Кемтар балалардың ауыр тағдыры

/uploads/thumbnail/20170710012845225_small.jpg

Адам – қоғамның басты байлығы. Адамның ең маңызды игілігі – жеке басының бостандығы мен құқықтары десек, еліміздегі балалар үйінің, мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамнан тыс қалмауына қаншалықты мән беріліп жатыр деген сауал өз-өзінен туындайды деп жазады anatili.kazgazeta.kz

Елбасының 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында да мүмкіндігі шектеулі жандарға көбірек көңіл бөлу қажеттігі туралы айтылған болатын. Осы орайда тағы бір өзекті мәселенің, яғни кемтар болып жаратылған жандардың жай-күйі, өмір сүріп жатқан ортасы, ахуалы қандай деген сауалға жауап іздеп, Алматы қаласындағы №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығын бетке алған едік. Аталған ғимараттың іргетасы 1963 жылы қаланған екен. Қазір мұнда 152 бала тәрбиеленуде. Олардың дені БЦП, даун синдромы, аутизм, шизофрения секілді ауруға шалдыққандар, сондай-ақ көзі көрмейтін, құлағы естімейтін және т.б. пси­хоневрологиялық ауруларға душар болған балалар да бар. Жас шамалары 3 жастан 18 жасқа дейінгі аралықта.
Ата-анасы бас тартып, перзентханаға тастап кеткен немесе ата-ана құқығынан айырылғандардың перзенттері көп жағдайда өмірдің бұл соққысына шыдас бергенімен, өмір бойы ата-анасын іздеп, аңсап, бір көруді армандап, ананың аялы алақанын, мейірім-шапағатын іздейтіндігі әбден түсінікті. Өкінішке қарай, 152 баланың 15-20-сының ата-анасы ғана ­айына, жылына бір-екі мәрте келіп, жүздесіп кететін көрінеді. Қалғандары мүлдем хабарласпайды, іздемейді, нәрестесінің жағдайын білгісі де келмейді.
Мекемеге келгенімізде, бұл кез тынығу уақыты екен. Әдіскер Әлия Балтабайқызы жол бастап, оқу-жаттығу бөлмелерін аралап, балалардың өз қолдарымен жасаған жұмыстарымен танысып шықтық. ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 28 қазандағы №1222 қаулысы бойынша стандартқа сәйкес әр балаға жеке жұмыс жоспары құрылып, жеті бағыт бойынша қызмет көрсетіледі. Әлеуметтік-медициналық қызмет, әлеуметтік-педагогикалық қызмет, әлеуметтік-тұрмыстық қызмет, әлеуметтік-еңбек қызметі, әлеуметтік-психологиялық қызмет, әлеуметтік-экономикалық қызмет түрлері бойынша әр топқа бөлінген балалармен арнайы мамандар жұмыс жасайды.
Балалар күніне бес мезгіл тегін тамақпен, киім-кешекпен қамтамасыз етілген. Тұрғылықты жері бойынша тіркелген емханаға барып емделеді.
Еңбекке баулу тобында 2009 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан Күләш ­Назарова балалардың өмірге құштарлығын, білуге, машықтануға, үйренуге қызығушылығын арттыру мақсатында аянбай тер төгіп келе жатқан маманның бірі.
– Балаларға әбден бауыр басып қалдық, топтағы 12 баланың әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Барлығын туған баламыздан артық көрмесек, кем көрмейміз. Олардың еңбекке қызығушылығы соншалықты шынайы екендігін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Сөйлеуге, естуге мүмкіндігі болмағанымен бір-бірімізді жүрекпен түсінісеміз. Адамның қас-қабағына қарап, көңіл күйіңнің қандай екенін сезіп қояды, – деп жылы жымиды Күләш Түзелқызы.
Баланың қабілет-қарымын, мінез-құлқын ескере отырып, сабырлылық танытқан жерде ғана нәтижеге қол жеткізуге болатындығын байқадық. Әр баланың өзіндік арманы бар. Қандай істі қолға алса да құлшыныспен, жауапкершілікпен атқарады. Балалардың жасаған жұмыстарына қарап сүйсінесің. Шығармашылық жұмыстарымен де танысып көрдік. Түрлі байқауларға да қатысып тұрады екен.
Құбылмалы ауа райы балалардың мінез-құлқының өзгеруіне жиі әсер ететін көрінеді. Мұндайда Сенсорлық бөл­меде орналасқан дидактикалық оқытуға арналған құрылғы, сарқырама талшықтары, түсін өзгертетін талшық, психикалық және эмоциональді дамуы жақсарып, қимылдау арқылы баланың қан айналым жүйесінің дамуына көмектесетін құрғақ бассейн, уыстап ұстау, шымшып ұстау, себелеу, т.б. қолдың ұсақ моторикасын дамытатын құм терапиясы, құммен сурет салу секілді бірқатар жаттығулар жасалады.
