«Кімнен таяқ жегендей біздің түрік баласы, алдырып жүрген дұшпанға ауызының аласы!» - Бұл нақыл сөзді ұмытпауымыз керек. Бәріміз бір болсақ, біздің жеңбейтұғын жауымыз болмайды, мақсатымызға жетеміз! Онсыз біздің күніміз жоқ, құрып кетеміз. Құрымас үшін, боспасымыз үшін күшімізді біріктіріп, иін тіресіп, бір-бірімізге жәрдем беріп жүруіміз керек.
М. Шоқай
*** ***
Биыл Алаш-Орда автономиясының жүз жылдық мерейтойы. Алаш қайраткерлерін ардақтау турасында 1 ақпанда Үкімет отырысында сол кездегі Үкімет басшысы орынбасары Иманғали Тасмағамбетов «Алаштың 100 жылдығына дұрыстап дайындалуымыз керек. Алаштың 100 жылдығы сол заманмен қалып қоймай, бүгінгі тәуелсіз мемлекетпен байланыстыру орынды болады», - деген еді. Оған қазақ тілді БАҚ-тар мен Алаштанушы, Алаш қайраткерлерінің өмір жолын зерттеуші ғалымдар да өз үлестерін қосып жатыр.
Жыл басында Әлихантауншы ғалым Сұлтанхан Аққұлұлы Алаш көсемі туралы – қазақша «Әлихан Бөкейхан. Қазақ жерінің жоқшысы», «Әлихан Бөкейхан. Аманат» (орысша «Алихан Букейхан. Творец истории» және «Алихан Букейхан. Завещание») деп аталатын қазақ және орыс тілдеріндегі 2 томнан тұратын 2 кітапты жұртшылыққа ұсынды. Сондай-ақ, Саяси ғылымдардың докторы, доцент, шоқайтанушы Бақыт САДЫҚОВА Алаштың тағы бір арда перзенті, «Бір тұтас Түркістан» идеясының авторы Мұстафа Шоқай туралы «Türkistan Milli Birliği» атты кітапты жарыққа шығарды.
Алаштың асыл ұлдарының бірі Мұстафа Шоқай-оғлын өзі бостандығы үшін күрескен ұлты әлі жете таныған жоқ. Сондықтан да қазақ жұрты Мұстафаның тұлғалық болмысын танытатын кітаптарға аса зәру. «Türkistan Milli Birliği» кітабымен танысуымызға Гуманитарлық ғылымдар магистрі Аман Мәмбетәлиев себеп болды.
Мұстафа Шоқай XX ғасырдың басындағы қазақ интеллигенциясының пікірлесі бола тұра, мақсаты бір бола тұра Батысқа неге кетті? Мұстафаның Батысқа Алаш-Орданың айтуымен кеткенін мұрағаттар дәлелдейді. Бұл туралы Бақыт САДЫҚОВА өзінің бұрынғы кітаптарында жан-жақты дерек келтірген. Мысалы, Францияның Сыртқы Істер Министірлігінің архивінен табылған деректе: «Мұстафа Шоқай 1921 жылдың мамырында Түркістан Ұлттық ұйымдарының жолдауымен келді» деп жазылған.
Тағы бір дерек Әлекеңнің: «Арамыздағы жас, өзі саясаткер, бірнеше тілде сөйлейтін, әрі заңгер, Қоқан Автономиясының Премьер-министрін шетелге шығарайық» деп ұсыныс тастағанын көрсетеді. Эмиграцияға(мұғажырлыққа) үлкен бақылау болып тұрған тұста Алашшылдар оны шетел асырды. Бұл туралы ОГПУ мұрағатындағы құжат былай сөйлейді:
На идеологическом фронте постоянный представительство ОГПУ так же отмечал сходство позиций миграций казахских националистов. Особенно в сфере просвещения. Доказательства приводил. Алихан Букейханова в кругу националистов Актюбинской губернии, высказался о пользе пребывания Мустафы за рубежом: «В современной школе нужно преподавать так, чтобы от советского влияния не осталось и следа. Предсказание Чокаева не останется лишь на страницах газет, оно через некоторое время будет реальным. Пока Чокаев находится в Париже, мы от этого ничего не теряем. Наоборот, это явится толчком для тех, кто еще колеблется в наших рядах». Әлихан Бөкейханның осы түсініктемесінен кейін, ОГПУ Ұлтшыл мигранттарды бақылауға алады. Олардың Қазақстандағы жұмысқа қабілетті туыстарын, Орта Азиямен байланысын, басылымдары мен әдеби баспалармен қатынасын қатты қадағалауға алады. Алаш-Орда екі үлкен мәселені қолға алды: 1. Жер; 2. Білім. Осы үшін де Алашордаға Сыртқы тармақта өте қабілетті адамның болғаны қажет еді.
