«Қамшы» порталы оқырмандарына белгілі кәсіпкер, «Сәйгүлік» компаниясының иесі Шаймұрат Шаймарданұлының сұхбатын ұсынады.
- Порталымызға қош келдіңіз! Сіздің тәуелсіздік жылдарынан бүгінге дейін атқарған шаруаңызды біреу білсе, біреу білмейді. Оқырмандарымызға өзіңізді таныстра кетсеңіз.
- Мен Іленің тумасымын, Әкем Шаймардан Тойшыбек деген кісі болған. Құлжада туып өстік. Әкем, Қытай жаңадан республика құрылған кезде Үрімжіде милиция болып жұмыс істепті. Кейін сол кездегі ең үлкен мектептердің бірі Күнестегі «Тұран» орта мектебінің алғашқы директоры болған. 1954 жылы Іле қазақ облысы облыс болып құрылған кезде ол кісі сот бастығы болып қызметке келеді. Заң саласында қызмет атқарып жүрген кезінде Қытайдағы 60 жылдардағы «Мәдениет революциясының» қара тізіміне ілігіп, саяси қысым көрді, ұзақ жылдар «шпион» атанды. Мен де сол қарсаңда туған баламын, 1964 жылы өмірге келдім. Мектеп жасына келгенімізде «Сатқынның баласы» деп мектепке алмай қойған да әуелі. Әкем заң саласында қызмет атқарған кезде Қытайдағы қазақ зиялыларымен түгелдей етене жақын болған. Кейін, өзі заң саласында жұмыс істеп жүріп, Қытайдың «мәдениет ревалюциясының» қаншеңгеліне түсті. Қара тізімге ілінетін себебі, біздің Үрімжіде, Шыңжаң радиосында әдеби хабарда диктор болып істейтін Зәуреш Шаймарданқызы деген апайымыз болды, сол кісімен, Жандаулет Тойшыбеков деген прокуратурада істейтін ағамыз ел іргесі бұзыла бастаған алпысыншы жылдар Қазақстанға өтіп кеткен еді. Сол кісілер кетіп қалғаннан кейін, әкеміз балаларын шетелге қашырды деп, «сатқын» аталып, нешетүрлі жаман атақпен айыпталды. Түрмеге жабылды. Біз, бір ағам мен әкем болып үшеуміз қалдық. Сосын «Еңбекпен өзгерту» деп бізді Құлжа іргесінде Долан деген ауылға «жер аударды». Біз ғана емес, Тойшыбектің тұқымы деп біраз туыстарымыз қиындық тартты, ауылдарға зорлап қоныс аударды. Әрине, жалғыз біздің басымызға келмеді бұл қиындық. Сол кезде Қытайдағы халықтың бәрі сондай жала мен зәбірдің құрбаны болды. Талонмен азық-түлік алатын заманды да көрдік. Кейін әкеміз ақталды, жұмысы қалпына келді. Бірақ, 10 жылдық түрме азабынан кейін көп өтпей қайтыс болды. Ол кісінің де Қытай қазақтары арасында атқарған үлкен еңбектері болды. Қазір айтылып, жазылып зерттеліп жатыр.
Алғашында, мені мектепке алмай қойған соң, бір ұйғыр мұғалімнен қалмай жабысып жүріп оқыдым. 1981 жылы Құлжадағы «1 орта» мектепті бітірген соң, емтихан тапсырып, салық комитетінде қызмет атқардым. Экономист мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Салық комитетінің аудандық бөлімшесінде басшы да болдым, салық прокуратурасында қызмет атқардым. 1987-1988 жылдары апайларым бала-шағасымен Қазақстаннан барды. Елмен байланысымыз орнықты. Кейіннен көп өтпей Совет үкіметі ыдырады. Мен де, мүмкіндік туа сала, құжатымды жасатып, 1993 жылы, Қаңтардың 17-сі Атажұртқа көштің алғашқы буыны болып келдім. Алғаш келгенімде ел танып, 17 күн жүріп кеттім де, бара сала отбасымды Атажұртқа көшіріп алдым. Әкемнен қалған үйімді сатқан ақшама, Алматыға келе салып, сол кісінің көзі ғой деп бірден үй алдым. Ақырындап жұмыс істеп, үйімді үлкейттім. Сөйтіп, елге қоныс теуіп, сіңісіп кеттік.
