Көркем поэзияда шарықтаған қиялда шектеу жоқ. Сондықтан ақын туралы сөз қозғау – бір адамның шығармашылығы туралы ғана емес, тұтас бір дәуірдің рухани ахуалы туралы әңгіме айтумен бірдей.
Ешкім оқып, тоқып ақын болмайды, ол тәңіріден берілетін қасиет. Яғни, ақын болып туады, ерінбей еңбектеніп қалыптасады. Бір сөзбен айтқанда табиғаттың өзі ақын тағдырын өлеңге байлайды. Олар қайда жүрсе де, қандай қызмет атқарса да, қандай биікке көтерілсе де, ең алдымен ақын болып қалады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қасымхан Бегманов сондай жаратылыс иесі.
Қазақстан Республикасының көркем әдебиет саласы бойынша берілетін Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған Қасымхан Бегмановтың «Құланиек, құба таң» жыр жинағы. Жинақ қазақ поэзиясының көркемдік қорын байытқан сүбелі еңбек. Ақынның әрбір өлеңінен туған жердің топырағының иісі, ана әлдиінің жылуы, Қаратаудың қоңыр лебі мен жүрек сағынышы сезіліп тұрады.
Беу, бүгінгі тәй-тәй басқан балғындар,
Ал, әзірше тал бесікте қалғыңдар.
Із түспеген жаңа соқпақ салғым бар,
Миллиондардың жүрегінде қалғым бар.
Қанша ғасыр таппай келген арманды,
Арыстанның апанынан алғым бар – деп, ақын жүрегі болашаққа сәт тілеп, алдағы арман-ниетін ақтарады. Бұл ақынның айтулы жинақтағы «Ұрпаққа хат» деп аталатын кіріспе өлеңі. Бұл жыр –алдыңғы буынның датын арқалап, өзі кейінгі ұрпаққа аманат табыстағандай әсер береді.
Қалай дегенде де Қасымхан Бегманов – қазақ поэзиясында өзіндік үні мен дара қолтаңбасын қалыптастырған ақын. Оның жырларынан қазақы дүниетаным, ұлттық рух, кең далаға тән дарқандық пен нағыз ер азаматқа тән қайсар мінез айқын сезіледі. Ең бастысы – ақын қандай биік белестерді бағындырса да, табиғи болмысын, қарапайым қалпын өзгерткен емес. Сондықтан оның поэзиясы ойлы оқырманын қашан да құшағына тартады, баурына басады.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңында әдебиетке жаңа толқын қосылды. Бұл буын поэзияға өзгеше леп алып келді. Есенғали Раушанов, Ұлықбек Есдәулетов, Светқали Нұржандар шыққан кезеңде әдебиетке келген Қасымхан Бегманов та сол буынның ең талантты өкілдерінің бірі болды.
Қасымхан Бегманов та өзімен замандас барша ақындар секілді жану, күю, құлау, тұру секілді соқтықпалы соқпақсыз жолдардан, өсу сатыларынан, тәжірибелер тегерішінен өткен ақындардың бірі. Ол заңдылық қай заманда да сөз өнерін серік еткен қасиет иелеріне тән табиғи дүние. Шығармаларын тұтас қолға алып, ойша барлау жасағанда ақынның махаббаттан парасат деңгейіне дейін көтерілген жолын анық байқай аламыз.
Ақын шығармашылығының басты ерекшеліктерінің бірі – тақырыптық аясының кеңдігі мен көркемдік әлемінің сан қырлылығы. Оның өлеңдерінде жастық шақтың албырт сезімі мен мөлдір махаббаты да, уақыттың қатал сабағы мен өмірдің ащы шындығы да қатар өріліп жатады. Ақын бірде жастық романтиканы жан дүниесінің нәзік иірімдері арқылы бейнелесе, енді бірде тарихи тұлғалардың тағдырын, туған жер мен атамекеннің қасиетін терең философиялық толғаныспен зерделейді. Өткен мен бүгінді салыстыра отырып, адам ғұмырының өткіншілігіне, достықтың қадіріне, уақыттың өзгермес заңына ой жібереді.