Осы жағдайға орай, Сыртқы тармақты басқарған Мұстафа Шоқайдың іс-әрекеті жөнінде Совет үкіметі кезінде халық ешқандай мағлұмат ала алған жоқ. Шоқай өмірі құпия сыр болды. Тіпті шетелде Мұстафа Шоқайдың не істеп, қандай күй кешіп жүргенін ешкім білмеді. Себебі, архивтік деректердің барлығы РГВА-да (Ресейдің мемлекеттік Әскери архиві) сақтаулы. 1939 жылдан қазірге дейін құлыпқа салынып, ашылмай жатыр. Оған тек қана Арнайы қызметтің офицерлері, «Лубянканың ақсақалдары» қолжеткізе алады. Қаншама ғалымдар, зерттеушілер оларға хат жазса да біріне де ешқандай рұқсат берілмей келеді.
«Ақылсызға билік берсе, ақылдыны аздырар» дегендей, архивтің, ақиқаттың қапаста жатқандығынан Мәскеу Мұстафа Шоқай туралы не болса соны айта берді. Күні бүгінге дейін жала жаба берді. Олар «біз жасырған ақиқатты ешқашан ешкім аша алмайды, өтірігімізді ешкім шығара алмайды» деп ойлады. 1960 жылдардан кейін орыстардың өсімі баяулап, саны азая бастады. Одан Совет үкіметі сескеніп, орыс емес халықтарды, әсіресе Орта Азия халықтарын жасыту үшін беттеріне Мұстафа Шоқайды оқсын-оқсын басты. Солайша 1960-1970 жылдары Шоқайды қаралайтын кітаптар мен фильмдер шыға бастады. Ал, ол айыптың бәрін Бақыт Садықова бұған дейінгі кітаптарында дәлелдеп отырып, теріске шығарған. Бақыт Садықова соңғы 20 жылын түгел Шоқайдың өмірі мен қайраткерлік тұлғасын зерттеуге арнаған. Бұған дейін біреуі француз тілінде, жиыны 6 кітап шығарған ол Мұстафа Шоқайды талмай зерттеуіне Мұстафаның жары Мария Шоқайдың өсиеті себеп болғанын айтады. Мұстафа Шоқай Ырғыз ауданының тумасы Әлім Алматқа Париж консерваториясына оқуға түсуге, Түркияның азаматтығын алуға көмектескен. Парижде оқып, Мұстафаның шағырағында талай болған Әлім Алмат екі жылдан кейін Түркияға келіп үйленеді. Мария Шоқай қайтыс болар алдында Әлім Алматты шақыртып «Мен мына Совет үкіметінде қандай кітаптар шығып Мұстафа Шоқайды қаралап жатқанын білемін. Сенен жалғыз сұрайтыным Мұстафа Шоқайдың отанына, Қазақ еліне Мұстафа Шоқайдың өмірінің барлық шындығын айтып жеткіз» деп өсиет еткен. Бақыт Исайынқызы әне сол өсиеттің орындалуына үлес қоссам да өмірін Шоқайтануға арнаған.
«Өтірікшінің бір сөзіне, ақиқаттың мың сөзі» демекші, Совет үкіметі 80 жыл қаралаған Мұстафа Шоқайды Бақыт Садықова 20 жыл бойы ақтап, әр айыпқа қарсы дәлелдер қамтыған бір-бір кітап жазып шықты. Бақыт Садықованың «Türkistan Milli Birliği» кітабында әне сол РГВА қорындағы поляк ғалымдары арқасында жарыққа шыққан Мұстафа Шоқай туралы деректер оқырман назарына ұсынылған. РГВА қорындағы архивтік деректер арқасында Türkistan Milli Birliği ұйымының жүргізген іс әрекеттері жарыққа шығып, Мұстафа Шоқайдың өзінің жеке басының рөлін айқындауға мүмкіндік туды. Сондықтан Türkistan Milli Birliği атты кітабында автор СССР барлау қызметкерлерінің пропаганда арқылы «Мұстафа Шоқай Польшаның, Францияның, Жапонияның, Англияның барлаушы қызметтерінің агенті болды» деген мәселені жан-жақтылы зерттейді. Сол себептен поляк экспозитурасының(барлау қызметі) құжаттарының мазмұнын қысқартпастан келтіріп, осы айыптың дұрыс-бұрыстығын қарайды.
