Ерлан Қарин: «Қазақстан президенттік республика болып қала береді»

/uploads/thumbnail/20170709201243373_small.jpg

Мемлекет басшысы ұсынған билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу Парламенттің мәртебесін арттыру және Үкіметтің дербестігін күшейту ғана емес, бұл – Қазақстандағы биліктік қатынастар жүйесін шын мәнісінде қайта түлету. Айта кету керек, бұл ретте Қазақстан президенттік республика болып қала береді. Белгілі саясаттанушы, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин осылай дейді. Бұл туралы Baq.kz хабарлайды.

«Президент конституциялық реформалар жөніндегі жұмыс тобы ұсынған жобаны егжей-тегжейлі сипаттады. Бұл – іс жүзіндегі саяси реформалар. Өйткені, биліктің тармақтары арасындағы өзара іс-қимыл принциптерін қамтып отыр», - дейді саясаттанушы.

Кеше, 26 қаңтарда өзінің халыққа Үндеуінде Елбасы мәлімдегендей, реформа екі негізгі бағыт бойынша іске асады. Біріншіден, Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктері Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға берілмек. Сонда бұл салаға Үкімет, министрліктер және әкімдіктер толықтай жауап беретін болады. Сонымен қатар, Үкіметті жасақтаудағы Парламенттің рөлі күшейтіледі. Парламент сайлауында жеңген партия Үкімет құрамын анықтауға түбегейлі ықпал ететін болады. Бұл министрлер кабинетінің өкілетті билік алдындағы жауапкершілігін арттырады. Бұл ретте Е.Қарин билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу реформасы жүргізілгенімен, Қазақстан президенттік республика болып қала беретінін айтады.

«...Президент биліктің тармақтары арасында жоғары арбитр рөлін жалғастырады. Алайда, Президенттің енді күш-жігерді стратегиялық мәселелерге, сыртқы саясат пен ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне жұмылдыратыны айтылды», -дейді ол.

Сондай-ақ, ол еліміздің биліктік қатынастар жүйесінің ескі моделінен біртіндеп арылып, жаңа жағдайларға бейімделе бастайтынын, бұл тұрғыда алдағы өзгерістердің сөзсіз оң тренд екеніне тоқталды.

Оставить комментарий

Связанные Статьи