр, не істерін білмегендіктен қызық қылықтар көрсетіп жатыр, ай астындағы түнге, күн астындағы әлемге сыймай жүр. Бұл жай емес, тіпті тегін емес. Бұл әлеуметттік қатынастарға қойылған диагноз. Заман өзгерер алдында, күрделі бетбұрыстар қарсаңында жұрт я ақынға шүйлігіп тиіседі я ақынды қорған көреді. Боранның алдында ит құтырса, өзгерістер алдында ақынның мінезі өзгереді. Мұндай алағай шақта ақынның құлазуы тіпті күшейеді, дүниеден баз кешеді, жылаңқы болады, қисық сөйлейді, айқайлайды, қолдарын сермеп, ебедейсіз қимылдар жасайды, жанына тыныштық таппай аласұрады. Себебі, ақын қашанда қоғамның барометрі болған. Бұл өзімді немесе қаламдас достарымды көтермелеп, қадірін арттыру мақсатында айтылған сөзім емес. Бұл бүгінгі ұлттың басындағы жағдайдың, халықтың іштей тынып, алабұрта алағызып отырған күйінің ақынның түйсігінде шыңғыруы, абдыраған елдің ақынның болмысында көрініс табуы деп біліңіз. Осыдан кейін ақын үшін саясаттың, тіл мен ұлттың болашағы қажет емес деп көріңіз. Бұдан кейін ақындар қияли, олар басқа әлемде ұшып жүреді, оларға бәрібір деп көріңіз. Ақын - әр адамның ішінде болып жатқан сансыз сезімдерді жалғыз өзі басынан кешіреді. Бәрі оңай, бәрі ойын болса, бүгін қаннен қаперсіз 45-ін тойлап отыратын Әмірханға не көрінді дейсіздер?! Әлде ақын өлген соң ғана әулие ме? Өлген адам өлең жазбайды, шырақтар!
Оставить комментарий