Тағдыр тауқыметінен шартарапқа тарыдай шашылған этникалық қандастарымыздың Ата жұртына оралу мүмкіндігі туралы әңгіме барған сайын өзекті бола түсуде. Кейінгі екі жылда сырттан келетін көш түрлі себептерге қатысты тоқтады. Ал «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстанның заңы, оның ішінде этникалық оралман мәселесі 12 жылда үш рет өзгеріске ұшыраған болатын. Соның ішінде өткен жолы ғана Парламент қабылдаған соңғы өзгерістер «оралманға азаматтықтың ауылын тіпті алыстатып жіберді» делініп, дауды өршіте түскен. Кейіннен қатесін кілт түсінген атқарушы билік тарихи Отанына оралған оралманға азаматтық беруді оңтайландыруға кірісетінін жариялап та үлгерген-ді. Сөйтіп, бұйырса көші-қон туралы заң кезекті рет тағы түзеледі. Алайда, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мұндай заңның сөзбұйдаға айналып, созбалаңға түсіп кететінінен қауіптенеді.
Миграциялық үдеріс соңғы жылдары дүние елдерінің күн тәртібіндегі нөмірі бірінші мәселеге айналып отырғаны айқын. Расында, адамзаттың көші-қоны, олардың қандай да бір себептермен бір орыннан екінші орынға үдере қоныс аударуы ықылымнан келе жатқан құбылыс. Ал бүгінгі ғаламдық жағдайға салсақ, жыл сайын дүниежүзілік көші-қон ағындарына 200 миллионнан астам адам ұрынады екен. Былайша айтқанда үдере көшіп-қонып жүрген халықтардың басын бір мемлекетке шартты түрде біріктірсе, онда мұндай шартты мемлекет халық саны бойынша әлемдегі бесінші елге айналуы әбден мүмкін екен.
Қазақстанға келсек, еліміз экономикалық өрлеудің арқасында Орталық Азия өңіріндегі еңбек миграциясы үшін аса тартымды сипатқа ие екені айқын. Еліміздің экономикалық дамуы арқасында көршілес елдердің барлығынан дерлік Қазақстанға қарай ағылған мигранттар көрсеткіші азайған емес. Дегенмен, көші-қонның жағымсыз салдары болатынын да естен еш шығаруға болмайды. Мәселен, ырықсыз көші-қон кез-келген мемлекеттегі секілді Қазақстанның да еңбек нарығындағы жағдайдың өзгеруіне әсер етіп қана қоймай, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді. Бұл ретте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та демографиялық теңсіздік артқан сайын жаңа көші-қон толқындары қалыптасатынын, әлеуметтік шиеленістер күшейетінін атап өткен болатын. Сонымен қатар, еліміздің жекелеген өңірлерінде көші-қонның салдарынан туындайтын шиеленістер де ара-тұра көрініс беретінін де жоққа шығаруға келмейді. Мәселен, мамандар заңсыз жұмыс істеп жатқан мигранттардың жергілікті еңбек нарықтарын тұрақсыздандыратынын алға тартады. Ал шекаралас мемлекеттерден келетін көші-қон ағындарына байыпты бақылау болмаса ішкі еңбек көші-қоны жергілікті жерлерде әлеуметтік және еңбек дауларының туындауына себеп болатыны да бесенеден белгілі. Сондықтан да, ішкі һәм сыртқы көші-қон саясатын ұдайы әрі дүркін-дүркін салмақтап отырудың артық болмайтыны анық. 2050 жылға қарай еліміздің солтүстік өңіріндегі халық саны 1 милллион адамға қысқаруы ықтимал Болжам демекші, Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Мәдина Әбілқасымова қазақстандық экономикалық өсімнің болжанған үдерісіне сүйене отырып, келешекте экономикалық белсенді жұртшылықтың теңгерімді сұранысына байланысты проблема елімізде туындауы әбден мүмкін екенін айтады. Бұл ретте вице-министр дұрыс саясат болмаса, еңбек миграциясының күшейетінін, жергілікті еңбек пен баспана