- Сіздің есіміңізді жұрт «Сәйгүлік» атты туристтік компанияңызбен, қытай-қазақ арасына жолаушылар тасыған автобустарыңызбен жақсы біледі. «Сәйгүлік» қалай құрылды?
- Қазақ «қара шаңырақ» үйден қалған жабдық бұйымдарды жұртқа қалдырмаған ғой. Мен де көшкенімде әкемнен қалған бір матрасты алып өткен едім. Ол кез көштің жаңа басталған кезі. Мен үшін қымбатты жәдігерім, матрасым автобустарға сыймай, шопырларға жалтаңадап қарап, Алматыға зорға әкелдім. Келгенше көрген жол азабым, «Елдің көзіне қарағанша неге өзіміз осы жұмысты істемеске деген ойға» жетеледі. Қалайда жолаушы тасымалын қолыма алғым келіп, «Сәйгүлік» туризм компаниясын құрдым. Бір автобус алып бастадым, қарызданып екеу еттім... уақыт өте келе 5-ке жеткіздім. Компания құрылған 1997 жылдан 2012 жылдың аяғына дейін күн сайын Алматы – Құлжа арасында 2 автобустан қарама-қарсы бағытта жолаушы тасыды. Жыл сайын ең аз дегенде 30 мың жолаушыдан тасып, жұмыс істеген уақытымызда жалпы саны екі-бағыт бойынша 400 мыңдай жолаушы тасыдық. Қытайдан келген 10 қазақтың жетеуін «Сәйгүлік» Қазақстанға әкеліп отырды. Жолаушы тасып қана қоймадық, 52 орындық автобусымызда билет бағасын мүмкіндігінше арзан саттық. Жолаушылардың жолға шығар, жетер нүктелерінде керекті қызметті де ұйымдастырдым. Алматыдағы автбус тоқтайтын аялдамаға шағындау болса да қонақ үй салып, жаңа келген кісілердің орналасуына да септігімізді тигіздік. Асхана да ашып қойдық. Ал, Қытайдан бері шығар бекетімізде де Скалад, қонақ үй дайындап, келетін жолаушылардың өзі мен заттары орналасуына жағдай жасадық. Алыс ауылдардан келген, қалаға үйір емес ағайынды жатырқатпадық. Біздің тасыған жолаушылардың көбі оқушы-студенттер еді.
Ол кезде кеуде де арман көп еді, болашақта үлкен жұмыс атқарам деп «Сәйгүлік» компаниясының атауын ТМД бойынша тіркеттім. Бұл елдерде бұл атпен ешкім «Компания» аша алмайды. 2012 жылы, Сәйгүлік жұмысы саябырсыған соң экономист болған соң әр салада жұмыстар істеп кеттім. Автобуспен айналысқан кезімде туризммен де айналыстым. Еуропа елдерінен, Германиядан, Франциядан қабылданған-жөнелткен жолаушыларымыз болды.
- «Сәйгүлік» қазір неге 90-ыншы жылдардағыдай жолаушы тасымайды? Жолаушы тасуыңыздың тоқтауына не себеп болды?