Кітаптың орыс тіліндегі басылымы 3-ақ айда сатылып кеткен. Осыған орай кітап авторымен сұхбаттасқан едік.
*** ***
Кітабыңыз құтты болсын Бақыт Исайынқызы, кітапты «Türkistan Milli Birliği» деп атауыңыздың сыры неде?
Ұлтазаттық күрес тек қана бізде болған жоқ. Барлық орыс емес халықтардың жерінде болды. Мұстафа Шоқай 1918 жылы 1 мамырда Түркістан даласынан кетті ғой. Атап айтқанда Ташкенттен. Ол алдымен Ресейге Уфаға барып, татарлар және башқұрттармен кездеседі. Кавказда, Жайық бойында(Поволжьеде), Грузияда жүріп өткен жолында кездесулерді өзінің майдандастарымен, сол кездегі ұлтазаттық күрестің басшыларымен өткізді. Осының бәрін қуғын мен сүргіннің арасында жасады. Мысалы, Грузияға қызылдар басып кіргенде Мұстафа мен жұбайы Қаратеңізге жолға шыққан ең соңғы кемеге мініп үлгерді.
Мұстафа Батысқа бас сауғалап, немесе жайдан жай кетейін деп кете салған жоқ, Алашшыл достарының, күрескер бауырларының, Алашорданың аманатын арқалап кетті. Бұның бәрін қайдан білеміз? Оның жары Мария Шоқайдың естелігінен. Мұстафа Шоқайды зерттеу үшін Мария Шоқайды зерттеу керек болды. Мария Шоқай өзінің естеліктерін бір-екі беттен Мұстафа Шоқайдың Түркиядағы шәкірті Тахир Шағатайға жіберіп отырған. Ал, Тахир Шағатай оны түрікшеге аударып сақтаған. «Мұстафа Шоқай жұбайының аузынан» деген кітап дайындаған. Мен Мария Шоқайдың әрбір естелігін мағынасын жоғалтпау үшін өз стилінде орысшаға аударып шықтым.
Мұстафа Шоқай Түркістаннан кетер жолында ұлтазаттық күрестің басшыларымен кездесіп отырып, стратегиясын айқындап, тактика құрған. Ең бастысы шешім Сталинның туындап келе жатқан тоталитарлық жүйесіне тосқауыл болу. Сталиндік пропагандадан қорғану және әшкерелеу. Осы үшін олардың бәрі Еуропаға саяси эмиграция жасады. Бұл тарихқа ең алғашқы жалпыхалықтық келісілген саяси мұғажырлық болып енді. Еуропада саяси эмиграцияның, ұлтазаттық күрес жетекшілерінің, ақ гвардияшылдардың жиналған жері Франция. 1921 жылғы статистика бойынша, Францияға Ресейден 1 миллион эмигрант(мұғажыр) барған. Сол миллионның ішінде Қазақстаннан барған саси мұғажырлар Мұстафа мен Мария Шоқай. Миллиондар ішінен жалғыз Францияға барған Мұстафа Шоқай Türkistan Milli birliği атты ұйым құрды.
Türkistan Milli birliği оншақты адамнан ғана құралған жоқ. Еуропада, Орта Азияда ғана емес, Оңтүстік Азия елдеріне дейін жүздеген мың мүшесі болды.
Мұстафа Шоқайдың Париждегі күрес жолы қалай басталды?
Мұстафа Шоқай Парижге барғанда Тадеуш Голувко деген кісіні кездестіреді. Тадеуш Голувко Қазақстанда жер аударылған поляк отбасында туған. Туып-өскен жері Семей қаласы. Әкесі теміржол станциясының бастығы болған. Мұстафа Шоқаймен бірге Петербор университетінде оқиды. Мамандығы журналист, жазған мақалаларын «қырғыз(ол кездегі қазақтардың атауы)» деген бүркеніш атпен жариялап отырған. Қазақ тілінде еркін сөйлеген. Патшалық Ресей құлаған соң ол өзінің тарихи отанына кетеді. Польша егемендік алғаннан кейін оны Франциядағы Польшаның Елшілігіне қызметке жіберген. Мұстафамен жолы түйіскен Тадеуш «Яш Түркістан» мен «Иени Түркістан» журналын шығаруға қаржы тауып береді.
