Буынның ауыруына не себеп? Оны түбегейлі емдеу мүмкін бе? Осы және өзге де сұрақтарға травматолог Асқарбек Қамбарбеков zamana.kz-ке берген сұхбатында жауап берді. Дәрігер бұл аурудан бір апта ішінде арылу мүмкін екенін айтты Оның өзіндік тәсілі бар екен.
– Бүгінде маған тізесі ауыратындар, яғни 1 – 4 сатыдағы артрит, артроздан зардап шегетіндер көп келеді. Сосын бел омыртқадағы жарықтың (грыжа) асқынуынан қимыл-қозғалысы қиындағандар жиі көмек сұрайды. Өкше сүйелі (пяточная шпора) мазалайтындар да жетерлік. Мен оларды өзіндік тәсілмен емдеймін. Бір апта ішінде нақты нәтижені көргендер риза болып, бұл жайлы таныстарына, туыстарына айтып жатады. Сөйтіп буыны ауыратындар басқа облыстардан да жұмысыма, үйге іздеп келіп жүр.
– Осы өзіндік тәсіліңіздің құпиясын айта аласыз ба?
– Құпиясы кәдімгі «укол». Ол медицинада қолданылып жүрген заманауи дәрілер. Тек мен аурудың түрі мен сатысына қарай оны басқа қажетті дәрілермен араластырамын. Мұны студент кезімде, институтта оқып жүргенде жасы келген бір профессор үйреткен. Өйткені оның өзі де буын ауруларынан зардап шеккен. Одан бері де буын ауруларының себебі мен емін табуда ізденіп, еңбек етіп жүргеніме отыз жылдан асты. Бұл уақыт аралығында мол тәжірибе жинадым, керекті дәрілердің әсері мен бір-біріне үйлесімін қоса зерттедім. Сөйтіп әлгі дәрі құрамын тағы өзгерттім. Осылай бірнеше дәріден жылдам әсер етіп, тез сауығуға көмектесетін жаңа құрам жасап шығардым.
Екінші құпиям – мен «уколды» ауру ошағына саламын. Өйткені жамбастағы бұлшықетке, көктамырға салған дәрілер бүкіл денеге тарайтындықтан, әсері буындарға толық жете бермейді. Ал ауру көзін дәл тауып, екпені тура сол жерге салғанда жылдам әрі толыққанды әсер етіп, адам ауруынан тез жазылады.
– Сонда емделу қанша уақытқа созылады?
– Артрит немесе артроздың бастапқы сатысында 1«укол» ғана салынады. 2-ші – 3-ші саты болса, 3 екпеде толық жазылып кетеді. Ал 4-ші сатыдағы буын ауруын емдеуге 12 күн керек.
Мен екпені күн аралатып, ары кеткенде 6 рет саламын. Оның 3-еуі тұзды ерітеді, суықтауды, буындағы ісінуді қайтарады. Осының өзінде аяқтың түнімен қақсап, мазаны алуы басылады. Кейінгі екпе шеміршекті қалпына келтіреді. Ең соңында сүйек буындары түйіскен жердегі кеуіп кеткен сұйықтықтың қайта түзілуіне көмектесетін дәрі егіледі. Науқас «укол» салдырып болған соң үйіне қайта береді. Тек одан кейін біраз уақыт суық пен тұмаудан сақтануы, ауыр көтермеуі керек.
7-8 жыл бұрын Ресейде «Нолтрекс» деген дәрі шықты. Бұл буын үшін теңдесі жоқ ем: әсері операция жасағанмен бірдей. Әзірге әлемде оған тең келер дәрі шыққан жоқ. Тізе буындары арасындағы шеміршегі мүлде жарамай, жүруден күдер үзген 3 адамға соны өзімнің әдісім бойынша салдым. Өзім де күтпеген өте керемет нәтижелерге қол жеткізгенде науқастан бұрын мен жас балаша шаттандым.
– Омыртқааралық жарықты да осылай емдейсіз бе?
– Иә, бәрінің тәсілі бір.
– Асқарбек Керімұлы, осы буын ауруларының себебі неде?
– Менің буын ауруларын емдеп жүргеніме отыз жылдан асты. Байқайтыным, тізе ауруының 90%-ы тұз жиналуынан болады. Омыртқааралық жарық та тұз әсерінен екі омыртқа арасындағы шеміршектің желінуінен туындайды. Ол 70-80% жағдайда бүйректің созылмалы ауруынан бастау алады. Оны созылмалы пиелонефрит дейді. Өкшедегі сүйел де артық тұздың жинақталуынан. Негізі адам қанының құрамы теңіздің ащы суының құрамымен бірдей. Оны Жапон ғалымдары дәлелдеген. Яғни қанда онсыз да адам ағзасына қажетті тұз мөлшері бар. Біздің күнделікті азығымызға тағы да тұз қосылады. Оның артық мөлшері бүйрек және тер арқылы сыртқа шығып кетуі тиіс. Бүйрек жұмысы бұзылғанда тұзды толығымен сыртқа шығара алмайды. Сөйтіп тұз буындарға жинала бастайды. Неге буындарға? Себебі сүйек өзіне керекті кальций, фосфор сынды элементтерді буындар арасындағы шеміршек арқылы алады. Артығы тап сол жерде жиналатынының сыры осында. Етті тұздағанда ол кеуіп, қатты болып қалады емес пе? Сол сияқты шеміршек те қатып, кебеді. Сосын ол қозғалғанда сықырлай бастайды. Бұл буынның ауруға ұшырағанының алғашқы белгісі.
Шеміршек айналасындағы тұз мұз сүңгілері сияқты болады. Адам оқыс қимылдағанда, уқалағанда ол сынып, майдаланып, шеміршек үстіне жайылады. Осылай әр қозғалыста шеміршек желіне береді. Мұны артроз дейді. Ал артрит ондағы жұмсақ тіннің қабынуы. Артроз осы артритке алып келеді. Бұл аурулар шеміршектің жағдайына қарай 4 сатыға бөлінеді. 1-ші және 2-ші сатысы жеңілдеу, оны 2-3 «уколмен» емдеуге болады. Ал 3-ші сатыда шеміршек жартысына дейін желініп, ондағы жүйке талшықтары ашылып кетеді. Осыдан бастап буын толық ашылмай, дұрыс бүгілмей қалады. 4-ші сатыда шеміршек толығымен мүжіліп, жиналған тұз сүйектерге жетеді. Сосын сүйек қақсап ауырады. Ауру әсіресе түнде мазалайды. Медицинада оны операция арқылы емдейді. Мұны эндопротез дейді. Яғни буындар ортасына темір қояды. Одан да толық жақсы болып кеткендерді көргенім жоқ. Менің жаңа тәсілге бет бұруыма осы жай себеп болды.
– Еңбекақыңызды білуге бола ма?
– Бір укол 5 мың теңге. Дәрінің де, еңбегімнің де ақысы соның ішінде. Сосын келушілердің жағдайына қарай қан қысымы, бүйрек ауруына қарсы дәрі-дәрмек жазып беремін, оны өздері үйлерінде қабылдайды.
– Уақыт бөлгеніңізге рахмет.
Сұхбаттасқан – Р. САҒАТҚЫЗЫ.
Оставить комментарий