АҚШ-та 3 жыл оқыған қызылжарлық Қайыржан Айсин шетелде алған білімі мен тәжірибесін Қазақстанда ұтымды пайдаланып жүр. Жас кәсіпкер күніне 15 тонна тұрмыстық қалдық іріктейді. Бұл ісі арқылы бір жағынан пайда тапса, екінші жағынан экология тазалығына үлесін қосып жүр деп хабарлайды baq.kz.
Петропавл тұрғындары күніне орта есеппен 150 тонна қоқыс шығарады екен. Сол тұрмыстық қалдықтың 75 пайызын кәдеге жаратуға болады.
«2012 жылы Петропавлда макулатура қабылдайтын кәсіпорын жұмысын бастаған болатынмын. Оңай болды дей алмаймын. Дегенмен, ісім біртіндеп алға басты. «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 20 млн. теңге несие алдым. Ол қаражатқа қоқысты іріктеуге арналған қондырғылар сатып алдым. Қаладағы қоқыс жәшіктерінің жанына пластик бөтелкелерді бөлек жинауға арналған жәшіктер қойдық», – дейді «Вторсырье» ЖШС директоры Қайыржан Айсин.
Бастапқыда қоқысты бөліп лақтыру петропавлдықтарға жат көрінгенімен, тұрғындар оған да үйренісіп кетті. Қазір тіпті әдетке айналды деуге болады. «Вторсырье» ЖШС әзірге қағаз, пластик пен шыныны іріктейді. Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатқан. Петропавлда сұрыпталған қоқыстың бір бөлігі Алматыға жол тартса, енді бір бөлігі көршілес Ресейге жөнелтіледі.
Жуырда «Вторсырье» серіктестігі Солтүстік Қазақстан облыстық табиғат қорлары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесіп, «Макулатура тапсыр да, ағаштарды сақтап қал!» атты акция жариялады. Шараның алғашқы күнінен-ақ оқушылар белсенділік көрсетті.
«Біз аталған акцияға өткен жылы да қатысқанбыз. Содан бері жинап жүрген біраз қағаз қоры бар. Үйде 3 оқушымыз. Қағаз жетерлік. Барлық сыныптастарыммен бірге мен де бүгін бір құшақ қағаз әкеліп тапсырдым», – дейді Петропавл қалалық бірінші гимназия оқушысы Анастасия Короченко.
Акцияны биылғы оқу жылының соңында қорытындылау жоспарланып отыр. Өткен жылы петропавлдық оқушылар 35 тонна макулатура тапсырған болатын.
«Барлық мектептерге макулатура салуға арналған жәшіктер қойылады. Осылайша біз табиғатқа келетін зиянды азайтамыз, оқушыларды мәдениетке үйретеміз және әлеуметтік жағдайы төмен жандарға қол ұшын береміз», – дейді Солтүстік Қазақстан облысы табиғат қорлары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Жанар Бәшенова.
Статистикаға сүйенсек, 1 тонна қағаз 5 ағашты кесуден сақтап қалады екен. Қағазды 6 ретке дейін қайта өңдеп, тұрмыста пайдалануға болады.
Оставить комментарий