Елдес Омарұлының шығармалары. Әлем тілдерінің алдыңғы легіндеміз (Жалғасы)

/uploads/thumbnail/20170710005418847_small.jpg

(Басы)

БІРІНШІ   БӨЛІМ

Мақалалар мен баяндамалар

 

Араб таңбасы

 

Қазір мен Әбдірахманның баяндамасына тоқтап, соның әріп туралы көрсеткен дәлелдеріне жауап беріп өтпекпін.

Әбдірахманның баяндамасын екіге бөлуге болады.

  1. Латын әрпінің тарихы;
  2. Латын әрпінің қазақ әрпінен жеңілдігі, қазақ еліне оны алудың қажеттігі туралы.

Латын әрпінің тарихы Нәзірдің «Жаңа әліп-биінде» толық жазылған. Бірақ бұл жалпы алғанда білу үшін керек болса да, қазіргі қай әріп жақсы, қай әріп жеңіл деген таласқа келгенде латыншылдарға да, бізге де пайдасы шамалы,дәлелдігі жоқ. Сонда да Әбдірахман латын әрпінің тарихын қозғаған соң, араб әрпінің баспасы қалай шыққанына аздап менің де тоқтағым келеді.Араб әрпі ең әуелі жазба түрде шыққан. Баспасы болмаған. Бірте-бірте адам баласының өнері артқан кезде баспа машинелері шыққан. Баспа машинесін бірінші шығарған ел – еуропалықтар. Еуропалықтар арабты шоқындыру мақсатымен Інжілді арабшалауды ойлап, араб әрпінің баспасын жазбасынан бөлек түрде жасауды қозғаса да, бұған араб елі көнбей, әрпінің баспасын да жазбасы сияқты етуді талап еткен. Сонымен әріптің баспа түрі туған.

Латыншылар бізді ескішіл дейді. Мен енді әріп мәселесін осымен қаңтара тұрып, «ескішілдік» пен «жаңашылдық» мәселесіне көшемін.

«Ескішілдік» деген не?

«Ескішілдік» деген бұрыннан үйреншікті болып, бойына сіңіп қалған әдет. Үйренген әдеттен бұрылып шығуға болмайды. Бұрын орысша оқып, үйреніп қалған қазақ жігіттері қазақша жаза алмайды. Пішіндемеде (пішіндерді тексеретін ілім) кездесетін түрлі атауларды қазақ әрпімен белгілесек, олар бұрын түйе көрмеген жылқының түйеден үріккеніндей осқырынып қарайды. А-б дегеннің орнына а-б (араб таңбасымен) десек, ойбай-ау, мынауың не? – дейді.

Міне «ескішілдік» деген осы.Өзінің үйреніп қалғанынан басқаға осқыра қарайтындық.

Біздің латыншылар да осы сияқты. Көбі қазақша, қазақтың қазіргі әрпімен жаза білмейді. Сонан сол өздері үйреніп қалған теріс жазылатын әріпті көксейді. Қазақ әрпін үйрену, оңнан солға қарай жазу оларға үлкен қиындық болып көрінеді. Өздері жаңа жасалған қазақтың әрпіне үйрене алмай, оңнан солға жазуға көндіге алмай, әуре болса да, бізге латын керек, бұған қарсылар «ескішілдер» дейді. Расын айтқанда, латынға қарсы болған біз ескішіл емес, орысша үйреніп,теріс үйреніп қалған әдеттерінен (мәселен «б»-ға емес, «в»-ға үйренген соң, «б»-ны жек көрсе де) шыға алмай, солға жазуға көндіге алмай, а   в  дегеннің орнына қазақша  а  б (араб таңбасымен) жазуды ерсі көріп жүрген латыншылдар ескішіл.

Мәскеуге барған қазақтың жігіттері мен әйелдерінен қай ұлттан боласың деп сұрасаң, қазақпын деуге арланып, жапонмын дейді.

Бұл не?! Қазақтан жиренгендік. Ақылы соған өлшенгендік. Латын әрпін аламыз деушілер де қазақтың қазіргі әрпінен жиренеді. Ол олардың орысша үйреніп қалған әдеттерінен шыға алмай, сырты сұлуға еліктегенінен шыққан әдет.

Латын әрпін алғаш шығарған латын елі осы күні жоқ. Латын бұл күнде жоғалған ел.

Осы күнгі Еуропа елі әуелі бастап, өздерінің надан кездерінде әріпті арабтан үйренген. Олар не қазіргі қолданып отырған әріптерінің негізін арабтан алып, бертін келе, мәдениеті өсе келе араб әрпін өзгертіп алған.

Мәдениетті ел өнерді, табиғатты өздеріне икемдеп,сыртқы түрлерін өз ыңғайларына қарап өзгертіп алады. Біз сияқты мәдениетсіз бейшара елдер оны білмейді. Өнерді, мәдениетті, техникені өз тұрмысына ыңғайландырып, өзгертіп алудың орнына  өнерге, табиғатқа өлшеп, өздерін өзгертеміз деп әуреленеді. Егер бұлай болса, бара-бара қазақтың тілін де өзгертеміз дер. Бұл өнерден, табиғаттан  тұрмыс өлшеуімен пайдалана білмегендік, ескішілдік. Біз мәдениетті қазақтың салт-санасына, тұрмысына үйлестіріп, өнерді, техникені өзімізге жақындатайық. Көзімізді жұмып,өзімізше жүре бермейік. Бұған көнбеушілік, тағы да айтамын, баяғы ескішілдік әдеті болды.

Енді сөзімді басқа ойға бытыратуымды осымен тоқтатып, Әбдірахманның баяндамасына келейін.

