ЖАЛПЫМҰСЫЛМАН ЖӘНЕ АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫ МҮДДЕЛЕРІ (СОҢЫ)

/uploads/thumbnail/20170710040945333_small.jpg

Бейбіт Қойшыбаевтың тарихи-танымды «Алаш жолы» рисәләсінің басы мен оның жалғасын  ұсынған едік. Енді  соңын назарларыңызға ұсынамыз.

 

Мәскеу, 1–11.5.1917

Тарихи миниатюра

 

ІІ. Ортақ мүдде жеңісі

1.

Мемлекеттік құрылым түрі хақындағы айтыс-тартыс созылып кеткендіктен, арасында басқа мәселелер жайында да әңгіме қозғалды. Сондай сөздің бірі төртінші мамырда болды. Бұл  күні дүниежүзілік соғысқа империя бұғауынан азат мұсылмандардың көзқарасын айқындап алу мәселесі талқыланды. Ресей бұдан екі жарым жылдан астам ілгеріде, Тақ нық тұрғанда белсене кіріскен, енді Тақ  төңкеріліп түскенмен, бұрынғысынша, бірнеше майдан құрып шайқасып жатқан. Осыған қандай көзқарас қалыптасқан?

Уақытша Орталық мұсылман бюросы бұл тақырыпқа да баяндама әзірлеп әкелген болатын. Бюро төрағасы Ахмед Цаликовты тыңдап болғаннан кейін, Қаратаев сұлтан осы тарапта пікір айтпай тұра алмады. Ол съезге байырғы белгілі қайраткер ретінде арнайы шақыру алуына байланысты қатысуда-тын. Сондықтан да, көпшілікті толғандырған мемлекеттік құрылым түрі хақында сабыр сақтап, жастарды тыңдаумен шектелуде еді. Енді, өзі өзекті де зәру деп білген мәселе көтерілгенде, байыз тауып отыра алмады.

Мінберден қолын жігерлене сілтей сөйлеп, дүниежүзілік соғыстың мақсатын әшкереледі.

Осында отырған саясатшыларға мәлім, кешегі құлаған өкімет өз ниетін Петроградтағы ағылшын және француз елшілігіне дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан алғашқы жылда-ақ арнайы естелік жазба жолдап білдірген. Күллімұсылман құрылтайының мүшелері ойлансын, патшалықтың озбыр үкіметі әлемдік соғыс біткеннен кейін, өзіне Стамбулды қаратып алуды жоспарлаған!

Қайран орыс әкімшілігі, сарыала оқалы генералитет, саналары жаулап алушылықпен уланған жандаралдар тобыры-ай десейші! Олар өздеріне өздері отаншылдықтың мазмұны іспетті белгілеген сара жолды ешқашан ұмытқан емес. Оны – Константинополь-Стамбулды алып,  Айя-Софья жәмиі күмбезінің  төбесіне үш жолақ байрақ тігуді – бұдан қырық жыл бұрын генерал Жәңгірханов қатысқан орыс-түрік соғысында да орыс офицерлері ашықтан-ашық армандаған екен. Сонда, туысқан ағасының аузынан Қаратаевтың бертінде естігеніндей,  жаулап алғыштардың армандарының күлін көкке ұшырған жәйт – өзінен зор шыққанында жатқан. Түрікке тілектес өзге жұрттың соғыс кемелерінің бар қару-жарағын самсатып түрік суларына енгені, сөйтіп орыс әскерлерінің алдарын орап,  «отаншылдықтарына» тосқауыл қойғаны олардың арманын елеске айналдырған еді.

Енді, жаһандық соғыста ақ патша шонжарлары солармен одақтасып, дүниені бөліп алуға тілек білдіре қойыпты. Орыс төрелері бір кезде қолдары жетпеген қиялдарын енді жүзеге асырмақ!     Константинополь қаласын иемденеміз дейді.  Босфор бұғазының, Мәрмәр теңізінің батыс жағалауын аламыз дейді. Дарданелл, Оңтүстік Фракияның біраз жерін, тағы басқа аймақты алып Россияға қосамыз дейді.   Олардың ондай пиғылдарына Англия келісім берген, Франция да қарсы болмаған. Бірақ олардың да іш есептері бар, тек Россия олардың өз саяси мүдделеріне, басқа аумақтарды өз қоластарына алу ниеттеріне оң көзбен қараса болғаны...

– Мырзалар, басқыншылық ойдағы хұкімет сахнадан кетті, – деп күркіреді Қаратаев, – патша тақтан құлады! Енді не жорық? Уақытша хұкіметтің соғысты жеңісті ақырына дейін жеткіземіз деуінде не мақсат бар? «Константинополь – Россияға тән!» ұранымен соғысуды жалғастыра беруге –бостандықпен қол ұстасып тұрған исі мұсылман қалай көнбек?

Сұрақтарды осылай төпеп-төпеп қойып алды да, оған өзі жауап берді:

– Жә, жетеді! Мұндай жаулап алушылық соғысқа ашық қарсылық білдіретін кез келді!

Қаратаев Ресей социал-демократиялық жұмысшы партиясының Петроград кеңесі бүкіл әлем еңбекшілеріне жолдаған үндеуді дұрыс деп біледі. Және осынау үлкен құрылтайда бас қосқан делегаттардың баршасын соны қолдауға шақырады. Мұсылмандар бейбітшілік үшін дауыс беруге тиіс! Ешқандай аннексия* мен контрибуция** қолданылмайтын бітім орнатылуға тиіс! Мұсылмандар  Ресейді азаттық үшін күресу мақсатында қорғауды қажеттілік деп біледі, бірақ оның жаңа жаулаушылық пен басқыншылыққа баруына қарсы, білсін мұны барша жұрт!

 

*бөтен мемлекеттің белгілі-бір аумағын күшпен қосып алу.

