Тышқан тышқанды жейді. Қазақ қазақты ше?

/uploads/thumbnail/20170708154630459_small.jpg

Құбылған әлем жарысы - ақылды жанның табысы.

- Шәкәрім Құдайбердіұлы

Кішірек кезімде, Алтайдың Ертіс жағасындағы атам мен әжем тұратын ауыл Ақтүбекке шөп шабуға көмекке баратын едік. Ағам екеуміз еріккенде бүйінің ініне су құятынбыз. Ініне су кірген бүйі іннен атып шығады. Ұсталған бүйілерді үлкен банкіге салып қоямыз. Банкідегі он шақты бүйі де ашыққан соң бір-бірін жей бастайды. Ең соңында тек біреуі ғана қалатын. Сол қалған бүйіні ағам араққа шылап дәрі жасаушы еді. Алайда ағам бүйі жеп табиғаты өзгерген бүйіні ешқашан қайтадан далаға жіберген емес. Өзінің тектестерін өзіне жегізетін жауыздық қазақтың қанында болмағаннан кейін де ағамның ойына бұндай амал оралмаған шығар деп ойлаймын. Бәлкім, жер шарындағы ең үлкен империяны құрған, ең көп отар елге ие болған ағылшындар ғана өз тектестерін өзіне жегізетін жауыздықты ойлауға, істеуге бейім болса керек. Англиялық  ақшалы бір князьдің жеке меншік аралы болыпты. Князь онда жылына тек бір-екі рет қана барып айлап жатып дем алады екен. Сол князь бала кезінде әжесімен бірге аралына демалысқа барады. Барса аралда тышқан қаптап кетіпті. Онда бұрынырақ келген кемемен бірге тышқандар да келген еді. Бұлар аралдағы кокос жемісін жеп күн көреді екен. Аралды тышқандардан адалау керек болады. Әжесі князьға өміріне жетер сабақ береді. Олар саяжайдың жер асты бөлімінен жерді шұңқырлап қазады. Қазған шұңқырға үлкен күбі шелек орнатады. Шелектің қақпағының орнына салмақ түссе ішке қарай ашылатын қылып топсалы есік жасайды. Есіктің ортасына тышқандардың аузы жететіндей биіктікте кокосты іліп қояды. Тышқандар кокосқа жиналғанда есік ішке қарай ашылады да тышқандар шелекке құлайды. Бір ай болғанда тышқандардың біразы шелекке жиналып қалады. Ал, арал иесі шелектегі тышқандарға тимейді. Ашыққан тышқандар әлділері әлсіздерін жей бастайды. Ең соңында екі тышқан қалады. Осы кезде барып әжесі немересіне тышқандарды аралға қайта қоя бергізеді. Ал, ана екі тышқанның табиғаты мүлдем өзгерген еді. Ендігәрі кокос жейтін тышқан емес, тышқан етін жейтін жыртқыш, аңшы тышқанға айналған болатын.

Осман түріктері де қолға түскен тұтқындарды тәрбиелейтін қатаң тәртіп арқылы Еуропаны жаулап алған. Олар өздері жаулап алған елдеріндегі жасы он бестен төмен ұл балаларды еліне әкеліп, дінге кіргізген, түріктің рухын сіңірген. Түріктің тілінде тәрбиелеген. Әзіргі Түркиядағы түріктердің түрлерінің әрқалай болуы да аралас некеден, қала берді заманындағы «асыранды» үлесінен еді. Діні өзгерген елдің баласы өз қандастарын өзінің дініне кіргізуге қатты құштар болады. Ал, діні мен қатар тілі кеткен ұрпақтың ділі де өзгереді. Діл ең соңғы тірек. Ділі өзгерсе ұлттың сипаты да өзгереді. Ол енді басқа ұлттың, басқа ұлыстың адамы. Осы түркіленген «түріктер» еңбегі Еуропаны жаулап алуда аса зор болды. Түріктердің бұлай істемеуге амалы да жоқ еді. Еуропаға кірген көшпенділер қаншама қайтпас батыр болса да жан саны шекті болатын. Соғыс болғаннан кейін адам өледі. Өлген қандастарының орнын табиғи өсіммен немесе орта Азиядағы туыстас халықтар есебінен толтыру мүмкін емес еді.  Осман түріктері Еуропаны жаулардан бұрын, қаған Шыңғыс ханның заманында да, оның жаһан жаулаған ұрпақтары қолға түскен тұтқындарды, бағынған елдердің аламандарын екінші бір елді жаулағанда садақ жебесі секілді тізілген қосынның ең алдына қойған. Олар қорыққанынан, шарасыздықтан, өмір сүріп тірі қалу үшін осындай тәуекел ұтысқа амалсыз көнді. Бәлкім, сол алып империяның жаулап алынған бодан халықтары кейін түркі текті монғол болмай, сол елдерге сіңіп кетуі - жері, елі жауланса да ділі, тілі жауланбағанынан шығар?

