Мектепте оқитын балама ұстазы «шығарма жазып келіңдер» деп тапсырыпты. Тақырыбы – «Ұлттық мақтаныш».
Қазіргі балалардың қарым-қабілетін өте жоғары бағалай ма, әлде ақырзаманның айналайындарын айналасына қарауға мұршасын келтірмей, осылай оқыту керек деп есептей ме, әйтеуір бүгінгі оқу бағдарламасы тым қиындап кетті. Бесінші сыныптың оқушысына берілген есепті көріп, техника ғылымдарының кандидаты боп жүрген математик досымның өзі желкесін қасып, ойланып қалды. Жоғары сыныпта оқитын ұлыма күн сайын реферат жазып келу тапсырылады. Мұның бәрін бұл мұрны тершіп отырып өзі жаза ма, әлде ғаламтордан көшіріп келе ме, мұғалімдер үшін бәрібір сияқты. Ал бірінші сыныптағы қызыма табақтай екі бет мәтінді оқып, түсінгенін айтып беру міндеттелген екен, ол мәтіндегі сөздердің жартысының мәнін де түсінген жоқ. Осындайда Алла Пугачеваның баяғы «Песенка первоклассника» деген әні ойға оралады. Есіңізде ме, былай еді ғой:
Нагружать все больше нас
Стали почему-то.
Нынче в школе первый класс
Вроде института.
А у нас стряслась беда –
Сочинение снова.
Лев Толстой в мои года
Не писал такого!
Қырық жыл бұрын әзіл сипатында жазылған ән бүгінде ақиқатқа айналды.
«Жарайды, шығарма жазса жазсын» дедім. Бірақ бұл өзі «ұлттық мақтаныш» дегеннің не екенін түсіне ме десеңізші.
– Түсінем, – дейді балам, – әр халықтың өзінің мақтан тұтатын тұлғалары болады, мысалы, Абай...
– Тоқтай тұр. Тұлғаларды қадір тұтқанымыз дұрыс қой, бірақ бүгінгі күнді алып қарасақ, Қазақ елі әлемде несімен белгілі? Несімен мақтана алады? Осыны ойланып көрсейші.
Оқушым ойланып қалды.
– Қазақстан – тәуелсіз мемлекет, – деді сосын.
– Дүние жүзінде тәуелсіз мемлекет көп, – дедім мен. – Жарайды, онда былай етейік. Әр елдің өзінің мақтанышы болып кеткен бұйымдары бар ғой. Мәселен, мына сен дүкеннен алып ішетін сүтіңнің қорабы – тетра-пакет қай елдікі?
Балам иығын қиқаң еткізді.
– Швецияныкі. Мына радиоқабылдағыш ше?
– Қытайдыкі, – деп ар жағынан қызым тақ ете қалды.
– Дұрыс. Теледидар ше?
– Кореядан шыққан.
– Астымызға төсеген кілеміміз ше?
Қызым дереу ас үйдегі шешесіне жүгірді.
– Ирандыкі екен, – деді қайтып келіп.
– Сол сияқты Қазақстан, қазақ несімен мақтана алады, ойланып, сосын барып шығармаңды жаз, – дедім ұлыма.
Бала-шағам дереу кірісіп кетті. Шығарма жазуға емес, әрине, үйдегі заттардың қай елдікі екенін анықтауға. Киім шкафы – Ресейдікі, компьютер – Жапонияныкі, диван – Беларусьтікі, тоңазытқыш – Финляндияныкі, шаңсорғыш – Қытайдікі, тіс пастасы – Украинанікі, желім – Кореяныкі... Басымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда барып ашатын әйелімнің қобдишасындағы қобыраған дәрінің көпшілігі Үндістандікі болып шықты. Кешегі сатушының «алыңыз, өз бағымда өскен!» деп өзеурей мақтаған екі келі алманың өзі Қырғызстаннан әкелінген, нәр-сөлі жоқ дәмсіз бірдеме екен. Қыл-аяғы сіріңке қорабының сыртынан «изготовлено в Череповце, Россия» деген жазуды көрген баламның басы салбырап кетті.
Бәленің бәрін бастап алып, өзім де өкініп қалдым. Күллі әлемнің дүниесін үйімізге үйіп алып отыр екенбіз-ау, шынында да... Өзіміз ештеңе өндірмейміз бе сонда? Әлде сапасы сын көтермеген соң, мүлде алмаймыз ба?
– Қымыз бар ғой, қазақтың ұлттық мақтанышы деуге лайық, – деді бір кезде әйелім әңгімеге араласып.
– Бар ғой, бірақ оның өзін қазір немістер иеленіп, сертификатын алып қойған. Былтыр Алматыға келіп, қымыз өнімдерін өндіру жөнінен қазаққа дәріс оқып кеткен жоқ па? – дедім мен.
– Солай екен-ау...
«Шығарма тақырыбын аша түссек» деген ойым бізді мүлде басқа арнаға ауытқытып жібергенін түсіндім. Мұны балам да байқаса керек:
– «Абай – ұлтымыздың мақтанышы» деп, бағанағы өз ойыммен бастап, жаза берсем қайтеді? – деді.
Келістім. Күрсіндім...
Сәкен Сыбанбайдың Фейсбуктағы жазбасынан
Оставить комментарий