Құрметті «көненің көзін сақтаушылар», ертең бар әлемге ұятты болудан сақтаныңыздар! Орталық мұражайдағы оқиға

/uploads/thumbnail/20170709221718309_small.jpg

Маған жаңа картинама бағзы замандарда қазақтың қыздары киген аяқ киім түрлерін түсіру керек болды. Ең қарапайым деген бір-екі сурет қана қажет болған. Оның үстіне, ақыры мұражайға барған соң, ұлттық киімдерді де суретке түсіріп алармын деп ойладым.

Сонымен, тамаша көңіл-күймен сенбінің ақ таңында Фурманов көшесінде орналасқан Қазақстанның Орталық мұражайына келдім.

Есіктен кіре бергенімде алдымнан күзетші шыға келді. Мұражайға террористік қауіп төніп тұрғандай, өзінің металл іздегішімен үсті-басымды бір шарлап өтті. Тексерістен құтылған соң, ақырын ғана адымдап ұлттық киімдер бөлмесіне келдім. «Залда суретке түсуге болмайды» деген маңдайшаны көзім шалды. Суретке түсіруге рұқсат болмағанына қарағанда, залда баллистикалық зымыран бар болар, әрине, қауіпсіздік бірінші орында ғой деп ойладым ішімнен.

Қолымдағы билетімді тексерушіге көрсетіп, аяқ киімдер бөлмесіне адымдап барамын. Оларды суреттерден көргендіктен, маған таныс болды. Бірақ, өз көзіммен көрген сезім мүлдем басқаша. Сөйтіп, аяқ киімдерді суретке түсіру процесі басталып кетті. Арғы беттен «Камера, камера!» деп бақылаушының жүгіріп келе жатқанын байқадым.

- Камераға не бопты?

- Суретке түсіріп жатырсың, болмайды!

- Мен тек аяқ киімдерді түсіріп тұрмын, неге болмайды?

- Болмайды. Тыйым салынған.

- Неге?

- Бұйрық сондай. Бағынуға тиіссіз.

Залдан еңсем түсіп шықтым. Шыға берісте бақылаушы 3 әйел отырды.

- Мұражайларыңыз көңілімнен шықпады, нашар екен, - дедім отырған үшеуіне.

- Неге? – деп үш әйел тесіле қарады.

- Себебі, аяқ киімдіерді суретке түсірмекші болғам, рұқсат етпеді.

-  Бұл әскери құпия ма еді? Әлде мемлекеттік құпия ма?

- Жоқ. Болмайды деген соң, болмайды.

- Маған сурет керек.

- Бізден альбом сатып алсаңыз болады, альбомда керек суреттеріңіздің бәрі бар.

- Альбом сатып алғым келмейді.

Әрі қарай әңгімемізді жазып, оқырмандарымның уақытын алмай-ақ қояйын. Мұражайға келе жатқан жолдағы көңіл-күйімнен түк қалмады. Арада бір күн өтті. Орталық мұражайға қатысты сұрақтарым көңіліме маза берер емес.

Құрметті «көненің көзін сақтаушылар», сіздер кім үшін жұмыс істейсіздер? Неге басқа мұражайларда суретке түсуге рұқсат етіледі, Орталық мұражайда неге тыйым салынған? Ұрпақтарымызға еліміздің мәдениетін қалай оқытамыз? Қажетсіз ақпараты бар кітаптарды неге сатып алуым керек? Енді не істеймін?

ЭКСПО қатысушыларын мұражайға қалай қарсы алмақшысыздар сонда? Олар бұл тыйымдарыңызды түсінеді деп ойлайсыздар ма? Бұндай істеріңізбен еліміздің мәдениетін қалай дамытасыздар?

Жоқ, құрметті «мұражай қорғаушылары». Бұл менің тарихым, менің елімнің тарихы, менің ата-бабамның тарихы. Оны менен де, менен кейінгі ұрпақтан да жасыра алмайсыздар. Түсірсін суретке, салсын әлеуметтік желілерге, сөйтіп бар әлемге жайылсын елімнің мәдениеті, елімнің тарихы!

Астанада өтетін ЭКСПО қатысушыларының артынан дәл осылай жүгіріп жүрмесеңіздер болғаны. Мәселені ертерек қолға алсаңыздар, қиындық та тумайды. Бар әлемге ұятты болудан сақтаныңыздар.   

Досбол Қасымов

Аударған: Гүлім ЖАҚАН

Оставить комментарий

Связанные Статьи