Ал, Батысқа жиналған Ұлтазаттық күрес жетекшілерінің қатысуымен «Прометей» деген антибольшевиктік фронт ашылады. Бұл фронт қарусыз, зорлық-зомбылықсыз, үстемдік саясатқа қарсы ақыл-ойдың айқасын жүргізді(Кейін осы түрін Махат Маганди «ненасильственное форма сопротивление»).
Прометей қозғалысы туралы айта кетсеңіз?
«Прометей» қозғалысы 1926 жылы Польша басшысы Юзеф Пилсудскийдің қолдауымен құрылған. Оның қатарында Мұстафа Шоқай басқарған эмигранттық ұйым «Türkistan Milli Birliği» де болды. Прометейді кейбір мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар да қолдады. Атап айтқанда: Ұлттар Лигасы және Франция, Швейцария мемлекеттері қолдау жасады. Прометей туралы, Прометейдің ондаған жылдар бойғы жұмысы туралы СССР-де тек қана Сталин хабардар болды. Тіпті СССР барлау қызметі бірде-бір Прометей агентін ұстай алған емес.
Прометейдің Польшада сақталған құжаттарының басым бөлігін 1939 жылы қыркүйекте Германия құпия қызметі (Sicherheitsdienst) тонаған, осыдан кейін Прометей өз қимылын тоқтатуға мәжбүр болды. Кейіннен 1945 жылы мамырда Совет әскері Берлинге кіргенде ол құжаттар Мәскеуге әкетілді. Күні кешеге дейін ол құжаттар Ресейдегі Мемлекеттік Әскери Архивте(РГВА) жеті құлыппен жабылып жатты.
Неліктен Прометей құжаттарына басқа елдердің құпия қызметтері қызықты? Себебі Прометейді қамқорлығына алған Польшаның қауіпсіздік қызметі(экспозитура). Ал, Польша экспозитурасы неге Прометейді қамқорлығына алды? Өйткені Польша ол кезде өз егемендігін жаңа ғана алған ел еді. Сондықтан СССР мен Германия сияқты алып империя арасында тұрған ел өзінің мемлекеттілігін қорғау керек болғандықтан, бұл мәселе Польша Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бақылауына тапсырылды. Польша мен СССР 1920 жылға қарай негізінен бірдей уақытта республика жариялады. Сол үшін де екеуінің де ең басты мақсаты ұлт саясатын меңгеру болды. Ең бастысы ұлт саясаты. Польша да, СССР де көпұлтты мемлекет. Демек, бұл мақсатқа жету жолында Польша ұлттардың басын біріктіруге ұмтылды, Сталин болса орыс емес ұлттарды күшпен бағындыру саясатына бет алды.
Пилсудский өзі маршал болғандықтан, сенімді әскери адамдарын билікке қойып, мемлекетті басқаруда темірдей тәртіп орнатты. Жемқорлықты жылдам жойды. Ол санация(салауаттандыру) саясатын енгізді. Прометей қозғалысы мен Польша билігі бір-біріне тиімді болды. Себебі барлық ұлттарға теңдей құқықпен қарады. Совет үкіметін басқарған Сталин орыстан басқа ұлттарды күшпен басып отыра, орыс халқының көпшігін жұмсақтап, мақтауға семіртті, басқа ұлттан үстем сезіндірді. Сталинның саясаты өзінің билігін саны неғұрлым көп орыс халқына негіздеді, егер қазақтың немесе басқа ұлттың саны көп болса саясат сол ұлттың үстінен жасалар еді. Ал, ұлттық республикаларға орыс қарақшыларын басшы етіп жіберіп, басқа ұлттардың бәрін оған жем етті. «Шығыстың жабайы халқына мәдениет апарасыңдар» деп жіберген Сталинның жандайшаптары өзге ұлттарға озбырлық көрсетті.