- Бірінші көші-қон саясаты тоқтап қалды. Елге келер қандастарымызға виза алу қиындап кетті. Бұл 2012 жылдар еді. Біздің көші-қон заңымыз өзгеріске түсіп, Мәсімов үкіметі «азаматтық» беру мәселесін оңды шеше алмай қалған, құжаттық қиындық шиеленіскен тұста елге келер қандастардың қадамы саябырсыды. Қытайда да шекарадан шығып кетуге заңдық шектеулер пайда болды. Шетелге кететін қазақтар жылжымайтын мүліктерін сата алмайтын болып қалды. Үкіметке өткізуі тиіс болды. Себебі, 2008 басталған дағдарыс жылдары Қытай жалған ұранмен «кедейлендіруді жоямыз» деп шаруаларға, оның ішінде көшіп-қонып жүрген қазақ та бар, пайызсыз несие берді, тіпті кедейлерге жарқыратып бір-бір баспана салып берді. Бірақ, ондай «жәрдемге» ие болғандар қоныс жаңартса мүлікті сата алмайтын шартпен, өмірбақи отыруға тиіс болды. Ал, Қазақстанда алғашқы жылдары келген қазақтар көші-қон полициясынан визасын жарым жылға, бір жылға ұзартып ала алатын. Кейін оны жоқ қылды. Қытайдан келушілер тек Үрімжіден ғана виза алып келуі тиіс болды. Визаның да берілу шарттары мен мерзімдері мың құбылып кетті. Атажұртын аңсағандар қазір оңайлықпен виза ала алмай қалды. Мүліктерін сата алмаған соң көшіп кетуі де қиындады. Сондай болса да, Қытайдың ауылдарына да, қалаларынан да көп қазақ келді. Әлі күнге елге барсақ деп аңсап отырған ағайын көп.
- Қазақ көші-қонын көз алдынан, тіпті қолынан өткерген адам ретінде қандай баға бересіз?
- Шетелден миллион қазақ келіп, одан да көп болып өсіп-өніп жатқаны белгілі. Ел демографиясының үлкен қозғаушы күші сөзсіз көші-қон болды. Өзбекстанда шетелге жұмыс істеп кеткен азаматтар жыл сайын миллиардтаған қаржы алып келеді екен. Бір-екі адамның жүздеп-мыңдап соммен, теңгемен ақша алып келгені білінбейді. Бәрін жинақтасаң ғана білінеді. Сол сияқты Қытайдан, тіпті басқа да мемлекеттен келген қазақтар жыл сайын миллиондаған қаражат алып келді Қазақстанға, сол ақша елдің гүлденіп-көркеюіне айтарлықтай үлес қосты.
Мен де сол елге оралған қалың қазақтың арасында елге келген соң, балаларым өсті, ересек 2 ұлым «N62 Шора Сымаханұлы» атындағы гимназияда оқыды. Әскерге барып борышын өтеді. Қазір екеуі де 6-7 тілде еркін сөйлейді. Үлкені бизнеспен айналысады. Кіші балам алыс-жақын шетелдерде, Түркияда, Қытайда көп жүрді. Былтыр отбасын құрып, Астанаға жұмысқа орналасқан. Екеуінің де өз тіршілігі өзінде. Атажұртқа келгендегі сүйген кенжем қазір орта мектепте оқып жүр. Немере сүйіп ата болып жатырмыз. Қазір өзімізді өзіміз зейнетке шығарып отырмыз. Жұбайым да Құлжада педагог болып қызмет атқарған. Елге келген соң өз саласында жұмыс істемеді. Ол да перде сияқты үй жабдықтарымен айналысып, өз алдына бизнес жасады.
Көші-қон саясаты өте салихалы саясат болды. Елбасының миллион қандасымыздың елге келуіне ықпалы, қамқорлығы айрықша еді. Бұл ол кісінің көреген саясатының жемісі. Бір өзбек әріптесім жыл сайын Атакентте өттін көрмеге келіп жататын. Алғашқы 7-8 көрмеде жыл сайын ұйымдастырушылардан болған едім. Соны жақында Астанаға апарып көрсетсем, «Қазақстан жемқор дейсіңдер, жемепті ғой, жарқыратып қала салыпсыңдар» деп таңқалып жатыр. Шынмен де жағдай жасалды. Көші-қон ортада бір үзіліп қалмауы керек еді. Әлі де жалғастырса, жандандырса кеш емес.
