"Біз адамның бағасын оны көмгенде ғана, зират басында ғана айтатын ұлтқа айналдық..." Таласбек аға осылай деп еді... Кешеден бері қазеқең Таласбекке таласып-тармасып баға беріп жатыр. Ау, қазақтың баласы, бұған дейін іздесең қайда қалдың? Талас аға бұ сауалға жауабын тас-түйіндеп айтып кеткен екен: " Қазақтың қаламгері тер төгіп жазады, жазғанын түрлі амалмен газетке басады, кітап қылып шығарады. Содан соң әлеуметке қарайды. Ал әлеумет... ләм-мим демейді." Неге үнсіз қаламыз? Күллі қазақ бірегей интеллектуал Таласбегін неге танымайды? Аякөздің шенеуніктері Таласбектің тырнағына татымайтын қайдағы бір әнші-пәншілерін әспеттегенді білгенде, осы өңірден Мағауиннен кейін шыққан ғұламасының арқасына бір шапан жабуды білді ме? Таласбек туралы деректі фильм бар ма? Замана ағымы, әдебиеттің дамуы туралы айтқан парасат-пайымдары таспада сақталып қалды ма? "Талтүсінен" бөлек дүниелері кітап болып жарық көрді ме?
Тағы да жауапты Таласбекше тарқатсақ: "Д.Корчинский өзінің «Революция «от кутюр» атты кітабында, қандай да болмасын халық республикаға айналу үшін ең әуелі публика кезеңінен өту керек дейді. Яғни, халық әуелі публика болып қалыптасуы керек, әрбір мәдени құбылыс, әрбір жаңа қоғамдық ой, идеяны бүкіл халық болып жабыла талқылап үйренуі керек деген сөз. Ағылшын Сомерсет Моэм бір мақаласында француз жазушыларының бір-біріне телефон арқылы романдарын оқитынын, оқығандарын сағаттап талқылап, талдайтынын айтады. Батыста солай. Себебі, Батыста публика бар. Ал бізде олай емес. Және біраз уақытқа дейін олай болмайтын сияқты."
Бүгінгі қазақ қоғамына Талас аға тарапынан берілген ащы баға осы...
Меніңше, талас тудырмайтын пікір...
Дина Түлекова. (Facebook-тегі парақшасынан)
Оставить комментарий