Сәуірдің 22-ші жұлдызында Астанада қалалық Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы» өтті. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуді, тіл мәдениетін көтеруді, көркем әдебиетті насихаттауды, талантты жастарды табуды мақсат еткен байқауға 17-29 жас аралығында үміткерлер қатысты.
Байқау жайында кездейсоқ естіп, оған көркем шығарманы оқу мәнерімен көзге түсіп жүрген Гүлсезім Әлішер есімді шәкіртімізді қосуды ойладық. Бағыңды сынап көресің бе дегенімізде, байқауға екі-ақ күн қалғанына қарамастан Гүлсезім келісті. Осылайша, елуден астам үміткер тіркелген сөз сайысының ақтық сынына 13 талапкер іріктеліп, соның арасында университет атынан барған Гүлсезімнің де өткеніне қуандық.
Поэзиялық шығарма ретінде бұрын жаттаған ақын Әбділда Тәжібаевтың танымал туындысындағы Мәншүк батырдың монологын оқуға тоқтадық. Ал проза дегенде, Алаштың 100 жылдығында Алаш қаламгерінің сөзін сахналауды ұйғардық. Шәкіртімізге Мағжаның «Сағындым» өлеңімен бір жылда, бір қалада, бір тарихи жағдайда жазылған, әйгілі жырмен үндесетін қаламгер Қошке Кемеңгерұлының «Тұтқынның ойы» әңгімесін оқуды ұсындық.
Кезегі келіп сахнаға шәкіртіміз шыққанда бәйгеге жүйрігін қосқан атбегінің күйін кешкендей болғанымызды жасыра алмаймыз. «Жазықсыз жараландым, тұтқын болдым. Іші – қанды мұз, сырты – жылы көлгір, хайуан мінезді, адам пернелі жау алдап тұзаққа түсірді. Қандай тұз ащы бейнетпен тапқан мүлкімді алды. Ен жайлап, еркін өскен мекенімді алды. Бәрінен де қымбат, алтын басты қорлап тұтқынға алды. Адам деген атымды жоғалтты»,- деген лирикалық кейіпкер сөзі – зұлмат заман шындығы, Алаш боздақтарының өксігі, қасиетті тағдырлар қасіреті еді.
«Бұл күнде ет, денем ауырса да, шірісе де, от рухым сау, бүтін. Бақытты келешектен үміт жібін кеспеймін. Сол қанатты үміт арқасында өлмей тірі жатырмын. Ерте, кеш пе бостандық дүниесіне шығатыныма сенемін. Өткен дәурен оралып, көшкен бақтың қайырылу ойына сенемін. Кең сарай, ақ орда, бостандық, жұмақ төрінен орын алуға сенемін»,- деп аяқтады сөзін Гүлсезім. Бір ғасыр бұрын жазылған әулие сөздің шындығына көзіміз жетіп отыр қазір. Кең сарайлы, ақ ордалы Астана төрінде қазақ баласы еркін тыныстайды. «Халық жауының» сөзі деп тыйым салынған көркем шығарма тәуелсіз Қазақ елінің азаматын тебірентті. Қ.Қуанышбаев атындағы қасиетті шаңыраққа жиналған көрерменнің қол соғуы ұзаққа созылды. Көзіне жас үйірілген жастар да болды. Біз де іштен тынып, шаттық пен шүкірлік араласқан сезімді жасыра алмай тұрдық.
Халық ақыны Қонысбай Әбіл төрағалық еткен байқауда Алаш дәуірінен бір ғана шығарма оқылды. Еркіндік аңсаған отты сөз тәуелсіз Қазақ елі азаматының жүрегіне ұялады. Алаш сөзі үкілеп бәйгеге қосқан шәкіртімізді жүлдеге жеткізді. Алаш аруағы жас қызды жебеді.
Қайырбек КЕМЕҢГЕР,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ
қазақ әдебиеті кафедрасының доценті
Оставить комментарий