**басып алынған территориялардағы халықтан мәжбүрлеп қаржы жинау, сондай-ақ, соғыста жеңілген мемлекеттің жеңімпазға төлейтін сомасы.

 

Оның ойы социал-демократ, меньшевик Цаликов баяндамасында дәйектеген пікірге сайды. Талқылау  барысында соғысты аяғына дейін жеткізуді қолдайтындардың азшылыққа ұшырағаны мәлім болды. Ақыры, күлліресей мұсылман съезінде алғаш қабылданған төртінші мамыр күнгі қарар Ахмед Цалыккаты мырза ұсынғандай, одан  Бақытжан сұлтан қолдағандай бағытта, бір ауыздан қабылданды. Бұл бағыт бұдан бір айдан астам уақыт бұрын Петроградта Ахметзаки Валидов мұрындық болып, осы Ахмед Цаликов бірінші боп қол қойған үндеуде нобайланған еді.

 Кадеттердің жетінші съезі мінберінен айтқан «соғысты жеңіске жеткенге дейін жүргізуге қолдаушылық» сөзі үшін мұсылман қозғалысының байырғы қайраткері Садри Максудиге сондай қарсылық көрсетілген болатын. Енді мына жалпымұсылман съезінің шешімімен бұл қарсылық мүлдем тегеуірінді көрініс алды.

Және, Өтемістің байқауынша, қазақ халқын тура жолға бастайды деп пәлен жылдан бері үміт артып келе жатқан қос көсемнің – Қаратаев пен Бөкейхановтың бұл мәселеде де саяси ұстанымдары үйлеспейтіндігінен осы құрылтайдың көңіл-күйі белгі бергендей болатын.    

Қаратаев социал-демократиялық бағытқа көптен оң көзбен қарайтын. Патша  тақтан құлағаннан кейінгі жерлестері арасында өзіне қатысты бой көтерген оқиғалардан  соң – атап айтқанда, алғаш ұйысқан қазақ азаматтық комитетін қайта құру, сол әрекет арқылы оның басында тұрған өзіне сенімсіздік көрсету мәселесі орын алғаннан кейін – ол социалист-революционерлер құрған Орал облысы азаматтық комитетінің құрамына енді. Сонда қызмет атқарып жүріп, Қаратаев осы жалпымұсылман съезіне келді. Еліне оралғаннан соң, енді көп ұзамай, жұмысшы-шаруа депутаттары кеңестерін құруға араласа бастайды.  Сосын одан да солақайланып, тіпті, большевизм құшағына біржолата құлайды...

Ал Бөкейханов бұл күнде Орынборда жаңа үкімет комиссары ретінде, жергілікті жерде – Торғай облысында кадеттер бағытын жүргізуді жүзеге асырып отырған. Ол қазақ бауырларына өз пайымын ақыл етіп айтты. Оларды өз орнын білуге шақырды.

– Біліп қойыңдар, болып тұрған бостандық, теңдік, туысқандық біздің қазақ баласына жоқ жерден аспаннан түсті, – деді Әлихан Бөкейханов. – Бұл жақсылыққа бізді кездестірген – біздің мемлекеттің тұрмыс тарихы, орыс жұртының ерлерінің жүз жыл сарп еткен қызметі. Надан біз түгіл, жалпы орыстың көп жұрты мұжыққа да бүгінгі жәйт аспаннан түскен, ойда жоқ жақсылық. Мұжық болсын, татар болсын, қазақ болсын, ондай жақсылық қадірін әлі күнгі біліп жатқан жоқ.

Тарих сахнасына шыққан озық ойға халықтың ілесе алмай тұрғанын уайымдады.

– Сабасына қарай піспегі болмады, – деп пайымдады ол. –  Жұртқа бостандық, теңдік, туысқандық болған соң, жұрт бостандықты бұлданып, өз тізгінін өзі алып, қағушы, соғушы, күзетуші енді өлді деп күшейуі керек еді. Жұрт теңдікті бұлданып, ер-әйел, бай-кедей, мырза-бұқара,  төре-қара, ақсақал-жас деп бөлмей, бәрін тең ұстау керек еді.  Жұрт бостандықты бұлданып, бір туған ағайын, құда-тамыр, ден қарындас, көрші демей, барша адам баласымен ағайындық, туысқандық жолына тарту керек еді.

Алайда олай болмай тұр деп ойлайтын Әлекеңнің иланымы берік:

– Бостандық, теңдік, туысқандық – он сегізінші ғасырдан бері жарыққа шыққан таза пікір. Мұны майданға салған – Франция жұртының саяси ерлері. Осы үш түрдің бәрі біздің шариғаттан, інжілден, будда оқуынан, Лев Николаевич Толстой философиясынан табылады. Көзі  ашық талапты ер ізденсе болды, біледі мұның бәрін. Бұл үш ұраннан бөлек адам баласының бақыт, махаббатына жол жоқ.

Осы  реттегі оның берік сенімі мынандай:

– Бостандық, теңдік, туысқандық – қазақ баласына олжа болды.

Қазақ  баласына олжа болған бостандық, теңдік, туысқандықты баянды ету үшін ол Уақытша үкімет орынтағына отырысымен, облыстағы билеу тетіктеріне өз пікірлестерін тағайындады. Облыс тұрғындарын әрдайым бірлікке, ынтымаққа шақырды.

Торғай қазақтарының құрылтайынан екі аптадан соң өткен облыстағы орыс шаруалары мен  қазақтардың съезінде үкімет саясатын түсіндірді. Соғыстың екі бағытта жүріп жатқанын айтты. Бір бағыт – сыртқы жаумен шайқас болса, екіншісі – құлаған мемлекеттік құрылыстың дұшпандығымен күрес болып табылатынын ескертті.

– Шаруалар мен қазақтар, естеріңізде болсын, – деді, – майданда жауды жеңбейінше, ал тылда, өз үйімізде бейбіт еңбек қалпын қамтамасыз етпейінше – біз жеңіп алған бостандығымызды нығайта алмаймыз. Осыны ұмытпаңдар!