Әбдірахман: «Басқа Күншығыс елдерінің бәрі де латын әрпіне көшті. Біздің олардан қалып қоюымызға болмайды» - деді. Басқа: әзірбайжан, қырғыз, өзбек сияқты елдердің латын әрпіне көшеміз деп, дайындалысып жатқаны рас. Бірақ олар көшті деп, біздің ойламай, ауыр мен жеңілді салыстырмай көшуіміздің керегі жоқ. Әуелі сол латын әрпін алған елдер неге алып отыр? Алуларына қандай себептер болды? Олардағы себеп бізде бар ма? Міне, осы мәселелерді шешуіміз керек.

Латынды әзірбайжан алса, олардың бұрын сөзге өлшенген дыбысы заңында әріп болмаған. Жазу ережелері, емлелері тіпті жоқ болатын. Қазір латын әрпін алғанмен, емлелері жоқ. Осы күні олар латын әрпімен жазған сөзді дұрыс оқи алмайды. Олар профессорлар айтты деп, соған табынғандықтан, өз тілдерінде өлшеген әріпке шалағайлықтарынан алып отыр.Тегінда профессорлардың айтқанына Құдай айтқандай көне берудің керегі жоқ. Өз ақылымызбен ойлауымыз кертек.

Әзірбайжан латын әрпінің түбін тексермей,өз тілдеріндегі дыбыстарын санамай алып отыр. Міне, осыған да еліктеу керек пе? «Керек!» деп біздің латыншылардың өздері де айтпас. Тексермей алу баяғы надандыққа, көзді жұмып, белгісіз жаққа қаңғырғандыққа жатады.

Әріп мәдениетке керек деген пікір дұрыс. Бірақ латын әрпін алғанда басқа елдің тілін білеміз деу – адасқандық. Әріп керек болса, мәдениетке тіл тіпті керек. Біздің қазақ әрпінің мәдениетке жетуімізге ешбір бөгеті жоқ. Жаңа мәдениетке ағылшын тілімен жетеміз, қазақ тілімен жетпейміз деу қате. Ескішілдікті,орынсыз еліктегендікті қойып, өз әрпімізді, өз тілімізді өңдеуге кіріссек, қазақ тілімен, қазақ әрпімен мәдениетке жетуге, пән кітаптарын жазуға әбден болады. Әріптің суреті латынша болуы, солдан оңға қарай жазылуы мәдениетке жетудің шарты емес. Мәдениетке жетуге әріптің дыбыс жүйесімен дәлелденіп, жазуға, баспаханада қолдануға қолайлылығы шарт. Бұлай болса, қазақтың қазіргі әрпі осы шарттардың бәрін де ақтай алатын күйде.

Оқыту әдістері туралы Әбдірахманның дәлелдері тәжірибеге сүйенбеген құр айқай. Балаларға латын әрпімен де, қазіргі қазақ әрпімен де қатар оқытып көрсең, екеуін қа ар оқыған хат білмейтін бала қазақ әрпімен хатты бұрын таниды. Нанбаса, латын әрпімен Әбдірахман да, қазақ әрпімен мен де балаларды қатар оқытып көрейік. Қайсымыз бұрын хат танытар екенбіз? Әрине (араб) қазақ әрпімен мен бұрын танытамын. Осылар осы тәжірибеге шыдамайды.Тіпті Әбдірахманның мұғалімдігі жоқ болса, латын әрпін көкке көтеріп, мақтап жүрген Телжан-ақ оқытсын. Сонда да мен бұрын танытамын. Ол менің оқыту әдісіне Телжаннан шеберлігім емес, (екеуміз бірдейміз) қазіргі қазақ әрпінің жеңілдігінен.

Ал жазуға келсек, онда да латын әрпінен қазақ әрпімен жылдам жазылады. Қазақ әрпінің хат танытуға жеңілдігі: қазақ әрпін бірінен бірін айыра танитын болуы керек. Шүкір, бұл жағынан біздің әрпіміз мұңсыз. Б. П.Т дыбыстары, нүктелері белгілерін жекелендіріп тұрғандықтан балалар тез таниды.

Жылдам оқуға келгенде орысшадан, мәселен, «Сов. степьтен» «Еңбекші қазақты» жылдам оқимыз. Сенбесе, Әбдірахман сағатына қарап отырып екеуін де оқып көрсін.

Тағы да жазуға келгенде, біздің оңнан солға жазуымыз әбден дұрыс, –  өйткені, адамның табиғаты жаратылысында солай. Мәселен, жіп иіргенде қазақтың әйелдері оңнан солға қарай иіреді. Солдан оңға қарай иіруге олардың табиғаттары көнбейді, ыңғайлары келмейді. Жазу да осы сияқты. Тек біздің орысша жазып үйреніп қалғандарымыз ғана оңнан жаза алмайды. Сонан соң солдан жазуды мақтап, жорта жылдам жазылады деп, тәжірибесіз демагогтікке салынады.

Латын әрпі ірі, біздің әріп ұсақ, сондықтан оқу қиын дейді. Бұл бекер.Тек қазақша жөнді оқи білмейтінге, оқып әдеттенбегендерге ғана қиын. Расында біз кітап оқығанда әрбір сөздің әрпін санап оқымаймыз. Мәселен, «Балтабай» деген сөзді  әріп басына бөлек көрмейміз. Әбдірахманды көргендей тұтас көреміз. Әбдірахманды көргенде – басына, көзіне,құлағына, аяғына, иегіне қарап барып танимыз. Тура кездесе кеткенде басқа дене мүшелеріне қарамай-ақ Әбдірахман екенін танимыз.Бұл көзіміз үйренгендіктен. Кітап оқу да осы сияқты.Көзіміз үйренген сөздерді әрпін санамай-ақ оқимыз. Бұлай болса, біздің әрпіміз ұсақ, оқуға қиын деу адасқандық.

Бүтін сөздің суретін көргенде «Балтабай» деп қазақша жазсақ, оны «Ташбай» деген орысша сөзден жылдам оқимыз.