нарығындағы бәсекелестіктердің болатынын, мигранттарды тартатын бейресми орталықтардың қалыптасатынын да жоққа шығармайды. «Сондықтан да, қазіргі таңдағы Қазақстан дамуының жаңа сатысы қарсаңында ішкі және сыртқы көші-қон саласында бірқатар мәселелер шапшаң шешуді талап етіп отыр. Айталық, ішкі көші-қон саласында жоғары білікті мамандардың шетелге қарай ағылып, олардың орнын біліктілігі төмен мамандардың басуы Қазақстан үшін өзекті мәселе болып табылады. Сонымен қатар, орташа өлшеммен алғанда соңғы төрт жылда эммигранттар саны жоғары білімі бар иммигранттардың санынан 65 пайызға асып түсті. Сөйтіп, жоғары білікті мамандардың шетелге кетуі салдарынан Қазақстанда еңбек ресурстары тапшылығы қазірден сезіліп отыр», - дейді Мәдина Ерасылқызы Парламент Мәжілісіндегі ішкі және сыртқы көші-қон проблемалары талқыланған жиында. Оның сөзіне қарағанда, әсіресе, өнеркәсіптік кәсіпорындарда жоғары білікті мамандарға сұраныс үлкен. Сондай-ақ, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік сала ұйымдарына да жоғары білікті мамандар қажеттігі арта түспек. Түйіндей айтсақ, мамандар Қазақстан алдағы уақытта адам ресурстары үшін бәсекеге түсетінін алға тартады. Екіншіден, ішкі көші-қон үдерісінде де олқылықтардың орнын толтыратын уақыт жетті. Бұл ретте Экономика вице-министрі М. Әбілқасымова бұған дейін еліміздің оралмандарды орналастыру саясатында бірқатар қателіктер орын алғанын алға тартады. «Оралмандарды қоныстандыру жұмысы тепе-теңдікті сақтамай жүзеге асты, олар орналасқан өңірлердің әлеуметтік-экономикалық сұраныстары ескерілмеді. Мәселен, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, оралмандардың 50 пайыздан астамы Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Маңғыстау, Жамбыл облыстарына шоғырланған. Ал аталған өңірлер әлеуметтік инфрақұрылымдар мен жұмыс орындарына қатысты онсыз да айтарлықтай демографиялық қысымға ұшырап отырған болатын», - дейді Мәдина Әбілқасымова. Бұл ғана емес, қазіргі таңда халық көп шоғырланған аймаққа орналасқан оралманның біразы «екі қолға бір күрек» таба алмай жүргені де шындық. Сонымен қатар, ішкі көші-қондағы басты проблеманың бірі – еңбек ресурстарындағы үйлеспеушілік, сондай-ақ солтүстік және оңтүстік өңірлер арасындағы демографиялық теңгерімсіздік. «Бүгінгідей үдеріс сақталып, демографиялық құлдырау кейбір өңірлерде жалғаса беретін болса, соның салдарынан республикамыздың Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан секілді облыстарында келешекте жұмысшы кадрлар тапшылығы орын алуы әбден ықтимал. Ал біздің болжауымызша, бүгінгі жүріспен 2050 жылға қарай солтүстік облыстардағы халық саны миллион адамға дейін азаяды. Бұл ретте еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі тұрғындар саны керісінше 5,2 миллион адамға артуы мүмкін», - деп топшалайды вице-министр Мәдина Әбілқасымова. Оның пайымдауынша, бұндай жағымсыз үдерістің сақталуы жұмыс орындарына қатысты ұсыныстың сәйкессіздігі, өңірлік жалпы ішкі өнім өсімінің кемуі, еңбек күшінің жетіспеушілігі секілді проблемаларды қордаландырып жібереді. Сондықтан да, вице-министрдің пайымынша, жұмыс күші жеткіліксіз өңірлерге еңбек мигранттарын көшіруді ынталандырудың тың тетіктерін іске қосу аса қажет. Ал ондай ынталандыру ең алдымен оралмандарға қатысты болатынын аңғаруға да болады. Оралманды өңірлер бойынша орналастырудың