Заңгер Мақсат Ілиясұлынан Мұхтар Әбіләзовке үш сауал

/uploads/thumbnail/20170710035831088_small.jpg

Соңғы күндері шетелде тұрып жатқан, Астана сыртынан іс қозғаған экс-банкир Әбіләзов әлеуметтік желілерде белсенділік көрсетіп жүр. Ол Қазақстан саясаты туралы жиі айтып, қазіргі билікке бағытталған сындарымен қоғам назарын аударып келеді. Әбіләзов туралы мемлекет ұстанымы мен Қазақстан азаматтарының пікірлері де әртүрлі.

Поштамызға мемлекеттік мәселелерге бейжай қарамай ылғи да ұстанымдарын ашық айтып келе жатқан Мақсат Ілиясұлының Әбіләзовке бағытталған хаты келіп түсті. Қамшы ақпарат агенттігінің еркін ақпарат алаңы екенін естеріңізге сала отырып, материалды жариялауды жөн санадық. Осыған сай қарсы пікір, айтар уәжі бар азаматтарға да Қамшының мінбері ашық екенін ескерте кетеміз.



Мұхтар Аблязовтың екі күн бұрынғы  «Тікелей эфирде» айтқан әңгімесінің видеожазбасын  тек «www.youtube.com» желісінде 80 мың адам көріпті.

Елдің біразы мақтап, біразы даттап, біразы білмесе де ашық айыптап, көпшілік ішінен тынып отырған сияқты.

Сол 80 мың адамның ішінде мен де 1 сағат 17 минутқа созылған тікелей эфирді мұқият тыңдап, көріп шықтым.

Өзімнің жеке пікірімді білдірмес бұрын, Мұхтар Аблязов туралы, оның бизнестегі, саясаттағы, мемлекеттік қызметтегі  атқарған жұмыстары туралы көп оқығанымды айтпас бұрын, оны бір рет өз көзіммен көргенімді айта кетейін.

Мұхтар Аблязовтың соты    басталған 2002 жылдың жазында мен ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметінде істейтін едім. Бастан аяқ қозғалмай сот залында отырмасам да сот барысымен айтарлықтай танысып, сол жерде болған әңгіменің біразын өз құлағыммен естігенім бар-ды.

Арада біраз жыл өтіп кетсе де сол сотта айтылған әңгімелердің, ол жердегі Мұхтар Аблязов пен айыптаушы жақтың сотқа шақырған куәгерлерінің айтқан сөздерін, берген куәліктерін  еске түсіріп, ой елегінен өткізе отырып, Мұхтардың екі күн бұрынғы жаһанға жариялап, берген сұхбатындағы өзі туралы айтқан әңгімелері айны-қатесіз шындық деп ойлаймын.

Мұхтар Аблязовтың дарынды ұйымдастырушы, талантты бизнесмен, үлкен ақыл иесі, айтқанынан қайтпайтын табандылығы да, батырлығы да жетерлік азамат деп танимын.

Бірақ, Мұхтар Аблязов туралы менің айтпағым ол емес.

Оппозициялық көзқарастағы және елдің болашағына жаны күйетін қоғамдық белсенді азамат ретінде Мұхтар Аблязовтың әрбір мәлімдемесіне жіті мән беріп отыратынымды айта кетейін. Оның Қазақстанның болашағы туралы ойлары менің жеке ұстанымыма, жеке пікіріме, ішкі көзқарасыма қайшы келмейді. Тіпті көп жағдайда ойымыз бір жерден шығып жатыр.

Бірақ, мені ойландыратын бірнеше күрделі мәселе бар. Ол туралы Мұхтар Аблязовтың шынайы көзқарасын білу мен үшін маңызды екенін жасырмаймын. Тікелей эфирде тікелей сұрақ қою мүмкіндігі болмаған соң Мұхтар мырзаға бірнеше сауал жолдап, пікірін білгім келіп отыр: 

1.    Мен үшін аса маңызды мәселе жер, жер және жер. Қазір миллиондаған гектар қазақ жерінің шетелдіктердің иелігіне, жеке меншігіне өтіп кету қаупі төніп тұр. Жер митингісінің өткеніне аттай бір жыл өткенімен  біз, қоғам белсенділері, сол митингіні ұйымдастырушылар өз мақсатымызға жете алған жоқпыз. Жердің, оның ішінде аса маңызды ауылшаруашылық жерлері  мен қазба байлығы бар жерлердің шетелдіктердің қолына өту жағдайы тоқтаған жоқ.

Осы тұста, бар күшті жерді қорғауға жұмсап, жерді сақтап қалсақ саяси жүйе түбі бір өзгереді ғой дейді бір ойым, екінші жағынан жердің жауы бүгінгі билік жүйесі екенін де жақсы түсінемін.  Бүгінгі билік жүйесі саяси сахнадан кетпей жерге қауіптің сейілмейтіні де кәміл. Бірақ, Мұхтар Қабылұлының  мәлімдемелерінен жерді  сақтау, қорғау  туралы пікір-ұсыныстар ести алмай жүрмін. Неге? Қазақ жерінің шетелдіктердің пайдалануын, қолына өтіп кетуін қалай, қандай жолмен тоқтатуға болады? 

2. Мен - ұлтшылмын. Қазақстанды  ұлттық құндылықтарды дамыту бағытындағы  демократиялық мемлекет ретінде көргім келеді. Ал, Мұхтар Аблязовтың сөзінен де, ісінен де, ұстанымынан да ұлтшылдық сарыны аса байқала қоймайды.

Ал соңғы жерді қорғауға байланысты болған әрекеттер мен шаралардан кейін  Қазақстанның жері қазаққа ғана керек екен-ау деген ой түйдім. Былайша айтқанда, мен ұлтшылдардың саяси күшке айналып, ұлтшылдардың мемлекет басына келуін қалаймын. Осы ұлтшылдық мәселесінде Мұхтар Қабылұлының көзқарасы қандай екен деген ой мазалайды.

3. Мұхтар Аблязов әр сөзінде бүгінгі билікті кетіру, жою туралы  айтады. Қазіргі президенттің өз еркімен біреуге билікті бере салатынына ешкім сене қоймас. Егер қазіргі билік жүйесі өзгермесе екінші президенттің халыққа жанашыр бола қалуы қиын. Екінші президент қазіргі билік жүйесін сақтап қалуға бар күшін салуы да мүмкін. Себебі, кез-келген президент өзінің қолында  шексіз билік болғанын қалайды.

Демек, бүгінгі билікті кетіріп, президенттік институтты жойып, парламенттік билік жүйесіне көшу үшін жойқын революция керек. Ал, революция қантөгіссіз болмайды.

Ол революцияда қазақ халқы  өз тағдырын тек өзі ғана шешіп, өз таңдауын өзі ғана жасай алатын болса, ондай  құрбандыққа баруға болар еді.

Ал көзіміз көріп отырғандай кейбір мемлекеттердегі сияқты революцияның салдарынан Қазақстан алпауыт елдердің күш сынасу алаңына айналып кетпей ме? «Көп векторлы» саясаттың «арқасында» елімізге көптеген ірі мемлекеттердің мүддесі тоғысып отырғаны белгілі. Осы туралы Мұхтар Қабылұлының көзқарасы қандай екен? 

 

Мақсат Ілиясұлы, «Алаш жолы» жалпыхалықтық қозғалысының мүшесі

Оставить комментарий

Связанные Статьи