Кеше ғана Атырау қаласында Қазақстанда АЭС салу мәселесі кезекті рет қаралып, Ресей мен Қазақстан атом электр станциясын салу және оны пайдаланудағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Бұл ақпаратқа қазақтілді баспасөз алаң көңілмен қараса, орыстілді БАҚ алақайлап жазып жатыр. Тіпті Қазақстанға бір АЭС жетпейді, 3-4 еу салу керек деген сөздер де шығып жатыр. АЭС салу - Семей полигоны жабыла сала көтеріліп келе жатқан мәселе. Бірде Ақтауда, бірде Балқашта, тіпті Курчатовта салынады деп жүрген АЭС - Атыраудың өзінде салынуы да мүмкін, бірақ салынатын жер әлі нақты бекітілмеді. Алайда, Қазақстандағы АЭС-ті Ресей тарапы салатыны анық. Биыл, 29 мамырда Ресей президенті Владимир Путин мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңесте «Қазатомпром» мен «Росатом» мемлекеттік корпорациялары атом электр станциясы жөніндегі ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Онда алынған өнім – электр энергиясын Ресейге де, Қазақстан аймақтарына да тасымалдау жеңіл болатыны айтылған.
Елімізде салынатын АЭС құрылысына алғашқы кезде Жапония тарапы қатысатыны туралы айтылған. Мұхтар Жәкішев басқарған «Қазатомпром» Қазақстанның уранын Жапониямен бірге игеруді жоспарлаған еді. «Қазатомпромның» кейінгі басшылығы Ресейді «жақын тартып» кетті. «Қазатомөнеркәсіптің» Қазіргі басшысы Ресейлік энергетика саласының дөкейлерімен туыстық қатынастары бар шенді екені жұртқа жасырын емес. Владимир Школьниктің ұлы Игорь Школьник Ресей энергетикасында ірі үлесі бар жас миллиардер. Школьниктің күйеу баласы Вадим Живов ресейлік уран алпауытының қожайыны, «Росатомның» басқарушы мүшелерінің бірі.
Живов бір сұхбатында: «Казахстан — это Саудовская Аравия уранового мира, там присутствуют все ведущие игроки, идет жесточайшая конкурентная борьба за ресурсы» деп тамсана сөйлеген. Оның бұл сөзі Ресейдің Қазақстанда АЭС салуы - құрылыс салып бере қояйық деген «жанашырлық» қана емес екенін анық аңғартады. Тіпті, Қазақстандағы АЭС құрылысы түсуге қарастырылып жатқан жерлер Ресей шекарасына жақын орналасқан аймақтар екені көңілге күдік әкеледі. Курчатов пен Ресей шекарасы қашықтығы 100км-дей болса, Атырау мен Ресей шекарасы арасы 200км шамасында. Қазақстанның орасан энергетикалық қажеттілігі жоқ екені белгілі. Бұл дегеніңіз энергияны біз өндіреміз, шикізатты да біз дайындаймыз, қызықты Ресей көреді деген сөз. Экологиялық зардапты да біз тартатынымыз анық. Атомнан энергия алудың қауіптілігі де маңызды мәселе. Жапониядағы жарылыс, Чернобыльде болған апат - АЭС саламыз деген ел сабақ алуы тиіс жағдай. Атап айтсақ, 2011 жылы Еуроодақ Чернобыль атом электр стансасындағы апаттың салдарын жоюға 110 миллион еуро бөлген. Еурокомиссия осы аймақтағы ядролық қауіпсіздік проблемаларымен айналысу және жергілікті халыққа апаттың салдарын еңсеруге көмектесу жөніндегі жобаларды жүзеге асырудың өзіне 470 миллион еуроға жуық қаржы бөліпті. АЭС-тің зақымданған реакторының үстінен салынып жатқан саркофагтың құрылысын аяқтау үшін 2015 жылға дейін тағы 740 миллиондай еуро жұмсалуы тиіс екен.
2010 қаңтарда сол кездегі жауапты шенді Сауат Мыңбаев Үкімет қабырғасында өткен селекторлық басқосулардың бірінде, ресейлік мердігерлерден техникалық тәуекел мен электр энергиясының бағасы бойынша кепілдік алмай АЭС құрылысын бастауға болмайтынын айтқан болатын. Бұндай кепілдік Ресей тарапынан әлі беріле қоймады. Қазақстанда атом электр станциясына қажетті шикізат уран қоры мол екені рас. Дегенмен Қазақстанға қажетті энергияны басқада балама энергия көздерінен алу жағы қарастырылмай келеді. Мысалы күн энергиясы. Оңтүстік облыстарда бір жылдың ішінде 180-250 рет күн ашық болып, орташа температура 37 °C құрайды. Ең тұрақты, ең арзан, таусылмайтын энергия көзі күн сәулесінің энергиясын пайдалану туралы еш ойлана қоймадық.
Елімізде АЭС салуына әр кезде қоғам қайраткерлері қарсы пікірлерін білдіріп келді. Ресейге жасатқан жобалардың сәтті болуына сенім жоқ екенін айтатын белгілі тұлғалар АЭС-тің тағдыры «Қазсат-тың» аяғын құшуынан да алаңдайды. Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым өзінің «Twitter-дегі» парақшасында ЕАЭС-тің түбі АЭС екенін айтып, «Ресеймен АЭС салу туралы жасалған келісімнің артында не тұр: құлдық сана ма әлде пұлдық сана ма?» деп сұрау тастады. Шынында да экономикалық одақтың көлеңкесінде екі мемлекеттің көп дүниесі ортақ болып барады. Ал, біздің пайымымыз басқа...
Саяси жағдай ушығып тұрған қазіргі кезеңде Ресей билігінің Украинаға қатысты позициясына әлем елдері наразы. Бүгінге дейін пікір білдірмей келген Қытайдың өзі Ресейге тоңтеріс мінез көрсете бастады. Алайда, Ресейді айыптаушы елдер бұл елді тәртіпке шақыруда санкция салудан аса алмай келеді. Украинаның тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығына қол сұғып отырған Ресейге әлемнің қатаң шара қолдана алмайтын жалғыз себебі – Ресейдің үлкен ядролық держава болуы. Ядролық деген сөзге мән беріңіз. Уран үлкен энергия көзі ғана емес, қауіпті қару. Яғни АЭС – кез келген уақытта жарылатын жойқын «бомба». Ресейдің қолына не ұстатып отырғанымызды ойлана беріңіз...
Нұрғали Нұртай
Оставить комментарий