Ынтызар боп мәңгі арманға күн кештім,
Өтірікпен сыйыса алмай күн кештім,
Басқыншылар басынуға таласқан,
Құлдың күйін кигім келмей тірестім.
Жол ортада құлап жатып, жарысқан,
Мұңсыздармен кіріге алмай мұң кештім,
Бөлісе алмай бір күйеуді аңдысқан,
Күйін кештім сыйыспаған күңдестің.
Дәл осындай басылмаған құйыны,
Дәл осындай ғасыр маған бұйырды,
Бірге өмір сүргенменен екеуміз,
Мүлдем басқа болып шықтық бұл күні...
***
Сірескен мұздар,
Солымда да,
Оңымда.
Қалғыған шыңдар,
Қаңғырған жылдар соңымда.
Қарайған құздар,
Қол созып тұрған алыстан,
Көрім бе, әлде,
Жолым ба?
Мұзданба,бірақ,
Сен маған қарап жылама,
Қапыда қалғып кететін болсам қолыңда.
Қалғысам егер,
Ерісем егер,
Шегінсем,
Ешкімім жоқ қой,
Жоқтайтын мені соңымда...
***
Қажеті жоқ қараудың, атымды да атаудың,
Қара тастан сәл жұмсақ, ақ мақтадан қаталмын.
Қиянатқа жабысып алған қатал қарғыспын,
Әділетке қос қолын жайып тұрған батамын!
Бұ дүниеде қорлығы
Аз болмаған көрмеген,
Қаншама жан,
Қаншама-
Зар мен Үміт жерленген,
Жүректегі ешкімің қаза алмайтын моланы,
Тірі арқалап келемін, бар болғаны, болғаны.
Тас артқандай мехнат көтерткен соң көтергем,
Дар алдында тұрғандай үйреншікті үреймен,
Арман етсем сендерше арманыма жетер де ем,
Өзі арман боп өмірім кеткенін тек білер ме ең?
Аз болғандай жасымнан тартқан қайғым өзімнің,
Дәруі аз тағы бр дерт қосылды не қылдым,
Көз жаздырып бәрінен, келеді енді көз ілгім,
Қала бердім сол жауыр жолдарымда өзімнің...
***
Жалғыз әйел
Жалғыз әйел түнге жалғыз бататын,
Жүрек сырын жапыраққа айтатын,
Таң атқанда жалғыз шығып үйінен,
Кешке қарай жалғыз келе жататын.
Сүю үшін жаратылған от тәнін,
Сүйгізетін сұр жаңбырға батқан күн,
Сүйгізбеген еріндері кезеріп,
Сүйілмеген сол қалпында қататын.
Сағыныштан жан-жүрегі қалжырап,
Жалғыз жүрек жалғыз қалып соңғы рет,
Ақырғы рет айнаға кеп қарап ап,
Ақтық демі тоқтайтын.
Жалғыз болсаң басыңнан бақ аунайды,
Жалғыз қалма!
Жауқазын қыз!
Болмайды!
Жалғыздықтың алғашқысы болмайды,
Жалғыздықтың ақыры да болмайды...
***
Сені қайта жоғалтудан қорқамын,
Және қайта табысудан қорқамын.
Құлап едің шыға алмаған шыңыңнан,
Құлардай боп мен де қалғам сортаң күн.
Сен жоғалсаң, мен де бірге жоғалам,
Сен оралсаң мен де өмірге оралам,
Тас-талқан боп қирап қалған орныңнан,
Сен тұра алсаң мен де бірге оңалам.
***
Сені іздесем, жырға келіп жүгінем,
Жүгінем де жоқтығыңнан түңілем.
Мұздай болған сезімімді жібітіп,
Саған аға, барғым келді,бүгін мен.
Айтқым келді сары аяздан келдім деп,
Көктемде еккен қызғалдағым солды деп,
Ауырлап жүр, онсыз да ауыр таланым,
Көргім келді өмірімнен соңғы рет.
Бәрін естен шығарғым кеп, жақ ашпай,
Кезіп кеткім келді әлемді,
Қап Тауға,
Тартып кеткім келді түтек ақпанда,
Барса келмес жан баспаған жапанға...