орнықты саясаты қажет Соңғы рет оралмандар мәселесі Үкімет деңгейіндегі отырыста ағымдағы жылдың сәуір айында қаралып, атқарушы билік этникалық қазақтардың елге оралуын ынталандыратын iс-шаралардың негiзгi бағыттарын айқындаған болатын. Осыған орай, «Халықтың көшi-қон мәселелерi туралы» заңның көптеген аспектiлерi қайта қарастырылып, қазір күрделі саналып жүрген мәселелер де жеңiлдетiлетіні белгілі болған едi. Осы құжат қазір мемлекеттік органдардың суырмасынан шығып, әзірлену сатысына өткен тәрізді. Дегенмен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа заң жобасының жаңалықтарының тұжырымдамалық бағыттарын да белгілеген екен. Атап айтқанда, министрлік маңызы зор мәселеге ең алдымен еліміздің солтүстік және оңтүстік өңірлері арасындағы демографиялық-экономикалық теңгерімсіздікті жою тұрғысынан қарауды құптайтынын аңғартады. «Бұл үшін біріншіден, солтүстік аймақтардағы өндірістік-өнеркәсіптік қуаттылықты арттыру қажет. Осыған орай, солтүстік облыстарда ұзақ мерзімді кезең бойынша жұмыс орындарына сұраныс тудыратын ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асуы шарт. Екіншіден, өңтүстіктегі жұрттың солтүстікке қоныс аударуы үшін экономикалық ынталандыру тетіктерін қарастырған, оңтүстік жұртшылығына тән кәсіпкерлік бағыттарға жол ашқан абзал. Осының арқасында қоныс аударудың базалық негіздемесі де қалыптасатын болады», - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Қайрат Әбсаттаров. Вице-министрдің айтуынша, шеттен келген этникалық қазақтарға оралман мәртебесі олардың қоныстану өңірлеріне қарамастан берілетін болады. Бұдан бөлек, Үкімет айқындаған өңірлерге орналасқан немесе бір жылдың ішінде сол өңірлерге көшіп барған этникалық қазақтар әлеуметтік пакеттерге де ие болатындығы ұсынылады. «Бұл ретте егер оралман Қазақстанның кез-келген өңірінен Үкімет айқындаған өңірлерге көшіп баратын болса, онда ол әлеуметтік қолдауға ие болады. Алайда, оралман мәртебесіндегі азаматтар бұл өңірден 5 жылға толмайтын уақыт аралығында кері көшіп кететін болса, әлеуметтік топтама мемлекетке қайтарылатын болады», - дейді Қайрат Әбсаттаров. Екiншiден, этникалық қазақтар бiр жылдың iшiнде Қазақстан азаматтығына қол жеткiзетiн болады. Тоқтала кететін жайт, соңғы заңнамалық өзгерістерге сәйкес, шеттен келген этникалық қандастарымыз Қазақстанда кемінде төрт жыл бойы уақытша тұрып жатқан тұлға ретiнде орнығуы тиiс болатын. Содан кейiн оған үш жылдың iшiнде азаматтық алу мүмкiндiгi қарастырылатын едi. «Бұның барлығы қазiр бiр жылға дейiн қысқартылады. Яғни, олар елге келіп оралман мәртебесін алғаннан соң, азаматтық алуға бірден өтініш бере алады және бiр жылдың жүзiнде азаматтық алуына болады. Ал оралман мәртебесін алғаннан кейін бір жыл ішінде азаматтық алуға өтініш бермеген болса, олардың еліміздегі тұруы шетелдік азаматтармен бірдей жағдайда қарастырылады», - деп атап өттi вице-министр. Сөйтіп, түйіндей айтсақ, бұның алдында оралмандарды жайғастыру аймақтарын Үкiмет шешетiн. Соған орай, өзге өлкеге көшкiсi келген қандастарымыз өздерiнiң төлем қабiлеттерiн растау керек болған. Ендi оралмандар қоныстанатын аймақтарды өздерi таңдайды. Үкiмет болса, еңбек ресурстары жеткiлiксiз аймақтарды анықтап, толық ақпарат ұсынып отырады. Сондай өңiрлерде тұруға ниет танытқан қандастарға ҚР Үкiметi әлеуметтiк пакеттер ұсынады. Оның