Бір елді су, бір елді қар басуда.
Басқыншылық басқа елде жалғасуда.
Қара көзден қанды жас құйылып кеп,
Толықсиды өзендер арнасында.
Гүлдеп тұрған бақтарды үсік шалды.
Туылғалы тұрған төл түсіп қалды.
Орман, таулар кенеттен отқа оранып,
Қаша алмаған қаншама аң пісіп қалды!
Пісіп қалды балық та теңіздегі.
Дінсіздіктен бүлінген негіздері,
Тоғыз жасар қыздарын топқа салып,
Ең жексұрын табысты ел іздеді.
Шырылдаса жөн айтып шын асыл ер,
Тыңдамайды сөздің ең расын ел.
Жеті ағайын жұт кезсе жердің бетін,
Соның бәрі адамның күнәсінен.
Төтенше бұл жағдайды патша көріп,
Қазынадан жөнелтер ақша бөліп.
Ол ақшаға «Құдайдың бергені!» деп,
Жетер небір жемқорлар атша желіп.
Алармандар анталап аласұрған.
Ала көзі қанталап жанатындар.
«Бұрын келген молырақ қармайды» деп,
Бүлінгеннен бүлдіргі алатындар.
Қар көшкіні... біресе құрғақшылық.
Құрымасақ келер-ау бір жақсылық!
Аятынан Алланың адамдарға
Әумесердің әні тұр қымбат шығып.
Даңғаза мен дақпырттан құлақ тұнып,
Даңққұмарлар далбақтап жүр аптығып.
Кешегі жан беруге дайын достар,
Кетуде бірін-бірі лақтырып.
Теңдесі жоқ жасардай сұмдық ерлік,
Жүз грамды жұттық та жынды болдық.
Содан болар шегіртке, бұршақ түгіл,
Өрмекшілер жауған бір күнді көрдік.
Алдау-арбау айналаң, пара, жала...
Пейілінде пенденің қара жара.
Жұмсақтықтан жүректер жұрдай болып,
Тасқа айналып келеді бара-бара.
Жылылыққа шақырған сөзден жеріп,
Оң-терісті, қанекей, безбендер жұрт?
Еміс-еміс құлақпен естігенді,
Оқтын-оқтын қаламыз көзбен көріп.
Азғындаған рухы ел жүдеді.
Еркекке еркек емексіп елжіреді...
Қарағай басын шортан шалғандайын,
Көрінді ақырзаман белгілері.
Жаңалықтар жаңғырып жаһанға жат,
Үлкенін сабайды жас сақалдан ап.
Атың өшкір «қызтеке» дегендерді
Көріп пе екен бұрындар атам қазақ?
Шектен шыққан шірікті кім тыя алар?
Айту тұрмақ тыңдауға жұрт ұялар,
Өліп қана қалмастан жүр-ау небір
Өз жынысын өзгерткен сұрқиялар.
Жаңылған соң шаһадат кәлимаңнан,
Жамандыққа айналар пәни жалған.
Шырылдатып қыз емес,
Шырқыратып
Сәнге айнала бастады сәби зорлау.
Құдайдан қорықпаған кісі - надан.
Шайтанға ілескеннің ісі - жаман.
Қаншама қауым кетті тып-типыл боп,
Алланың қарғысына ұшыраған?!
Жалын шарпып өтсе де жалаңдаған,
Дауыл жайпап өтсе де далаңдаған,
Таудай-таудай толқындар тулап келіп,
Жағадағы ел жағдайы жаман болған.
Қаһарланып қара жер сілкінгенде,
Қалалар қирап қалған заман болған.
Жермен-жексен болса да жер дүние,
Құран менен мешіттер аман қалған!
Ауыр апат жетсе де, жойқын қайғы,
Байқамайды көпшілік айқын жайды.
Қанша шығын болғаны хабарланып,
Неге олай болғаны айтылмайды.
Айтпайды оны. Ал біреу айта алмайды.
Жер анамыз бекерге шайқалмайды.
Күнәлардан тыйыл да, көмек сұра,
Алла ешқашан тілекті қайтармайды!
Оставить комментарий