Ортақ міндетті былай тұжырымдады:

– Елде тыныштықты сақтаңдар! Ал  майданға азық-түлік жөнелтіңдер!

Нақты тапсырмаларын айтты. Көшпенді қандастарына қарап:

– Қазақтар, мал беріңдер! – деді

Жер емген шаруаларға қарап:

– Орыстар, нан беріңдер! – деді.

Соғыс жүргізіп жатқан демократиялық мемлекеттің Торғай облысындағы әкімі Әлекең:

– Осылай ету арқылы біз жаңа үкіметімізге нақты көмегімізді тигізе аламыз, – деп тұжырды.

Бостандық буына масайған кей үйез қазақтары патшалық тұсында айрылған жерін талап ете бастағанда, оларға басу айтты. Орыспен тату тұруға шақырды. Жер мәселесін құрылтайшы жиналыс шешіп береді деген белгілі уәжді қайталады. Оған  дейін жер-суымды қайтарам деп мазасыздық туғызушыларға жаза қолдануға әзір екенін жария етті. 

Не керек, Уақытша үкіметтің саясатын Торғай облысында ойдағыдай жүргізді.

Мәскеудегі мұсылман съезінен сәл кейін, Петроградта, 1917 жылғы мамырдың ортасында, кадеттердің сегізінші съезі болды. Жаңа орталық комитет сайланды. Сол құрамға 1908 жылдан Санкт-Петербургтегі «Полярная звезда» масон ложасының мүшесі, масондардың самаралық тобын құрысушы, Самара саяси топтарында, әсіресе социалист-революционерлер ішінде белсеніп көрініп жүрген қайраткер, кадеттер партиясының 1915 жылғы тамызда ұйымдастырылған Самара губерниялық комитетінің мүшесі, земство либералдық қозғалысына қатысушы, батыс майдан земгор басқармасында бұратаналар бөлімін басқарушы болған, Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы комиссары Алексей Николаевич, яғни Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов та енгізілген-ді.

Елдегі озық саяси партияның орталық комитетінің мүшесі болып сайлануына оның Дала өлкесіндегі бұратаналар арасында беделі мүлдем жоғары болып тұрғаны да ықпал етуі ғажап емес.

Содан екі ай өткен соң, Орынборда тұңғыш жалпықазақ съезі болғанда, Әлекең өзі орталық комитетінің құрамына сайланған кадеттер жолын қолдап сөйлеп, енді құрылмақ қазақ партиясы ұстануға тиіс бағытты нобайламақ болды. Делегаттардың баршасы ұстанған автономия құру идеясын да ә дегенде қолдай қоймады.

Өйткені ол о баста батысшыл және унитарист еді.

Ол ұлттық бағытқа біртіндеп келеді...

 

2.

Жарыссөз барысында федерализм пайдасына мынандай жолау да айтылды:

– Ғаяз мырза айтып тұрған заң шығаратын мекемені бұрын Мемлекеттік Дума десек, енді, бәлкім, парламент дерміз. Оған күллі мұсылман бірігіп бірнеше өкіл ұсынғаннан гөрі, әр мұсылман жұрты өз өкілін енгізгені тиімді болмас па екен?

Тап осы ой басқаша түрде де дамытылды:

– Шынында, кешегі ескі парламентте, бәріміз де көрдік қой, исі түркіге, исі мұсылманға ортақ көрген, баршамызға ортақ деп білген аздаған депутаттарымыз болды емес пе? Бірақ, айтыңыздаршы, сондағы өкілдеріміз – Думадағы мұсылман депутаттары әр мұсылман жұртының мұңын жырта алды ма? Жоқ, әрине!

Сосын сол жоқтың себебі тарқатылды. Өйткені, десті, осынау құрылтайға қатысушылардың әрқайсысына мәлім, бұратаналар өкілдерінің Думадағы саны саусақпен санарлықтай шамалы еді. Әйгілі «3 маусым» төңкерісінен кейін мәселе жылы жабылып, онда барша мұсылман халықтарынан өкілдер болуы ескерілмеген болатын. Соны түзеуге септесу мақсатымен мұсылман фракциясы жанынан бюро құрылып еді, оның да өтімділігі шамалы боп шықты. Себебі, жалпы Дума мүшелерінің саны олардың үнін шығармастай мол-тын. Кез-келген мәселе бойынша солардың дегені боп, дауыстары бұларды емін-еркін басып кететін. Сондықтан да одан сабақ ала білу ләзім.

Осылай пайымдаған федерацияшылдар:

– Мұсылмандардың ортақ мүдделерін айқындап, тиісті орынға мәселе қойып тұратындай етіп, осы сиязды дайындаған бюро тәрізді бір орталық кеңес құру қажет-ақ, бұл жалпы дұрыс идея, – деді, – бірақ ол автономиялық бірліктер жасауға кедергі келтірмеуі керек. Қайта, соның бірден-бір қамқоршысы болуға тиіс. Жаңа Ресей басшыларын сол құрылымға иліктіруі қажет.

Мұның бір-де-біріне илікпеген Ғаяз мырза өз ұсынысын дәйектеудің тағы бір жолы ретінде:

– Еділ бойы татарлары бүкіл Ресей мұсылмандарына жол көрсетпекші. Өз мәдени автономияларын құрып, сөздерінің ақтығын нақты іспен дәлелдемекші, – деді.

Оған патшалықтан кейін бой түзеп жатқан мемлекетте территориялық автономиялардан тұратын федеративтік құрылым болуын жақтаушылар мән бермеді.

Кейінірек, Ғаяз мырза ондай әрекетін шынында жасайды, бірақ оған әлі біраз уақыт бар...