Соның бір көрінісі ретінде ақын:
Өтті бастан қиын-қыстау көп күндер,
Қиялымда елес болып өттіңдер.
Жас кезімде бірге жүрген көп достар,
Неге мені жалғыз тастап кеттіңдер, – деп, өмірдің талай белесінен бірге өткен достарын сағынышпен еске алады. Көптің ортасында жүрсе де, жүрек түкпіріндегі жалғыздық сезімі мен өкініштің табы анық аңғарылады. Ақын үшін мұндай сәттердегі ең жақын сырлас та, жанға медет болатын жұбаныш та – поэзия. Сондықтан ол мұңын өлеңге айтып, жүрегіндегі шерді жыр арқылы тарқатады.
Қасымхан Бегманов – алыптардың алдын көріп, жақсылардың жанында көп жүрген, жылы сөз, бағыт, батасын алған бақытты ақындардың бірі демеске болмайды. 1980 жылы ақынның «Бастау» атты тұңғыш кітабы жарық көрді. Ол өзінің сұхбаттарында: «Менің бірінші кітабым Жұмекен Нәжімеденовтың рецензиясымен жарық көрді. Тұсауымды кесті. Мен Жұмекен мен Өтежанның батасымен Сағат Әшімбаевтың қолдауымен алғашқы кітабымды шығарған адаммын» - деуі, осы сөзіміздің куәсі.
Ол шынында да поэзияға кездейсоқ келген жоқ. Өлеңге келер жолда оған қазақ әдебиетінің ірі тұлғалары оң пікір берді. «Теңіздің дәмі – тамшыдан. Поэзияның парқын әу, деген үнінен айыратын әдеби ортаны ол бір өлеңі арқылы елең еткізді. Тырнақалды туындылары өзі айтқандай,қазақтың аймаңдай ақыны Жұмекен Нәжімеденовтің сүйінші сөзімен жарық көрді. Алғаш томағасын сыпырып, топқа салып, тұсауын кескен де сол Жұмекен ағасы болатын. Ол Қасымханның өлеңдеріндегі өршіл мінезге, өзінше өрнек іздеуге талпынған беталысына сүйсінді. «...Талант – құнарлы топырақ қана.Топырақ өздігенен өнім бермейді, оған дән себу, оны күтіп, баптау керек. Сонда ғана ол ырыс-берекеге айналады. Қасымхан мына жинағымен топырағын танытты...» деп, үлкен сенім артты. Сенім алдамады.
Қасымхан Бегмановтың шығармашылық жолындағы елеулі белестердің бірі – «Күреңбел»жыр жинағы. Оқырманның ыстық ықыласына бөленген бұл кітап ақынның әдебиеттегі орнын айқындай түсті. Осы кезеңде оның поэзиясы Әшірбек Сығай, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Дулат Исабеков, Темірхан Медетбек, Ілия Жақанов сынды сөз өнері саңлақтарының назарына ілігіп, жоғары бағасына ие болды. Әсіресе, Қадыр Мырза Әлі мен Тұманбай Молдағалиевтің арнайы мақала жазып, жүрекжарды лебіз білдіруі – ақын талантының әдеби орта тарапынан лайықты мойындалғанының айқын дәлелі дер едік.
Десе дегендей, Қасымхан ақынның шығармалары уақыт ағынына ілесіп, ілгерілей берді. Оның шығармаларының тақырыптық ауаны кең, мазмұнға бай, бояуы қанық.
