Оңтүстік Кореяда тұрып келген қазақ жігітінің әңгімесі

/uploads/thumbnail/20170709213646425_small.jpg

Бүгінде Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген қазақтар көп. Солардың бірі  Рысбек деп жазады zamana.kz.  

Жақсы таба нан 8000 теңге тұрады

Рысбек ірі денелі жігіт екен. Оның үлкен аяқ киіміне, сосын қарға түскен ізіне қарап-ақ таңқалғанбыз. Әңгі­меміз осыдан басталып кетті.

«Бойым 2 метрге жуықтайды, салмағым қазір 95 кило тартады, – дейді Рекең. – Шымкенттен кетерде салмағым 118 кило еді, 9 айда 28 кило тастадық. Салмақ тастағаныма өкінбеймін, ол – ішкі ағзамның барынша тазарғанының белгісі. Өйткені Оңтүстік Кореяда күрішті, майсыз, тұзы аз, дәмі ащы тағамдарды, салаттың түр-түрін, балық сорпасын, теңіз өнімдерін көп тұтынады, өз кезегінде оның денсаулыққа пайдасы баршылық деседі. Сондай-ақ біз ол жақта нанды аз жедік. Негізі Кореяда нанды аз жейді екен. Салмағы 1 кило тартатын таба нан сияқты нандары бар, бағасы біздің ақшаға шаққанда 3500 – 8000 теңге аралығында. Кішкентай «бөлішкелердің» өзі 700 теңгеден сатылады. Қымбат бол­ғандықтан ба, әлде солай қалыптасқан ба, олар нанды өте сирек тұтынады екен.

Кәрістердің тамағына алғашқыда үйренісе алмадық.  Ол жақта қазақ, қырғыз, өзбектер көп. Бір қырғызға үйінен туыстары қазы-қарта салған екен, ол бірде ет асып, бәрімізді қонаққа шақырған еді, жарты кило қазыны 4 күн жеп жүріп әзер тауыстық, ол күштілік қылып, ішіміз бұзылып біраз әбіржідік.

Ол жақта жылқы аз, сондықтан құны өте қымбат екен, жылқы еті сатылмайды. Халқы негізінен сиыр, қой, доңыз етін тұтынады. Сиыр етінің килосы біздің ақшаға шаққанда 35 мың теңге, тауықтікі 3500 теңге тұрады, ал доңыздікі тіпті де арзан.

Ел астанасы Сеулде және Ланжу деген қаладағы ме­шіттер жанында «Азия-маркет» деп аталатын үлкен мұсылман дүкендері бар екен, біз етті сол жерлерден алып тұрдық. Килолап алғаннан гөрі арнайы қорапталған бүтін мал етін сатып алған тиімдірек екен.

Ол жақта адамдар шайды аз тұтынады. Тек көк шай ғана бар. Есесіне суды көп пайдаланады.

Кәрістердің күріштен боза ашытатынын білдік. Оны «мампалей» деп атайды. Бізбен бірге Владивостоктан көптеген орыс жігіттері болған еді, олар қыздыратын сусынға үйір келеді ғой, соны жиі ішіп жүрді. Бір жаманы, ол адамды өзіне тәуелді етіп қояды екен».

46 мөлшерлі бәтіңкені әзер тауып беріпті

Рекең Оңтүстік Кореяға туристік визамен барыпты. 250 мың теңгеге 1 айға виза аштырған да, ұшақпен Корея қайдасың деп тартып отырған. Өйткені біздің ел мен Корея арасында жұмыс күшіне қатысты ресми келісім жоқ. Сондықтан жұмыс іздегендер ол жаққа осындай жолмен барады, сосын жұмыс тауып, заңсыз мигрант ретінде күн кешеді. Бірақ тәртіп бұзбаса, Корея полицейлері заңсыз мигрант­тарды тым қудалай бермейді екен, тексеріп тұрулары да аз. Ал енді қандай да бір тәртіп бұзып көзге түскен мигрантты депортациялайды, паспортына бұл жөнінде дерек ендіріледі. Мұндай адамдар Оңтүстік Кореяға екінші қайта аяқ баса алмайды, ондайларды тіпті Еуроодақ елдері, АҚШ та жеріне аттап бастырмайды екен.

«Кореяның әр қаласында, әрбір ауылында біздің қалалардағы сияқты «Еңбек биржалары» бар, жалпақ тілде оны «Арбайт» деп атайды. Сол арбайттардан әлемнің әр шалғайынан келген заңсыз мигранттарды, түрлі ұлт, нәсіл өкілдерін кезіктіресіз.