Айтыс-тартыс бір аптаға созылды. Унитаристер кейінгі сөздерінде Қазақстанды, Түркістанды, Кавказды мұсылман азаттығының ұлы мұраттарына кедергі келтіретін зиянкестік бағытта тұр деп тұқыртуға тырысты.

– Олардың автономия алуына жол беруге болмайды! – деп, ашық ұрандады.

Бір кезде Қаратаев мырза қазақ елін біріктіруді аңсағанының белгісі ретінде «Қазақстан» деген газеттің шығуына қамқоршы болған еді. Егер сол Дала өлкесі  шынымен Қазақстан атанып бөлек шықса, оған башқұрттардың шығыс бөлігі  қосылам деп жатса, Түркістан, Кавказ бөлінсе, онда Россия шегіндегі орыс мұхиты ішінде Татарстан жағалары жырымдалған арал тәрізді  боп қалмақшы. Мұның астарын съезд делегаттары парықтар ма екен?

Тым болмаса мына жәйтке ой жүгіртсінші: Қазақ даласы мен Түркістан өлкесінде жер көп. Егер олар дербестеніп бөлінсе, олардың ішіне татарлар көшіп бара алмай қалады. Қазақтар мен сарттардың тек өздерін ойламаулары абзал...

Аңғал пайым. Федералистер бірінен бірі аса сөйлеп, ондай пайымдардың тас-талқанын шығарды. Түркістан өлкесінен келген Зәки, Көлбай секілді делегаттармен қатар, байырғы мұсылман қозғалысының қатысушысы ретінде арнайы шақырумен қатысып отырған Серәлі нақты жағдайды әңгімеледі. Олар өлкедегі мұсылман съезі бұл тарапта тап қазіргідей пікірталас тасқыны астында қалғанын, дегенмен сындарлы пайымға бәрі тоқтағанын, осында да солай болуға тиістігін тілге тиек етті.

Әр елдің дербес дамуы арқылы елеулі жетістіктерге жете алу ықтимал. Ал соған автономия мүмкіндік береді. Мұны мойындау жөн. Және бұл ретте ешкімнің де Ресейден мүлдем бөлінеміз демейтінін есте тұту қажет...

Не керек, мемлекеттік  құрылым түрі бірінші кезекте сөз болып, съезд залында да, комиссия мәжілістерінде де толассыз талқыланған еді. Ұзақ  талқыға түскен осы маңызды мәселе жайында қаулы тек жетінші мамырда қабылданды. Оған дейінгі айтыс-тартысқа Аяз Исқақи де, Жаһанша Досмұхамедов те қайта қайта араласты.

– Жиганша мырза қалай дәлелді сөйлейді, – деді жарыссөз жайында пікірлесушілердің бірі, – заңды кірпішпен қалағандай дәлдеп қойып берді ғой!

Өтеміс осы тақылеттес сөздерге сүйсіне құлақ түрді. Ризашылық лебіздер мінбеден де айтылып жатты. Тоқсан  тоғыз ұлыс біріктірілген Ресей сынды жаңа демократиялық мемлекетте нендей сипатты билік болу керек екені хақында  осынау лауазымды заң қызметкері өте сауатты пайым келтіріп отыр, өзі неткен қызу...

Қызу да табанды жігітті Әлимардан бей мен Сәлімгерей сұлтан өз алдына, қырымлы Жағыфар Саидахмедов те қолдады. Тағы басқа да делегаттар дербестік жағында екенін танытып жатты.

Негізгі баяндамашы Цаликов екі қағида ұсынған. Олары, оның ойынша, көпұлтты Ресейдің демократиялық болашағын сипаттайтын күллі идеяны нақты тұжырымдай алады. Атап айтқанда, ол парламенттік республика болуы керек. Унитарлық, демократиялық, парламентпен басқарылатын республика тұрпатты жаңа мемлекет. Ал мұсылмандар мәдени-ұлттық автономияны пайдалануға тиіс. Оған елдің конституциясы кепілдік беретін болады. Бір сөзбен, унитарлық Ресей республикасы.

Ал Расулзаде ұсынған және қызу пікірталас барысында қорғаған қағида Ресейдің федерация болып құрылуында еді. Бұл жоба бойынша мұсылман халықтары ұлттық-аумақтық автономия құқығына ие болуға тиіс. Яғни әр ұлттық-территориялық автономия федеративті құрылымның тең құқықты  мүшесі, жаңа Ресей Федерациясын құрушы.

Дауысқа екі түрлі пікір қойылды. Бірі – Мәмет Расулзаденің ұлттық-аумақтың автономиялар құру, солардың Ресей федерациясына бірігуі жайындағы ұсынысы.  Екіншісі – Ахмед Цаликовтың Ресейді біртұтас унитарлық мемлекет етіп құрып, ішінен ұлттық-мәдени автономиялар жасау, солар арқылы ұлт мүдделерін қорғаумен шұғылдануды көздейтін ұсынысы.

Аса күшті қарсылыққа қарамастан, федерациялық құрылым хақындағы көзқарас жеңді. Оның жеңуіне Жанша Досмұхамедов те елеулі үлес қосты.

Өтеміс дауыс берушілерді санауға тұрған санақшы делегаттармен іштей жарыса санады.  Олардың  айтқандарын қағазға түсірді. Өз есебімен тура келгенін көрді. Қызық, төрт жүз қырық алты дауыс Расулзадені қолдады, ал екі жүз жетпіс бір дауыс Цаликовке берілді. Сонда, деді ол іштей, бұлардың дербес ел болуды аңсамағаны ма? Дербестік үшін қазіргі өлара сәтте дауыс бермегенде, қай уақытта олай етпек?

Қалай болғанда да, көпшілік жеңді. Енді унитаристер оларға іштей қарсылық қылса да, мұсылман жұрттарының дербес даму жолын таңдауына көндігетін шығар...