Әрбір ақын бір құбылыс десек, оның көркем қиялын шыңдайтын, көңіл көкжиегін кемелдендіретін өскен орта, туған мекені. Ол сұлулық адам жанына түрткі салмай тұрмайды. Қасымхан Бегманов поэзиясының алтын бесігі – ауыл. Қорғаны – Қаратау. Жайлауы – дала. Оның жырларында ауыл жай ғана мекен емес. Өмірдің бастау бұлағы. Ол туған жер тақырыбын сыртқы суреттеумен ғана шектемей, оны өзінің рухани әлемімен сабақтастыра жырлайды. Мұны ақын:
Осы ауылдың бір кезде өндірі едім,
Өткенді ойлап жан-жаққа телміремін.
Арманшыл ем, пәк едім, алғаш рет,
Осы ауылда өлең боп мөлдіредім, – деген жолдар арқылы әсерлі жеткізеді. Бұл шумақтағы тың тіркес, тұспал, теңеулер ақынның шығармашылық болмысының дәл осы ауылда қалыптасқанын аңғартатын көркем метафора болып табылады. Лирикалық кейіпкер туған ауылын балалықтың, тазалықтың және ақындық таланттың бастау бұлағы ретінде қабылдайды.
Туған жерге деген сағыныш ақынның ғазалдарында да терең лиризммен өріледі:
Кеше ғана елімді елеңдеткен,
Көшіп бара жатқандай менен көктем.
Үйде күткен әкедей алаңдаймын,
Жастығыма көшеге желең кеткен...
Өлеңдегі «көктем» мен «әке» образдары жастықтың өткіншілігі мен туған үйдің жылуын сабақтастыра отырып, лирикалық кейіпкердің сағынышын әсерлі бейнелейді.Ақын уақыттың кері қайтпайтын заңдылығын мойындай отырып, жастықтың өткіншілігін туған жермен сабақтастыра суреттейді.
Туған жерден жырақтау тақырыбы Қасымхан поэзиясында өмірлік таңдау мен ақындық тағдырдың бір көрінісі ретінде бейнеленеді. Бұл тұрғыда оның өмір жолы туған жерден білім мен өнер іздеп кеткен, бірақ туған өлкеге деген сағынышын өмір бойы жүрегінде сақтаған Әбу Насыр әл-Фарабидің тағдырын еске түсіреді. Қасымхан үшін де туған ауылдан алыстау – туған жерден безіну емес, ақындық мұрат пен өмірлік арманның жетегіне еру. Ақынның бұл көңіл күйі алғашқы жыр жинағында жарияланған:
Көрсетпеді жолымды талай тұман,
Естілмеді жаныма қалайтын ән.
Кешір, апа, кетемін Шымкентке,
Қыз тұрмаған ауылда қалай тұрам, – деген өлеңінен де аңғарылады. Былай қарағанда әзілге құрылғандай көрінетін бұл шумақтың астарында жастыққа тән албырт мінез, үлкен өмірге ұмтылыс және туған ауылмен қоштасудың қимастық сезімі жатыр. Ақын юморды өмірлік шындықпен ұштастыра отырып, туған жерден аттанудың басты себебі көңілдің желігі емес, алысқа жетелеген арман мен өнерге деген іңкәрлік екенін ишаралайды.
Мөп-мөлдір-ау бұл ауылда көк пен жер,
Әне анау атам асып кеткен бел.
Мұғалім мен ата-анадан тығылып,
Алғаш рет темекі ұрлап шеккен жер. Бұл суретті бейне адам жанын қозғамай қоймайды. Өлеңнен ақынның туған топыраққа тәу еткен тағзымымен, балалықтың мөлдір шындығы көрінеді. Өлеңнің құндылығы да осында. Мұнда жасырып жабуға көнбейтін өмірбаяндық деталь көркем шындыққа айналған.
Бәрін, бәрін өз көзіммен көргенмін,
Анау қырдың қызғалдағын тергенмін.
Бабайқорған даласында өскенмен,
Хантағыда дүниеге келгенмін – деп, туған жерін Мысыр шаһарындай дәріптеп, масаттана жырлайды. Туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігін балалық шағының жарқын естеліктерімен аяулы сезімге орап, әсерлі өрнектеп береді.
