2020 жылға қарай Үкімет қарызының көлемі 11,9 трлн теңге болады. Бұл туралы қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеген. Долларға шағатын болсақ(Ұлттық банктің қазіргі курсы бойынша 321.95) 36 миллиард, 962 миллион долларды құрайтын болады.
«Болжалды есептеулерге сәйкес, 2020 жылға қарай үкіметтің қарызы 11 триллион теңге немесе ЖІӨ-нің 20,6 пайызын құрайды. Осы жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда қарыз алдағы үш жылда 1,3 есе өседі. Бұл кезде қарызды қайтару қиындай түсетіні сөзсіз. Дегенмен, бүгінгі жағдайда «Үшінші жаңғыру» жобасын іске асыру үшін үкімет бұл шараларды орынды деп есептейді. Сондықтан үкімет келер үш жылда бюджет саясатын оңтайландыру жобасын, сондай-ақ бюджеттің табысын арттыру мен макроэкономикалық жағдайды жақсарту шараларын ұсынады», — деді Бақыт Сұлтанов.
Айта кететін болсақ, Бақыт Сұлтанов үш жыл бұрын Үкімет басшысының орынбасары ретінде Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызы 2020 жылға дейін 22 пайызға дейін төмендетілетінін айтқан болатын.
2014 жылғы 20 маусымда ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында ҚР Үкімет басшысының орынбасары - Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов:
«Қазақстанның жалпы қарызы 150 млрд. долларға жақындап қалды. Бірақ мұның жартысы фирмааралық қарыздарға жатады. Бұл - сыртқы ірі инвестициялық жобалар арқылы шетел инвесторларынан келетін қаражат», - деген еді. Министрдің атап өтуінше, аталған қаражат Қазақстанның жалпы қарызы ішіне кіреді. Ал қарыздың қалған жартысы мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор мен банктердің борыштары. Банктердің сыртқы қарызы 2007-2008 жылдардан бастап дағдарысқа қарсы жұмыстар арқылы қаржы институттарына көмектесу және сыртқы қарызды қайта құрылымдау арқылы төмендетілуде болған. «Мемлекеттік және квазимемлекеттік қарызды алар болсақ, Елбасының Жарлығымен жаңа бюджеттік саясат туралы тұжырымдама бекітілді. Осы құжатқа сәйкес, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызы бүгінгі 27 пайыздан 2020 жылға қарай 22 пайызға дейін төмендетуге тиістіміз», - деген болатын Б.Сұлтанов.
Есепке салатын болсақ, 2014 жылғы жалпы қарыздың жартысы Үкіметтің қарызы болса, ол 75 миллиард доллар шамасында болуға тиіс. Бақыт Сұлтановтың кеше ғана жасаған мәлімдемесінде Үкіметтің сыртқы қарызы шамамен 37 миллиард доллардай болатыны болжанған. Бұл, 6 жылдың ішінде Қазақстан Үкіметінің сыртқы қарызы 2 есеге азаятынын көрсетеді. Алайда, Қазақстанның сыртқы қарызы осы жылдарда өсіп жатқаны көріледі. Үкімет есептен жаңылды ма? Әлде жасырды ма? Ол жағы белгісіз.
Оставить комментарий