- Кәсіпкер ретінде, экономист ретінде елдегі жағдайды қалай тұжырымдайсыз?
Біз алғаш келген кезде Әпкем Сүйінбай даңғылында тұратын еді. Ол кезде Алматының батыс жағы Сайын даңғылы жақ. Біз қазіргі Райымбек, Жалпақсай, Ұзынағаш ауылдарына Алматыдан кейде жаяу баратынбыз. Неге, ол кезде автобус жоқ, дұрысы автобус жүретін жанармай жоқ. Қолымызда рубль, дүкендерде сатып алатын тауар жоқ. Қазіргі ЦУМ-да шұлық, емізік, етік сияқты бұйым болмаса басқа ештеңе жоқ, кейбір дүкендерден қара бөлке нан табылса табылады, болмаса ол да жоқ болатын. Кейде Алматының дүкендері бос болған кезде бізді Әпкеміздің баласы ұзын жүк көлігімен қыдыртып, Ұзынағаш жақтағы ауылдарға апаратын. Алматы дүкенінен табылмаған кейбір тауарларды сол жақтан сатып алатынбыз. Мен көшіп келіп, бала-шағамды әкелген соң жеңіл көлік сатып алдым. Қытайда да ешкімде көлік жоқ кезде мінген едім. Бір жағы жер тани берейін дедім, бір шетінен жаяу жүрмейсің. Такси болып жүрдім біраз уақыт.
Көп адам Қазақстанды дамымады деп айтып жатады. Қазақстанның қалай дамығанын біз көзімізбен көрдік. Біз келгенде қандай еді, қазір қандай? Дүкен сөрелері толып тұр, балалар өз тілінде оқып жүр. Алғаш келген жоқшылық, дағдарыс уақтында Қытайдан келетін жолаушылар өзімен бірге ет сияқты азық-түліктер әкелетін, сол ұзаққа жалғаспады. кейін керісінше Алматыдан ары таситын болдық.
Шешем марқұм бала кезімізден күн шықпай тұрғызатын. Күн шыққанша «Алла Тағала» ырызық шашады деп оятып алатын. Ерте тұрып еңбектеніп өстік. Сол ғадетіміз әлі күнге дейін сақталған. Күн шықпай тұрам. Ерте еңбек етем. Қазақ еңбек ете білсе бізге дағдарыс дұшпан емес, бәрі де жақсаратын болады. Тек бірлігіміз, берекеміз болса, ұрпағымызды жақсы тәрбиелей алсақ, оқыта алсақ болғаны. Жастар білімді болса, болашағымыз нұрлы.
- Бүгінгі таңда қандай қызмет атқарып жүрсіз?
- Қазір дәнді дақылдар мен жем-шөп дайындайтын жеке фирма құрдым. Алматы облысында 1000 гектардан астам егістік жерді игеріп, өнімдерін отандық нарыққа саудалап отырмын. Бұл жұмысты ұлғайтуды жоспарладық. Тағы да жер алмақпыз. Көп күш-қуатымыз болмаса да, шамамыздың келгенінше жұмыс істеп жүрміз.
«Сәйгүлікті» құрғанда үлкен жұмыстар істейім деп армандағам, кейбіреуін орындай алмадым. Бірақ не істесек те адал еңбек еттік. Біз келгенде билікке алақан жайып келмедік, бір тиындық көмек алмадық. Бірақ, балаларымды осында оқыттым, жетілдірдім. Адам ұрпағымен мың жасайды дейді ғой. Бала-шаға өсіріп, осында есейткенім менің бақытым.