Осы күнгі Америка әдісі сөздің ішіндегі әріптердің сиқы бір бірінен өзгешелеу болса, жылдам оқимыз дейді. Бұл тәжірибеге сүйенген шын дәлел.Бұлай болса, таңбасындағы біздің әріптеріміздің бірінен бірі бөлінетіні, басқалығы туралы мен айтып өткенмін. Мұның анығына жетем деушілер сағатқа қарап отырып, әрпін санап қазақша да, орысша да оқып көрсін... Қазақша жылдам оқылады. Ал орыс әрпі латындыкінен әлдеқайда жеңіл.

Сипыр әуелден арабтан шыққан. Араб сипырды  оңнан бастап жазады. Мәселен, «97» дегенді жазғанда «жеті де тоқсан» деп оқиды. Немістер «жеті және тоқсан» деп оқиды. Сондықтан сипырдың оңнан бастап жазылғаны тегінде дұрыс. Бізге де осылай етіп, «97» дегенге осы сипырды қолдануымыз керек еді. Бірақ оған ақылы бұғауланып қалған теріс жазып үйренген ескішілдер көнбеді.

Енді пән белгілеріне келейік. Мәселен, химияда, тригенометрияда кездесетін «син» деген сөзді алсақ, бұл әріп сияқты емес, кісі аты сияқты болып кеткен пән сөзі. Оны қазақ әрпімен «синус»  деп жазудан шошитын түк  жоқ. Қазақ әрпімен жазғанда мәдениетке жетпеуге яки балалардың үйренуіне  келер кедергі жоқ. «Син»-ды шығарған ең әуелі араб. Басында олар «жайып» деп жазған. Үш бұрыштарды араб әрпімен белгілеген.

Сонан латынша алсақ, немісше оқи аламыз дейді Әбдірахман. Ол тіпті болмайтын іс. Немісше оқи алмайсың.  Ол босқа қызықтыру болып шығады.  Неміс әрпі мен латын әрпінің арасында айырма көп.

Біздің әрпіміз  баспаханаға қиын деу де баяғы оңбайтын бейшаралық. Болмайтын болса, қиынды жеңілдету болмай ма? Қазір тіпті орасан қиыны да жоқ.

Осы күні «Еңбекші қазақта»  басылып жүрген әрпіміз төртеу емес (бір әріпте төрт белгі емес), бір-ақ белгі. Мәселен: (ж-л-қ-ы «жлқы») деп жазылады. Бұл латындікінен әлдеқайда жеңіл.

Нотаны да қазақша жазуға болады. Телеграм сияқтыны мысалға келтіргені Әбдірахманның әбден сөз таба алмаған соң айтқаны ғой деймін. Болмаса телеграм белгілері әріп емес, «-..-.-» осы сияқты ноқат сызықтар ғой. Сондықтан мұны мен сөз қылмай-ақ қояйын.

Сөзімнің қорытындысында айтарым: жаңалық деген барды жоғалтып, орынсыз өзгере беру емес. Барды өмірге, тұрмысқа үйлестіріп, қолайсызы болса, қолайлы етіп өзгерту мен қолдануда.

Ақаң әрпін түзетуге көп ақша шықты деу де дұрыс емес. Шығын болмай  іс бола ма? Ақаң әрпін түзетуге көп пұл шықса, бүгін соның арқасында әрпіміз түзеліп отыр. Енді түзелген әріпті тастай беріп, әзірбайжан алды, пәлен алды, түген алды деп латын әрпіне көшсе, тағы шығын шықпай ма? Әлде латын әрпі тегін келіп, біздің латын әрпімен қайта басылатын толып жатқан кітаптарымыз тегін басыла ма? Мұны ойлау керек қой.

Әзірбайжанда «оқығандар табы» деген тап бар. Олар ақсүйектер, бұқарадан артық болғысы келетіндер. Латын әрпін алып отырған, алдырып отырған сол елден жырылып кеткен оқығандар. Оған біз еліктемеуіміз керек. Латын әрпі қазақ әрпінен артық емес. Сондықтан қазақ еліне оның керегі жоқ.

 

 

Әлем тілдерінің алдыңғы легіндеміз

 

Латын әрпін аламыз деу тек сыртына қызыққандық. Біз латынның әрпін аламыз дегенше Еуропаның  мәдениетін қалай аламыз деп кеңесуіміз керек. Мәдениетсіз біреудің іші қуыс тонын киюден пайда шамалы. Біз не нәрсенің де сәніне қызықпай, дәніне қызығуымыз керек. Латын әрпіне ентелегенше, біз қазіргі қолданып келе жатқан әріптерімізді түзетіп, баспахана қызметкерлеріміз – әріп түзеушілерді даярлап, баспа істерімізді жөндеуге кірісуіміз керек.  Нәзір айтқандай, басқа түріктер 25 жылдан бері жазу машинесін  дұрыстай алмай жүрген болса, біз қазір оны жасап, жазып та отырмыз.  Әлде болса да орынсыз латыншаны ортаға салғанша өз әріптеріміздің кемшілігін толықтыралық, соны қолданалық. Бізді мәдениетке жеткізбей, бөгеп жүрген түрік әліпбиі емес, сондықтан оны жазықсыз құрбан қылудың орны жоқ.

Біздің қазақ мәдениеттің өзге буындарында қаншалықты артта қалғанымен, тіл мәселесінде, оның ішінде ьәліпби, емле, теринология, , дыбыс жүйесі, грамматикалық құрылымы мен әдеби тілдің дамуына келгенде күллі түркі халықтарының  көш басында және бұл ұстанған ғылыми бағдардың үлгі тұтарлық, басшылыққа аларлық жақтары тәжірибеде өз жемісін беріп отыр. Сондықтан біз тілімізді шұбарлап, түрік, татар, әзірбайжан  халықтары сияқты кітаби тілді тұтынбай, ана тілінің өз мүмкіншілігін сарқа пайдаланып, табиғат заңдылығына сәйкес Ахмет Байтұрсынұлының  түзген әліпбиі негізінде  тың сүрлеу жол салдық. Бұл жағынан біз Еуропаны былай қойғанда,  әлем тілдерінің алдыңғы легіндеміз.

