Қазақ тіліне деген немқұрайдылық медиа саланың дамуын тежеп тұр

/uploads/thumbnail/20170710014739139_small.jpg

Марғұлан Ақан - 1993 жылдың 8 тамызында ҚХР  Алтай аймағы, Көктоғай қаласында дүниеге келген. Блогер, ақын. "Көктоғайдан көшкен бұлт" кітабының авторы. Халықты өзінің түрлі тақырыптарға жазылған толғамды мақалаларымен cусындатып жүрген азаматтардың бірі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың түлегі, қазір магистранты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тәрбие департаментінің жетекші маманы; "Массагет" қазақ жастар порталының контент-менеджері.

Марғұлан туралы жас ақын Нұртас Тұрғанбекұлы осындай бір жылы лебіз білдірген еді. «Марғұлан Ақанның туындылары жалпы жастар арасында біраз танымалдылыққа ие! Олай болмауы да мүмкін емес. Себебі, жас ақынның жаралы жанында жалғанның мұңы, жартыкеш өмірдің өзегі жатыр! Ішкі сезімі арпалысқа түскенде қолына қалам алып, қайырымсыз тірлікпен қақтығысқа түседі. "Туғанда несіне жылап ем?!"-дейді. Расында осы тіркес адам туғанда не үшін жылайды деген тағы бір сұрағы мол тарауға жол бастайтындай. Көктоғайдан бұлтпен көшіп, жауынмен жалт етіп оралатын жігіттің жанына кез келген сұлулық құмартары анық. Өлең өлкесінде өзіндік өрнегі қалып, өресі биік жырларды дүниеге əкелуіне тілектеспін!»

 Негізде: Жаңа медиа жайлы қазіргі кезде кез-келген адамнан сұрауға болады, алайда журналист ретінде өзіңе толыққанды және тұшымды жауап алуың оңайға түспейді. Басты себебі, қоғамда жаңа медиа ұғымы толыққанды өзінің орнын қалыптастырып үлгермеді. Бұндай жағдайда кейіпкердің жаңа медиа жайлы түсінігі белгілі бір деңгейде сізді қанағаттандыратындай бола қоюы екіталай. Сол себептен де сұхбат алмас бұрын өз кейіпкерімнің қаншалықты медиа өнімдермен тығыз байланыста жүретінін барынша ескере отырып, берілген тапсырмаға жан-жақты талдау жасағым келді.

Марғұлан осы медианың құралдарын қолдана отырып, әлеуметтік желілерде, интернет әлемінде өзіндік орнын қалыптастырып келе жатыр. Күнделікті жазылған блог, мақала, өлең сынды дүниелерін оқып, пікір қалдыратын адамдардың да саны көп. Бұл кейіпкеріміздің өмірлік мақсаттары мен армандары медианың  беріп жатқан мүмкіндіктері арқылы іске асып жатқанын көрсетеді. Сол үшін де оқырманға да өзіндік бір көмегін тигізуі ықтимал.

Сауалнама:

- Сіз үшін «жаңа медиа» деген түсінік қашан қалыптасты және алғаш интернет желісін қолдана бастаған кезіңіз жайлы айтып өтсеңіз?

"Жаңа медиа" деген түсінік университет қабырғасында жүрген кезде пайда болды. Оның өзінде әлеуметтік желіге тіркеліп, әртүрлі ақпараттарды оқи бастаған күннен бастап. Ең алғаш әлеуметтік желіге 2010 жылы келдім.  "Агент" дейтін әлемге ете еніп, көзбе-көз сөйлесуден қалдық. Уақыт өте келе сана қалыптасып, дамып түрлі желілерге тіркеліп, өз жолымызды сала бастадық... Шынымды айтсам, 2010 жылға дейін менің ақпарат көзім газет-журнал, ТВ болатын. Сол кездерді сағына бастадым...