Қарар өте сындарлы болды. Екі  жақ та ренжімейтіндей, бірақ шындықтың бірінші топтағылар жағында екенін сездіретіндей нұсқада қабылданды. Мұсылман халықтарының мүдделеріне сай келетін мемлекеттік құрылым түрі былай болуға керек: Ресей ұлттық-федеративтік территориялық негізде құрылатын парламенттік демократиялық республика болуға тиіс, ал белгілі террриториясы жоқ халықтар ұлттық-мәдени автономия құрып, соны пайдаланатын болады.

Ұлттық проблемаларды съез ұйғарғандай шешуді жеріне жеткізе  апару үшін, Бүкілресейлік орталық мұсылман кеңесі құрылды. Қызығы, ол жайындағы сындарлы баяндаманы Ғаяз мырза Исхаки жасады. Ол алда тұрған міндеттерді айқын тұжырымдап, орталық мұсылман кеңесіне жүктелер міндеттерді тізбеледі. Мәселені ұлттық қарым-қатынастарды шиеленістірмей, өркениетті жолмен шешу қажеттігін және оның оңай еместігін баяндамашы Ғаяз мырза да, кеңеске сайланған азаматтар да жақсы сезінді.

Бұл сайлау съездің соңғы жұмыс күні өтті. Оған дейін күн тәртібіндегі басқа мәселелер қаралды.

Ағарту секциясы жасаған ұсыныс бойынша мәдениет, оқу-ағарту шаруалары жергілікті халықтардың өз  қалауымен шешілуі қажет деп ұйғарылды. Бастауыш мектеп жалпыға бірдей және міндетті болуға керек. Балалар өз ана тілінде тегін оқытылуы тиіс. Ал орыс тілі жеке пән ретінде оқытылсын. 

  Мұсылмандардың Орынбор діни жиналысы қайта құрылғаны жөн деп табылды. Уақытша Діни басқарманы сайлау жайында шешім қабылданды. Съездің соңғы күні, он бірінші мамырда Ішкі Ресей мен Сібір діни істерін басқаратын басқарма сайланды. Бұл мұсылмандардың көпшілігі тұратын аймаққа қатысты болатын. Ал Кавказ мен Қырымда өз діни басқармалары бар-тұғын.

 Әйелдер мәселесі бойынша мәселе талқыланғанда, олардың саяси және азаматтық құқтары ерлермен тең болуға тиістігі атап өтілді. Мұндай  теңдік көп әйел алушылыққа іс жүзінде тыйым салуға апарады. Татар әйелдері, діни ғұлама Мұса Биги, қазақтан Мәскеуде оқыған Аққағаз қыз Досжанова мұны жан-жақты дәйектеді.

 Жұмысшы мәселесін қарағанда – сегіз сағаттық жұмыс күніне, жұмыс берушінің есебінен пенсия тағайындалуына дауыс берілді.  Жұмысшыға  қатысты заңнаманың сақталуын және жұмысшы еңбегінің жағдайын қадағалайтын, балалар мен жеткіншектерді он алты жасқа толмайынша жұмысқа салмайтын, залалды жұмыстарға әйелдерді жұмсамайтын болу үшін арнайы инспекция енгізу қарастырылды.  

Әскери мәселелер де талқыланды. Армия ұлттық негізде  құрылуға тиіс, солдаттар шақырылған аумағында қызмет өтеу керек деген қағидалар жасалды.

 Құрылтайшы Жиналысқа делегаттар сайлау науқанын қалай өткізу мәселесі де қызу талқыланды. Мұсылмандардың демократиялық блок жасағаны орынды деп табылды. Басқа халықтардың трудовиктерден оңқай тұрмайтын саяси партияларымен келісімге келуге жол беріледі. Дегенмен  съезд мынаны айрықша атап өтті: қазіргі таңда орыс емес халықтардың өз өмірлерін өз қалауларынша құруына оң көзбен қарайтын, оларда сондай құқық болуы жолында күресетін тек қана эсерлер партиясы болып тұр, мұны есте тұтқан жөн...

Социалист-революционер Шәкір Мұхамедияров жер жайында баяндама жасаған. Тоғызыншы мамырда бұл орайда съез бірқатар шешім қабылдады. Барлық қазыналық, кабинеттік, монастырьлық, уделдік және жеке иеліктегі жерлер халық қолына еш төлемақысыз өтуге тиіс деп табылды. Жерге деген жеке меншіктік құқ жойылуға тиіс. Жерді сату және сатып алу әрекеттеріне тыйым салынуға тиіс. Осылар жайында шешім қабылдай отырып, съез мұны біржолата түйіп тастау емес екенін мойындады. Аграрлық  мәселе түбегейлі шешімін Құрылтайшы Жиналыста табуға тиіс, оған дейін сабыр сақтап, бұрынға тәртіпті сақтай тұрған дұрыс.

Мұнымен мәселе тынбады. Ертеңіне башқұрт делегаттары бұл жайында Орынборда жалпыбашқұрт съезі өткізілгенше, мәселені ашық қалдыра тұратынын мәлімдеді. Қазақтар да мәлімдеме жасады. Қыр өлкесіне, қазақтар тұратын аймақтарға және Түркістанға аграрлық мәселе бойынша шешімдер бірден жүрмейді деген  ұйғарымдарын жария етті...

 

3.

Жер-су дауын өркениетті жолмен шешпекке әрекеттенгелі қашан...

Қазақ  қайраткерлері 1908 жылы Үшінші Дума заңгерлерімен ақылдаса келе,  Ақмола, Торғай, Семей, Орал, Жетісу және Каспий сырты облыстарында жерге орналастыру мекемелерін құру тәртібі туралы заң жобасын жасаған-ды. Отарлаушылардың орталық аудандардан шаруаларды дала өлкесіне көшіріп апарып қоныстандыруына заңды шек қоюға тырысқан. Жергілікті  қазақ халқының жер-суын үкімет тарапынан қалауынша тартып ала беруге заңмен тосқауыл қою әрекетін, шаруаларды қазақ жеріне көшіру саясатына қарсылық білдіруін олар сол заң жобасымен көрсеткен еді.

