Күйзеліске түспеу үшін не істеу керек? Жеткіншек баламен қандай қарым-қатынас орнату қажет. Осы және өзге де сұрақтарға Н.Назарбаев атындағы зияткерлік мектептің психологы Ермек Нұрымов жауап береді.
Ермек мырза, психология ғылымының бірнеше тармақтары бар. Соның әрқайсысына тоқталып өтсеңіз?
Ең алдымен, психология жайлы айтып берейін. Психология қарапайым тілмен айтқанда адамның жан дүниесін зерттеу. Адамның бойында қандай да бір ауру болса оны физиологиялық жолмен емдеп, жазады. Ал жан дүниеміздегі көзбен көріп, қолмен ұстай алмайтын ауруымызды психологиялық жолмен емдейміз.
Психологияның тарихын сонау Аристотель заманынан бастап айтар болсақ, психология бірнеше сала мен түрлерге бөлінді. Мәселен, медицина, еңбек, педагогика және спорт психологиясы. Сол сияқты Гештальт, Психоанализ, НЛП, Арт терапия және позитивті психотерапевт деген түрлері бар. Барлығының түпкі мақсаты - адаммның жан дүниесін түсінуге, жан жарасы болса оны емдеу.
Өзіңіз маманданған позитивті психотерапия туралы айтып өтсеңіз. Оны Қазақстанда жиі қолданады ма? Оның басқаларынан айырмашылығы мен артықшылығы қандай?
Позитивті психотерапия Қазақстанға шамамен соңғы екі-үш жылдың көлемінде келді. Оның негізін салушы Иран ғалымы Нассорат Пезешкиан. Пезешкиан Германияда оқыған. Ол отыздан астам мемлекетті аралап, трансмәдени зерттеулерді жүргізді. Адамдар арасындағы ортақ мәселені анықтады. Соның нәтижесінде 1974 жылы психологияның «Позитивті психотерапия» деген бір тармағы дүниеге келді.
Оның басқа психологиялық түрлерден айырмашылығы, адамдар арасында болатын ортақ мәселелер туындайтын модель балансын құру. Адам дүниеге келгенде екі қажеттілікпен туылады. Олар - махаббат пен таным. Осы махабат пен танымға сүйене отырып адам бойында төрт баланс құрылады. Олар - дене, әрекет, байланыс және болашақ. Міне адамның осы төрт модель балансының біреуі ақсап тұрса адам өмірінде түрлі кедергілерге тап болады. Позитивті психотерапевтің жұмысы сенің қай модель балансың жетіспей тұрғанын анықтап, сол бойынша жұмыс істейді. Қайта қалпына келуіне көмектеседі.
Елімізде психологтың көмегіне жүгінетіндер көп пе? Психологқа баратындардың дені қай әлеуметтік деңгейдегі адамдар?
Елімізде психологтың көмегіне жүгінетін адамдар көп деп айта алмаймын. Біздің санамызда әлі күнге дейін қатып қалған заң бар. Егер психологтың көмегіне жүгінсең психологиялық ауытқушылық бар деген ұғымды санамызға сіңіріп алғанбыз. Осының салдарынан мәселелеріміз тұйықталып, шешімін таппай жатады. Нақты қазақ тілді психологтарға жүгінетін қазақ азаматтар өте аз. Себебі біздің менталитет оған әлі дайын емес. Көбіне көмекке жүгінетін орыс және өзге ұлттың адамдары.
Психологқа шамасына қарай әртүрлі әлеуметтік топтағы адамдар барады. Психологтың бір сағаттық қабылдауының бағасы әр маманда әртүрлі. Орташа есеппен сағатына 5000 теңгеден басталады. Кейбір адамдарға бір сеанс аздық етеді. Толық курсты алу үшін бірнеше сеанс қажет болады.
Қазақстанда психологтарға сенім жоғары ма, әлде төмен бе?
Қазақстанда психологтарға сенім жоғары немесе төмен деп айта алмаймын. Бірақ осыдан он жыл бұрынғымен салыстырғанда сенім артып келеді. Қазір көптеген психологиялық тренингтер, психологиялық орталықтар және жеке кеңес беретіндердің саны артып келеді. Яғни сұраныс бар. Сонымен қатар, психологиялық қазақша және орыс тіліндегі кітаптардың сатып алушылары артты.
Н.Назарбаев атындағы зияткерлік мектепте психологсыз. Оқушылар жиі көмегіңізге жүгіне ме?
Мектептегі сабақ беру жүйесі өте күрделі. Таңның атысынан, күннің батысына дейін білім алады. Онымен қоса, Назарбаев атындағы зияткерлік мектепте көшбасшы, білімді оқушылар жиналған. Басқа мектепте көшбасшы болған бала аталмыш мектепке келгеннен кейін, басқаларына қарап тырысады немесе өзіне деген сенімділігін жоғалтады. Мұндай жағдайда балаға психологтың көмегі ауадай қажет. Себебі оның салдары жаман болуы мүмкін. Өмірге тәй-тәйләп келе жатқан балаларды өмірдегі қиындық өтпелі екеніне сендіруге тырысамын. Сонымен қатар, әр баланың бір пәнге немесе спорт түріне бейімі болады. Соған айрықша мән беріп, дамытуға кеңес беремін. Себебі бала өзіне ұнайтын және қолынан жақсы келетін іс жасағанда жандана түседі.
Балалар аудиал, визуал және кинестетик болып үшке бөлінеді. Осы үш типтің балада қайсысы басым болса сол арқылы ақпаратты тез қабылдайды. Мұғалімдердің осы типтерді баланың бойынан іздей отыра, жеке қарым-қатынас жасау арқылы сабақ береді
Ата-аналар балаларының психологиялық жағдайын білу үшін немесе жеткіншек кезеңде балалармен қарым-қатынасты қалай орнату керектігін сұрайды. Бұл уақытта балалардың физиологиялық психологиялық гармондары жетіле бастайды. Осы кезде балалар тез еліктегіш болып келеді.
«Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алып келдіңіз. Ол жақтағы бала тәрбиесі қандай?
Батыста бала тәрбиесіне көп көңіл бөледі. Мен оқыған Британия елінде балаға әрқашан таңдау еркіндігі береді. Барлығын өз уақытында істеуге үйретеді. Батыста адам өз эмоциясын ұстауға бейім және балаларын да соған үйретеді. Баланың өзін-өзі бағалауға және ел алдында өз ойын ашық білдіру керектігін айтып отырады. «Сенің қолыңнан келеді» деп үнемі ынталандырып отырады.
Күйзеліс, стресске түспеу үшін не істеу керек?
Біздің күнделікті өміріміз стресске толы. Жұмыс, жолдағы кептеліс, әріптестермен қарым-қатынастың нашарлауы деген сияқты білінбейтін мазасыздықты бастан өткереміз. Сондықтан күнделікті спортпен шұғылданыңыз. Медитация жасаңыз.Яғни бес минут көлемінде ештеңе ойламай, миыңызды тыныштандырыңыз.
Көңіліңізді басатын жақсы әуен тыңдаңыз және кешкі таза ауада серуендеңіз. Әр нәрсеге жақсы көңіл күймен қараңыз, үнемі жақсы ойлар ойлаңыз.
Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан: Әсем Әлмұханбет
Оставить комментарий