   - Интернет құралдарын қаншалықты тиімді пайдалана алып жүрсіз және сізге қандай зияндарын тигізіп жатыр ?

 Толыққанды тиімді пайдаланмын деп айта алмаймын. Себебі біз тек екі тілдің деңгейінде ғана жұмыс жасаймыз. Ал технология тілі – ағылшын тілі. Меңгеру керек. Сол кезде профессионалды түрде бұл деңгейді еңсереміз. Маған тигізетін зияны үлкен деп те айта алмаймын. Тек уақытымды алатыны рас. Бірақ бүкіл жұмысым осы әлеуметтік желіде.

    - Интернеттің белсенді пайдаланушысы ретінде өз жеке бас қауіпсіздігіңізді қаншалықты қамтамасыз етудесіз? Қандай әрекеттерді жасауды жөн көресіз?

Біз негізі кілт сөз жазып өзімізше өз жеке басымызды жасырдық деп ойлаймыз. Бұл өтірік. Себебі Google біз туралы бүкіл ақпаратты біледі. Ол сақтайды, өңдейді, архивтендіреді. Тіпті қазіргі технологияның жасырын түсі біз ойлағаннан әлдеқайда биікте болуы мүмкін. Құпия. Ал шама келгенше сақтануға тырысамыз. Түрлі спамдар келеді, хабарламалар және қоңыраулар да болады. Бұл жағдайды осыдан 2-3 жыл бұрын басымнан өткердім. Оппозицялық бағыттың өкілі емеспін, бірақ өз мүддеңді қорғау жолда күресемін деп, арандап қалатын жайттар бар. Дегенмен әлі де болсын, өзімді осы виртуалды ортаның белсенді өкілі деп санай алмаймын.

- Бүгінгі таңда Ресей, Америка сынды алпауыт елдердің «Вконтакте», «Фейсбук», «Google», «майл.ру» сияқты компанияларын пайдаланып жүрміз және осыларға тәуелділігіміз де артып келеді. Осы тәуелділікпен қалай күресуге болады?

 Біз оған тәуелді боламыз. Бола береміз. Себебі әлемде өзінің жеке медиасын олар секілді дамытып алдыға озып кетіп жатқандар шамалы. Оның үстіне 25 жыл тарих өте аз. Бізге алдымен экономикалық тұрғыда аяқтан тұру керек. Ал IT мәселесі келесі кезектегі мәселе. Дегенмен қатар алып жүруге болады. Ол үшін біздің мамандар білікті болу керек. Жай ғана оқу аздық етеді. Тәжірибе кезінде өздеріне керекті дүниені түріп алу керек. Негізігі 2016 жылы біздің елде қазақ тіліндегі "майл.ру" мен "вконтакте" тіпті "уатсап" желісі де жасалып шықты. Бірақ бренд түгілі тренд те бола алмады. Яғни қолданушылар аз болды. Бірі білді, бірі білмеді, бірі тіпті қолданғысы келмеді. Біздің елдегі түсінік: "біз ештеңе жасай алмаймыз, бәрін сырттан аламыз" деп қалыптасқан. Бір жағы шындық. Бірақ шындық осы деп отыра беруге болмайды. С++ дейтін бағдарлама тілін жетік меңгере отырып, біздің мамандар отандық дүниені жасап шығарса, мемлекет көмектессе, бәрін жасауға болады.

- Халық неліктен Отандық медиа өнімді қолдануға құлшыныс танытпайды және өзіміздің медиа өнімнің кең таралмауына не себеп  болуда?

Халық арасында кең таралмауына бір-ақ мысал келтірейін: "уатсап" желісін қолдану сізге қарапайым дүние. Күнделікті қолданыстағы нәрсе секілді. Ет үйреніп кеткен. Ал осының қазақша нұсқасы "айтыс" деп шықты. Оны алғаш пайдаланған кезде отандық өнім, қызық екен, мәссаған деп пайдаландық. Кейін қалды. Себебі оның жарнамасы жоқ. Ең ақыры біз пиарды да дұрыс меңгере алмай отырмыз. Халыққа қазір тың дүниеден гөрі, үйренген дүниесімен жүре берген ыңғайлы. Сондықтан болар, көп жерде жаңашылдыққа баруға тартынып қаламыз... Әйтпесе қазақтың қабілеті кімнен кем!