Он шақты жылдан бері Питерде түрлі қызметшілік жұмыстар атқара жүріп, Өтеміс бұл орайда біраз жәйтке қанығып қалған болатын.

Қазақтардың тыныс-тіршілігін заңға түсірген Дала ережесін ІІІ Александр патша 1891 жылғы 25 наурызда бекітті. Ереже күшіне 1893 жылы енгізілді. Содан бергі ширек ғасырға жуық уақыт бойы көшпенді қазақ осы заңмен – Дала низамымен өмір сүріп келді.

Онда қыр түлектерінің өз атамекеніне деген  құқының дәрежесін екі негізгі бап айқындап тұрды.

Біріншісі – 119-бап, онда былай делінген: «Көшпелі қоныстар алып жатқан жерлер және сол жер-су аумағына тән нәрсенің бәрі, олардың ішінде орман-тоғайлар да, мемлекеттік меншік деп танылады».

Ал екіншісі – 120-бап. Онда былай делінген: «Көшпелі қоныстар алып жатқан жерлер көшпенділердің мерзімдік шектеусіз, өздерінің әдет-ғұрыптары және осы ереженің шарттары  негізінде қоғамдасып пайдалануларына қалдырылады».

Қазақтың байырғы ата қонысы, ата-бабасынан мұра боп қалған жер-суы осынау қазақтың сыртынан жасалған заң тілімен орыс патшалығының жері боп шыға келді. Ғасырлар бойы найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, төсінде аунап-қунап келе жатқан қазақтың ұлы даласы енді Ресей империясының иелігінде болып шықты.

– Онда таңғалатын не бар, – деді Өтеміске жасы үлкен ағалары, – ондай құқықты қазаққа Сперанскийдің Сібір қазақтарына 1822 жылы жасап берген жарғысы белгілеген еді ғой...

Иә, Өтеміс қазір тәп-тәуір хабардар, одан қырық пәленше жыл кейін  шығарылаған Уақытша ереже де сондай тәртіпті қуаттаған.  Қазақтың олармен келіспеген неше көтерілісі болды, бәрін патша ағзам қан қақсатып басып-жаншыды да, ақыры, «асқан мейірбан кеңшілдігімен» осынау Дала низамын сыйға тартты емес пе...

Дегенмен Дала ережесінде көшпенді қазаққа өзінің қыстауы шегінен жалға жер беру құқы бекітілген емес пе, наразы болатындай, соншалықты не залалы бар еді ол низамның?

Не залалы бар? Жерді  жалға беру құқы бекітілген? Мақұл, мына сұраққа жауап іздестіріп көрейік: кімге жалға беруге болады? Ой жүгіртіп қараңыз: тегі орыс азаматтарға! Рас, отыз жылдан аспайтын мерзімге деген шектеуі бар. Не үшін? Зауыт, фабрика, диірмен салу үшін, тағы да солар тәрізді өндіріс орындарын жасақтау үшін.

Оны қазақтардың неге өзі істемейді?

Біріншіден, заң оларды мұндай шаруаға міндеттемейді. Екіншіден, олардың өздеріне кең далада, салқын саумал-самал өтінде сайрандап,   жылқы бағып, қымыз ішіп, шалқып көшіп жүру жарасады. Жандарына жағымды сол салттан ажырағылары келмейді...

Яғни жер-суын жалға беру – қазаққа тиімді...

Бірақ  қазақтың иелігіндегі жерін жалға беруі тек болыс сиезінің қаулысымен, әрі оны облыстық басқарма бекіткен жағдайда ғана жүзеге асады. Яғни ондайды кәсіп еткендер ілу де шалу.

Сонда қазақ жерін естек* тәрізді сатпаса да, заңда көрсетілгендей жалға бермесе де – шөлден бір-ақ шығып жүргені ме? Дала низамы берген құқты кәдеге жаратпады дегенге кім сенер?!

 

*башқұрт.

 

Әйтсе де солай. Құпиялап айтайын, тап сол құқығын пайдаланып шекесі шылқыған қазақты көрмедім. Баяғы алғашқы жарғыдан бері талай жер-су телімі  кеніштер ашуға, түрлі кәсіпорындар салуға кетіп жатыр, алайда соған қазақтан рұқсат сұрап, әлде заң бойынша белгілі бір мерзімге жалға алып жүзеге асырып жатыр екен деген сөзді естімеппін...

Демек, әкімшіліктің әрекеттері заңсыз...

Бір қарағанға ғана. Хұкімет көшпенді бодандарын отырықшылыққа шақырып, өркениетке бұрудамын деген дабыратпасынан бір таймайды. Есесіне қазақты мүлдем жер-суынан айыру жолы бұл Ережеде сырт көзге елеусіз ғана тармақшамен көзделген және сол тармақша ең арсыз да қатыгез жолмен жүзеге асырылуда.

Қалай көзделген деймісіз? Низамның 120-бабының бірінші ескертпесіне назар аударыңыз, онда былай делінген: «Көшпенділер үшін артық болып қалуы ықтимал жерлер Жер өңдеу және мемлекеттік дүние-мүлік министрлігінің қарауына түседі».

Бірақ мына жер маған көптеу екен дегенді қазақ айтпайды, отар билігі айтады...

Қазақтың таңдаулы жер-су пұшпақтарын әскери-феодалдық жолмен тонауды үкімет тура осы ескертпені заңи негіз ете отырып жүзеге асырды. Оның бұл тараптағы ісі шығыс сатрапияларының үлгісінен де асып кетті. Дұрысында, соларды үлгі ете отырып, Ресей самодержавиелік-помещиктік мемлекеті қазақ жерінің ең жоғарғы меншік иесі және бірден-бір  қожайыны болып алды... 

 

4.