 

(«Первый        Всесоюзный тюркологический сьезд». Стенографический отчет. Баку. 1926 г. 173-174 стр).

 

 

 

Қазақ салты

 

Тұрмыстың тетігі – кәсіпте, кісінің ақылын да, мінезін де тәрбиелеп шығаратын – оның қолданған кәсібі. Бұл – тұрмыстың негізгі заңы, аспанның астында бұл заңға бағынбайтын жан жоқ. Бұнан бір таптың тұрмысын жалпы күйінде алып тексерсек те, тұрмыстың түрлі тарауларының бәріне де себеп болатын кәсіп болып шығады. Капиталшылар табы малжанды, қомағай келеді. Жалшылар жолдасына мейірімді, өзара ұйымшыл, адамға да, құдайға да, малға да (байлыққа) табынбай, тек өзіне өзі (өзінің еңбегіне, күшіне) сенетін менмен келеді. Мал баққан көшпелі ел ерікті сүйеді, әкеге оңай бойсұнбайды, ұрлығы да, зорлығы да көп болады, азаматтары жауынгер, ер болады. Әр адамды өз алдына жеке шығарып тексерсек, кәсіптен ол да құтылып кете алмайды. Жасынан жылқы бағып, ұрымен жағаласып, ит-құспен аңдысып үйренген жылқышы ер болмай қоймайды. Түйе  мініп, қой бағып тәрбиеленген қойшы жалтақ келеді. Тұрмыстың тетігі кәсіпте екеніне бұл айтылғандардан басқа да толып жатқан дәлелдер келтіруге болады. Казіргі біздің мақсатымыз сол заңның дұрыс екенін әспеттеп шығу емес (ол заң бізсіз-ақ, талай талқыга түсіп тексерілген, шексіз дәлелдермен әспеттелген): айтайын деп келе жатқан мәселемізді сол заңның жөнімен тексеру үшін оның (заңның) мәнісін қысқаша түсіндіріп өту; ол үшін келтірілген дәлелдеріміз де жеткілікті болса керек.

Енді қазаққа келейік.Қазақ  малмен күнелтетін көшпелі ел.  Бұрын қазақ түгелімен көшпелі еді, қазір де шала көшпелі болып қалды.Бұрын қазақ жаз Арқаны жайлап, қысқа қарсы күні жылы Сыр бойына, Жетісу жаққа көшіп баратын еді, қазірде олай қазақ даласының бір шетінен бір шетіне көшіп жүру сиреді.Қазақтың қысы қатты Арқада да тұрақты қыстауы болатын болды, қазақ малға пішен жиятын болды, егінге де айнала бастады.

Бұрын қазақ қырдан қырға дамылсыз көшіп жүретін заманда, қолындағы малының аман болып, өсіп-өнуі үшін, қыс суықтан қашып жылы жаққа бару, жаз оты-суы жайлы Арқаға келуден басқа табиғаттың түрлі құбылысына қарсы ешбір амал қыла алмайтын еді. Малға түрлі індет келсе, әр түліктің құдайына өз алдына жалбарынып, жалыну шараларын істейтін: жылқы үшін Қамбар бабаға сыйынатын, түйені індеттен сақтау үшін Ойсылқараға жалбарынатын. Ол күнде қазақ табиғаттың қолайсыз құбылыстарына қарсы ештеңе істей алмайтын. Табиғатты өзіне бағындырып, пайдасын шығару қазақтың түсіне де кірмейтін еді, қазақ табиғаттың сөзсіз құлы еді.

Мал өсіру үшін қолда тұқымдық мал болу керек, онсыз еңбекпен мал табу болмайтын еді. Малсыз кедей тамақ асырау үшін байдың малын бағатын, бірақ онымен кедей байи алмайтын, өзі де бай боламын деп ойламайтын; байға жалданған кедейдің есебі баю емес, тамақ асырау ғана болатын. Малсыз кедей еңбекпен мал таба алмайтын болған соң, көшпелі елдің түсінуінше, еңбек, қара жұмыс бір қадірсіз, жиреніш іс болып шыққан. Қолында тұқымдық малы жоқ тақыр кедейге мал жию үшін ұрлық-зорлықтан басқа жол болмаған. Сонымен мал тапқан көшпелі елдің берекелі кәсібі тек ұрлық пен зорлық болған. Көшпелі елдің түсінуінше, ұрлық, зорлық  – бұзықтық емес, адал кәсіп, кәсіптің ішінде ардақтысы болып шыққан; ол кәсіпті жақсы істей білген кісі елге беделді болған, батыр атанған.

Адам баласының тұрмысы – талас-тартыс. Адам баласы, бір жағынан, табиғатпен тартысады, екініші жағынан, өзара бірімен бірі таласып, тартысады. Көшпелі елде табиғатпен тартысу жоқтың аз-ақ алдында болған да, өзара тартыс, талас ашық түрде болып келген. Сонымен көшпелі елдің салтында өзара талас, тартыстың жалаңаш түрі – ұрлық, зорлыққа табыну болған.