Сараптама:  Қазақстанда шетелдегідей қарыштап даму үстінде болмаса да, «жаңа медиа» деген ұғым халық үшін мүлде таңсық дүние емес. Себебі, жаңа медианың өзіндік артықшылықтары жетіп артылады. Халық осыны толыққанды пайдалануды меңгерген кезде біз үшін шексіз мүмкіндіктерге жол ашылып, бәсекелесттік арта түсетін болады. Еліміздегі Жаңа медианың қалыптасуы мен дамуы жайлы Аbai. kz ақпараттық порталының бас редакторы, Дәурен Қуат өз сөзінде: «Енді ғана бағыт-бағдарын айқындап келе жатқан жаңа медиа туралы түсінік әлі толық қалыптасып үлгерген жоқ. Сондықтан дәстүрлі журналистика өкілдері де, оқырмандары да жаңа медиаға жатсына қарайды, оны уақытша нәрсе, не еріккеннің ермегі деп санайды...» деп айтып өткен болатын.

   Ал Қазақстандағы жаңа медианың деңгейінің барынша қарыштап дами алмауына кедергі болып жатқан жағдайларда бар екен. Күрмеуі шешілмей жүрген өзекті тақырыптардың бірі қазақ тіліндегі медиа сауаттылықтың төмен болуы. Осы жайлы IT маманы, сайт жасаушы Аршат Оразов www.aktobegazeti.kz сайтында: «… Негізінен, кез келген нәрсені жасамас бұрын оған сұраныс болуы керек. Осы тұрғыдан алсақ, бізде жеке іздеу торабы, пошталық жүйенің жоқтығының басты себебі — оларды қолданушылардың аздығы. Қазақтілді халық негізінен ауылда тұрады, өкінішке қарай, көп ауылға интернет әлі жеткен жоқ. Тіпті ұялы телефон операторлары да жете қоймаған. Сондықтан бірінші кезекте шалғайдағы ауылды аймақтарды дамытсақ, қазақтілді интернет қолданушылары да көбейеді. Сұраныс артқан соң, заңды түрде қызмет түрлері де арта түседі. Екіншіден, қазақ тіліне деген немқұрайдылық та саланың дамуын тежеп тұр...» деп өз пікірін білдірген еді.

Қорытынды:

  Әлем бойынша медианың барынша қарыштап дамуы Қазақстан үшін бәсекелестікті арттырып, артта қалмаудың жолдарын іздеуге мәжбүр екенімізді көрсетеді. Еліміздегі медиа сауаттылықтың төмен болуы себепті белгілі бір деңгейден ақырындап ғана алға басудамыз. Марғұлан  айтқандай: "Біз ештеңе жасай алмаймыз, бәрін сырттан аламыз" деген теріс ойдан арылып, тың дүниелерді іске асыруға ынтық болу керекпіз. Бұл қазіргі заманның басты талабы.  Ақпараттық кеңістікте адаспай дұрыс бағыт ұстанып, жаңа мүмкіндіктердің іске асыруға қолайлы жағдай туындауда. Себебі, жаңа медиа оқырманға ақпаратты оқып, көріп, сараптаумен қатар өз ойы мен пікірін білдіріп, жаңаша бір дүниені жасап көруге  арналған теңдесіз құрал. Бұл құралдың құпиясын жетік білген сайын, интернет бізді жаңа жолдардың торабына қарай жетелейтін болады.

 

Тілеген Көгершін, студент

 

Оставить комментарий

Связанные Статьи