Жезөкшелер төсегінен жүйке аурулары төсегіне дейінгі Мопассан

/uploads/thumbnail/20170709182207206_small.jpg

Әдебиет әлеміндегі бәсекелестік, өсек, күншілдік, қызғаныш... жүйкесі әлсіз Мопассанды қатты шаршатты, бірақ ол жазу үстеліне отырғанда шаршауын ұмытып кететін. 
Мопассан күн сайын таңғы жетіден он екіге дейін жазу жазды. Әр күн сайын алты беттен жазып отырды. Ал кешкісін күнделікті әсерін күнделік ретінде ғана қағазға түсіретін. 
Мопассан әйелдер туралы көп жазды. «Мопассан және әйелдер» тақырыбында жазушының шығармашылығы да, өмірі де аз зерттелген жоқ. Мопассантанушылар жазушының өмірінің көп бөлігін жезөкшелер үйінде өткізгенін, әйелдерді "қолғаптай ауыстырғанын" жазады. Сонша көп әйелдің арасында жүріп, үйлену туралы ниеті бола тұрып, өмірден үйленбей жалғыз өтті. 
Жүйкесімен жазған, жүйке ауруынан зардап шеккен Мопассан әдебиетпен айналысып, аз азап шекпеді... бірақ жақсы табыс тапты. Қаламақысына алған үш яхтасы, төрт вилласы болды. Бәрінен шаршағанда теңізде жүзіп, шетелдерге саяхат жасады. Бірақ жаны бәрібір тыныштық таппады. Ортадан, адамдардан қашса да, өз-өзінен қаша алмайтынын сұңғыла суреткер жақсы түсінді... Бір кезде, «кішкентай шенеунік» болып жұмыс істеп жүргенде «Мынау да өмір ме? Азаннан кешке дейін офисте отырып, іш пыстыратын жұмыспен айналысудан шаршадым. Жазғым келеді» деп шешесіне мұң шаққан Мопассан жазушы болып атағы жер жарғанда, тағы да шешесін кінәлады. «Сен мені қарғыс атқыр жазушы Флобермен таныстырған. Жазушылық... бұл өзі бүкіл қан-сөліңді сорып алып, жұтып жіберді екен». Оны, шын мәнінде, әдебиетке әкелген Флобер де, шешесі де емес, тағдыры еді. Жазушы болу оның пешенесіне жазылған жазу еді... 
Мопассанның туғаннан жүйке ауруымен ауырған туған інісі Эрве отыз жастан асқанда жынданып, көз жұмады. Інісінің өлімінен кейін Мопассанда үрей, қорқыныш пайда болады. Бұл – өлемін-ау деп қорқу емес еді. Жазушы өзінің де жүйкесінің тым әлсіз екенін білетін, «бұл тұқым қуалайтын ауру емес пе?» деп қорқатын. Бәлкім, оның үйленбей, жалғыз өтуіне де осы бір үрей себеп болған шығар? Ол жалпы сүйді ме? Өзі «Мен ешкімді сүймедім» деп жазады. 
Өмірінің соңғы жылдарында Мопассанды шабыт тастап кетті. жазу үстеліне отырып, жазуға әрекет жасаса да, ештеңе жаза алмады. 1891 жылы ақын досы Огюст Доршенге жаңа романының қолжазбасын көрсеткен Мопассан былай дейді: «Міне, «Анжелюс» романымның елу бетін жазып қойғаныма бір жыл болды. Әрі қарай бір жол да жаза алар емеспін. Егер үш айдан кейін ештеңе жаза алмасам, өзіме өзім қолжұмсап өлем». 
Шығармашылығында тоқырау болып, өзімен өзі алысып, жанымен қайғы болып жүрген жазушының өмірімен сары басылымдар бұл кезде ойнап жатты. Тіпті бір басылымнан «Мопассан психиатриалық ауруханаға жатады» деген тақырыпта мақаланы көргенде жүрегі тоқтап қала жаздады. Бұл кезде басқа да басылымдар «Мопассан есінен адасты ма?» деген тақырыпты қызу талқылап жатыр еді. Өзі өмір сүріп жатқан қоғамның аярлығын, биліктегілердің екіжүзділігін «Сүйкімді дос» романында аямай әшкерелеген жазушының дұшпандары аз емес еді. Онсыз да жынданудан қорқатын жазушыны қоғам, сары басылымдардың сандырағы жүйкесін әлсіретіп, жындандырып жіберді. 
1892 жылдың 1 қаңтарында Мопассан анасының үйінен түн жарымында өз үйіне келіп, тамағын пышақпен орып жіберді. Өлмей қалған жазушы Париждегі жүйке ауруларын емдейтін ауруханада бір жарым жыл жатып, көз жұмды. 
Ол «Сүйкімді достағы» басты кейіпкер – өзім» деп жиі айтатын. Ол не жазса да, шынайы жазды, шындықты жазды.

Аягүл Мантай

Оставить комментарий

Связанные Статьи