Қасымхан Бегманов шығармашылығы туралы сөз қозғағанда «Ескі үйде» өлеңіне арнайы тоқталмай өту мүмкін емес. Бұл шығарма – уақытпен сырласқан, балалық шақпен қайта қауышқан жүрек сөзі. Ақын үшін ескі үй – өткен күндердің жұрнағы ғана емес, ана мейірімі мен әке қамқорлығы, балалықтың бейкүнә күлкісі сақталған қасиетті мекен. Сондықтан бұл туындыны анаға деген сөнбес сағыныштың көркем ескерткіші деуге толық негіз бар.
Ақын елағасы жасына келген шағында туған шаңырағына оралады. Бірақ баяғы үй сол қалпында тұрғанымен, оны қарсы алатын адамдар жоқ.
Дерті едік, біреудің серті едік,
Апа, мен ескі үйге оралдым.
Ол кезде жас едік, өрт едік,
Ұқпаған болармын...
Осы шумақтағы өкініш қандай әсерлі, қандай табиғи. Құйқа тамырыңды шым еткізіп, көзіңнен ыстық моншақ жасты еріксіз ыршытады. Өлеңді оқи отырып әрбір оқырман өмірдегі өзін, өткен шақтағы боямасыз балаң сезімін бастан кешеді.
Жазушы Ә. Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы»романында туған жерге Әбу Насыр әл-Фарабидің өзі емес, оның сөзі, рухы мен есімі қайта оралатыны секілді, Қасымхан ақынның да бұл өлеңінде туған шаңырағына өзі емес, ақындық аңсары, бала күнгі сағынышы мен қиял елесі қайта оралады. Сол аңсар туған ұясын қимай айналшақтап ұшқан қарлығаштай қайта-қайта оралып, лирикалық кейіпкердің жан дүниесіндегі сағынышты терең психологиялық бояумен бедерлейді. Осы арқылы ақын туған үйді өткен шақтың белгісі ретінде ғана емес, адам жадында мәңгі сақталатын рухани құндылықтың символы деңгейіне көтереді.
Баяғы дәурен қиял-ғажайып әлеміне, елестер елшісіне айналған. Уақыт жаңарған. Бүгін бәрі басқаша. Қимас жандар өмірде жоқ. Кешегі қателікті түзететін аға қайда?! Маңдайдан сипайтын анаң ше... Олардан ешкім жоқ. Тек қана қалқайып балалықтың ізі қалған үй ғана бар.
Сондықтан ақынның:
Кім маған құшағын жаяды,
Бұл үйді ит қана күзеткен.
Өмір ғой, өмір ғой баяғы,
Мені де жолдар ғой түзеткен... деуі – жалғыз ақынның емес, уақыт алдында тұрған әр адамның жан тілегі. Бұл өлеңдегі ең басты кейіпкер – сағыныш деген сезім.
Сағыныш толқытпаған ақын жоқ-ау, сірә. Төлеген Айбергеновтің ізін басқан ақындардың бұл сезімнен адасы жоқ. Бүгінгі кейіпкеріміз де өршіл ақынның алапат жырынан ауызданған жандардың бірі ғой...
Ақынның лирикалық кейіпкері кейде жастық дәуренде көңіл төрінен орын алған арудың бейнесін іздеп, сағынышқа беріледі. Күздің мұңды көрінісі өткен күндердің елесін қайта тірілткендей әсер қалдырады:
Алматыға тағы айналып күз кепті,
Өз жөнімен қыз кетті.
Бұлдыраған бұлдыр-бұлдыр елес күн,
Неге бүгін іздетті... деген жолдарда уақыттың алыстатып әкеткен шақтары мен көмескіленген сезімдердің қайта жаңғыруы шынайы суреттеледі. Ақын сол бір сағымдай бұлдыр шақтарды жүрек сүзгісінен өткізіп, өткен күннің елесі арқылы бүгінгі көңіл күйін бейнелейді.