Пилсудскийдың саясаты Ресейдің бодандығындағы мемлекеттердің бостандық алуына көмектесу. Ал, егер ұлттар өздерінің тәуелсіздіктерін алса, әрине Ресей әлсірейді. Ал, Сталинның пропагандашылары «Ресейге қарсы шабулы жасалып жатыр» деп айғайлады. Прометей Ресей немес орыстарға емес жалпы қандай да болсын империялық саясат өктемшілігіне қарсы бағытталған болатын.
«Прометейге» Патшалық Ресей құлаған соң оның отарындағы автономиялық елдер Украина, Грузия, Кубань, Дон, Карелия, Қырым, Жайық(Волга) бойындағылар, солтүстік Кавказ бен Түркістан сияқты Ресей ұлттық автономияларының басшылары, бұрынғы Мемлекеттік Дума мүшелері, бірнеше тіл білетін, тіпті шетелдерде білім алған зиялылар (оның ішінде Мұстафа Шоқай да бар) мүше болды. Алайда, олар Польшаның немесе басқа бір елдің арнаулы қызметінің барлаушысы болған емес. Оған дәлелді Türkistan Milli Birliği кітабымда келтіргенмін. «Капитан Харашкевич выразил своё негативное отношение к предложению советника Дубича координировать прометейскую работу с работой разведки: “Конечно, мы могли бы использовать друзей для разведывательной работы, давая им определённые задания, однако это надо делать на том же тактическом пути, то есть через искренние высказывания по определённым вопросам. Перенос же этих работ в контрразведку – абсурд”. Затем, напомнив, что вся работа должна вестись с опорой на доверие, он посоветовал не забывать, что “прометейцы, не являются польскими гражданами, что они, прежде всего, патриоты своих стран, и лишь затем – союзники Польши” (выделено мной – Б.С.).»
Прометейшілердің мақсаты ұлттық мемлекет құру болғандықтан, Прометейдің ішінде әр ұлт өз саяси ұйымын және саяси органын құрған. Мұстафа Шоқайдың құрғаны Türkistan Milli Birliği және оның саяси органы «Яш Түркістан» журналы.
Жоғарыдағы деректі мен қайдан алдым? Прометей туралы мен алғашқы жылдары ешбір құжат таба алмадым. Сосын бірнеше рет ол кезде көзі тірі, Мұстафа Шоқайдың қарындасы Мадина апайдың қолымен РГВА-ға(Ресей мемлекеттік әскери архиві) зерттеуші ретінде хат жаздым. РГВА «Жабық архив, көруге болмайды» деген жауап берді.
РГВА-дан Польшаға Прометей құжатын қайтарып алған Варшава университетіндегі «жаңа прометейшілер» маған да Қазақстанмен байланысты құжаттарды беріп жіберді. Сол құжаттың ішінен Мұстафа Шоқайға қатыстысы 200 беттей болды.
Жаңа прометейшілердің ішінде бір жас жапон профессоры Хироаки Куромия маған көне жапон тілінде де құжаттар берді. Алматыда орналасқан қазақ-жапон Тілдер Орталығының қызметкері Мизутани мырза 1937 жылы жарық көрген құжатты Жапон Ғылым Академиясына жіберіп, қазіргі жапон жазуына көшіртті. Содан соң Мизутани мырза оны орыс тіліне аударып берді. Құжатты зерттей келе еш жерде жоқ деректер таптым. Құжатта Тұрар Рысқұлов пен Мұстафа Шоқай туралы деректер бар. Менің білуімше бұл Мұстафа Шоқай туралы ашылған ең алғашқы жапон тіліндегі архив. Жоғарыдағы поляк тіліндегі құжаттар да, осы жапон архивіндегі деректер де Қазақстанда бұрын жарияланбаған болатын. Бұл құжаттардың мазмұнын байланыстырған ұлтшылдық мәселесін зерттедім.
Ұлтшылдық дедіңіз, кітабыңыздың аты да «Түркістан Ұлттық бірлігі». Сіз зерттеген ұлтшылдықтың қандай ерекшелігі бар?
Прометейшілердің негізгі тақырыбы, жұмыстары ұлтшылдық төңірегінде өрбіген. Дәл сол кезде ұлтшылдықтың үш түрі қалыптасты.