Бері келген соң қазақ орысқа бағынды, жерінен айырылды, қоңысы тарылды, жалпы көшу қалды, ептеп отырықшы бола бастады. Аздап болса да табиғатпен тартысу басталды, қазақ қысқа қарсы малына пішен жиятын болды, ептеп егін сала бастады.  Сөйтсе де табиғатты өзіне бағындырарлық дәрежеге жеткен жоқ, табиғатқа құл болған күйінде қалды. Егінге белсеніп кірісе алмады: темір жол жоқ, базары алыс болғандықтан, егін көп шыққан жылы арзан болатын болды да, шықпай қалған жылы сұрапыл қымбат болатын болды. Сөйтіп, бұрыннан миына сінген – еңбектен жирену салты қала қоймады.

Екінші жағынан: орыс үкіметіне қараған соң, зорлықта бұрынғыдай береке  болмайтын болды, үкімет зорлыққа тыю салды, зорлықпен батыр атануға болмайтын болды, бұрынғы үйреншікті кәсіптен жалғыз ұрлық қалды, орыс үкіметі жүре келе оны да (ұрлықты) жүдетейін деді.

Бұрын қазақ орысқа бағынбай тұрғанда, өз бетімен ұрлық-зорлықты тыюы мүмкін емес еді. Ұрлық, зорлық жалпы елдің салты болып кеткендіктен, ел өздігімен онан тыйыла алатын емес еді. Қазақ орыс үкіметіне қараған соң, амалсыз сол үкіметтің заңыңа бағынды. Ол үкімет қазаққа арнап заң шығарғанда, қазақтың салтын елең де қылған жоқ. Жаңа заң қазақтың салтына үйлеспейтін болды. Қазақ салтынша: барымта – басындағы бөркін  жерге  қоюдан артық ерсі емес, үкімет заңынша: барымта – зорлық, талан-тараж, ол үшін жаза – Сібірге  айдалу. Қазақтың түсінуінше: барымта үшін Сібір кету – жазықсыз жаза тарту, үлкен обал, барымтамен істі болып, орыс сотына түскен кісі — ақ іске күйген бейшара. Қазақ өзінің салтына бағынып, ондайларды орыс сотынан арашалап алуды да ақ іс деп түсінеді, ол үшін сот алдында өтірік куә болуды да айып деп санамайтын болды. Үкімет заңының қазақ тұрмысына үйлеспегені жалғыз бұл емес, толып жатқан еді. Үкімет заңының тұрмысқа үйлеспеуі қазақ салтына, бұрын жоқ өтірік куә болу, алдап алу сияқты әдеттерді кіргізді. Бұрыңғы еңбектен жиренетін салт жоғалмай тұрып, қазақ өтірікке үйренген соң, бұрыңғы зорлық екінші түрге түсіп, алдап алу болып шықты, қазақ алдап алуды дәріптейтін болды.

Қазақтың түсінуінше: бұрын кәсіптің алды  тартып алу еді, енді  алдап алу да сондай артықша кәсіп делінетін болды. Елдің бұлай салты өзгеруінің себебі жалпы көшудің қалып, отырықшы бола бастау – кәсіптің өзгеруі және үкіметтің тұрмысқа үйлеспеген заңдары. Қазақтың салтының өзгеріп, алдап алуды дәріптейтін болуына әсіресе үкіметтің заңы себеп болды. Тұрмыстың түп себебі кәсіп деп едік. Үкімет заңы кәсіп емес, сондықтан үкімет заңының салтқа себеп болуы жоғарыда айтылған жалпы заңға келмейтін сияқты.

Тұрмыстың түрлі тарауларынын қандайын алып тексерсек те, оның түп себебі кәсіп болмай қоймады. Бірақ тұрмыстың басқа түрлі тараулары кәсіптің салдары бола тұрып, өзі ештемеге себеп болуға жарамайды емес. Үкіметтің заңы, саясаты тұрмыстың ешбір тарауына себеп бола алмайтын болса, ондай амалдарда ешбір мағына да болмас еді. Дұрысы: үкіметтің заңы да, саясаты да, елдің салты да тұрмыстың басқа тарауларына әсері тимей коймайды. Қазақта адал кәсіптен жиренетін салт болмаса, қазақтың кәсібі бұл күндегісінен артықша өркендеп ілгері кетер еді, кәсіптің алға басып, оңды болып кетпеуінің бір себебі – сол кәсіптен жиренетін салт. Қазақтың салты өзгеріп, алдап алуды дәріптейтін болуынын себебі  де сол адал кәсіптен жирену жене екінші бір мықты себебі бұрыңғы үкіметтің заңы. Қазақтың адал кәсіптен жирену салтының да, бұрыңғы орыс үкіметінің саясаты мен заңдарының да түп себебі – кәсіп. Сондықтан қазақтың адал кәсіптен жиренуі – қолдан келетін адал кәсіптің берекелі болмауынан, орыс үкіметінің қазақ салтына үйлеспейтіи заңдар шығарып, қазаққа қолайсыз саясат қолдануының себебі де – кәсіп. Сондықтан қазақтың салты өзгеріп, алдап  алуды дәріптеуінің де түп себебі кәсіп болып шығады. Салттың себебі – кәсіп; бірақ салт кәсіптің салдары бола тұрып, тұрмыстың басқа түрлі тарауларына өзі де себеп бола алады. Бұл жоғарыда айтылған жалпы заңға қарсы емес, қайта сол заңның дұрыстығына дәлел.

«Бұрын тартып алуға салынып, зорлықты кәсіп қылғандар да, қазірде алдап алудан баска адал кәсібі жоқ жақсы жігіттер де — жалпы бұқара емес,  ел ішіндегі біраз ғана кісілер – бұрынғы батырлар, қазіргі еті тірі пысықшалар. Жалпы бұқара ол кәсіпті бұрын да қолданган жоқ, оны  қазір де істемейді. Сондықтан ел ішіндегі біраз кісілердің ісін бүтін елге жайып тартып алу, алдап алу сияқты бұзықтықтарды бүтін елдің салты деудің жөні жоқ» – деп таласушылар да болуға мүмкін.