***
Жалған болып шықты ма?
Менің күллі арманым,
Арман болып кетті ме,
Мендегі бар жанған күн...
Өмірімнен айырма?
Сала берме уайымға?
Мен де нәзік Әйелмін,
Жаралмаған ауырға...
Бақытты едім сен барда,
Жақұт едім сен барда!
Сен аман бол!
Аман бол!
Өмір артта,
Көр алда.
Қыршындар көп қиылған таңдарына жете алмай,
Зарға толы сезімдер артқан белдер қаншама,
Соның бәрін көтеріп үнсіз жатқан Жер ғана,
Сенсіз күндер шаршатып, арпалысқан мен ғана,
...Осы екен ғой,
Маңдайға біткен тағдыр
Е,Алла...
***
Өзегімді өртеп ол кетті,
Өзге жүректерге елшілеп,
Сол кеткеннен мол кетті,
Азабын жырға еншілеп.
Өкініш ертіп мен кеттім,
Күнбатыс жаққа беттеген,
Көш артқан жалғыз інгендей,
Боздаған даусы жетпеген.
Алаулап тұрған кезімде,
Алдымда тұрған өткел ең,
Оранған кезде сезімге,
Өзен боп кеттің теп-терең.
...Содан соң кенет сен келдің,
Дауылдан келдің
Алысып,
Не демек едің?
Не дермін?
Ешкімнен опа көрмедім.
***
Құдай үйі!
Енгіз мені жаураған,
Баулы нұрмен!
Жан-тәнімді баурап ал.
Алда-Құбыла,
Артта –Алтай...
Жолда –Мен...
Оң назарың түсер ме екен,
Бір Аллам?!
Құдай үйі!
Маған өзің панасың,
Мені ұғатын және өзің ғанасың...
Табу үшін жүрегімнің дауасын,
Таңу үшін қаны аққан жарасын,
Саған қарай бара жатам ағылған,
Жұртпен бірге жаны зар.
Тағдырымды бүлдіріп ап адасқан,
Сұрау үшін сенен соның жауабын,
Жолдау үшін дұға арқылы сен жаққа,
Тағдырымның сауалын,
Адамдардың қолыменен жасалған,
Жазбақ болып тауқыметін наланың,
Бара жатам саған қарай, ағылған,
Жұртпен бірге жаны зар...
***
Бойымды алды ынтызар халім, жебеші?
Жебеші, мені махаббат пірі? Демеші?
Ғашықтар едік, адасып қалдық қапыда,
Есіңдемін бе,ер мінез жігіт, мен осы?
Есіңде ме екен,есіңде қалам дегенім,
Есіңнен кетпес кезіңде қалам дегенім,
Өзіңе ынтық сөзімде қалам дегенім,
Бәрін де қойшы,
Жолыңда сенің Жолдас боп,
Сойылын соғар дос болып қалсақ деп едім.
Сөз түгіл, әрбір демінің өзі ...............
Жаратқан ием жіберген өзі Қызырдай.
Табысқан едік,
бағынтқан едің, амал не,
Жатырмын енді, сөне алмай қалған қызудай...
***
Кешір Алла?
Кешір, Алла?
Жұбанышсыз сезімді,
Малмаңдай боп көктемде,
Қаншама рет,
Жаңбыр асты кезілді.
Кешір Алла,?
Мұздай суық кезімді?
Ақ қағаз бен Қара түннің ішінде,
Қаңғып кеткен сөзімді?
Кешір, Алла?
Жүрегімнің жылуын,
Ешкімімен бөліспеген кезімді,
Не көрсем де,
Бой бермей,
Көндікпеген төзімді.
Кешір, Алла?
Мұрасындай шебердің,
Үйіп-төгіп барлық түрін өнердің,
Бәрін беріп, бәрін беріп, тек қана,
Бақ бермеген көрінгенге бұйырған;
Қара орманым-қалың елдің ішінде,
Тіл қатқызып қойған қиян-қиырдан;
Шыңға айналған қанатыма сүрініп,
Улы мұңға жазатайым ұрынған,
Өмір берген тым ауыр,
Тағдырыма кінәлі,
Басты айыпкер өзіңді?
***
Оставить комментарий