Солдан оңға қарай отырғандар: Жақабай Атикеұлы, Жұбандық Болғанбайұлы, Тұрағұл Абайұлы, Әлихан Бөкейхан, Райымжан Мәрсеков. Тұрғандар: Мұқан Жәкежанұлы, Көкебай Жанатбайұлы
Алаш арыстары Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулат есімдерімен қатар аталатын ұлы тұлғалардың бірі Райымжан Мәрсеков. Өкінішке орай, бұл күндері Қазақстан басылымдарында Алаш ардақтылары туралы сөз болғанда Райымжан Мәрсеков есімі өте сирек айтылады. Бұған себеп Райымжан өмірінің соңғы жылдары Қытай жерінде өткендігі.
Мен Қытай елінде тұрған кезімде Р. Мәрсековтың өмірі жайлы деректер іздедім, көзін көрген адамдармен кездесіп, естеліктер жазып алдым. Сол естеліктерімдегі Р.Мәрсековтың Қытай еліндегі соңғы өмірі жайлы мағұлматты назарларыңызға ұсынамын.
1997 жылы Үрімжіде тұратын кезімде Қытай қызыл армиясының Үрімжідегі атты әскерлер басқармасының бастығы болған, кейін Шынжаң кино студиясының ұзақ жыл бастығы болған сексеннің сеңгіріндегі Ақын Байбосынұлымен кеңескенімде, ол кісі Р. Мәрсеков жайлы мынадай дерек айтты.
«Р. Мәрсеков 1920 жылдары Міржақып Дулат, Ахмет Байтұрсынұлы қатарлы адамдармен бірге Шәуешекке іс сапармен келген екен. Сол жолы әзіргі Толы ауданына қарасты Майлы тауының Қоңыроба сазы жайлауын жайлап отырған әйгілі Қызыр Төре ауылына келіп қайтқан екен. Кейін 1926 жылы Р. Мәрсеков Қытайға қайта келіп, қазіргі Толы ауданына қарасты Майлы тауындағы Қызыр Үкірдай ауылынан мектеп ашып бала оқытады. Сол жылы менің туған әпкем Нұржәмішпен үйленді. Біз әкеміз Байбосыннан үш бала едік. Үлкеніміз Нұржәміш одан кейін Берікбай, кішісі мен. Р. Мәрсеков Қызыр төре 1926 жылдан 1933 жылға дейін жеті жыл тұрды. Үлкендердің айтуынша Р. Мәрсөкұлының құпия жүрістері өте көп. Бір кетсе айлап жоғалады. Қайда барғанын жан баласына айтпайды екен. Р. Мәрсеков менің әпкем Нұржаміштен үш бала көрді. Үлкен қызы Күлихан, одан кейін Жиенқан деген ұл босанды. Кенже қызы Күлзипат.
Р. Мәрсеков 1933 жылы мал сойып елмен қоштасып кететінін айтты. Қайда баратынын тек қайын атасы Байбосынға ғана айтқан еді.
«Қызыңыз маған аманат, еш нәрседен тарықпайды. Тек қайта кездесе алмаймыз» депті Райымжан керей ішіне келген соң.
Бірнеше жылдан кейін совет жерінен Шерияздан деген туған інісі отбасымен көшіп келді. Ноқа деген әйелі бар. Райымжан көшіп кеткенде ол да бірге кеткен екен. Мен 1945 жылдары қызыл армияға алындым. 1960 жылдарда елге келгенімде, 1950 жылдары Нұржамыш әпкеміз балалары мен елге қайта көшіп келгенін естідім. Нұржамыш әпкемінің айтуынша, сол көшкен беті жоңғар ойпатының шығысындағы Жырғалаң, Бүркеу деген елсіз орманды жерде бір неше жыл бой тасалап жүріп әзіргі Жың ауданы арқылы Құлжа қаласына барып одан ары қарай көшіп Текес ауданына мекендеді. Сол елсіз мекенде бой тасалап жүрген кезде Молдақын деген жігіт іздеп келген. Райыжанмен көп жыл жолдас болып жанында жүреді. Нұржамыштың айтуынша Райымжан әрбір сапарға шыққан сайын достарымен кездесетін белгіміз деп K9B деп жазылған кішкене тақтайшаны қалтасына салып жүретін дейді.