1. Прометеизм – жалпы орыс емес халықтардың бұғаудан арылу үшін жасаған күресі, доктринасы. «Прометеизм как доктрина единого фронта возродившихся народов, выступающих за своё национальное самоо-пределение»; Ұлттардың өзінің ұлт екенін, ұлттық ерекшелігін, Дүниежүзінде оның да алар орны бар екенін дәлелдейді. Яғни, толық мағынасындағы ұлтшылдық. Егерде бір қоғам өзінің ерекшелігін түсініп, өзінің мемлекетін құрам десе оған демократиялық мінездегі ұлтшылдық қажет. Дәл осы қағида – 1920 жылдары Алашордашылар төңірегіндегі жалпыұлттық зиялылар қазақ халқының жеке ұлттық ерекшелігін әлем алдында дәлелдеп, мемлекет құруға дайын екенін паш етті. Осы жағдайды Мұстафа Шоқай демократияшыл ұлтшылдық деп атаған. Ғылымда ұлт болудың шарттары тілі, тарихы, діні, мәдениеті, дәстүрі болуы керек. Бір ұлтты ұлт етіп, ұлттық қоғамды қалыптастыратын осы факторлар. Егерде осы факторлардың біреуі жойылса бұл ұлттың ұлтшылдығына қауіп төніп, келешегі күңгірттенеді. Ұлттың осы факторларына жасалған агрессия ұлтты ұлтсыздандыру болып табылады. Ұлтшылдық доктрина болуы мүмкін. Мемлекет құрған ұлт өмірінің әр саласының доктринасын қабылдауы тиіс.
2. Шовинизм. Мұстафа Шоқай «Шовинизм большевиктердің Атамекеніміздегі ұлттық қозғалысқа қарсы қолданып отырған ең залалды құралдарының бірі бізді ұлттық шовинизммен айыптауы болып табылады» дейді, әрі шовинизмге мынадай анықтама береді: «Шовинизм деп басқа ұлттардың мүдделері есебінен тар ұлтшылдыққа бой ұруды, басқа ұлттардың өмірлік мүдделерін тек өз ұлтының мүддесі үшін құрбан етуді айтады. Шовинизмнің бой көрсетуі үшін шовинизммен айыпталып отырған ұлт өзі өмір сүрген елде үстем орынды иемденуі, мемлекеттік билікті қолда ұстауы шарт!». Демек, орыс шовинизмі дегеніміз Ресей мемлекетінің доктринасы, ресми саясаты. Бұл саясат пролетариат диктатурасының үстемдігінің шапанын жамылып, Ресейдің державалық үстемдігін нығайту және де орыс емес халықтарды ұлтсыздандыру, бір ұлтқа бағындыру саясатын жүргізу. Пролетариат тек қана Ресейде болды. Пролетариат диктатурасы дегеніміз не? Ресейден басқа жерде пролетариат болмағандықтан, оған бүркемеленген орыс үстемдігі нығайды. Сталин жаңа «Совет ұлты» деген ұлт құрастыру, тарихқа сол ұлтты қалыптастырған кіндік әкесі ретінде кіруді мақсат тұтты. Сол себептен орыс емес ұлттардың ұлтшылдығын жою үшін ең алдымен ұлтшылдықты құратын әр сала: тіліне, дініне, дәстүріне, тарихына шабуыл жасалды.
3. Нацизм. 1934 жылы пайда болған нацизм неміс ұлтының үстемдігін ұран етті. Егерде Сталин Советтер одағы шеңберінде орыс үстемдігін орнатса, Гитлер әлемдегі барлық ұлттардан неміс ұлтын үстем көрді. Осының салдарынан Гитлердің талабы бойынша азаматтықты тек қана нәсілге қарап беру саясаты қалыптасты. Дүниежүзінде тек қана арий тұқымды ұлттар болуы керек деп санады.
Кітабыңызда «Түркістан ұлттық қозғалысының» 1920 жылдан кейінгі дамуын жазыпсыз. Ол уақытқа дейінгісі зерттелген бе?
Александр Беннигсен мен Шанталь Лемерсье-Келькеже Ресей мұсылмандарының ұлтазаттық қозғалысының 1920 жылға дейінгі тарихын зерттеген. Олар Ресейдегі мұсылман баспасөзі мен алғашқы партияларының зерттеушілер болып табылады. Жазған еңбектері үшін Лемерсье-Келькеже ханым мен оның ұстазы Александр Беннигсен Францияның ең жоғары марапаты Құрметті Легион Орденімен марапатталған. Олар орыс өктемдігі шеңберінде болған Мұсылман халықтары газеттер арқылы өз дауысын шығарып, алғашқы саяси партиялардың туындауына қалай себеп болғанын көрсетеді.
