Бір кездері ақта шаруашылығына деген көзқарас едәуiр төмендеп, оның көлемiн мейлiнше қысқарту керек деген ұстаным жасалды. Бұл, әсiресе, негiзгi дақылы ақ мақта болып келген мақтааралдықтар үшiн ауыр тидi.
Мақта алқабын қысқарту мәселесi шаруалардың көңiлiне қаяу түсiрiп, еңсесiн басып жүрген кезде облыс басшысы бұл салаға оң қабақ танытып, ерекше қолдау бiлдiруi бiздердi, мақташылар қауымын ерекше қуантты. Биыл бiздiң аймақта 86 мың гектарға мақта өсiрiлiп отыр. Қазiр өнiм қорландыру айы. Көсек толығып, пiсiп жетiлуде. Қозаны күтiп-баптау, агротехникалық шаралар ойдағыдай атқарылуда. Бұл орайда өзiм жетекшiлiк ететiн Ералиев ауыл округiндегi «Төребек» шаруа қожалығында 103 гектар суармалы жердiң 80 гектарына мақта өсiрiп, оны ерекше күтiмге алғанбыз. Өткен жылы да осынша алқапқа мақта егiп, одан орта есеппен 30,4 центнерден ақ ұлпа жинадық. Бiздiң iрiленген қожалығымызға 13 ұсақ шаруа шаруашылығы бiрiккен. Жыл сайын жеңiлдетiлген бағамен аммиак селитрасын, жағар майды уақытында аламыз. Алқабымызды су сорғы стансасынан келетiн ағын сумен суарудамыз. Өсiмдiк зиянкестерiмен тек биологиялық әдiс арқылы күресемiз. Қоза жақсы жетiлiп келедi. Қазiрдiң өзiнде әр жұп қозада 10-12 көсек бар.
Оңтүстiк брендiнiң келешегi кемел болсын десек, мақта өсiру мәдениетiн қалыптастырып, оны тиiмдi бағамен сату, тек шикiзат күйiнде экспорттамастан өңдеп, өнiм шығару, тұқымдық шиттiң сапасын жақсарту секiлдi мәселелерге баса назар аудару қажет. Жердiң сорланып, тұздануын тоқтату үшiн тiк дренаждарды iске қосып, жердiң құнарын арттыру мақсатында фосфорды көптеп өндiрген дұрыс.
Мен Кеңес дәуiрiнде көп жыл жастардың өндiрiстiк бригадасына жетекшiлiк еттiм. Сол кездерде мақтаның әр гектарынан 40-45 центнерден өнiм алдық. Экспорттық әлеуетi жөнiнен бидайдан кейiнгi орынға ие мақтаға көзқарас дұрыс болса, оның келешегi зор деп ойлаймын.
Сайлау Тотықов, «Оңтүстік Қазақстан» газеті
Оставить комментарий