Дұрысы: тартып алу да, талап алу да арамтамақ пысықшалар  ғана емес, бүтін елдің салты. Ел ішінде қой аузынан шөп алмайтын момындар да жоқ емес; елдің дені, жалпы бұқара сондай момын, ешкімнің ештемесін тартып та алмайды,  алдап та алмайды. Бірақ пысықшалардан артық адам жоқ. Бұқара ондайларды қорқып та сыйлайтын болар: бірақ, көбінесе          шын ықыласымен сыйлайды. Ел ішінде кәсіпке  басшылық қылып, айтқанын істететін де   пысықшалар; тұрмысы жайлы, дүниенің рақатын көріп отырғандар да сол пысықшалар. Қандай елдің де болса тұрмысында іздейтіні, мақсаты: жайлы тұрмысқа ие болу, елге беделді болу. Қазақ арасында ол мақсатқа жеткен – жалғыз ғана пысықшалар.Сондықтан жалпы бұқаранын тусінуінше: сол пысықшалардан артық кісі болуға мүмкін емес, сондықтан момын бұқара пысықшаларды тек қорқып қана сыйламайды, шын ықыласымен де сыйлайды.

Төңкеріс басталғаннан бері айтылып келе жатқан, ортақшылдар партиясының қазақ үшін, ең алдымен істеуге тиіс деп білген міндеті, жұмысы: қазақтың кедейі, момын бұқарасы мен байларының, пысық қуларының арасын ашу, момын бұқараны байлардың, қулардың тырнағынан құтқарып, соларға қарсы белсеніп шығатын қылу. Оны іске асыру үшін ең әуел1 бұқараны түзеу керек. Жер-жерден келген хабарларға қарағанда: соңғы болып өткен сайлауларда жергілікті орындарда бұқара, кедейлер ғана сайланып өткен, арамтамақтар іс басынан қуылған. Қулар үкіметтен жасқанып отырып қалды ма, иә жалпы бұқаранын салты өзгеріп,

қулық, сұмдық, алдап алуларды дәріптемейтін болған соң қуылып шықты ма, ол әзірге ашылған жоқ. Сөйтсе де, бұқара кедейдің салты дәл осындай болып өзгеріп, түзеле қойды деп сенуге болмайды. Момын бұқараның, кедейдің салты өзгеріп, қулық-сұмдықтан жиренетін болып шықпаса, жергілікті әкімшілікті өз қолына алғанмен, пысықша қулардың әсерінен құтылып кете қояды деп малдану да қиын.  Соңғы  сайлауларда елдің тізгіні кедейдің қолына тигені – кеңестер үкіметі саясатының салдары, істің аздап та болса алға басқаны, алты жылдай істелген жұмыстың көзге көрінерлік бір жемісі. Бірақ мұнан бұқара кедейдің салты түпкілікті өзгеріп, түзеліп шықты деп малдануға болмайды.

Салт – кәсіптің салдары, тұрмыстың  түрлі тарауларына кәсіптен туған салдар да себеп бола алады. Қазақтың қанына сіңіп кеткен қолайсыз салттары: адал кәсіптен жирену, қулық-сұмдық, алдап алуларды дәріптеу. Жер-жерде іс басына момын бұқара, кедейлер сайланғаны – сол салттың тамырына салынған балта, бірақ балтаны бір салғанмен ескі салттың тамыры үзіліп құлайды деп, қарап отыруға болмайды.

Кері кеткен ескі салттардан құтылудың шараларын әлі де болса қарастыра беру керек, ескі салттан мүлде құтылмай іс өнбейді.

 

Тайбағар.

 

(«Жас қазақ» журналы, 1924 ж. №4).

 

 

Дағдылы жол мен айлалы жол

 

Дүниеде өзгермейтін ештеме жоқ. Дүниедегі нәрселер неше түрлі болып өзгереді, құбылады – бір күйден екінші күйге түседі, зораяды, кішірейеді, қалпын, пішімін де өзгертеді. Осы күнгі қара жер бір кезде газ тәрізді болған; жүре келе суынған, бірсыпыра заттары суық күйге түскен;онан кейін жердің сұйық заттары қоюлана келе қатая бастаған; сонан соң көп замандар өткен соң ғана барып, қой батпақ болып жатқан тас темірлер осы күнгі қатты күйіне түскен. Дүниедегі бар нәрселердің бәрі де солай құбылады да тұрады, дүниеде тастай қатып, бір қалыпты болып қалған жалғыз нәрсе жоқ. Түрлі жан-жануарлар да, адам да соның ішінде неше түрлі болып құбылып келді де, құбыла беруге тиіс те.

Бірақ құбылыстың өзі де түрлі болады. Дүниедегі нәрсе табиғаттың заңына бағынып, тиісті жөнімен де құбылады, оның үстіне ақыл-айламен табиғатты қолдан өзгертуге де болады. Данышпан Чарльз Дарвин жан-жануарлардың тұрмысын көрсетіп, табиғаттың жалғаулы заңы мен  тұрмыс тартысы заңын тапқан. Жан-жануарлардың ол заңға бағынбайтыны жоқ. Қоян сол заңға бағынып, қыстың күні қардай ақ болады да, жазды күні көк шөпке ұқсап, көк болады. Қоянның олай түсі өзгермей қалғаны болса, ол табиғаттың талғауына жарамай, тұрмыстың тартысына шыдай алмай, жоғалуы тиіс: қыстың күні ақ қардың үстінде түсі басқаша болып жүрген көк қоян да, жазды күні қара жердің үстінде өзгеше болып жүрген ақ қоян да бүркіттің тырнағына, тазының тісіне, мергеннің оғына басқа қояндардан бұрын түсуі тиіс. Ондай қояннан тұқым да қалмақшы емес. Қоянның бұлай қыстың күні ақ, жазды күні көк болып, тұрмыстың  тартысына  әдіс қыла алатын болып шығуы бірден болмаған: қоян неше мың жылдай табиғаттың талғауына түсіп, сұрыптала келе, осылай түсін өзгертетін болған. Қоянның бұлай түсін өзгертуі, түсін өзгертетін болып шығуы – табиғаттың заңы, оған адамның айласы қосылмаған.

