Мурси - Эфиопия мен Африканың оңтүстігіндегі Омо алқабындағы белгілі тайпа. Олар - астыңғы еріндерінде лайдан жасалған тарелке салып жүретін әйелдерімен атақты. Мұны естіген туристер ерекше фото мен видео жасау үшін мурсилықтарға келеді.
Қоғам тарапынан зор қызығушылыққа ие болған тайпа өкілдері туристерді көп жақтыра бермейді. Ашуланбай қайтсін? Көз алдарыңызға елестетіп көріңіздерші, бөтен адамдар келіп, Мурсилардың үйіне кіріп, дәстүрлері турасында сұрап мазаларын алады.
«Олар бізді түсіріп алу үшін келеді. Құдды экзотикалық жануар секілдіміз» деп Мурси тайпасының уәкілдері өз реніштерін білдірді.
Туристердің жергілікті халыққа деген мұндай қарым-қатынасы мурсилықтардың ашуын келтірді. Тайпа адамдары туристерді қоршап алып, өздерін барынша дөрекі ұстайды екен. Сонымен қатар, олар ең жақсы киімдері мен әшекейлерін киіп шығады. Себебі мурсилықтар қаншалықты ерекше киінсе, фото мен видео үшін соншалықты көп ақша алады.
Мурсилық ер адамдардың көбі Калашников автоматын асынып жүреді. Сондықтан көрсеткен қызметіне уағдаласқан ақшасын бермеу мүмкін емес. Балалар қайыр тілегеннің өзінде туристерді «You money» немесе «You birr» («Сен ақшасың» немесе «Сен бырр», бырр-жергілікті валюта) деп атайды.
Лайдан жасалған таркелке киіп жүретін әйелдерге оралайық. 15 немесе 16 жасқа толған қыздың астыңғы ернін ортасынан тіледі де, алдыңғы екі тісін жұлып алады. Бұл тістің тарелкеге тимеуі үшін жасалынады. Одан кейін кішігірім тарелкені орналастырады. Жылдар өте ол үлкейе береді. Сәйкесінше еріннің көлемі де өседі. Әйел қаншалықты үлкен тарелке алып жүре алса, тойда болашақ күйеуі соншалықты көп ақша төлейді.
Мұндай дәстүр құл сату кезінде пайда болған. Құлдыққа ең әдемі және қиындыққа төзімді әйелдерді алған. Сатылып кетпеуі үшін әйелдер өздерінің келбетін барынша ажарсыздандырып отырған.
Жынысына қарамай мурсилықтар денесін тыртықпен түрлі өрнектер салады. Ол үшін өте ауыр әдістерге барады. Ең алдымен денесін тіледі. Одан кейін оған күл немесе құрт, құмырсқаның дернәсілдерін себеді. Адам ағзасының реакциясының нәтижесінде түрлі өрнектер шығады екен.
Мурсилықтарды жабайы, қауіпті «жануарға» теңеудің қажеті жоқ. Тайпа - көліктер, түрлі аурулар мен бітпейтін камералары бар жаңа әлем жағдайында өмір сүру үшін күресіп жүрген жандар.
Аталмыш тайпа өкілдерінің ризашылығын алу үшін бар болғаны туристер орналасқан аймақтан алыстау жерге барып, бірнеше сыйлық жасап, (сақал алуға арналған ұстара жоғары бағаланады. Себебі оны денеге өрнек салу кезінде пайдаланады) оларды камераға түсірмей, жай ғана сырттарына бақылау жеткілікті.
Ал шет аймақтардағы туристер онша көп келе бермейтін елді мекендердегі адамдар қонақжай және мейірімді. Олардың өз дәстүрлері бар. Бәлкім кейбірі қызық көрінер. Бірақ түптеп келгенде барлық адам зат бірдей. Мейрім мен қатігездік, жомарттық пен сараңдық, іштарлық пен кеңпейілділік секілді адами қасиеттер адамның дінін, ұлтын, жерін, жасын, нәсіл таңдамайды.
Дереккөз: free-eyes.com
Оставить комментарий