iшiнде жолға кеткен шығын өтелiп, жалдамалы тұрғын үй бағдарламасына қатыса алады. Сол арқылы жалға алған үйдi олар бес жылдың iшiнде өздерiнiң меншiгiне аударуға мүмкiндiк алмақ. Бұдан шығар қорытынды, атқарушы билік ендігіде оралмандарды өңірлер бойынша оңтайлы қоныстандыру тетігін мығымдай түспек. Ал мұндай ұстанымды, оның қажеттілігін бірқатар сарапшылар да мақұл көреді. Мәселен, жазушы Жади Шәкенұлының пікірінше, ұлттық-әлеуметтік мәселелерді ескеріп, оралмандарды еліміздің жеті облысына қоныстануға бағыттау дұрыс шешім. «Өйткені, аталмыш аймақтарды мемлекет құраушы қазақ ұлтының өкілдері аз. Ол облыстардың бәрі де өзге елдермен шекаралас аймақтар. Бұл шешім, ұлттық тұрғыдан да, мемлекеттік тұрғыдан да, ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан да өте дұрыс шешім. Мұны өзге елдерден көшіп келетін қандастарымыз да дұрыс түсінуі шарт. Ол аймақтарға көшіп келушілерді баспанамен қамтамасыз ету, оларға әлеуметтік көмек беру де қолайлы. Қандастарымызға мемлекет көмек көрсетіп отырған соң, олар да мемлекеттің ұстанған бағытын қолдап, шамасы келгенше, елге үлес қосуды да ойлауы керек. Ел, егер мемлекеттің көмегін қажет етпейтін болса, онда белгіленген жеті облыстан өзге аймаққа қоныстануына болады», - деген пікір ұстанады Жади Шәкенұлы. Ал Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы оралмандарға қатысты заңнаманы мейлінше тезірек қабылдауды сұрайды. «Парламент оралмандар азаматтығына қатысты заңды тездетуі керек. Өткен жолы Ресей Қырымдағы жағдай аясында азаматтық алуға қатысты заңды бір күннің ішінде қабылдады. Соған орай, өтініш берген адам бір күннің ішінде Ресей азаматтығын ала алады. Бұл біз үшін де аса қажет тәжірибе. Өйткені, Қазақстанның көші-қон туралы заңнамасын өзгерту ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Қазірдің өзінде заң жобасы шілдеде Үкіметке ұсынылып, оны қабылдау келер жылға қалатыны туралы айтылып жүр», - дейді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқа Төрағасының орынбасары Талғат Мамашев. Осыған орай, Мамашев мырза Мәжіліс депутаттарынан заң жобасын тездетуді өтінеді. «Кезінде оралмандар азаматтығына кедергі жасайтын заңды бір ғана күннің ішінде қабылдадыңыздар ғой, ендеше сондағы олқылықты түзетуді де бір айдан асырмасақ екен», - деген тілегін білдірді қауымдастық Төрағасының орынбасары. Сонымен қатар, оралмандар азаматтығына қатысты мәселеге келгенде қауымдастық өкілі бірқатар ұсыныстарды да алға тартты. Оның айтуынша, қазір келіп жатқан оралмандарды қинап жүрген - көші-қон полициясы. «Шеттен келетіндер үшін кедергілер болғанына қарамастан Атажұртына асығатындар баршылық. Ал солардың өзіне түрлі анықтамаларды үйіп-төгіп сандалтудың қажеті қанша? Қытайдан сотталмағаның туралы анықтама әкел, тұрғылықты орыннан есептен шыққаның туралы анықтама керек деген секілді ақымақ талаптарды қойып, қандастарды жылатып жатыр. Ал ондай талап ешбір заңда көрсетілмеген. Мұны тоқтатуымыз керек», - деді Талғат Мамашев. Сөз соңында жалпы мәлімет ретінде айта кетейік, тәуелсіздік жылдарында Қазақстан шетелдерден 944 мыңнан астам этникалық қандастарымызды қабылдады. Бұл жалпы халықтың 5,5 пайызын құрайды. Ал алдын ала мәліметтерге сүйенсек, қазірдің өзінде ТМД мемлекеттерінде 1,8 млн этникалық қазақ, басқа да шетелдерде 1,4 млн қандасымыз тұрып жатыр.
Оставить комментарий