Уақыттпен бірге ақын шығармашылығы да есейе түседі. Кешегі қырық жасқа дейін лирикалық шығармалардың шырағын маздатқан ақынның ұстаған бағыты да, арқалаған жүгі де енді салмақтана түскенін аңғарамыз. Жанрлық тұрғыдан да бір сарынды емес. Көркемдік деңгейі мейлінше кемелдене түсті. Ақын шығармашылығының басты ерекшелігінің бірі – қалыптасқан поэтикалық таптаурындарға бой алдырмай, өзіндік көркемдік ізденіске ұмтылуы. Ол дәстүрлі қара өлең үлгісімен шектеліп қалмай, кейінгі туындыларында бес және алты тармақты өлең құрылымын жиі қолданып, поэтикалық өрісін кеңейтеді. Сонымен қатар егіз ұйқас тәсілін жүйелі пайдалану арқылы өлеңнің ырғақтық үйлесімін күшейтіп, ойдың тұтастығын сақтайды. Мұндай пішіндік ізденістер ақынның шығармашылық қолтаңбасын даралап, өлеңнің әсерлілігі мен әуезділігін арттыра түседі. Бұл ерекшелік төмендегі жыр жолдарынан анық байқалады:
Қайран Түркі дүниесінен айналдым,
Көкірегімді бүгін ауыр қайғы алдың.
Азап шектім тұманында ойлардың,
Барлық түрік бірігетін күн туып,
Жеңісімді ұрпақтармен тойлармын...
Көркем әдебиеттегі қаламгердің ең асыл қасиеттерінің бірі – принципшілдік. Әдебиет – ардың ісі десек, ақынның әр сөзі де ар алдындағы жауапкершіліктен тууы керек. Қасымхан Бегмановтың шығармашылық болмысына тән басты ерекшелік – осы. Ол ақ қағазға адалдықты бәрінен биік қояды. Сондықтан оның өлеңдерінен орынсыз тіркес, артық тармақ, жылтырақ сөз таппайсыз. Әрбір шумақ жүректен өтіп, ой қазанында қайнап, көркемдік сүзгіден өткен соң ғана оқырманға жол тартады.
Ақын шығармашылығында тарихи тұлғалардың бейнесі де ерекше мәнге ие. Ол Махамбетке мұң шағып, Мұстафамен сырласып, Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Қаныш Сәтбаев, Асқар Сүлейменов сынды ұлттың тау тұлғалы перзенттерінің рухына тағзым етеді. Ал әдебиет әлеміндегі үзеңгілес достарының бірі, бүгінде өмірден өткен Есенғали Раушановқа арналған жырларында ақынның досқа дегенсағынышы, рухани адалдығы ерекше әсерлі өрнектеледі.
Жылдар өткен сайын ақынның қаламы ғана емес, ойы да кемелдене түсті. Алғашқы лирикалық өлеңдеріндегі сезім мен сырдың орнына уақыт өте келе ұлт тағдыры, тарихи тұтастық, адамзаттық құндылықтар, өмір мен өлім, мәңгілік пен жалған дүние туралы толғамдар басымдық ала бастайды. Осылайша Қасымхан Бегманов шағын лирикалық жанрлардың шеңберінен шығып, философиялық тынысы кең толғаулар мен көлемді дастандарға батыл қалам тартты. Бұл – ақынның шығармашылық өресінің өскенін, тақырыптық аясының кеңейгенін танытатын табиғи құбылыс.
Соның бір айқын көрінісі – «Дүние» толғауы. Өмірдің өткіншілігін мойындай отырып, ел мен жердің, ұлт пен ұрпақтың болашағына алаңдайды. Оның толғанысы Асан қайғының мұңымен, Қожа Ахмет Ясауидің рухани әлемімен астасып жатады.
Төрі ме деп жұмақтың,
Дүние, сені ұнаттым.
Асан қайғыны зарлатып,
Йассауиді жылаттың...