Бір кезде ағылшынның ақсүйек серілері, тұрмыстың қызығына тоймайтын сұлулары шолақ тұмсық көгершінге әуес болған, сұлу қатындардың көңілін аулау үшін  қолда ұсталатын көгершіндердің тұмсығы шолақтары аса қымбат болған да, ұзын тұмсықтары бағасыз болған. Қолда өсіп үйренген ағылшынның көгершіндері  тұмсығы ұзын болып, қожасына ұнамай, еркіне жіберілген соң, өз бетімен күн көре алмай қырыла берген, олардан тұқым да қалмаған. Тұмсығы қысқа көгершіндер өсіп, көбейе берген. Әуесқой әйелдердің (табиғаттан емес) талғауына түскен соң бұл шолақ тұмсық көгершіндер де сұрыптала келе, тұмсықтары мүлде қысқарып, ақырында балапандары жұмыртқаның қабығын да өз тұмсығымен жарып шыға алмайтын болған. Олардың күні толғанда қожалары жарып шығаратын болған.

Араб жылқысы ежелден жер үстіндегі жылқының жүйрігі деп саналатын еді. Ағылшынның атбегілері сол араб жылқысының жүйріктерін жиып, жүйрігін жүйрікке салып, сұрыптап өсіре келе, араб жылқысынан артық жүйрік қылып шығарды. Ағылшынның сол араб жылқысынан сұрыптап шығарған жылқы тұқымын осы күні ағылшын жылқысы деп атайды. Ағылшын жүйріктері минутына шақырым шабады.

Міне, бұл ағылшын көгершінінің шолақ тұмсық болып шығуы, ағылшын жылқысының  сұрыпталып өрен жүйрік болып шығуы өз бетімен ғана емес, жалғыз ғана табиғат заңынша емес, бұған адамның ақыл-айласы қосылған,табиғат құбылысын, адамның айласын өзінше үлгіртіп шығарған.

Сүйтіп, табиғаттың құбылысы екі түрлі болады: бір түрі – адамның ақыл-айласы қатыспаған, өз бетімен болатын құбылыс (бұған мысал: қоянның түсінің өзгеруі); екінші түрі – адамның ақыл-айласымен болған құбылыс. 

Мұның әуелгісіне «дағдылы құбылыс» деп, екіншісіне «айлалы құбылыс» деп ат қойылған.

 

(«Елдес»)

 

Ескертпе: Бұл «Тайбағар» деген бүркеншік ат қойылған мақаланың үзіндісін Ахмет Байтұрсынов «Сауат ашқыш» кітабында жариялаған. Үзінді астында «Елдес» деп автордың аты-жөні көрсетілген. («Тіл тағылымы» (Алматы: 1992 ж.)

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ғылым төңкерісі

 

Салт-сананың төңкеріс жолымен өзгере алатынын Кеңес үкіметінің жеті жылдық тәжірибесі айқын көрсетіп отыр. Октябрь төңкерісі жалпы төңкеріс болған соң, оның салдары тимеген тұрмыстың тарауы қалған жоқ. Октябрь төңкерісінің салдары салт-сананың тетігі – оқу ісіне де тиді, –жалпы төңкерістің салдарымен ғылым төңкерісі де болды.

Ғылым төңкерісі деген – ғылымның негізгі бір заңының ашылуы сықылды өзгерістер. Мәселен, электр ағынынан болатын жылудың мөлшері тақырыпты «Джоуль мен Ленц заңы», кең жүйесі тақырыпты «Менделеев заңы» сықылды заңдардың ашылуын ғылым жөнінде болған төңкеріс деуге болады. Жалпы төңкерістің салдарымен ғылым төңкерісі де болды деген сөзді: жалпы төңкеріс болған соң, ғылымның бұрын ешкім білмейтін негізгі заңдары ашылды деп  түсінуге де болады. Бұл сөзді солай түсініп, «төңкерістің арқасында ашылған ғылымның қандай негізгі заңдары бар?» деушілердің болуы мүмкін. Біздің оларға айтатынымыз: жаңа айтылған – салт-сананың төңкеріс жолымен өзгере алатыны – ғылымның негізгі заңы, бұрын бұл заңға шәк келтірушілер болғанымен, салт-сананың төңкеріске түсе алатынын көзбе-көз көрген соң, оған енді шәк келтіруге болмайды. Бұл заңның растығын сипаттап отырған Октябрь төңкерісі. Бірақ біздің «ғылым төңкерісі»  деп отырғанымыз: ғылымның ондай жаңа заңдарының ашылуы емес, ғылым жолында, оқу, оқыту істері тақырыпты Кеңес үкіметінің қолданып отырған жаңа саясаттары.

«Салт-сананың тетігі – оқу, ғылым» – деп едік. Ғылымның салт-санаға әсері болмай қалмайды, бірақ бұрын ғылым салт-санаға тетік боларлық әсер берген емес. Салт-сананың нағыз тетігі – ғылым емес, кәсіп жасау. Елдің қолданған кәсібі, кәсібінің түрі өзгермей, құрғақ ғылым салт-сананың өзгеруіне артық себеп бола алмайды. Капиталшының қолданған кәсібі – жалшылардың еңбегін олжа қылу, сондықтан капиталшы сол кәсібінен қол үзбей, қандай ғалым болса да, кісі ақысын жеуді теріс деп түсіне алмайды.