Осы арбайтта жұмыс іздеп жүрген жандарды жұмыс күшін қажет еткен жергілікті азаматтар барып, таңдап әкетіп жатады. Негізі кәріс­тердің денесі шағын келеді ғой, сондықтан олар көбіне ірі денелі жұмысшыларды таңдайды. Бұл жағынан менің жолым болды.

Ол жақта жұмыс беруші мен арбайтта жұмысшымен қамтамасыз етуші арасында өзара келісім болады. Ірі денелілерді таңдайтын себебі, біз жергілікті үш кәрістің жұмысын атқарамыз, сол үшеуіне берілетін ақыдан бізге беретіні оларға кемінде үш есеге арзанға түседі. Бұл жерде валюта айырмашылығы роль ойнайды. Яғни бір күнде тапқан 100 доллар бізге қыруар ақша болса, олар үшін бұл аз, өйткені ақша­ларының долларға шақ­қан­дағы құны біздікінен әлдеқайда төмен. Ол жақта техникалық тауарлар арзан, азық-түлік қымбат. Сондықтан 100 мың теңге біздегідей қомақты болып көрінбейді.

Жалпы, Оңтүстік Кореяның адамдары заңды аса құрметтейді екен, алдап-арбау деген оларда жоқ. Ұрлық дегенді атымен естімейсің. Мысалы, телефоның бір жерде түсіп қалса, әйтпесе бір затыңды қалдырып кетсең, соны ертеңіне сол жерден табасың. Адамдары адал. Әділеттілік бар, ең­бегіңді жемейді, қажетіңді тауып беріп, көмектескісі келіп тұрады.

Бірде Ким деген кісінің шаруашылығында жұмыс істедік. Сол кезде аяқ киімім жыртылған еді, елгезек Ким бәтіңке әкеліп берді. Ол 46-шы өлшемді аяқ киімді барлық сауда нүктелерін шарлап жүріп, үш күнде әзер тауыпты. Мұны өзі маған күле отырып айтып берді.

Жалпы, зердесі жақсы адам кәріс тілін бір-екі жылда еркін меңгеріп алуына болады. 100 пайыз меңгеріп кетпегеніммен де мен қазір ол жаққа бара қалсам кез келген жергілікті тұрғынмен тіл табысып кете аламын», – дейді Рысбек бауырымыз.

Жасы 70-тен асқан адамдар да жұмыс істейді

Оңтүстік Кореяда зейнет­ақы деген болмайды екен. Яғни тұрғындардың басым бөлігі еңбекке жарамай қалғанша жұмыс істейді. «Пенсияға» тек мемлекеттік қыз­метшілер, лауазымды, жа­уапты қызмет істегендер шығатын көрінеді. Ал бас­қалары қартайып, шамасы жетпей қалғанша жұмыс істейтін көрінеді.

«Біздің бригадада жасы 70-тен асқан қариялар да болды, – дейді Рысбек бұл жөнінде. – Адамдарының отбасында бір-екі баладан артық тумайтынын білдік. Балалар жасы жетіп, өз алдына отау тіккесін бөлек тұрады екен, жалпы, көбі өзбектің махалласындағы си­яқ­ты үрім-бұтақтарымен бір төңіректе тұрады. Балалар ата-анасына мүмкіндігінше қарасады. Дегенмен қартайдым деп қарап отырған адам көрмейсің, бәрі де жұмыс істейді, өздерін өздері асырайды. Кәрістер отбасын жасы 30-дан асқасын барып құратынын да естіп-білдік.

Жұмысшылардың ішінде өзімізбен қатар, тіпті жасы кіші деп жүрген адамдардың көбінің жасы 50-ді еңсеріп, 60-ты алқымдағанын естіп таңқалған кездеріміз көп. Тіпті біздегі  бір кәрісті әрі кетсе 45 – 50-дің шамасында деп ойлап жүрген едік, сөйтсек, ол 75 жаста екен.

Қандай құпиялары барын кім білген, Оңтүстік Кореяның жергілікті тұрғындары жастығын ұзақ уақытқа сақтай алатынын аңғардық. Бірақ қартайғанда өңін тез жоғалтып, кәдімгі умаждал­ған қағазға ұқсап ұсқынсызданып кетеді екен. Біз ол жақта құрылыс жұмыстарымен айналыстық, ағаш ектік, егістік жерлерде женьшень, күріш, пияз, картоп, тағы басқа өнімдер егумен айналыстық. Сонда жұмысшылар арасынан бүкірейе қартайған талай әжелерді көрдік».

