2017 жылдың 11 сәуірі - Алматыда фермерлерге арналған «Көкөніс шаруашылығы негіздері» атты оқу модулін таныстыруға орай баспасөз мәжілісі өтті деп хабарлайды "Қамшы" ақпараттық агенттігі. «Шелек фермерлері» зерттеу командасының үш жыл ішінде жинақтаған табысты тәжірибесіне және де осы бағытта жасалған жұмыс нәтижелеріне сүйене отырып дайындалған аталмыш модульде өсімдік шаруашылығы саласында бизнес жүргізудің барлық мәселелері қамтылған.
Модуль әкімдіктер жанындағы ауылшаруашылық бөлімдерінің, ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылымдық бөлімшелерінің, Ауылшаруашылық министрлігіне қарасты аймақтық бөлімшелердің қызметкерлеріне, сондай-ақ, көкөніс шаруашылығында инновациялық технологиялар көмегімен фермерлік шаруашылықтардың өнімділігін арттыруды көздейтін отандық жоғарғы оқу орындары мен ғылыми мекемелердің жұмысшыларына, фермерлерге арналған тиімді оқу құралы болып табылады. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен биыл «Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті қауымдастықтар қоры» дайындалған осы модуль бойынша Алматы облысындағы 500-ден астам фермерге арнап семинарларды өткізуді жоспарлап отыр.
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Жеміс-көкөніс шаруашылығы және экология» кафедрасының меңгерушісі, профессор Нәзия Сүлейменова атап өткендей: «Оқу құралында инновациялық технологиялар мен әлемдік тәжірибені қолдану арқылы көкөніс шаруашылығын дамытуға қатысты қолданбалы ұсыныстар келтірілген. Сондай-ақ, оқу құралында фермер дұрыс есеп-қисап жүргізу, күрделі қаржы шығынын есептеу, фермерлік кооперативтерді құрудың пайдасы және де ауылшаруашылық өнімдерін өткізудің тиімді тәсілдері жөнінде кеңінен ақпарат ала алады».
«Шелек фермерлері» жыл сайынғы байқауының жеңімпазы атанған 8 фермерлік шаруашылықта көкөністерді шпалера көмегімен, агроталшық астында, жабық топырақ ішінде, тамшылатып суару әдісін қолдана отырып өсіруге арналған инновациялық технологияларды ендіру ісі 2017 жылы да жалғасын тауып отыр. 4 шаруашылықта келешегі мол бұрыш пен қызанақ сұрыптарына жүргізілген сынау нәтижелерін көрсету аясында эксперименталдық жұмыстар өткізілмек.
Осыған қоса «Rijk Zwaan» және «Rinda» компанияларымен ынтымақтаса отырып, 9 шаруашылықта басқа да көкөніс түрлерінің, соның ішінде жылыжайда өсетін көкөніс сұрыптарын сынауға бағытталған эксперименттер жүргізілетін болады.
Осыған орай «Расул» жеке шаруа қожалығының фермері Ролан Ибрагимов былай деп атап өтті:
«Өткен жылы мен егін алқабындағы 1 гектар жерге және үйімнің жанындағы жылыжайдың 2 соткасына қызанақ отырғызып, егін алқабындағы 1 гектардан 10,6 тонна, ал үйімнің жанындағы екі соткадан 3,5 тонна өнім алдым, бұл 1 гектар жерден жиналатын өнімнің 175 тоннасына тең. Алғашқы көкөністерді әдеттегіден ертерек жинап алғандықтан, оны қымбатырақ бағаға сата алдым. Ал соңғы өнімді қарашаның соңында жинадым, қызанақтың нарықтық бағасы осы кезеңде жоғары болады. Мен көкөністі қажетті уақытта өсіруді үйрендім, яғни көкөністер жаппай жиналатын кезеңнен бұрын немесе одан кейіндеу өнімді сату біздер, фермерлер үшін аса тиімді, өйткені осы уақытта көкөністер қымбатырақ тұрады. Сондай-ақ, ақырғы тұтынушылар да бұдан ұтады, өйткені көкөніс маусымы аяқталған кезде нарық шеттен әкелінген өнімдермен толады, ал сатып алушыда жаңадан піскен, оның үстіне жергілікті көкөністерді сатып алуға мүмкіндігі болады. Нәтижесінде мен 1 гектар егін алқабынан жиналатын өнімге қарағанда, аз еңбек жұмсап, шағын жылыжай телімінен 3 есеге көбірек пайда түсірдім. Биыл мен тағы бір жылыжайды салып отырмын».
Сонымен қатар, 2017 жылы «Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті қауымдастықтар қоры» өз күшін фермерлер кооперативінің тиімді үлгісін құру және оларды ресми түрде тіркеуге бағыттамақ. Кооператив құрамына үш жылдық тәжірибелік жұмыс аясында ең үздік нәтижелерді көрсеткен және шаруашылығы тұрақты фермерлер кірмек.
Сондай-ақ, фермерлер көкөністерді ешбір делдалсыз «Арзан» супермаркеттеріне өткізуде. Өнімді осындай тікелей тетік арқылы өткізудің жөнге салынуы аталмыш жобаның негізгі жетістіктерінің бірі болып табылады. Бұл фермерлердің түсіретін кіріс көлемін орташа есеппен алғанда 30-40%-ға ұлғайтып отыр. 2015 жылы көкөністің 89 тоннасы, ал 2016 жылы 155 тоннасы өткізілді.
Оставить комментарий