Олардың La presse et le mouvement national chez les musulmans de Russie avant 1920 (Аудармасы: 1920 жылға дейінгі Ресей мұсылмандарының басылымдары мен ұлттық қозғалыстары) кітабында Алаш-Орданың(Alaš-Orda) құрылуы толықтай зерттелген. Мысалы Байтұрсынұлының басқаруындағы Қазақ(Qazaq) газетінің шығуы, Мұхаметжан Сералин редакторлығындағы Ай-Қап(Aj-Qap) журналының шығуы, басқа да оқиғалар туралы тереңірек жазады. Сондай-ақ зерттеушілер Алашшылдардың Ресей билігінен қазаққа меншікті жерін қайтару мен Орынбордағы татар мүфтилігінен тәуелсіз өз мүфтилігі болуын талап еткені туралы, әрі, Алаш партиясының басты мақсаты Қазақ ұлтының қалыптасу мен нығаюына күш салу болғанын жазады. Осы еңбекте «Қазақ» газетінің 1917 жылдың наурыз айында Алаш партиясының ресми басылымы болғаны жазылады» деп көрсетілген.
Бұл кітап бізге қалай жетті? Оны Қазақстанға алып келген академик, демократшыл зиялы Дмитрий Лихачёв. Ол француз ғалымдарының кітабының барлығын ксерокопия жасаған. Кітапты 1990 жылы алып келіп, Міржақып Дулатовтың жиені Ерлан Сатыбалдиевке берген. Себебі, Дмитрий Лихачёв Соловки аралында Міржақып Дулатовпен бірге тұтқында болып, оның ақыл-ойына тәнті болған. Ерлан Сатыбалдиев бұл кітапты Мұрат Әуезовке берген. Сосын кітаптың Алашорда жөніндегі 40 беттік фрагментін мен Мұрат Әуезовтің өтінішімен бір түнде аудардым. Кейін «Әлем» альманахында басылып шықты. Алғы сөзін жазған Тұрсынбек Кәкішев болатын.
Мұстафа Шоқай Ташкентте «Бірлік туы(Birlik Tuuy)» газетін шығарып, Түркістан автономиясының ұлттық органын жасаса Парижде ол шығарған «Яш Түркістан» Türkistan Milli Birliği-ның саяси органы болды. 1920 жылдың наурыз айына дейін Түркістан даласына Совет үкіметі толықтай орнап, баспасөздер түгелдей жойылғанын білесіздер.
Сонымен менің «Türkistan Milli Birliği» кітабым француз ғалымдарының жалғасы болып табылады.
Ташкентте «Бірлік туы» газетін шығарған Мұстафа Шоқай Еуропада сол газеттің бағытын «Яш Түркістан» журналында әлдеқайда жоғары деңгейге көтеріп, саясаттанудың теориясын қалыптастыра бастады. Сондықтан, Мұстафа Шоқайдың Еуропаға барған себебін Мұстафа Шоқайдың өз сөзімен баса айтайық: «Біз Батыс елдерінен көмек сұрауға бара жатқан жоқпыз. Біздің мақсатымыз Еуропа елдеріне, дүниежүзілік қауымдастыққа Кеңес Одағында бас көтеріп келе жатқан Сталиннің тоталитарлық жүйесінің, большевик идеологиясының астарын ашып, оның тек қана ұлттық республикаларға емес бүкіл әлемге қауіпті екенін ашық, айқын көрсетуіміз керек. Осы тұрғыда, мұғажыр азаматтар алдыңғы сапта болып, осы ой-пікірді бүкіл адамзатқа жеткізуге парызды», - деп жазды.
Сұхбатыңызға рақмет!
(Жалғасы бар...)
P.S: Қадірлі оқырман, Мұстафа Шоқай әлемін бір кітаппен, бір мақаламен танып кете алмайтынмыз анық. Бақыт Садықова ханымның «Türkistan Milli Birliği» кітабы оның ізденістерінің соңғы нәтижесі емес. Қолында әлі бірнеше кітапқа жүк боларлық деректері бар. Ғалыммен болған сұхбатымыз толықтырылу үстінде. Қояр сауал, айтар ойыңыз болса, мархаббат!
Нұрғали Нұртай
Оставить комментарий