1936 жылы Құлжа қаласында Райымжанның қолынан осы белгі тақтайшаны бір ноғай көріп қалып, үкіметке мәлімдеп содан Райымжан Құлжа қаласында ұсталады. Жарты жылдай Құлжа түрмесінде жатып соңынан арнайы көлікпен Үрімжі түрмесіне жеткізіледі. Сол беті Райымжан Мәрсеков дерексіз кетті дейді.
Р. Мәрсеков Құлжа түрмесінен Үрімжі түрмесіне жөнелтілер алдында әйелімен кездестіреді. Сонда Райымжан «Мен енді түрмеден шыға алмаймын. Мына Молдақын менің ұзақ жылдық көмекшім болды. Енді осы жігітпен некеленіп жаныңды бақ» деп әйеліне талақ хатын жазып береді. Нұржамыш сол өсиет хат бойынша Молдақын деген Райымжанның көмекшісіне тұрмысқа шығып бір ұлды болды. 1950 жылдары Нұржамыш кеиінгі күйеуі Молдақынмен бірге Текестен қайта көшіп қазіргі Толы ауданына қарасты Майлы тауындағы төркініне келеді. Біраз жыл осы өңірді мекендейді. 1957 жылы Райымжаның ұлы Жиенхан Толы ауданының Долаты деген жерінде барқы, қарас руларының мектебінде мұғалім болып жұмысқа тұрады. 1959 жылы Нұржәміш, ұлы Жиенхан, кейінгі күйеуі Молдақын Р. Мәрсековтың інісі Шерияздан отбасымен қызыл паспорт арқылы Қазақстанға өтіп кетеді. Нұржамыш Р.Мәрсеков туған екі қызы Күләйқан мен Кұлпизатты көшерінде Қытай елінде ұзатып өздері ғана көшіп кетеді. Көзін көргендердің айтуынша, Р. Марсөкұлы совет жерінде үлкен оқу орнын тамамдаған өте білімді адам деп айтылады. Сонымен қоса, көп өлеңдерді кейінге дейін ел аузында жатталып жүрген екен. Р. Мәрсеков ел аузындағы мына бір өлеңінде,
«Майлыдан Шиқу асып Манас бардым.
Қолымда компасым бар адаспадым.
Ол жерде қайнымда жоқ, нағашым жоқ.
Тек қана қазақ қамы таласқаным», деп жазады.
Р. Мәрсеков жоғарыдағы өлеңінде жазғанындай, Қытайдағы қазақтар қоныстанған жерлердің көбін аралаған. Оның тынбай қазақ елін аралауы K9B құпия белгісімен жолдастарына кездесуі және соңынан қуғын түсіп, сол белгі мен ұсталуы біраз құпия сырдың бетін ашады.
Көне көз қариялар аузынан Р.Мәрсеков «Совет жерінен келгем тыңшы, қазақтарды советке қаратуға үгіттеуге келген екен» деген сөздерді де естідім.
Жоғарыдағы дәлелдерді сараптай келгенде, Р. Мәрсеков сол кездегі Алаш көсемдерінің ұйғарымы мен Қытай жеріндегі қазақтарға Алаш идеясын насихаттап, бытырап жүрген барлық қазақ баласын Алаш туы астына бірігуге шақырғандай ауыр міндет асқақ арман арқалап, Қытай жеріндегі қазақтардың ұлттық рухын оятуға бар қажыр-қайратын жұмсағаны Аллаға аян .
Мұқаш Таңғытұлы
Оставить комментарий