Ақтауда екі аптадан бері аштық жариялағандар саны арта түсті

/uploads/thumbnail/20170709195350179_small.jpg

Маңғыстау облысындағы Қаламқас кенішінде Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының (ҚТКК) жабылуына наразы Oil Construction Company (OCC) компаниясының жұмысшылары кәсіподақты қайта тіркету үшін қаңтардың бесінде аштық жариялағанын мәлімдеген еді. ОСС компаниясы «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының Қаламқас, Жетібай кеніштеріне қызмет көрсетеді. Оның 400-ден астам мұнайшысы тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының жабылуына наразылық білдіріп аштық жариялап жатыр.

Оңтүстік Қазақстан облыстық экономикалық соты 4 қаңтарда әділет министрлігінің шағымы бойынша кеңсесі Шымкентте орналасқан ҚТКК-ны жабу туралы шешім шығарған.

Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы төрайымы Лариса Харькова «Мен Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының жетекшісі ретінде біздің ұйымның жұмысын тоқтату жөніндегі сот шешімін заңды деп мойындаймын. Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы 2016 жылдың ақпан айында тіркелген. «Кәсіподақтар одағы туралы» ҚР Заңының 10 бабы, 2 тармағына сәйкес, алты айдың ішінде, яғни 2016 жылдың тамызына дейін біз Қазақстанның 9 өңірінде бөлімшелер ашуға тиіс едік. Алайда, біз қажетті жақтастарымызды жинай алмадық. Соған қарамастан, Әділет министрлігі бізге 2016 жылдың соңына дейін қосымша уақыт берді. Біз оны орындай алмадық. Сондықтан, Әділет органы біздің ұйымның жұмысын тоқтату жөнінде сотқа талап арыз берді. Бұл біз үшін заңды» деп мәлімдеген еді.

ҚТКК 2003 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясына қарасты үш кәсіпорынның негізінде құрылған. Кәсіподақ ұйымның дерегінше, оның құрамында 2100 мүшесі болған.

Азаттық жазғандай, Ақтаудағы OCC компаниясының кәсіподақтар кеңсесінде аштық ұстап жатқан жұмысшылар қатарын Қаламқас пен Жетібай кеніштерінен, вахталық ауысымнан келген мұнайшылар толықтырды. Олар «Нұр Отан» партиясын талаптарына құлақ асуға шақырады. Ал партияның облыстағы бөлімшесі ондай арыз түспегенін айтады.

Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company компаниясының жүздеген мұнайшысы республикалық тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын тіркеуді сұрап, аштық жариялағандарына екі аптаға таяды. Олардың қатарын қаңтардың 17-сінен бері компания қызмет көрсететін Қаламқас және Жетібай кеніштерінен келген жүздеген мұнайшы толықтырып, алғашқыда 90-нан астам болған наразы жұмысшының саны қазір 400-ге тақады.

Аштық жариялаған ОСС мұнайшылары өздерінің «Нұр Отан» партиясының мүшелері екенін айтып, партияның облыстағы филиалына реніштерін білдірді.

Маңғыстау облысы прокуроры орынбасары Ержан Бердібеков Азаттыққа бұл мәселеге байланысты комментарий бермеді. Ол ұйымдастыру бөлімінің прокуроры Айбек Мұнатов арқылы ресми хат жолдауды сұрады. Маңғыстау облысы әкімінің мінетін уақытша атқарушы Сүйіндік Алдашев та «жиналыстан қолы босамағандықтан» комментарий берген жоқ.

Еске сала кететін болсақ, 6 жыл бұрын Жаңаөзен қаласындағы мұнайшылардың еңбек дауына билік құлақ аспай, салдарынан жеті ай бойы ереуіл жасаған мұнайшылар мен күштік құрылымдар арасындағы қақтығыстан 16 бейбіт тұрғын қаза тапқан еді.

Связанные Статьи