Ержанат Байқабай: Мені Атажүртқа жетелеген «Жүрекке түскен жол»(Видео)

/uploads/thumbnail/20170709232531976_small.png

Алтай мен Атырау арасында кең көсіліп жатқан қалың қазақтың бабадан жалғасқан бағзыдан бергі айтыс өнеріне өз соқпақ сүреңін салған айтыскердің бірі Ержанат Байқабай.  Қытай қазақтаарының ақиық ақыны Ержанат он жасынан бастап жыр додаларында жарқырап көрініп, «Алтайдың асау ақыны» деген атқа ие болды. Жақында ғана ол Қазақстанға біржола көшіп келді. Келе салып шығармашылық кеш өткізіп, ел-жұртпен танысқалы жатқанын естідік. Атамекенге ат басын бұрған ақынмен бүгін сырласудың сәті түсті.

Ереке Атажұртқа ат басын бұрып,  «Жүрекке түскен жол» атты шығармашылық кеш өткізеді дегенді естіп қуанып жатырмыз. Әуелі осы жолғы келген сапарың жөнінде сөз саптасаң.

Жалпы, Қазақстанға, азаттықтың алтын бесігі Алматы шаһарына 2006 жылы алғаш рет келдім. Сол жылы қасиетті қазақ даласының топырағын басып, көк туы көк аспанда желбіреген, көсегесі көгеріп, өніп – өсіп жатқан ордалы елге, бабаларға құран оқып көз айым болып қайтқам. Осы жолғы сапар мүлдем басқаша. Себебі, бірден «Жүрекке түскен жол» болғандықтан жүрегімнің қалауымен ниетімнің бастауымен қазақ еліне көшіп келіп, Ақорданың белдеуіне бестімді байлап, сауырдың сағынышын Сарыарқаға, Ертістің арман мұратын – Еділ мен Жайыққа жеткізіп келдім. Бұл дала маған жат емес өз елім, өз отаным, ата бабамның алтын басы, әжемнің алтын жанбасы жатқан топырақ. Қазақ болып туылғандықтан қазақ еліне қадам басуға, Алатауға арқа сүйегенді жөн санадым. Орда бұзатын, орданың ішінде отау тігетін жасқа келдік. Арғы бетте жиырма жылға жуық айтыс сахнасында жүрдім. Сондықтан, бойдағы азғана өнерді Азаттықтың  25 жылдығына, Алматы қаласының 1001 жылдығына, EXPO 2017 көрмесіне, Дүние жүзі қазақтар құрылтайына, барша қазақ халқына шашу қылып отырмын. Қырда туған малшының баласымын. Маңдайыма жазылған еншім көген емес, өлең болғандықтан, қолымдағы қара домбыра, тілімдегі қара өлеңнен басқа байлық жоқ. Сол себепті, тіліммен, дініммен, діліммен, домбыраммен келдім ата жұртқа.       

Тайыңнан топқа түсіп, қытайдағы қандастардың ортасында «асау ақын» атандың. Халықтың еркесіне айналдырған, өлең өлкесіне келуіңе себеп болған туған жерің туралы айтып өтсең.

Әркімнің өз жері  - Мысыр шаһары дейді. Сақтардың ізі қалған, Ғұндардың қыстаулығы болған Ертістің екі жағалауы толған ән, тоқсырылған жыр. Ертіс қасиетті болмаса басында Ақыт ортасында Абай мен Мұхтар өмірге келер ме еді. Қайрат Құлмұхамед ағам айтатын:

Қарап тұрсаң анау таудың зеңгірі,

Жер ұйығы деп білесің сен мұны.

Біздің мынау Есіл, Ертіс құймаса,

Анау Мұзды Мұхитың да белгілі, - деп.

Сол Ертісті жағалап, еміп өскен қазақтың баласымыз. Адамзаттың алтын бесігі Ағажай Алтайда, аспаны сағынышқа толы Сары Сүмбе дейтін қалаға қарасты, Ертіс жағалауында, шек пен шенділерден көрі, шежіре шешендері мол ақындардың шешесіндей Шеміршек дейтін ауылдың, сал серілердің мекеніндей, құлан дүние астында кісінесе, құлақ түріп жататын Сары құсым  деген өңірде дүние есігін аштым. Ата – бабам аттан түспеген, сахараның сардары болған малшы. Көшіп қонып жүреміз. Көшіп қонғанда біз Сығандар сияқты емеспіз. Қыстауымыз, төлдеулігіміз, күзеуіміз, орта жайлауымыз, төр жайлауымыз бар. Қырда қымыз ішіп, көкпар тартып, сайын даланың қызығына қанып,  көшпелі салтын сақтап өскенбіз. Сол далада еркін жортқан  бабалардан айтыс өнері маған қан арқылы келген өнер әм сый деп білем. 

Сөз басында айтып өттің айтыс сахнасында жиырмаға жуық жыл жүрдім деп. Жалпы ол жақтағы айтыстың деңгейі қандай? Жиырма жылда қандай белестер бағындырдың?