Әрине, арнаулы мекеме өз тарапынан қолдан келген шаралардың барлығын да жасап отырғанын байқадық. Бірақ, бүгінгідей материалдық-техникалық базаның дамыған заманында осындай арнаулы балалар мекемелеріне басқаша көзқараспен қарайтын уақыт жеткен сыңайлы. Неге десеңіз, ғимараты соншалықты кең емес. Бөлмелері аядай ғана. Қызметкерлері де, балалар да қысылып-қымтырылып отырғандай әсер берді. Стандарт бойынша 1 балаға 4 шаршы/метр болу керек болса, бұл жерде 1 балаға 2 шаршы/метрден ғана тиіп отырғаны да көңілді құлазытатын жағдай. Әрі 2-3 маманның бір бөлмеде болуы да еркін жұмыс істеуге мүмкіндік бермейтіні түсінікті. Оның үстіне денешынықтыру бөлмесі де, бассейн де жоқ. Кітапхана неге ашпасқа?
Бір таңғаларлығы, 3-18 жас ара­лығындағы балаларды ғана қамтуы тиіс мекемеде бүгінгі күні 20-23 жас аралығындағы жиырмадан астам бала тұрып жатыр. Себеп, олардың да барар жері, басар тауы болмағандықтан. Неге осындай өткір мәселелерге назар ­аударылмай келеді? Бұл жалғыз Алматы емес, еліміздің өзге де қалалары мен облыс орталықтарына тән десек, артық айтқандық болмас. Өйткені кемтар балалардың ыңғайлы өмір сүруіне дұрыс жағдай туғызу – арнайы қарастыруды қажет ететін мәселе. Мұндай мекемелерге көп адамдар бас сұға бермейтіні анық. Депутаттарымыздан бастап, қоғамдық ұйым өкілдері, жанашыр азаматтар атбасын бұрып, тыныс-тіршіліктерімен танысып тұрса, көптеген түйткілдер оң шешімін табатыны айтпасақ та түсінікті.
Демек, ондай балаларға қамқорлықты әлдеқайда арттыруымыз қажет. Елімізде «Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» Заң бар. Осы Заңға бүгінгі заман талабына сай өзгерістер енгізіп, арнаулы мекемелерге тиісті жер бөлу, еңселі ғимараттар салу, күтіп-бағатын мамандарды арнайы оқытып, кәсіби деңгейлерін арттыру, кәмелет жасына толғаннан кейін де тиісті қамқорлықтарды жасау тәрізді шараларды қолға алуымыз керек. Қамқорлық жасалмай отыр деуден аулақпыз. Бірақ көзбен көріп, көңілге түйгенімізге қарағанда, ол соншалықты бір ауыз толтырып айтарлықтай дей алмас едік. Қайтейік, көрген шындық осы.
Әке орнына әке, ана орнына ана болу екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Демек, мұндай санаттағы балаларды қарауы тиіс арнайы мамандар даярлауды қолға алатын уақыт жетті. Олар медицинадан, физиологиядан, психологиядан, дефектология және т.б. салалардан жан-жақты хабардар болғаны жөн.
Мекеме қызметкерлерінің алатын еңбекақысы да мардымсыз. Психологиялық тұрғыдан ауыр тиетін жұмысқа лайықты еңбекақы төлеуіміз қажет емес пе? Алайда мұғалімдердің еңбекақысына белгілі мөлшерде пайыз қосылып көбейген кезінде бұл жақта ешқандай өзгеріс болмайтын көрінеді. Ашығын айтқанда, 28-35 мың теңге аралығындағы жалақыға зияндылығы үшін қосылатын үстемақыны қосқанда, кей жағдайда бір жарым ставкамен есептегенде бар-жоғы 40-60 мың теңгенің айналасындағы еңбекақы төленеді. Кадр тапшылығын байқау қиын емес. Айталық, 11 дефектологтың орнына 6 маман ғана жұмыс жасап жүргенін білдік. 152 балаға екі психолог та аздық ететіндей. Демек, мұндай мекемелерді кадрмен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінде тұр. Бұған тиісті назар аударатын уақыт келгені анық. Сонымен қатар ол жерде қызмет істейтін мамандардың зейнетақы жасын төмендету жайын неге қарастырмасқа? Себебі жүйкеге түсетін ауыртпалықты айтып жеткізу мүмкін емес.
Иә, кемтар балалармен жұмыс істеу оңай шаруа емес. Сондықтан да Үкімет тарапынан, аталған мекемеге жауапты министрліктер мен басқармалар тарапынан, әсіресе осы мекемеге тікелей басшылық жасайтын Алматы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы біз тілге тиек еткен мәселелердің оң шешілуіне ықпал етсе дейміз.

Бағдагүл Балаубаева

Оставить комментарий

Связанные Статьи