23 қаңтар күні Астанада «Сириядағы шиеленіс» бойынша көпжақты бітімгерлік жиын өткізу жоспарланған. Астана төрін ұсынған келісім алаңына тараптар Сирия билігі мен оппозициясы, қарулы топтары, Ресей, Түркия, Иран өкілдері қатысады деп күтілген. Сирия оппозициясы мен қарулы күштері Астанаға келісім жасау үшін келетіндерін кеше ғана мәлімдеді.
Шамнан шатақ шыққалы бұл елде 250 мың адам қаза тауыпты. Ал үкіметтік емес ұйымдар қарулы қақтығыста жер жастанғандардың саны ресми көрсеткіштен екі есеге артық екенін мәлімдейді. 12 миллионнан астам сириялық үйлерін тастап, бас сауғалап кетуге мәжбүр болды. Бұл қанды қырғынды тоқтату үшін БҰҰ бастамасымен биыл қаңтар мен шілде айларының аралығында Женевада Сирия мәселесі бойынша бейбіт келіссөздер өткен. Алайда Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның айтуынша, бұл «женевалық үдеріс» нәтижесіз аяқталды. Енді Ресей мен түрік елінің мемлекет басшылары кезекті келіссөзді Астанада өткізуді жоспарлап отыр.
Сириядағы 6 жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселелер талқысына Қазақстанның да кіруі қаншалықты орынды? «Астаналық келісім» нәтижесін бере ме? Қазақстанға тиер пайдасы мен төнер қаупі қандай? Осы сұрақтарға «Қамшы» порталы редакциясында арнаулы қонақта болған Халықаралық адам институтының басшысы Жанұзақ Әкім жауап беріп, ой бөлісті.
Сирия шиеленісіне бітімгер болу – Астанаға ауырға тиюі мүмкін
Сирияға байланысты келісімді Астанада өткізу әрине үлкен шара. Дегенмен де, әлемдік геосаясаттың түйіні сол Таяу Шығыста, Сирияда жатыр. Сириямен Түркия сияқты, Иран сияқты шекаралас ел емеспіз. Ал, Ресей өзі сұранып барғандай болып былтыр Сирияға әскер кіргізді. Санкцияда отырған жағдайда Қазақстанға осы іске кіріспеген дұрыс сияқты. Себебі Назарбаевтың өзі де елшілерді жинағанда «біз әлемде үлкен мәселелерді шешіп жатқан қарулы Ресей, Америка сияқты ел емеспіз, Қазақстанның өз орны бар» деді. Оның үстіне әлемдегі екі күштің тіресіп тұрған нүктесі. Оған сұранып барып араласудың өзі әлемдік саясаттың бізге деген көзқарасына кері әсер етуі мүмкін. Алпауыт күштердің нысанасына ілігуіміз мүмкін, бізге қырын қарап, саясатын өзгертпесіне кім кепіл?
Ресми Астана Сириядағы шиеленіс бойынша келісімді бізде өткізіңдер демесе ешкім зорлап сендерде өткізейік демейді ғой. Бірқатар елдерден пікір болған да шығар. Астана бейтарап позицияда болғандықтан, бүгінге дейін түрлі форумдар өтіп жатты. Бұл бітімгерлік арқылы да бейбітшілік ұйтқысы ретінде көрінгісі келген шығар. Дегенмен соғыс жүріп жатқандықтан да оған килігуіміз қиын болады. Бүкіл Батыс елдерін өзімізге қарсы қойып алуымыз мүмкін. Түркия НАТО мүшесі болғанымен, Ердоғанның соңғы кездегі жүргізіп отырған саясаты түсініксіз болып кетті. Ердоған өзіне Батысты қарсы қойып, Ататүріктің сара жолынан ауытқып, қоғамды дінилендіріп, түсінбейтін жағдайға кетіп жатыр. Яғни авторитаризмге табан тіреді де, бұрыннан келе жатқан әр түрлі саяси күрестердің сақталып отырған теңдігінің бәрі бұзылып кетті. Сондықтан өзі шайқалып тұрған Түркияға еріп, Санкцияға көмулі жатқан Ресейге еріп авантюралық әрекетке бармауымыз керек. АҚШ-пен де, Ресеймен де бірдей қашықтық сақтауымыз керек. Халықаралық нормаларға сай жұмыс істеуіміз керек.
Бізге де салынып отырған ресми, бейресми санкциялар бар
Әрине Қазақстанның бір ай бұрын айтылған позициясы өте дұрыс болды. БҰҰ-да 103 ел Ресейдің Қырым әрекетін аннекция деп таныса біз бейтарап қалдық. Бізге де салынып отырған ресми, бейресми санкциялар бар. Кейбір елдерге әуекомпанияларымыз ұша алмай отыр.