Халықтың саясатпен шаруасы жоқ

Рысбек бауырымыздың айтуынша, Оңтүстік Кореяда халықтың көпшілік бөлі­гінде өзінің меншікті жері бар. Олар оған түрлі дақылдар егеді. Жерлерінен жылына екі мәрте өнім алады. Өнімді қайда өткіземін, қайтіп өткіземін деп бас қатырмайды, оны мемлекет міндетті түрде сатып алады.

Шаруалар егінім далада қалады деп уайымдамайды, оны егетін, жинайтын жұмыс күші жетіп-артылады. Яғни бұл елге тіпті сонау Африкадан да еңбек мигранттары қаптап барып, нәпақасын тауып кетіп жатады екен.

Оңтүстік Кореяда шағын және орта бизнеспен айналысатындарға ең алдымен өз елінің жұмысшыларын жұмыспен қамту міндет­телінген, шетелдік жұмыс күші екінші орында жүреді.

«Бұл елде қыз баласын қатты құрметтейді екен, – дейді Рысбек. – Ал олар үлкендерді қатты сыйлайды, көшеде ашық-шашық, бейәдеп жүргендерін көрмедік. Қыз тұрмыс құрар болса, таңдаған жігітін әкесіне көрсетеді, әкесі рұқсат бермесе, онымен тұрмыс құрмайды екен.

Оңтүстік Кореяда киім де аса қымбат емес. Дегенмен әйелдердің киімдері ерлер­дікінен әлдеқайда қымбат болып келеді екен. Ал ата-аналары қызы тұрмыс­қа шыққанда оған тұрмыстық қажеттіліктердің бәрін түгелдеп береді. Сондай-ақ кәрістер ұлы үйленсе, оған міндетті түрде үй әпереді деп естідік.

Дегенмен бұл елде үй бағасы қымбат екен. Сондықтан көп адамдардың қонақүйлерді жалға алып тұратынын естідік. Яғни қонақүйге жалға ақша төлеп тұратындар көп екен. Өз басым мініп жүрген көлігін үй етіп алғандарды да көрдім.

Тағы бір байқағанымыз, Оңтүстік Кореяда еркекпен бірдей қанша тер төгіп, ауыр жұмыс істеп жүрсе де әйелдерге төленетін ақы еркек­тердің жал ақысынан 30 пайыз төмен жүреді. Ал бұған ешкім де қарсылық білдіріп, шу шығарып жат­қан жоқ.

Жұртшылықтың «жаман өкімет жағдайымды жасамады» деп жүргенін де көрмедік. Қарапайым халықтың басым бөлігі тіршілігіне риза, тұрмыс таршылығын көріп жылап жүргендерді де көрмедік. Мен ол елдің бірнеше қаласында жұмыс істедім, сонда алақан жайып қайыр сұрап жүрген адамдарды көрмедім. Ондайларды бір мәрте Сеулде ғана ұшырастырдым. Онда да алдарына жазу жазылған қорап қойып отырған адамдарды, жұрттың оған тиын-тебен тастап жатқанын көрген соң бұлар кімдер деп сұрағанмын. Сөйтсем, олар үй-күйі, тұрғылықты жері жоқ адамдар («бомждар») екен. Киіміне, жүріс-тұрысына қарап оларды «бомж» деп ойламайсың. Кір-қожалақ болып, бет-аузы көлкілдеп жүрген жоқ.

Оңтүстік Кореяда мемле­кеттік билікке шектен шықса ғана қарсылық көрсе­тетінін естідік. Яғни оларда мемлекеттік қызметтегілер халыққа адал қызмет етеді екен. Қарапайым халыққа шекесінен қарау деген оларда жоқ, кімнің бай, кімнің кедей екені жай көзге байқала бермейді. Халқы сыпайы, қарапайым. Заң алдында бәрі бірдей, жең ұшынан жалғасып, сыбайлас жем­қорлыққа баратындар сирек кездеседі екен. Ал ондайлар шығып жатса, кәрістер таңқалып, төбе шаштары тік тұрады.