Өмір бойы бір зауытта іс істеп, жолдас болған, бірімен бірінің мұңы бір, жоғы бір, тетігі бір, тілегі бір жалшылар, қанша надан болғанмен де, біріне бірі мейірімді келеді, малжандылық, озбырлық мінездері болмайды. Салт-санаға ғылымның әсерінен де кәсіптің әсері күшті. Сондықтан салт-сананы тәрбиелеу үшін құрғақ ғылымның пайдасы аз болған соң, Кеңес үкіметі ғылымды құрғақ күйінен өзгертіп, кәсіппен, іспен үйлестіріп отыр.

Кеңес үкіметінің бірінші басқыш мектептерінің бәрі де баулу мектебі аталады. Баулудың мәнісі:  балаларға ғылымды құрғақ күйінде үйретпей, сол ғылымын пайдалана алатын қылып, іс істетіп үйрету. Октябрьден бұрын ғылым басқа, іс басқа болатын. Ғылым үйренген кісі өз қолымен іс істемей, істен, қара жұмыстан жиренетін болып тәрбиеленетін, сондықтан ескі мектепте оқығандардың түсінуінше, өздері – төре, қара жұмыс істейтіндер – құл, мал есебінде болатын; сондықтан ескі мектепте оқығандар жалшы бұқараға шын ықыласымен тілектес бола алмайтын; сондықтан бұрын қара шаруаның балалары да ескі мектептен оқып шыққан соң, әке-шешесінен айырылып, басқа таптың (оқығандар табының) адамы болып, қара шаруаға бөтен кісі болып кететін.

Бұл күнде Кеңес үкіметінің баулу мектебінде оқыған балалар қара жұмыстан жиренбейтін болып тәрбиеленеді, бірігіп, одақтасып іс істейтін болып үйренеді. Салт-санасы жасынан-ақ жалшылардыкіндей болып тәрбиеленеді. Ескі мектепте оқыған шаруаның баласы, әкесі мектепке жыртық күпісімен келгенде, оны басқа жолдастарына көрсетуге ұялатын еді, әкесінің қара шаруа екенін жолдастарына білдіргісі келмейтін еді. Баулу мектебінде оқыған кедейдің баласы  кедей екеніне арланбайды, жасынан өзі іс істеп, кедейді, қара жұмыс істейтін жалшыларды сыйлап үйренеді. Кеңес үкіметінің екінші басқыш мектептері де, жоғары мектептері де солай; ешқайсысында ғылым мен іс бірінен бірі айырылмайды. Сондықтан кеңес мектебінен оқып шыққан жастар қара жұмыстан жиренбейтін болып, қара жұмыс істейтін шаруаларға, жалшыларға шын көңілмен жаны ашитын болып, салт-санасы коммуна дәуіріне дәл келіп шығады.

Октябрь төңкерісінің арқасында болған ғылым төңкерісінің бір түрі осы: мектептеріміздің, бұрынғыдай құрғақ ғылым үйретудің орнына, үйренген ғылыммен пайдаланып іс істеп үйрететін баулу мектептері болғаны.

Ай мен күндей, әлемге бірдей атанған, әммеге бірдей болуға тиіс ғылым: Октябрьден бұрын әммеге бірдей емес еді. Әммеге бірдей жер мен суды өзінікі қылып алып, еңбекші бұқараға жалдап, майын ғана беретін байлар ғылымды да өзінікі қылып алып еді; жалшыларға, еңбекші бұқараға, әсіресе,  қазақ сықылды бұратана ұлттарға капиталшылар ғылымның майын да бермейтін еді. Жалпы төңкерістен бұрын ғылым үйренемін деген қазақ баласы тоқсан тоғыз тосудан өтіп барып үйренетін; кедейдің ол тосудан өтуге әлі келмей, жолда қалатын. Үкімет қазақ баласын оқытқанда, тек өзінің сойылын соғатын қылып шығару үшін ғана , қазақты орыс дініне айналдыру ниетімен ғана оқытатын. Оқу орыс тілінде ғана болатын.Қазақ тілінде оқу түгіл, оқитын кітап,газет, журналдардың болуына да қарсы айлалар құратын. Қазақ тілінде жазылатын кітап болса, оның орыс әрпімен жазылуын қарастыратын еді. Өз бетімен оқығандар болса,олар да қазақ тілінде оқи алмайтын,татарша, сартша иә арабша ғана оқитын. Жалпы төңкеріс ғылымды да жалпыландырып, ғылым үйренуге қарсы құрылған бөгеулердің  бәрін де жойды. Кеңес үкіметі, ең алдымен, бұрын ғылымға қолы жетпей жүрген жалшылардың, бұқараның, қазақ сықылды бұратаналардың балаларын оқытуға кірісті. Езілген тап, езілген ұлт басқалармен заң алдында тең болса да, тұрмыста тең болуы қиын болмақшы, шынымен теңелу үшін оның өнері, білімі де тең болуы керек. Сондықтан, Кеңес үкіметі ең алдымен езілген ұлттың өнерін, білімін арттыруға кірісті. Оқу жат тілде болса, жұғымды болмайды,әсіресе, жас балаларға түсінікті болмайды. Сондықтан Кеңес үкіметі оқудың ана тілінде болуын шарт қылып, қазақ  сықылды өз тілінде  жазулы кітаптары жоқ ұлттардың әдебиетін күшейтуге кірісті, әр ұлттың өз тілінде ғылым кітаптарын шығаруы, кестелі әдебиетін күшейту қамына кірісті. Сонымен Октябрьдің арқасында қазақтың да оқуға қолы жетті. Орынбор, Семей, Ташкент сықылды ірі қалаларда бұл күнде оқып жатқан қазақ балаларының саны бұрынғыдан жүз есе артық деуге болады. Мұның саны қандай берекелі болса, сапасы да сон

Оставить комментарий

Связанные Статьи