Осы төрт тармақтың өзінде-ақ үлкен философиялық ой жатыр. Ақын адамзаттың дүниеге құмарлығы рухани құндылықтарды кейінге ысырып бара жатқанын ащы мысқылмен де, өкінішпен де жеткізеді. Бұл – Қасымхан Бегманов поэзиясының тек сыршыл лирикамен шектелмей, ұлттың рухани болмысын, қоғамның күрделі мәселелерін көтеретін кемел шығармашылық кезеңге көтерілгенінің айқын белгісі. Бұл сөзімізге ақынның «Құлан иек, құба таң» атты кітабындағы шығармалары толық жауап береді.
Осы тұста Қасымхан Бегмановтың кең тынысты толғаулары мен эпикалық қуаты мол дастандарына аз-кем тоқталған жөн. Ақын шығармашылығының кемел кезеңін айқындайтын бұл туындылар оның лирик ақын ғана емес, тарихи сананы көркемдікпен кестелей алған эпик қаламгер екенін де танытады. Жыр жинағына енген «Алашорда аманаты», «Шерлі Түркістан», «Менің Мұстафам», «Ер Төстік» секілді көлемді шығармалар – осының айғағы.
Ақынның туған ел, жер тақырыбындағы толғаныстарының ішінде үлкен Түркістанға арналған өлеңдерінің орны ерекше. «Шерлі Түркістан» шығармасында қасиетті өлкенің ғасырлар бойы жинақталған тарихи тағдыры мен рухани бітімі Мұстафа Шоқайдың болмысы арқылы терең сезіммен бейнеленеді:
Жүз жылдықтар ағады,
Құранның асыл парақтарында,
Ғасырдың қатал сабақтарында.
Домбыралардың сағақтарында,
Қазақтың тартқан табақтарында...
Ақын бұл жолдар арқылы Түркістанды ұлттың рухани болмысын сақтаған қасиетті кеңістік ретінде таниды. Ғасырлардың қасіреті мен халықтың тағдыры ақын жүрегінен өтіп, елдік рухпен астасқан сырлы жырға айналады. Осындай рухтағы қандай болмасын эпикалық толғаныстарында ақынның азаматтық үні менұлттық мұңы, перзенттік сүйіспеншілігі үнемі қатар жүреді, аңғарған жанға айқын сезіледі.
Бұл туындылар ақынның шалқар шабытынбұрынғыдан да еселеп, ой ауқымы ұлттық тарих, азаттық рухы, елдік мұрат секілді ірі тақырыптармен сабақтастырады. Жырдың екпіні кейде бұрқан-талқан мінезбен Қаратаудың тасқынды бұлағындай буырқанып, кейде Сырдарияның ағысы астымен аққан арнасындайбаяу сырғиды. Сол қуатты ырғақ пен терең толғаныс оқырманды да өз иіріміне тартып, ақын жүрегіндегі алапат сезіммен бірге тыныстауға жетелейді.
Бұл сөзімізге жарқын мысалының бірі, ақынның – «Ташкентпен қоштасу» толғауы. Кезінде Алаш арыстары мен қазақтың талай асыл тұлғасын бауырына басқан қасиетті Ташкенттің бүгінгі тағдырына күйзеледі. Бір кезде қазақ руханиятының алтын бесігі болған шаһардың енді өз ұлтының уысынан сусып, жат қолында қалуыақынның жүрегін сыздатады. Сол өкініш оты толғаудың өн бойына өзек болып тартылып, ақынның жан айқайына айналады:
Аласапыран алқакөл, сұлама қиын кез де есте,
Ташкент біздің Алаштың тілін ұмытқан,
сөйлейді бүгін өзбекше.
Қайран, Жиделібайсын – атамекенім баяғы,
Байбөрі бабам жайлаған өлке саялы,
Сол түні мені аруақтар түгіл, жұлдызды аспан аяды...
