5 миллард теңгені бизнесмендермен бөлісіп алды деп істі болған Руслан Ерденаевтың орнына Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорына жаңа басшы келді, деп хабарлайды Ктк арнасы.
Миллиондаған қазақстандықтың зейнетке жинаған қаржысына жауапты мекемеге Нұрбибі Наурызбаева тағайындалып отыр. Жаңа төрайым кезінде «Тұрғынүй құрылыс жинақ банкін» 10 жылдай басқарған. Тек, бүгін Ұлттық банк басшылары жер көкке сыйғызбай мақтаған Наурызбаева ханым, 4 жыл бұрын қарамағындағылары мемлекеттік пәтерлерді өзара бөлісіп алғаны дәлелденген соң , қызметінен алынғанын айта кетейік.
5 миллард теңгені жеді деп айыпталған Руслан Ерденаевтың орнын бүгіннен бастап Нұрбибі Наурызбаева басты. Бұған дейін ол осы орында уақытша отырғанын айта кетейік. Ал бүгін Наурызбаеваны ресми түрде көпшілікке таныстырған Ұлттық банк басшылары жаңа төрайымды жерге түсірмей мақтады. Нүрбибі Серікқажы қызы да белшеден былыққа батқан Бірыңғай зейнетақы қорының жұмысын алдағы уақытта жөнге саламын деп бірінші мәлімдемесін жасады.
Нұрбибі Наурызбаева, Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорының төрайымы:
-Алдағы уақытта зейнетақы қорында ішкі тәртіп күшейтілетін болады. Халықаралық стандарттарға сай қызмет жасаймыз. Салымшылардың құқығын қорғап, олардың жиып-тергенін сақтау менің бірінші міндетім болмақ.
Бірақ «қордың қызметін қатырам» деген бұл басшы да алдыңғы қызметінен ың-шыңсыз кетпегенін еске салайық. Нұрбибі Наурызбаева «Тұрғынүй құрылыс жинақ банкін» басқарып тұрғанда қарамағындағы қызметкерлері пәтерлерді өзара бөлісіп алып, дауға қалған болатын. Мемлекеттік бағдарлама бойынша, элиталық ауданда тұрғызылған «Әйгерім» кешенінен олар қос-қостан пәтер алған. Банкирлердің былығы Ақордаға дейін жетіп, содан бері «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» басшыларына мемлекеттік бағдарлама бойынша үй алуға тыйым салынған еді. Сөйтіп, Наурызбаев ханым да өзі орнына келген әріптесі секілді қызметінен алынған.
Нұрлан Жазылбеков, Мәжіліс депутаты: 17 қазан, 2013
- Мәселен, Алматыда Әл-Фараби мен Розыбакиев көшелерінің қиылысындағы «Әйгерім» тұрғын үй кешенін банк қызметкерлері өзара бөлісіп алған. Тізімде көш бастап төрайым Нұрбибі Наурызбаева мен оның екі орынбасары тұр. Олардың біреуі де кезекке тұру сынды ресми талаптарды пысқырмаған. Сондықтан Үкімет пен Бас прокуртура «Тұрғынүй құрылыс жинақ банкінің» басшыларына қатысты тексеру жүргізсін.
Бірақ, Ұлттық банк басшылығы енді ондай келеңсіз жайттың қайталанбайтынына сенімді болса керек. Десе де, бұдан былай Бірыңғай зейнетақы қоры жеке қаржысын да басқара алмайды екен. Ондағы барлық активтерді енді Ұлттық банк бақылауына алмақ. Яғни, сауда саттықты бас банктің өзі жүргізеді.