Мысалы, біз Сеулде жүргенде онда жүздеген мың адам қатысқан бейбіт шеру болды. Оған елдің әйел Президентінің құрбысының оны алдап сыбайлас жем­қорлық қылмыс жасағаны себеп болыпты. Осыны білген­де жұрт қатты ширықты. Бірақ күнделікті жұмысын ешкім де тастап кеткен жоқ. Шеруге негізінен орта тап өкілдері шықты деп естідік. Мысалы, бізді жұмыспен қамтамасыз етіп жүрген бастығымыз Ким сол шеруге барып қатысып келді. Қысқасы, ел Президенті сондай кемшілік жіберіп алғаны үшін халқынан кешірім сұрады, қызме­тінен кетті».

Көшесінен қоқыс көрмейсің

Айтуынша, Рекеңе Оңтүстік Кореяның климаты да жайлы әсер етіпті. Мұхит, теңіздер ортасында жатқандықтан ол елде шаң-тозаң жоқ есепті екен. Аяқ киіміңе тозаң тұрмайды дейді.

«Көшелерінен қоқыс кон­тей­нерін көрмейсің, – дейді ол кісі. – Қалай, қай кезде әкететінін қайдам, тұрғылықты жеріңнен шыққан қоқысты жол жиегіне қойсаң болды, алып кетеді. Қоқысты сұрыптап жинап алады екен. Яғни «баклажканы» бір бөлек, қағазды бір бөлек, шынын, темірді, азық қалдығын бір бөлек деген сияқты, әрқайсысын жинайтын арнайы қызмет орындары бар. Бір қызығы, үйден шыққан «помой» үшін де ақы төлеп кететіндерін білдік.

Бұрын заңсыз барғасын жағдайымыз қалай болар екен деп уайымдаған едік. Сөйтсек, полицейлері заң бұзбасаң, бұзықтық жасамасаң, тиіспейді екен.

Біраз уақыт бастықтың машинасын айдағанмын. Полицейлері үлкен жолдарда тоқтатып, «ішіп алмағаныңды» тексергені болмаса, басқадай құжат тексеріп, қайдан келдің, кімсің деп мазаңды алмайды. Жүргізу­шілері өте тіртіпті, 9 айдың ішінде бір мәрте ғана бір көліктің екіншісінің бояуын сыдырып кеткенін көрдім. Жол-көлік оқиғасын жасаған көлік иелерін кінәлі-кінәсіз деп бөлсе, бөлетін шығар, бірақ екеуіне де қомақты айыппұл салады екен».

Сүйегін өртеп, күлін сақтайды

Оңтүстік Кореяда марқұм­дардың сүйегін өртеп, күлін әулеттік қорымға орналастырады екен.

«Олар өлген адамның сүйегін өртеп, күлін құтыға салып, әулет қорымында сақ­тайды екен, – дейді Рысбек бұл жайлы. –  Ол елде тау атаулының бәрін жасыл желек көмкеріп тұрады. Ал мазараттары негізінен сондай тау басында болатынын білдік.

Бір мәрте таудан шөп жинауға барғанбыз. Сонда бір әсем етіп салынған ғимарат жанына барып әбден суретке түстік. Сонда бізді жұмысқа жалдаған кәріс онша жақтырыңқырамай бірдеңе­лерді айтқан, сөйтсек, бұл жерде суретке түсуге болмайды деген екен ғой. Кейін оның ішіне кіргізіп көрсетті, бәрін айтып түсіндірді.

Біздің өзімізше суретке түскен жеріміз мазарат екен. Бір әулет жер сатып алып, сол үшін жылына жал ақысын төлеп тұратынын естідік. Әлгі ғимарат ішінде тақтайлап орналастырылған шкафтың суырмасы сияқты құтылар тұр, бәрінде жазу бар. Әлгі жазулар адам аттары, ал құты ішінде марқұм болғандардың  өртелген сүйегінен қалған күл тұрады екен. Осындай мазарлар неғұрлым биікте тұрса, әулеттің дәре­жесін соғұрлым биік көрсе­тетіні туралы естідік.

Жалпы, Оңтүстік Кореядан көргенім, көңілге түйгенім көп. Мүмкін кей нәрселерді әсірелеп, тым мақтап та жіберген болармын, ол жағын білмедім. Жалпы, ол ел маған ұнады».

...Қысқасы, Рысбек бізге өзі барып қайтқан Оңтүстік Корея елі туралы өте қызықты әңгімелер айтып берді. «Жақсыдан – үйрен, жаманнан – жирен» демекші, осының ішіндегі жақсы жақтарынан үйреніп жатсақ, оның кім үшін болса да пайдасы аз болмайтын шығар деп ойлаймыз.

Т. ТҰРАН.

Оставить комментарий

Связанные Статьи