Серәлі, Бақытжан, Елжан мырзалардың үшеуі бірдей Үшінші Дума жұмысына кірісер-кіріспестен Петрбордан орын теуіп, қазақ пайдасына заң жасау ісімен шұғылданғаны  Өтеміске әбден мәлім-тін. Заң  жобасын жасаушылар Қазақ елі аумағында жерге орналастыру комиссияларын белгілі тәртіппен тағайындау арқылы атамекенді бей-берекет тонауға кедергі қою мақсатын көздеді. Мұны олар жерге орналастыру хақындағы заң жобасы мен оның түсініктеме жазбасында баян қылды.  Дала низамының 120-бабы мен оның бірінші ескертпесін тым еркін түсіндіруді доғаратын, әкімдердің қилы переселен* мекемелері арқылы қазақты жерден қуып, қазына қарамағына тартып ала беруіне тыйым салатын мақсат заң тіліне түсірілген-ді.

 

*қоныс аударту, көшіріп әкеліп орналастыру, мұғажырлық.

 

Сол жоба арқылы, әрине, озбырлықты тоқтата алмағанмен, асқынтпай, ретке келтіру ықтималдығы көрсетілгендей-тін. Билік әрекеті заңдық ретке салынатындай із жасалған еді. Онда, ең бастысы, дала облыстары үшін үйездік жерге орналастыру комиссияларын  құру көзделген болатын. Ондай комиссияларға ведомстволардан үш өкілден, қазақ тұрғындары атынан алты өкілден кіргізу жобаланған-ды. Қазақтардың өз орталарынан, болыстық жиындарда іріктелетін кандидаттар съезі үйездік жерге орналастыру комиссияларына кіретін өкілдерін сайлайды деп ұйғарылған еді.

Заң жобасын Мемлекеттік Дума мүшелерінің октябристер мен кадеттерден тұратын едәуір бөлігі қолдады. Сөйтіп,  халық өкілдігі болып табылатын заң шығарушы мекеменің қарауына өз жобалары ретінде ұсынды.

Бірақ оған үкімет жанталаса қарсылық білдірді...

 

5.

Жерге орналастыру және жер өңдеу істерінің бас басқарушысы* Александр Васильевич Кривошеин бұл лауазымына сол Бақытжандар жасаған заң жобасы ұсынылған 1908 жылдың 21 мамырында бекіген болатын. Ол Санкт-Петербург университетін бітіргеннен соң, құқықтар кандидаты дәрежесімен, еңбек жолын юстиция министрлігінен бастаған. Отыз жасында, 1887 жылы, ішкі істер министрлігіндегі земство бөліміне қызметке алынды. Содан бастап ұдайы жер мәселесіне байланысты қызметтер атқарып келеді. 1904 жылдан Переселен басқармасының бастығы, 1905 жылдың маусымында   Жерге орналастыру және жер өңдеу істерінің бас басқарушысының орынбасары, 1906 жылғы 8 маусымнан 1907 жылғы шілденің соңына дейін осы ведомство істерін атқарушы, соның алдында – 6 маусымда ғана Мемлекеттік кеңес мүшелігіне тағайындалған. 1906 жылғы қазаннан бастап қаржы министрінің орынбасары, Дворян және Шаруа жер банктерінің меңгерушісі болған. Ақыры, 1908 жылы князь Васильчиковтың орнына тағайындалды...

*Жерге орналастыру және жер өңдеу істерінің Бас басқарушысы – қазіргі ұғым бойынша Ауыл шаруашылығы министрі.

Жер саясатын бес саусағындай біледі. Думадағы күллі айтыс-тартыс көз алдында өтті. Столыпиннің шаруа реформасын жүргізудегі оң қолы. Сондықтан да ол қазақ қайраткерлерінің жерге билік жүргізбек пиғылына қатаң да шалт үнмен қарсылық білдірді.

Князь  Васильчиков Бірінші Николайдың жақын вельможаларының** бірінің немересі екен. Императорлық құқықтану училищесін бітіріп, Новгород губерниясындағы өз имениесіне қоныстаныпты. Әуелі Ескі Русса үйезінің бастығы болып сайланса керек. Онда алты жыл істегеннен кейін Новгород губерниялық дворяндар қауымының жетекшісі лауазымына таңдап сайланған көрінеді. Оны осы қызметке төрт мәрте сайлапты. Сайланымның  әр мерзімі үш жылдан екен, сонда жиыны он екі жыл істепті. Одан Псков губернаторы  лауазымына тағайындалып, үш жылдай қызмет атқарған. Орыс-жапон соғысы  кезінде Қызыл Айқыш қоғамының бас уәкілі  ретінде Манчжурияда – Солтүстік-шығыс аймақтағы Приморье және Амур армиялары әрекет еткен жақта қызметте болған. Соғыс қимылдары аяқталғаннан соң қызметті тастап, өз имениесіне оралады. Ауыл шаруашылығымен шұғылдануын жалғастырады. Құс шаруашылығын өнімділігі жөнінен үлгілі етіп ұйымдастыра алыпты. Асыл тұқымды шошқа мен сиыр өсіруді дамытыпты. Ағылшын сәйгүліктерінен тұтас бір табын ұстаған. Оның ит қорасының өзі ересен үлкен екен, не түрлі ит тұқымдарын өсірген көрінеді. 

 

**әйгілі және дәулетті, лауазымды ақсүйектердің.

 

Бірақ үкімет оны өз шаруашылығымен айналысуға ұзақ қалдырмайды, әуелі Қызыл айқыш Бас басқармасының төрағасы, Мемлекеттік Кеңес мүшесі етіп тағайындап, Бірінші Дума қуылғаннан кейін Жерге орналастыру және жер өңдеу істерінің Бас басқарушысы лауазымына көтереді.