Өзбекстан сияқты, Түркіменстан сияқты елдегі тыныштықты сақтауымыз керек. Әрине Өзбекстанның бастапқы саясаты қиын болды. 1990 жылдары тіпті Ташкенттің орталық алаңында бомбалар жарылып, ауған террористтері әлек салды. Біздің де 300-ден астам қаракөз қандасымыз Сирияға кетті. Соларды ертең бері қарай бұрып жіберсе Ресейден гөрі біздің жағдайымыз қиын болады. Бір террористтің өзі Алматыны өре түрегелткені естеріңізде ғой. 300 адамды ойлай беріңіз. Біз мұсылман елміз. Қанша ма мешіттер бар, олардың бәрін тең ұстап, кім кіріп, кім шыққанын анықтай алмаймыз.
Орта Азияның өзі Сирия болып шыға келуі мүмкін
Сондықтан, тап осындай жағдайда Астанада бір-екі халықаралық шара өткізбегеннен Қазақстанның беделі түсіп кетпейді. Ауғанстаннан Орта Азияға сондай жағдай болатын болса, Орта Азияның өзі Сирия болып шыға келеді. 50 миллион халқы бар керемет отырған Украина жарты жылдың ішінде не болып кетті. Тас талқан болып, тоз топалаңы шықты. Біз сондай жағдайға түсіп қалмас үшін соғыс болып жатқан, әлемдегі ең азулылар айқасып отырған жерде бой көрсету Қазақстанға өте тиімсіз болуы мүмкін. Әрине, Астананың позициясы бейбітшілік. Бейбіт біткенін бәріміз де қалаймыз. Бірақ, ол жердегі мәселе біз ойлағандай емес, одан да күрделі.
ДАИШ сияқты террористік, лаңкестік мемлекет құру деген аспаннан түспейді ғой. Олардың артында үлкен күштер, мемлекеттер бар. Сондықтан мүмкіндік болатын болса осы кездесуді Астана өткізбегені дұрыс.
Орта Азияның саяси жағдайы өте күрделі
Астаналық келісім сәтті өткен жағдайда Астана не ұтады? Астана саясатта келісім алаңы болып қана есте қалады. Басқа ұтарымыз жоқ. Ресейге қарсы Санкция қойған 103 ел бір коалиция. Бәрібір олар Қазақстанға қырын қарайды. Бейтарап қалған Қытай, Үндістан сияқты санаулы елдің бірі Қазақстан. Әлемдік экономиканы ұстап отырған негізгі елдердің, дамыған елдердің, демократиялық елдердің бәрі қарсы болды. Сондықтан бізге ойлану қажет. Себебі Ресей де, Түркия да, Иран да ешқайсысы демократиялық ел емес. Біз сол себепті де өркениетті елдерге қарай ұмытылуымыз керек. Болмаған жағдайда бейтарап саясат ұстанған дұрыс. Саясат деген бір жанып тұрған от. Оның қайдан келетінін білмейсің.
Украинаға қарағанда Орта Азияның саяси жағдайы өте күрделі. Бжезинский 1996 жылы шыққан «Ұлы Шахмат тақтасы» кітабында Орта Азияның, оның ішінде Қазақстанның жағдай қатты күрделі екенін айтады. Себебі бізде жүзден астам әртүрлі конфессиялар бар. Әр түрлі диаспоралар бар. Тіпті 3000-нан астам тіркелген әртүрлі діндер бар. Заңымыз бос болды да кіріп кетті. Оларды енді оянып шығарып жатырмыз, бірақ толықтай аластау үшін жүз жылдан астам уақыт қажет. Сол үшін де біз әлемдегі соғыс өрті лаулап тұрған жерге барып араласпасақ та дұрыс болады деп ойлаймын.
Әрине, Ақордада келісімдер болған болар. Бұл жолы өтсе өтетін де шығар. Бірақ болашақта бұндай келісімдерден Қазақстанның бас тартқаны дұрыс. Өзімен шекараласпайтын елдердің мәселесі Қазақстанға керек те емес. Ресейдің авантюристі бола беруді қою керек.
