Біріншіден, көпшілік бұл Одақтың келісім-шартымен танысқан жоқ. Сарапшылар, білікті экономистер арнайы мақалалар жазған жоқ. Үкімет тарапынан "не үшін қажет?" деген сұраққа нақты аргументтелген жауап ести алмадық. Сондықтан, ел азаматтары әртүрлі болжамдарды өздері жасауға мәжбүр болып қалды. Бұл жағдайды өзінің саяси мүддесіне пайдаланатын табылды. Яғни, ақпараттық вакуум толтырылған жоқ. Кім кінәлі деген сұрақтың жауабын іздеуге енді тым кеш. Екіншіден, ел азаматтарын экономикалық дамудан гөрі мемлекеттің тәуелсіздігіне қауіп төну факторы қатты мазалайды. Бұл түсінікті де. Ресейдің соңғы қадамдарының барлығын бұл ойды пайда болуының заңды екенін көрсетеді. Мәселен, Қырымды тартып алуы, яғни, Рсейдің өзі қол қойған құжаттарына кепілдік бере алмауы, Ресей саясаткерлерінің солтүстік облыстарымыздың тарихи тұрғыдан өздерінің атамекені деп жариялауы, ортақ валюта туралы пікірдің айтылуы, ал ең бастысы Путиннің "Совет Одағының күйреу - XX ғасырдың ең ірі апаты" деп мәлімдеуі Үкіметттің бұл тек экономикалық Одақ деген пікіріне күмән тудырады. Қысқасы, халықтың уайымдауына толық негіз бар.
Үкімет: "Бұл экономикалық одақ, бізге пайдалы болмақ"
Менің ойымша, біздің нарық тым тар екені рас. Яғни, тауар шығарсақ, оны сататын нарық қажет. 17 млн. халықпен алысқа шаба алмайсың. Экономикалық интеграция қажет-ақ. Біздің шығарған тауарлар кімге қажет деген сұрақ бар. Олардың бәсекеге қабілеттігі үлкен мәселе. Еуропалық Одақ, АҚШ, Қытай біздің тек шикізатты алуға ғана мүдделі. Сондықтан, егер бұл расымен экономикалық Одақ болса, бізге тиімді. Енді мұның өзінің шарттары бар: 1. Егер, экономика әртараптанбай осы жағдайда қалатын болса, бұл Одақ -үлкен минус. Біздің экспорт 80%-ы шикізат. Экспорттағы дайын тауар үлесі бар-жоғы 4 млрд. доллар. Яғни, сен Одаққа кірдің не, кірмедің не айырмашылық болмайды. Керісінше ұтыласаң. Себебі, шикізатқа әлем нарығында сұраныс жоғары. Одақ тек кедергі болады. Соңғы екі жылдың статистикасы осыны дәлелдеді. 2011-2013 жылдары Кедендік Одаққа кіретін мемлекеттерге біздің экспорт 7,1 млрд. доллардан 5,8 млрд. долларға түскен. Ал импорт 15,9 млрд. доллардан 18,3 млрд. долларға өскен. Сондықтан, Қазақстанның бұл Одақтан ұтылуының қазіргі себебінің бастысы - экспорттайтын тауар жоқ. 2. Бар тауардың өзін Ресейге экспорттауда проблема көп. Біздің заң базасы, кәсіпкерлікті қолдау жобалары Ресейге қарағанда әлдеқайда дамып кеткен. Келесі тараптан Ресейдің өзінің нарығына арнайы кедергілер жасап отырғаны анық. Мұны дәлелдеудің қажеті жоқ. Жалпы алғанда, проблеманың бәрі өзімізде. Үкімет әртараптандыруды жүзеге асыра алмай, өздерін қиын жағдайға тығып отыр. Оның үстіне, келіссөздер барысында табандылық танытуы тиіс. Сондай-ақ Дүниежүзілік сауда ұйымына тезірек кіруіміз қажет.
Халық: "Тәуелсіздіктен айырыламыз"
Менің ойымша, Қазақстан бұл Одаққа кірмей жатып экономикалық тәуелділікте. Бұл проблеманы Ресейден көрудің қажеті шамалы. Кінә өзімізде. Мәселен, халық тұтынатын негізгі тауардың 60-70%-ы импортталады. Қауіпті көрсеткіштің бірі фармацевтика (дәрі-дәрімек) тауарларының тек 16%-ы ғана елімізде өндіріледі. Сонымен қатар, бүгінде экономикалық тәуелділік деген салыстырмалы ұғым. Қазіргі ғаламдық экономикада бәрі бір-біріне тәуелді. Осы ретте, бастысы балансты сақтай білу. Ресей, жалпы ТМД аумағының біздің экономикадағы үлесі тым жоғары. экспорттың 59%-ы, ал импорттың 63%-ы осы мемлекеттерге келеді. Бұл көрсеткіштен-ақ түсіне берсеңіздер болады.
Ресей үшін бұл тек экономикалық одақ емес
Енді, Тәуелсіздіктен айырылу мәселесіне келетін болсақ. Бұл анық қауіп екені өтірік емес. Путиннің режимінің мақсаты айқын-ақ. 300 жыл бойы өзінің құлы ретінде қараған ұлтты енді тең деңгейдегі әріптес ретінде қарау олар үшін тым ауыр. Соңғы Украинада болған жағдай бізге сабақ болуы шарт. Ресей мұны тек экономикалық интеграция ретінде қарастырғанда бұл сөзсіз пайдалы болар еді. Әттең, олай емес қой. Солтүстік облыстардың тартып алу қауіпі - Ресей үшін басты көзірдің бірі. Біздің Үкіметті анық шантаж жасайтыны анық. Сол үшін де болдырмау үшін нақты қадамдар жасалып жатыр. Сенетінім: 1. Президент Назарбаев. Оның ел тәуелсіздігін оңай бере салмасы анық. Не десеңіз де бұл менің ойым. 2. АҚШ пен Ресей арасындағы тартыс. Меніңше, бұл тығырықтан шығудың тиімді жолы Үкімет өзінің пайдасын ғана ойлай бермей, нақты іске кірісіп, экономиканың әртараптындыруды, халықтың жағдайын жасауды қамдануы тиіс. Сосын, Ресеймен қақтығыс бола қалған жағдайға "план Б" керек. Үкімет анаған-мынаған бір сене бермей, халықтың сеніме ие болса, одан асқан тұрақтылықтың және дамудың кепілі жоқ екенін түсінетін уақыт жетті. Бұл ойыншық емес, елдің, халықтың тағдыры. Ертең жауап бересіздер, ұмытпаңыздар. Ал біз халық ретінде арандап қалмайық. Талай қиындықты көрген қазақ ұлты Алланың қалауымен бұл тағдырлы, сындарлы кезеңдерді бастап өткеріп, ұлттық мемлекет құрудың жолына түсетініне сенемін. Оған, санасы тәуелсіз ұрпақ кепілдік.
Руслан Желдібай, экономист
Оставить комментарий