80 жылдарда ақша табуды көздеген бір қанша миллионерлер әлемдегі ең мықты футболшыларды  жинаған. Дүниедегі ең мықты ұжым құрдық деп ойлаған. Ол футболшылар расында да мықты ойын көрсеткен. Өздеріндей құрама ұжымдарды тоқтаусыз жеңіп отырыпты. Алайда, осы ең үздіктерден талдап алынған ұжым тек бір текті, бір тілдегі командамен жарысқа түскенде бірде жеңсе бірде жеңіліп отырыпты. Басында осының байыбына бара алмаған ұжым иелері: «бұларда ұлттық ортақ  намыс жоқ, сосын жеңіледі»,- деген қорытындыға келіпті.

Batyrlar

Жоғарыдағы әңгімені неге айттық? Қазақта аса жауыз адамды «ділі қатты» деп айтатыны бар. Сол «қатты ділді» адам көбінде араласпа «қаннан» болады. Бұны адамзат тарихындағы сансыз мысалдан дәлелін тауып алуға болады. Будан тұқым анағұрлым өміршең, анағұрлым қатыгез болатыны бар. Біздің ата-бабаларымыз да өзге елдің, өзге ұлыстың қызын алған. Басқасын айтпай-ақ қояйық, атақты хан Кененің өзі жауласқан қалмақ қызынан туылған. Жеті атадан асырып қыз алатын қазақтың «жеті судан өтіп, сегізінші елдің қызын алатын» салты да бар. Бұл да сол «жеті атадан асыру» заңдылығына келеді. Ал, бабаларымыз өзгеден әйел алса да туылған ұрпақ өзі болып, қазақ болып өмір сүрді. Қазақ үшін қан майданға шығып, елін, жерін қорғады? Неге? Менше себебі ұлттық ортада жатыр. Бұрынғы кезде біз өз жерімізде көп едік. Тіліміз тұнық, дініміз таза, діліміз берік еді. Жеке адам қанша мықты болса да өмір сүрген ортасынан аспайды. Қашанда ортаның әсері ата-ананың әсерінен де басым болмақ. Тұнық қазақы ортада бабасының ізгі салтымен есейген ұрпақ қалай қазақ болмасын! Біз қазақтар «ана тілі» деп айтсақ та ата тілінде - қазақ тілінде сөйлейтін ел едік.

Будан екі түрлі болады. Бірі қан будан, екіншісі діл будан. Екінші дүние жүзілік соғыстан кейін қазақстанда қан будан көбейді. Қазақтар қалаға шоғырлана бастады. Урбанизацияланудың бір зияны болса осы қан будандардың көбеюіне шарт-жағдай жасалып берілуінде еді. Қан будандардың көбі діл буданға айналды. Ал, осы діл будандар алдымен тілден айырылды. Қоғамда кім көп, соның десі жүріп, дегені болады. Қалаға отырақтасқан қазақ арасында өзге ұлттан қыз алған, немесе өзге ұлтпен үйленген қыздарымыздан туған ұрпақтардың көбі сол жатқа ауып кетті. Неге? Меніңше, өзгемен үйленген қандастарымыздың ділі жұмсақ болды. Қарсы жаққа ерікті, еріксіз түрде бейім болып кетті. Ал, ұрпақ мықтыға қарай бейім болып өседі. Осыдан аз жыл бұрын біздің мықтыларды, көсемдерді қырғынға ұшыратып, рухани тіректерінен тайдырса, қалған елдің ділі бос болмай қайтеді. Сосын, қоғамдық ортада жаттың саны басым, десі үстем болды. Жоғарылап оқу, сапалы білім, жұмыс барлығы қалада. Білім алу үшін, жұмыс үшін қалаға келген ұрпақ енді тіл кіріптарлығы мен діл будандығына тап болды.