Бұл толғаудағы ақынның жеке мұң-шері десек, қателесеміз. Мұнда тарихи арқауымыздың тарылабастауы, ұлтының патриот перзенті ретінде оның күйініші мен рухани қасіреті айқын сезіледі.
Қасымхан Бегманов поэзиясының осы ерекшелігін қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Қадыр Мырза-Әлі де жоғары бағалайды. Ол ақынның толғауларын ежелгі жыраулар поэзиясының табиғи жалғасы ретінде бағалап: «Қасымхан Бекмановтың поэмасына үстірттік, асығыстық, үзінділік, салғырттық мүлдем жат құбылыс. Ол нені болса да жаны өртеніп, егіліп, төгіліп жазады, ең соңғы тамшысына дейін сарқып, таусылып жазады», – деп ақын шығармашылығының эмоциялық қуаты мен көркемдік тұтастығына дәл баға береді.
Жалпы, ақын поэзиясының қуаты неденқұралады? Ол – сөздің молдығынан емес, сөздіңсалмағынан; ойдың көптігінен емес, оныңтереңдігінен; сезімнің әсірелігінен емес, шынайылығынан туады. Ақынның сөздік қоры, тосын теңеулері, дәл метафоралары, астарлы ойымен өмір құбылыстарын күтпеген қырынан танытабілуі – Қасымхан ақынның поэзиясының бастыбайлығы. Осы тұрғыдан келгенде оның ақындықлабораториясы аса бай әрі өзіндік қолтаңбасыайқын.
Ол қарапайым құбылыстың өзінен үлкен философия таба біледі. Көптің көзі көргенімен, көңілі аңғара бермейтін ақиқатты бір-ақ ауыз өлеңмен түйіндеп тастайды. Ақынның басты ерекшелігінің бірі осы тұс. Оның өлеңдерін оқығанда «осыны неге бұрын ешкім айтпаған?» деген әсерге бөленесің.
Мәселен, «Қара қағаз» өлеңіндегі:
...Фашистерден қорыққан жоқ бұл ауыл,
Қорықты тек хат таситын жандардан... деген екі жолдың өзінде тұтас бір дәуірдің қасіреті тұр. Майдандағы оқтан емес, «қара қағаз» әкелетін пошташыдан үрейленген ауылдың психологиясы екі-ақ тармақпен бедерленген. Мұнда ақын соғыстың ең ауыр салмағын қаралы хабарда жатқанын дәл тапқан.
Ал «Элегиядағы»:
Жалаңаш келіп өмірге,
Өтеді адам жалаңаш... деген жолдар – адам ғұмырының мәңгілік ақиқатын барынша қарапайым қалыпта түйіндейді. Байлық та, мансап та, даңқ та адамның мәңгілік еншісі емес екенін ақын ұзақ толғамай-ақ, екі тармақпен санамызға сіңіреді.
«Бөкен» өлеңіндегі:
Келгенде қашып қасқырдан,
Адамдар оқпен қарсы алды... деген тармақтар да оқырманды еріксіз ойландырады. Табиғаттың жыртқышынан қашқан түз тағысын адам баласының өзі ажал құшағына итереді. Бұл жерде ақын аң тағдырын ғана емес, адамзаттың табиғатпен қарым-қатынасына берілген ащы үкімді де астарлап жеткізеді.
Қаратау – Қасымхан Бегмановтың кіндік қаны тамған мекен ғана емес, ақындық болмысының қайнар көзі. Сол қасиетті топырақтан бастау алған қоңыр жыр уақытпен бірге кемелденіп, ұлттық поэзияның көркем көкжиегін кеңейткен рухани мұраға айналды. Сондықтан Қасымхан Бегмановтың поэзиясы туған өлкенің табиғатын ғана жырламайды, қазақы дүниетанымның қоңыр үнін, ұлт рухының асыл қасиеттерін келер ұрпақтың жүрегіне аманаттайды.
Асқар Дүйсенбі
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.