Бүгінгі таңда қыздарымыз шетелдік азаматтарға тұрамысқа шықты деп жар салып, сын астына алған азаматтардың талайын көрдік. Алайда, өзге ұлттан қыз алып жатқан жігіттеріміз де аз емес. Тек қыздарымыздың шетелге кеткенінен жігіттердің өзге ұлттан қыз алып жатуының айырмашылығы орасан зор. Қазаққа күйеуге шыққан өзге ұлттың қызы дүниеге қазақтың ұрпағын әкеледі, қазақ отбасына сіңіседі, мәдениетін таниды, салт-дәстүрін меңгереді. Тіпті, қарап отырсақ, қазақтың білімді, зиялы азаматтарының өздері өзге ұлттың қызын жар еткен. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Мұстафа Шоқай, Қаныш Сәтбаев, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов сынды тұлғалар орыс, татар қыздарын таңдаған. Қазаққа жар болған өзге ұлттың қыздары исламды қабылдап, қазақтың отбасына сіңіскен. Осы тұлғаларымыздың Алашқа танылуына сіңірген еңбектері де аз емес екенін ескере кетуіміз қажет.
Осы тақырып аясында «Егемен Қазақстан» редакциясы сөз қозғап, қазаққа келін болып түскен орыс қызының өзге ортаға тез сіңісіп, отбасының бөлінбес бір бөлшегіне қалай айналғанын жазды.
Бір компанияда қызмет еткен Талғат пен Наталья екі жыл бұрын танысқан. Ара-тұра жиналыстарда кездестірген сүйкімді, талдырмаш бойлы бойжеткен бозбаланың назарын бірден аударған. Арадағы «сіз-біз» дескен сыпайы қарым-қатынас кейін оттай лаулаған сағыныш сезіміне айналғанын қос ғашық сезбей қалған.
Талғат өмірлік жар болуға ұсыныс жасағанда Наталья бірден келісім бермеген, көп ойланған. Көз алдына қарайласар ешқандай туған-туысқаны жоқтығы елестеп, кеудесін ащы өксік қысқан. Есін білмейтін кезде әкесі көз жұмған. Анасы әлі күнге дейін үшті-күйлі хабарсыз кеткендердің санатында жүр. Жалғыз бауырының қайда екенін білмейді. 6 жасынан жетім балалар үйінде тәрбиеленіп, мемлекет қамқорлығының арқасында еш кемдік көрмей өсті.
Білімге деген ерен құштарлығының арқасында М. Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжді қызыл дипломмен бітіріп, әлеуметтік қызметкер мамандығын алып шықты. Жұмысқа орналасты. Сөйтіп жүргенде қазақтың жампоз жігіті сөз салып, өмірлік жар болуға ұсыныс білдіргенде не айтарын білмей тосылып қалған. Туған-туыстары мені қалай қабылдар екен деген ауыр сұрақ көлбеңдеген. Қазақтың тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін қанша меңгерсе де, тартыншақтана берген. Тек Талғаттың «қобалжыма, бәрі жақсы болады» деген демеу сөзі дем берген. Алғашқы танысуға барғаны әлі күнгідей көз алдында.
− Бәрінен бұрын өзімді емес, Талғатты аядым, қатты қиналып жүрді. Таңдауына туған-туыстарының қарсылық танытқанын айтқанда, сенесіз бе, менің бойымдағы қорқыныштар сейіліп сала берді. Бәрі дұрыс шешілетіндей ерекше сенім пайда болды. Бөтен шаңырақтың табалдырығын алғаш аттасам да, бірінші жүздесуден-ақ бұрыннан білетін жандарша еркін сөйлесіп, тіл табысып кеттік. Менің жан-дүниемді түсіне білген ата-енем – әлемдегі ең жақсы адамдар, – дейді оларға алтын асықтай немере сыйлап отырған жас келіншек өткен кезеңді еске түсіріп.
Ол «қазақтың келіні болу – керемет, ең бастысы, ағайын-туыстың көптігі. Отбасымызбен қазақ, орыс мейрамдарын атап өтеміз. Қазақ тілінде сөйлесеміз. Ұлымыздың есімі – Алан. Оның атын ата-енем қойды. Мен достарыма «Жетімдіктің зарын көп тартып едім. Енді қазаққа күйеуге шығып, жарты қала менің туысым болып шықты» деп қалжыңдаймын. Үлгілі, өнегелі шаңырақтың бөлінбес бір бөлшегіне айналғанымды маңдайыма жазылған бағым, бақытым санаймын», − дейді Наталья.
Отағасы Жасұлан мен отанасы Клараның «Аралас некені сөгетіндерге айтарымыз: кесір, қыңыр адамдар кездеседі, ал жаман ұлт болмайды» деген пікірлеріне алып-қосарымыз жоқ. Бұл екеуі де тосын жағдайда танысқан. Жасұлан Ресейдің Челябі қаласында оқып жүргенде оралдық курстасы үйленіп, Клараны сол тойда жолықтырады. «Тағдырдың жазуынан ешкім қашып құтылмайды. Әйтпесе, сылқылдыған сұлулар теріскейден де кездесер еді. 1983 жылы отау құрып, содан бері бір шаңырақ астында тату-тәтті тірлік құрып келеміз. Келініміз тілі мен ділі мүлдем бейтаныс ортаға тез сіңісіп кетті. Елгезек, ақжарқын, бауырмал. Нәдия деген қазақи есімді қуана қабылдады», дейді ата-енесі.
Фото: «Егемен Қазақстан» редакциясынан алынды
Оставить комментарий