ДАИШ Ирактың жерінің біразын алып қойды. Иран мен Түркияның шекарасына қауіп төндіріп тұр. АҚШ неге тіке араласпай отыр? Ресей Алеппоны ауруханасына, мектептеріне қарамастан бомбалап тастады. Бейбіт халықты қырып салмас үшін АҚШ тіке араласпайды. Бірақ, саяси позициясын айтады. Асад кетсін дейді. Ресейдің көзқарасы бойынша бұл дұрыс емес. Ресей бұрынғы империялық саясаты үшін Ресейге кіріп отыр. Таяу Шығыстағы табан тірер жері Сирия болып отыр. Бірақ санкциялар Ресейдің түбіне жетуі мүмкін. Ресейдің дамуын 50-60 жылға кейінге шегереді. Ресейдің ІЖӨ 40 пайызға төмендеді. Үлкен компаниялар Роснефть, Лукойл сияқтылар, кен орындары жұмыстарын тоқтатып жатыр. Қытаймен жасалған 50 жылдық газ туралы келісімшарты іске аспай қалды.
10 миллиондай гектар жер Қазақстаннан Ресейге әскери мақсатта пайдалануға жалға берілген
Орыстың жалғыз одақтасы Беларусия мен Қазақстан еді. Ресейдің Стратегиялық зерттеу институтының директоры Решетников «Жүз жыл бұрын Беларусь деген халық болған жоқ, олар орыстар болған» деп мәлімдеді. Ресейдің ресми тұлғасының аузынан Беларусь Ресейдің губерниясы деген сияқты сөз шығып отыр. Бұлар Қазақстан туралы көп қитұрқы әңгіме айтты. Айтатын сөздерін айтып болды. Тек әскерлерін кіргізуі қалды. Былтырдың өзінде 10 миллиондай гектар жер Қазақстаннан Ресейге әскери мақсатта пайдалануға жалға берілген. Қостанайдан, Ақтөбе облысынан, Маңғыстау облысынан «ракета құлайтын нысан» деген сылтаумен жерлер алды. Оны біз халықаралық, дүниежүзілік ұйымдарға «аннекция» екенін атап жазды. 10 миллионнан астам гектар жер дегеніңіз Еуропаның бірнеше мемлекеті. Израиль топырағының 15-18 есесі.
Бұл бітімгерлік тек біржақты кездесу
Қазір Президенттің беделі бар, геосаяси ерекшелігімізбен тыныштық болып тұр. Ертең әлемде саяси бұлғақ басталып кетсе мемлекетті сақтау қиын болады. Осы тыныштығымыз сақталса үлкен байлық болар еді.
Егер Астанаға Ресей мен Түркия, Иран ғана емес, АҚШ, Еуропа елдері, басқа алпауыт мемлекеттер келіп, шынайы түрде «бітімгерлік» жасалса құба құп. Бірақ, АҚШ-тың өкілі келер-келмесі белгісіз болып тұр әлі. Олай болмаса бұл бітімгерлік тек біржақты кездесу болып қалады. Бұған дейі де Америка мен Ресей Женевада ай айын кездесіп жатты. Мәселе шешілмеді. Сирияда дағдарыс басталғалы бері G20 қанша ма рет кездесті. БҰҰ жиналыстары болды. Нәтиже жоқ. Астанадан нәтиже шығып кетері күмәнді.
Қазақстаннан Сирияға кеткендерді азаматтықтан айыру деген жақсы ұсыныс тасталып еді, жайында қалды. Ол кеткен адамдар өзінен өзі кеткен жоқ қой. Оларға үгіт жасаған топ болды. Ол топ әлі арамызда жүр. Ал, халқы бізден он есе көп Ресейдің өзінен 300-дей ғана адам кеткен Сирияға. Бұл біздің мемлекеттік ұстанымымыздың бостығынан болып отыр.
Біздің негізгі мақсатымыз Қазақстанда бейбітшілікті сақтау
Өмірде болмаған жағдай болып Қазақтың ішінен террористтер шығып жатыр. Бұның алдын алу үшін жастарға әлеуметтік жағдай жасау керек. Баспанамен қамтамасыз ете алмасақ та жер беруіміз керек. Өздері үй салып алады. Қолына қару алып соғыста жүргенінен гөрі елдің ішінде бейбіт тіршілікпен өсіп-өнгеніміз жөн. Сирия шиеленісі күрмеуі қатты түйін. Бір отырыспен шешіле кетуі екіталай.
Түріктер өз қауіпсіздігін сақтау үшін Сирияда операция бастады. Себебі олар алдын алу шарасын жасамаса ДАИШ Түркияға басып кіруі мүмкін еді. Екінші жағынан Түркия-Сирия шекарасы күрд бүлікшілері тарапынан жиі шабуылданып бақылаусыз қалып бара жатты. Күрдтер мемлекет құрамыз деп Түркияның тыныштығын бұзып келе жатқанына 30 жылдан асты. Осындай қиын жағдайларда Түркияның Сирияға әскер кіргізуі халықаралық нормаға сай жағдай. Оның үстіне түріктер Сириядан босқан 3 миллиондай адамға пана болып отыр.