Осы заманда соғыстардың ең қиыны ақпараттық соғыс. Көзге көрінбейтін соғыс. Соғыс болады екен майданға алдымен жастар шығады. Өзгелердің саны басым, сапасы жоғары ақпараттық шабуылына батыстың, орыстың, қытайдың информацияларымен есейген жастарымыз қалай қарсы шығады? Майдандағы жастарымыз қаруын тастап, қолын көтеріп қарсы жақтың қатарына өтіп кетпесіне кім кепіл? Бізді - қазақ елін, қазақ ұлтын кім қорғай алады? Ол үшін біз қандай жұмыстар істеуіміз керек? Сенің адамдық жеке бас мүддеңді кім қорғайды? Сенің ұрпағыңның болашағына кім жауап береді? Ата-бабаңнан жалғасқан тілің қайткенде сақталып, ұрпағың Алланың хақ жолынан ауытқымай өмір сүреді? Сен еліңе не істеп бере аласың? Сен өзіңнің ұрпағыңа қандай орта қалдыра аласың? Сенің бабаңа ырық берген мықтылық неде? Соншама қырғын көрген қазақ қалайша аман қалды? Себебі - сенің тарихи отаның бар. Өзіңе тиесілі жерің бар және осыларды қорғауға, болашақ ұрпаққа аман етуге тиіс намысың болғандығында.

kene13uy

Қазір жер бетінде 2000-нан астам ұлт бар. Жан саны 10 миллионнан асатын ұлт 60 қана. Аллаға тәубе! Біз осы алпыстың ішіндеміз. Белгілі қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан айтқандай: «жан саны он миллионнан асқан ұлт құрымайды! Қазақ құриды дегеннің тіліне шоқ түссін!» Қазақ елінің жер байлығы әлемде тоғызыншы орында. Тек, қазақ халқының үштен бірі өзге мемлекетте. Осы бес миллион қазақ елге оралуы керек! Елің болғаннан кейін ұлттық ортаң болады. Алла қуат берсе сіз болып, біз болып оңаламыз. «Көп қорқытады, терең батырады». Аз көпке бағынады. Қазақ көбеюі керек.

Қазақ үшін ең қауіпті өзге ұлт, басқа мемлекет емес, ділі будандасқан өзгерген ұрпақ. Тілі шатадан ділі шата жаман. Информациядан ұтылсақ ұлт болар негізден де ұтылып қалуымыз мүмкін. Ел ішінде тілімізді түзеп, ділімізді тазартуымыз, ел сыртындағы қазақтардың біреуін болса да елге қайтарып әкеле беруіміз керек. Әрбір минутта бір қазақ бағытын басқа арнаға бұрып жатқан болуы мүмкін. Әсіресе, шетелдегі қандастар. Олардың халы мүшкіл! Оларды ұлттық сенімнен айыратын, жат қылатын себептер көп. Сол бағытта жанын сала жұмыс жасап жатқан күштер бар іргемізде.  Тамшыдан теңіз құралады. Сіз бен біз барда, қазақ елінің болашағы жарқын болатынына сенейік, сеніміміз үшін күресейік. Әр қазақ шама-шарқымыз келгенінше әрекет қылуымыз керек!

Қалымқанұлы Қанатбек

2014-жыл 26 қыркүйек.

Қызылорда, Құмкөл.

Оставить комментарий

Связанные Статьи