Қазақ халқында ар мен намыс қатар жүретін ұғым. Сан ғасырды көктей өтсе де туын жықпай егеменді ел болып қалыптасқаны да жүрек түкпіріндегі иман мен ар-намыстың арқасы. Қыздарын күң, ұлдарын құл етіп, жылпостықпен жалтақтап сүрген өмірден қасық қаның қалғанша жаумен айқасып ерлікпен өлуді жөн санады. Ұлтымыз үшін өлімнен ұят күшті болды. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деген сөзді саналарына сіңіріп, ұрпақ тәрбиесіне қатты көңіл бөлді.
Бүгінгі күні қазақтың қызы, елімнің перзенті, екі қыздың анасы ретінде мені ұрпақ тәрбиесі қатты алаңдатады. Атап айтар болсам, қазақ қыздарының шетел асып, өзге ұлтқа тұрмысқа шығуы, сүйегімізге таңба салып жеңіл жүріспен айналысуы, қоғамды жегі құрттай кемірген нашақорлықтың құрығына түсуі, санасыздықтың салдарынан секта мен өзге діннің жетегінде кетуі, ең сорақысы – «адам өлтіруі», яғни бойына біткен шарананы алдырып, ойланбастан күнәға баруы. Кейбірі 9 күн, 9 ай бойы құрсағында жатқан шарананы қоқыс сияқты лақтырып та кетіп жатыр. Осындай жайттарды естігенде тұла бойым дірілдеп, қаным қайнайды. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған елдің ұрпағы емес пе едік?! Қалай ғана жүрегінің бір бөлшегіне айналған тірішілік иесінің өмірін қияды екен? Қаракөздеріміз осындай әрекеттерімен күнә жасап қана қоймай, өз өмірлеріне де балта шауып жатқандарын әсте біле бермейді. Дәрігерлердің айтуынша түсік жасатқан қыздар екінші рет жүкті болу мүмкіншілігінен 20%-ға айырылады. Тіпті, қайта құрсақ көтерген күннің өзінде денсаулығында денсаулығында кінәрәты бар баланы дүниеге әкелуі мүмкін. Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденген. Ең өкініштісі - Қазақстанда жасанды түсік жасату көрсеткіші кемел көкжиегіне жетіп, дамыған елдерден әлдеқайда көп. Өкініштісі де сол жасанды түсік жасатушылар саны жыл санап артуда екен. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 170 мыңнан астам сәби жасанды түсіктің құрбаны болады екен. Бұл бізге белгілісі. Қытайдың таблеткаларын ішіп өз бетінше бойындағы тірі жан иесінен құтылып қана қоймай, жатырынан айырылғандар қаншама. Бұл көрсеткіштерден көз сүрінеді. Ия, бұл Қазақстанда болып жатқан құбылыс, удай ащы шындық!
Мамандардың айтуынша, денеге біткен шарана операция кезінде жанталасып пышақтан қашады екен. Тар жатырдың ішінде жан ұшыра қашқаны көрсетілген бейнажазбаларды көргенде тіпті тілімді жұтып қоя жаздаймын. Ананың денсаулығына қауіп төнгенде, я болмаса баланың кемтар болып туылу қаупі анықталғанда медицинаның операцияға жүгінуіне тура келеді. Алайда, шешімді жарық дүние сыйлайтын біз, яғни аналар қабылдаймыз. Оқырманның санасына ой салу мақсатында басымнан өткен бір жағдайды айтып өтпекпін. 2014 жылы екінші рет аяғым ауыр болды. Алла тағала маған тағы бір рет ана атану бақытын бұйыртқалы тұрғанына шексіз разы едім. Жүктіліктің 24 аптасында әдеттегідей медициналық тексеруден өттім. Сол кезде маған баланың өкпесінде ақау бар екендігін айтып, түсік жасатуға кеңес берді. Абдырап қалдым. Сенгім келмеді. Он күннен кейін басқа медициналық орталыққа барып тексерілдім. Өкінішке қарай ол жердегі мамандар да мұны растады. Оған қоса өзімнің қан қысымым да жоғары болды. Жолдасым екеуміз жасанды түсік жасатудан бірден бас тарттық. Олар өз кезегінде бала дүниеге келген сәтте тыныс ала алмай шетінеп кетуі мүмкін екендігін ескертіп: «Кез келген қиындыққа дайын болыңыздар!»-деді. Сонымен бір Алладан медет сұрап уайым-қайғыға толы 16 аптаны өткізіп, тамыз айының он үшінде толғақ қысып перзентханаға бардым. Ондағы дәрігерлер де «Қандай бала әкелетініңнен хабар бар ма? Неге түсік жасатпадың? Саған ескертілмеді ма?» деген секілді сұрақтың астына алды. Бір күн қиналып, екінші күні аман-есен Рания деген қызымды қолыма алдым. Аллаға сансыз шүкір, қаншама медициналық тексеруден өттік, қанша сараптама жасалды қызымның денсаулығында ешқандай да ақау жоқ. «Дәрігерлер өліп қалады» деп қорқытқан балапаным жақында 2-жасқа толады. Былдырлап сөйлеп, жүгіріп жүр. Алланың әмірінсіз бір жапырақ та жерге түспейтіндігін ескерейік, қыздар! Әр істің бір қайыры бар. Жаратушының ісіне қарсы шықпаған жөн.
Зере атты танысым болды. Оның бойына біткен баласын да басында ісігі бар деп операция арқылы алдырды. Араға 6 ай салып тағы да құрсақ көтерді. Өкінішке қарай бұл жолы бала жатыр түтікшесіне біткендіктен баламен қоса түтікшені де алдыруға тура келді. Енді қазір қайта бала көтере алмай жүр. Себебі, бір түтікшемен бала көтеру мүмкіндігі аз. Кейде «Сол баламды бекер пышаққа бердім. Бекер жасаттым,»-деп өкінеді. Осы секілді айнамыздағы жандардың өмірінде болып жатқан жайттардан сабақ алсақ игі.
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев «Жақсы әйел – ері ұялар іс қылмайды» деген екен. Ал бүгінгі қазақтың қыздары ері ғана емес, елі ұялатын іс қылып жүр. Ойланайық, қыздар! Хан да, қара да, алып та, дана да анадан туылады. Сіздер қоқысқа тастап, я дүниеге келмей жатып өмірін қиған жандардың арасында болашақ батырлар мен ұлт көсемдері бар шығар.
Гүлзира Нұрхадірқызы
Оставить комментарий