Бірінші дүниежүзілік соғыс елшінің өлімімен басталған. Ресей елшісіне қастандық жасалардан бір айдай уақыт бұрын Алеппода мектеп, аурухана, тұрғын үйлер деп қарамай бомбалау жасады. Оған жауап ретінде елшісі өлтірілді. Соғыс бар жерде шындық, ақиқат деген болмайды. Сондықтан жанып тұрған отқа жүгіре бермеу керек. Қазақстанды Сирия түгілі, Ресей де, Түркия да тыңдамайды.
Қазақстанның тыныштығы – Орта Азияның тыныштығы
Елімізде соңғы жылдары болып жатқан жағдай бізді экстремистік соғысқа итермелеп отыр. Оған тек арнаулы органдардың шамасы келмейді. Біз халық болып күресуіміз керек. Қазақстанның тыныштығы – Орта Азияның тыныштығы. Бұл жерде Қытайдың да, Ресейдің де, АҚШ-тың да мүдделері тоғысқан жер. Сондықтан да Орта Азия республикаларының бірлігі керек. Әскери болмаса да экономикалық, мәдени одақ керек.
Ресей империя ретінде түгел ыдыраған жоқ
Ресей империя ретінде түгел ыдыраған жоқ. Федеративті мемлекет ретінде аз халықтарды федеративтік заңдар арқылы қорғап, тілі мен мәдениетін өркендетуге мүмкіндік берсе осы территориясы бүлінбей қалуы мүмкін. Өткенде Ресейдегі ең үлкен Федеративтік республикасының бірі Татарстан Мәскеуге өкпесін ашық айтты. Аймақтан шығып жатқан байлықтың бәрін алып кетіп жатыр деді. Миннихановқа Медведов өз жауабын берді.
1970 жылдары Совет одағы тарап кетеді деп айтса ешкім сенбейтін. Көп өтпей ыдырады. Ондай процес қазір Ресейде де жүріп жатыр. Кавказ елдері өздерін көрсетіп жатыр. 16 республиканы қысқартып, губернияларға қосып жіберді. Ол жердегі ұлттардың діні бөлек, тілі бөлек. Оны жоюға жүріп жатқан саясат бар. Бұлай жалғаса берсе Ресей ыдырайды. Біріккен ұлттар ұйымының 2012 жылғы дерегі бойынша, 2050 жылы Ресейдегі қазіргі 140 миллионнан астам халық саны 95-102 миллион арасына дейін қысқарады. Қазір халқының саны бойынша орыстар 9 орында болса, ол кезде 15-16 орынға кетуі мүмкін. Соңғы 40 жылда Ресейде жылына бір миллион адам өмірден ерте кетіп жатыр. Оның негізгі себебі арақ. Көлік апаты, басқа да себептері бар. Соңғы 15 жылда бұл процес бір жарым есеге өсті. Жыл сайын бір жарым миллион адам ерте өледі. Татарстанда халықтың 54 пайызы татарлар. Және ол жыл сайын өсіп келеді. Себебі Татарстанда мұсылмандар көп, арақ ішпейді, өлім-жітім аз. Ресей арақ ішуді тоқтата алмайтын дәрежеге келді. Лев Толстой сияқты Исламды қабылдамаса оларды бұл шыңыраудан ешкім құтқара алмайды.
Санкциялар астында қалған Ресей сондай-ақ халықтың әлеуметтік жағдайына да жақсы қарап отырған жоқ. Аю әлемге айбат шеккенімен іші былығып жатыр. Қалалар, қала типтес поселкелер бос қалып жатыр. Ресейде мұсылмандар саны 1970 жылдары 12 пайыз болған. Қазір 23 пайыз болды. Әрине бұл өсе береді. Бірақ, сібірдегі халықтар тез жойылып барады. 1926 жылы Совет одағында 194 халық болса, одақ ыдырағанда 91 халық жойылып кеткен. Оның ішінде көбі түрік халықтары. Барларының өзі орыстың тегін алып, мәдениетін қабылдап кетті. Тарихы мен тілі жойылған ұлттың өзі жоқ болады. Біз Астана келісімінде Сирия тақырыбын талқылағанша Ресейдегі жойылып бара жатқан аз халықтар тақырыбын қозғағанымыз әлдеқайда маңызды іс болмақ.