Оның мекемесіндегі мәжілістерге Қаратаев сұлтан Екінші Мемлекеттік Думаның депутаты кезінде әлденеше қатысып, қазақ мәселесін көтерген. Өзінің тікелей қабылдауында болған. Қазақтарды  отырықшы ету жайындағы, нақты әрекетпен сәйкес келмейтін мәлімдемесін елден бірінші болып естіп, өз пікірін айтқан.

Князь Васильчиков саяси көзқарасы бойынша – орыс ұлтшылы. Бас басқарушылықтан кеткеннен кейін бір жарым жылдай өткенде, Петрборда ұйысқан орыс клубындағы старейшиналар* кеңесінің алғашқы төрағасы болып сайланды. Клуб империядағы барша өзге тектілерді қудалау жағында тұратын. Ал Бас басқарушылық лауазымға алғаш келгенінде, қалай екенін, бағыныштыларының алдында ол:

 – Аграрлық мәселе мемлекеттің соңғы жарты ғасыр бойы әлде  адасушылықпен, әлде жеткілікті ойластырылмай жүргізген саясатының салдарынан туып тұр, –  деген ой  айтып жіберген екен.

 

*ақсақалдар.

 

Сол адасушылықты, жалған жолға түскендікті түзету үшін, басқаша айтқанда, жете ойластырылмаған саясат салдарынан тірелген тұйықтан қиналмай шығу үшін жоспарлы заңнамалық жұмыс жүргізу қажеттігін тілге тиек етіпті.

– Алайда қазір бірінші Дума тарқатылған, ал екінші Дума әлі шақырылар емес, сондықтан, ондай қызмет уақытша тоқтап тұр, – десе керек. 

Орындаушысы тарапынан мұндай сыни көзқарас танытылуы қауырт реформа жүргізу бағытын ұстанған премьер Столыпинге аса ұнамағаны түсінікті. Содан да  оны, ақыры, өзіне шын мәнінде үзеңгілес бола білген Кривошеинмен ауыстырып алған ғой.

 

6.

 Міне сол Кривошеин бас басқарушылық орынтағына отырған бетте, қазақ мүддесін қорғайтын заң жобасын, түк ойланбай-ақ,  күрт кері итерді.

– Соңғы ширек ғасыр бойы дала облыстарының көптеген үйездерінде жердің құндылығы айқындалып, маңызы артты, – деді ол. – Ұлан-ғайыр құнарлы кеңістік бұрын тек көшпенділердің жайылымы ретінде пайдаланылып жүрген. Енді оны егіншілікті дамыту мақсатында өңдеудің тиімділігі анықталды...

Бас басқарушы көз тіккен жерлерде қазақтар бұрыннан-ақ өз қажеттеріне қарай егін егіп, мал жайып жүрген... Алайда оның пайымынша, қазақтардың дала төсінде ерсілі-қарсылы жөңкіліп мал соңында көшіп жүретіні рас, бұл ахуал үкіметтің статистиктер комиссиясы жұмысымен анықталған. Түрлі себептерге байланысты, ең бастысы, экономикалық өмірдің шарттарына орай, даланы жаңаша пайдалану қажеттігі туды. Дала төсінде отырықшы өмірді жандандырудың пайдалы екендігі көрінді. Мәдениеттендірілген, пішен шауып, сүт беретін ірі қара өсірумен шұғылданатын мал шаруашылығы тиімді екені айдан анық болды. Және, әрине, сол мал шаруашылығымен қоса, оның өнімдерін өңдеуді қоса жүргізудің тиімділігі белгілі.

Қазақтарға отырықшылық тұрпатта жер өңдеп, егіс егу шаруашылығына көшуге қолайлы жағдай туып тұр деп санайды екен жаңа бас басқарушы. Оның ойынша, қазақ қауымы үшін патриархтық-тайпалық тұрмыстан,  тиісінше – ру алпауыттарынан қол үзетін заман туды. Дәстүрлі қазақ тұрмысын ыдырату пәлсафасын ол осылай тұжырымдады. Қазақтың  көшпенді тіршілігін ресейлік қалыпқа түсіру жолын қарапайым адамдарды ру билеушілеріне қарсы қою арқылы ашқысы келді.

Отырықшы тұрмысты кезінде Қаратаевқа: «қазақ халқын тосып тұрған болашақ өмір салты» деп, князь Васильчиков те атаған. Кривошеин осы отырықшы тұрмысқа көшудің басты шарты жер иеленушілік екеніне мән берді. Номадтардың әбден қалыптасқан қауымының ыдырауы нәтижесінде, олар отырықшыланады. Және біртіндеп жерді жеке меншіктік құқпен пайдалану тәсілі пайда болады. Бұған ол сенімді.

Десе де бас басқарушы әлденені бүгіп тұрды.

Нені?

Бұл кім үшін жасалмақ – міне, нені!

Осынау үдеріс нәтижесінде кім ұтпақ, кім ұтылмақ?

Оны Кривошеин білді. Бірақ ашып айтпады. Дегенмен, қазақ қайраткерлері оны айқын түйсінді...

Жерге жеке меншіктік құқық енгізуден бірінші кезекте орыс помещиктері ұтады!.. Қазақ өміріне өзгеріс әкелмек үкімет, шынтуайтқа келгенде, бұратана бодандарының емес, алпауыт помещиктерінің қамын жеуде!

Ал үкімет қырдағы  өзгеріске қырағы көз салып отырды. Бұратана  бодандарының бас көтерерлерін қатаң бақылады, адымдарын аштырмады. Жердің құндылығының артуын олар өздерінің бас пайдаларына асырмақшы деп пайымдады.

– Жерді жалға беру мүмкіндігі, оны егіншілікке пайдалану үшін өңдеудің тиімділігі туземдіктердің белсенділігін тудырды! – деп шошынды.

Қауым боп пайдалауға берілген жерлерді бұратаналардың белгілі бір бөлігі іс жүзінде басы

Оставить комментарий

Связанные Статьи