Қазақстанның экономикасының көтерілуі, алдағы EXPO көрмесі сияқты уақыт талабынан туындаған жағдайларға қарасақ, жекелей кәсіпкерліктен гөрі топтасып, бірігіп өндіріспен, кәсіппен айналысқан тиімді екені көрінді. Мейлі экономикалық, мейлі басқару жағынан болсын. Жүйелі, ұжымдық жұмыстың жақсы екені білінді. Мен ойлана келе даму үстіндегі мемлекет болғандықтан, елімізге инвесторлар келуі керек деп санап, шетелден елге ақша әкелгісі келетін инвесторларды ішкі секторға бағыттайтын «Қазақ-қытай экономика достық бірлестігі» деген компания құрдым. Бірге оқыған кластастарымды шақырдым. Бәрі экономистер ғой. Елімізге келетін инвесторды сүрінбей, адаспай, тура жолмен мемлекет заңына сүйеніп өндіріспен айналссын деп құрылдық. Біздің компанияның мақсаты шетелдік инвесторлардың елдегі өндірушелір арасында дәнекер болу. Көктемнен бері энергетика саласында біраз инвесторлар тарттық. Ұжымымызда біраз ірі кәсіпкерлер бар. Қолымыздан келетін шаруалар болса тіпті бірлесіп істейміз. Алдағы уақытта жемісін береді деп ойлаймыз. Келешекте не Үрімжіде, не Алматыда біраз кәсіпкерлердің басын қосып, «бизнес форум» өткізуді ойластырып жатырмыз.
- Сұхбатымыздың соңында, «Көші-қонның 25 жылдық» мерекесіне қандай тілек айтасыз?
- «Көші-қонның» тойы барша қазақтың тойы. «Көші-қонның» жемісі жалғыз биліктің салихалы саясатының еңбегімен келген жоқ, Атажұртқа деген Қазақтың аңсар-арманымен, өздеріңдей журналситердің, баспасөз құралдарының үздіксіз насихатымен келді. Осы орайда, үздікісіз «Көші-қон» мәселесін көтеріп жүрген, 18 қарашада «Көш және көшбасшы» атты концерт ұйымдастырып отырған «Қамшы» порталына үлкен алғыс білдіремін.
Шетелден әртіс-пен әнші көп келді, бірақ ғалымдарды әкеле алмадық. Мысалы, Қытайдағы қазақтар арасында қаншама мықты медицина мамандары, білікті дәрігерлер бар. Ал, Қазақстанның медицина саласы қазір өте төмен деңгейде, жылына мыңдаған адам қыруар қаражатпен шетелге Изарилге, Қытайға емделуге кетіп жатады. Егер, өзімізде жеткілікті дәрігер, білікті медицина қалыптасса сол қаражаттар шетелге кетпес еді. Немесе, біз мамандар дайындау үшін мемлекеттен ақша бөліп, жылына он мыңдаған түлекті шетелге оқуға жіберіп жатырмыз. Қытайдың өзіне 3 мың оқушы кетіпті биыл. Керісінше шетелдегі қазақтар арасынан, білікті маман, ғалым кісілердің елге келуіне барынша жақсы мүмкіндік жасалса нұр үстіне нұр болар еді.
1990 жылдары «шетелде 5 миллион қазақ бар» деп айтатынбыз. Содан бүгінге дейін елге келген қандастарымыз, сол бес миллионның ширек ғасырдағы деморграфиялық өсімімен бірдей. Шетелде әлі де 5 миллионға жуық қазақ бар. Бірақ олар 1990 жылдардағы қазақтар сияқты емес. Қазір, мәдениеті мен тұрмыс-салты өздері тұрған елдегі ерекшелікке сай ассимиляцияға ұшырап жатыр. Бұл үрдіс жалғаса берсе біз 5 миллионды мүлде жоғалтып алуымыз мүмкін. Менің тілегім «Көші-қон» жандана берсе екен. Тарыдай шашылған қазақ ендігі ширек ғасырда түгел Атажұртқа топтасса екен. Тойымыз тойға ұласа берсін, елге ел қосыла берсін!
Сұхбаттасқан Нұрғали Нұртай