Сирия мәселесiн реттеуге арналған Астанадағы халықаралық кездесудiң ашылуында ҚР Сыртқы iстер министрi Қайрат Әбдірахманов Қазақстан Президентiнiң келiссөз қатысушыларына арнаған үндеуiн оқып бердi, деп хабарлайды Baq.kz
Президенттiң айтуынша, Қазақстан бейбiтсүйгiш мемлекет және БҰҰ Қауiпсiздiк кеңесiнiң тұрақты емес мүшесi ретiнде Таяу Шығыс өңiрiнде қауiпсiздiк пен тұрақтылықтың орнауына және нығаюына мүдделi.
«Бүгiнгi басқосу халықаралық қоғамдастықтың Сириядағы жағдайды бейбiт түрде реттеуге бағытталған жiгер-ынтасының айқын көрiнiсi болып табылады. Қазақстан Сириядағы жағдайды реттеудiң жалғыз дұрыс жолы - өзара сенiм мен түсiнiстiкке негiзделген келiссөздер болуы қажет деп санайды», - дейдi Н.Назарбаев.
Елбасы атап өткендей, бiздiң елiмiздiң бүгiнгi келiссөздердi өткiзу орны ретiнде таңдалуы кездейсоқ емес.
«Өздерiңiз бiлетiндей, 2015 жылы Астанада бiрқатар сириялық оппозиция топтары келiссөздерiнiң екi раунды өттi. Сирия халқына түскен ауыртпалықты жеңiлдету мақсатында сириялық босқындарға 700 мың доллардан астам көлемде қаражат бөлдiк, жақында 500 тонна азық-түлiк түрiнде iзгiлiк көмек жолдадық. Астанадағы кездесу барлық мүдделi тараптардың БҰҰ-ның аясында Женева үдерiсiнiң шеңберiнде сириялық дағдарысқа қатысты оңтайлы шешiм табуына қажеттi алғышарттарды қамтамасыз етiп, Сирия жерiнде бейбiтшiлiк пен тұрақтылықты орнату iсiне лайықты үлес қосады деген сенiм бiлдiремiн. Бүгiнгi келiссөздердiң нәтижелi әрi жемiстi болуына тiлектеспiн», - деген Президент үндеуiнде.
Айта кетейiк, Астанадағы келiссөздерге Сирия үкiметi, сириялық оппозиция, Ресей, Түркия және Иран үкiметiнiң өкiлдерi, сондай-ақ, БҰҰ Бас хатшысының Сирия бойынша арнайы өкiлi және Қазақстандағы АҚШ елшiсi қатысады.
Сирия мәселесiн реттеу бойынша кездесу - Ресей мен Түркия президенттерiнiң бастамасы. Қазақстан келiссөздер өткiзуге тек алаңқай ұсынып отыр, өзi бұл процеске қатыспайды.
Астана процесiнен 400-ден астам журналист бүкiл әлемге ақпарат таратады. Келiссөздерге 320 шетелдiк және 120 қазақстандық тiлшi тiркелген. Журналистерге арнайы баспасөз орталығы ұйымдастырылды. Кездесу екi күнге жоспарланған.