 

Тоғыз жасымнан бастап өлең айтым он бір жасымда Алтай дейтін өлкеге атым таныс бола бастады. Үш аймақтағы екі миллион қазақ есімімді білді.  Бірақ керемет сүбелі сөз, орамды ойлар айттым, жеттім ойлы өлеңдер айттым деп мақтана алмаймын.  Біздің алдымызда үш аймақта Құрманбек, Жамалхан сияқты айтыстың алыптары болды.  Осы өнердің қара нарларының артында бота боп еріп, арғымақтардың артында құлын болып кісінеп ізін бастық. Өнерге жүрегімді бердім. Сол өнердің жемісін де жеңісін де көрдім. Жеңілген кездерім де болды. Асығым бірде алшы, бірде тайқы болып жүрді. Қорыта айтсам өзімді толықтай жетілмеген айтыс ақынымын деп айта алмаймын. Ұлтты жүрегімен сүйетін, қазақ айтыс өнерінің жанашырларының бірімін.

Қытай қазақтары арасында бүгінгі таңда аузымен құс тістеген мықты ақындар деп кімдерді айта аласыз?

 

Арғы бетте мықты айтыскер ақындар көп. Қалихан Қабдырасул, Орал Бөкбай, Қанатбек Зайтолла, Жамиға Дәулетқызының жолдасы Құзарбек Талапқан, айтыскер Санатбек Таудай, Нағыман Шоқанұлы, Ұларбек Минатқанұлы, Іле өңірінде Ерлан Аманқожаұлы сынды жігіттер бар. Бәрі де белі мықты, алысқа шабатын ақындар. Солардың арасында Нағыманнан қорқамын. Ол күні-түні отырып айта беретін, бір қалыптан танбайтын ақын. Онда желпіну, күлу, жасу сезімдері болмайды. Нағыз жабының өзі. Шіркін, тәрбиелеп жіберсе талай биікті бағындыратын ақындар ел ішінде көп.


Қазақстандық айтыскер ақындармен бірнеше рет додаға түстің. Осы ата мекендегі айтыскерлерден кімдерді үлгі тұтасың?

 

Сал-серілер, жыраулар, жыр алыптары өткен қазақ даласында не бір ұлылар өткен. Сол тұлғалардың жырларымен сусындап өстік. Айтыс өнерінің де не бір алыптары өтті. Қазір көзі тірі саха айтыс ақындары да көп. Айтыс сахнасындағы  Мұхамеджан Тазабеков, Мэлс Қосымбаев, Аманжол Әлтаев, Бекарыс Шойбек, Оразалы Досбосыновтарды тыңдап өстім. Қыз ақындардың ішінде Айнұр Тұрсынбаев пен Сара Тоқтамыстарды жақсы тыңдаймын. Жас ақындардан Еркебұлан Қайназар,  Мұхтар Ниязовтардың сөздері тұшымды.  Осы сияқты небір жас ақындар қаулап шығып келе жатыр бәрінің өнер жолдарына сәттілік тілеймін. Жас ақындарға айтармын ата мұра өнерге адал болып, ауыздан шыққан өлеңі қалай болса өмірлері де солай болса екен. Халықтың ұлы болу керек, халық қорғаны болу керек, ақыр заман боларын елден екі жыл бұрын білу керек. Сонда ғана ол ақын болады. Мұхтар Әуезов атамыздың айтыс ақындары туралы айтып кеткен бағасы мен талабы бар. Соны оқып ой таразыдан өткізіп есте сақтаған жөн деп білем.

 

Қытайдағы миллиондар үкілеген жүйріктердің бірісің. Тәуелсіздікке алғашқы тартуың ретінде жақында  есеп беру кешіңді бергелі жатсың. Сол кештің мазмұн, мақсаты жайлы айтсаң?

Ару қала Алматы баурайында жүрген мүйізі қарағайдай жазушы ағаларымды, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығындағы ағаларды, жалпы, сөз өнерінің айналасында жүрген зиялы қауымды, әкімшіліктегі ел тізгінін ұстап отырған азаматтарды, БАҚ өкілдерін,  жырға құмар қалың қазақты  «Жүрекке түскен жол» атты шығармашылық кешіме шақырамын. Бойдағы аз өнерімді тамашалап, қолдап-қолпаштап қайтса екен. Кеште елімізге белгілі өнер жұлдыздары әндерімді орындайды. Бағасын халық береді. Жамбыл атамыз атындағы театр  сахнасында елге ән, жыр арнап халықтың ықыласын алсам мен үшін үлкен бақыт. Жүректен шыққан жырларым, әндерім, өлеңдерім елдің жүрегіне жетер деген үмітім бар.

Кешіме қазақ айтыс өнерінің қара нары Жүрсін Ерман ағамды арнайы шақырып отырмын. Себебі,  ол кісі айтыс өнеріне өмірін арнаған, өліп бара жатқан өнерді тірілткен адам. Қазақстандағы барлық айтыскерлер Жүрсін ағаның саясында жетілді. Ұлт өнерінің жанашыры әм алып бәйтерегі.

Сөз соңында ел басымызға амандық, елімізге тыныштық, береке бірлік тілеймін. Кешіме қолдау көрсетіп жатқан ұлт өнерінің жанашыры қоғам қайраткері Қайрат Сатыбалды ағам айтар алғысым шексіз.

Сұхбаттасқан: Ерлан Төлеубай

Оставить комментарий

Связанные Статьи