«Қолымыздағы алтынымызды бағалай білмесек, елдігімізге сын»

/uploads/thumbnail/20170710162003025_small.jpg

Таяуда Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының 5-ші құрылтайында Германиядан келген қандасымыз Өмірхан Алтын (суретте) бүгінде Қытайдағы қазақтарға үлкен қысым көрсетіліп жатқанын ашық айтқаны белгілі. 

Ол кісі   көп адам айта алмай жүрген мәселені батыл түрде көтерді. Сондықтан да бүгінде Өмірхан Алтынның атына айтылып жатқан ризашылық пікірлер көп. Өмірхан Алтынға қатысты сондай пікірдің бірін кешегі аптада  Серік деген ұлтжанды  қандасымыз былай деп білдірді:

«Мынау Өмірхан Алтын ағамызды ардақтап, ағаның құрметіне бір  той жасап, оған шапан жауып, тон кигізіп, ат мінгізейік деген ниеттеріңізді естіп қуанып жатырмын. Төбем көкке екі елі жетпей қалды. Қолымыздағы алтынымызды, асылымызды бағалай білмесек, ағамызды «ағалай» білмесек, ол елдігімізге сын. Осы істі бастап, бастамашы болып жүрген азаматтарға Алла разы болсын!

Жиын жасап, біраз қаражат топтап, осы елім деп еңіреп туған, шетте, алыста жүргенімен, өзі сонау Германияда жасағанымен Қытайда жасап жатқан қазақтардың мұңы мен мұқтажын Дүниежүзі қазақтарының 5-ші құрылтайында суырылып алға шығып, Елбасының құлағына жеткізген Өмірхан Алтын ағамызды қалай құрметтесек те ла­йықты.

Біз бұрынғы өткен батыр бабаларымыздың 100 жылдықтарын өткізіп жүрген халықпыз. Оның бәрінің мақсаты не? Ұрпаққа, елге, жұртқа өнеге болсын, тәрбие болсын деп жүрміз оның барлығын. Ол батыр бабаларымыздың өмірден озғанына пәленбай жүз жыл болған, ал енді мынау  өмірдегі, көз алдымыздағы тірі батырларымызды да ардақтайық, бауырлар!

Жігіттер жақсы бастама бастаған екен, екі қолымды көтеріп тұрып қосыламын. Иә, Құдай қаласа, тойларыңызға, міне, 50 мың теңге шашуымды күні бұрын «карточкаларыңызға» салып та жіберемін.

Бұл Өмірхан Алтын ба­уырымыз сонау Германияда жақсы өмір сүріп жүр, ұшақпен, міне, анда-мында ұшып. Жағдай деген жақсы, ат керек пе, абырой керек пе демейді, ақша керек пе демейді, ішсе алдында, ішпесе артында, қарын тоқ көйлек көк жүрген қазақ, Еуропаның қазағы.

Ал ол не үшін Қытайдың қазағының мәселесіне басын қатырып жүр? Ол  – азаматтықтан, нағыз азаматтықтан туындаған дүние.

Енді арысын айтайық. Өмірхан Алтынға сол биік сахнада, биік мінберде тұтас қазақтың екі дүниедегі сұрау­шысы, жоқтаушысы – Елбасының алдында осы мәселені айтқызған екі-ақ нәрсе бар. Бірі – кек, бірі – тек.

Кек дегені – оның арғы атасы Зуқаның басын Алтайдың көпіріне ілдірген – ол Қытай болатын. Атасының кегі кеткен. Ал осында отырған қайсыңның атаңның кегі Қытайда кеткен жоқ? Қайсыңның кегің кеткен жоқ? Алты жұлдызды буржуазиялық Қытай гоминдан үкіметі қайсыңның атаңның басын түрмеде шірітпеді? Шығыс Түркістан­ның төңке­рісіне қайсыңның атаң қатыспады Іле бетінде? Алтай беті, Шәуешек бетінен қай туысқаның Тибет аспады? Үндістан-Пәкстанда сүйегің шашылып қалмаған қайсың жоқ?

Яғни бұл жерде Өмір­ханның ғана кегі жатқан жоқ, бәріміздің кегіміз жатыр. Әр қазақ менің жал­ғызым болса, бір қазақтың кегі кетсе, онда менің де кегім кетті.

Екіншісі, Өмірханды сол сахнаға шығарған – тек.  Қазақ айтады, тегіне қара деп. Қазақтың тек деген ұғымы ол өте керемет ұғым,  мың жыл зерттеуге тура келетін, мың кітап жазуға тура келетін ұғым.

Яғни Өмірхан өзінің Зуханың тұқымы екенін көрсетті. Бұл осы күндегі, осы  замандағы батырымыз – Өмір­хан Алтын ағамыз. Енді осы Өмірхан Алтын ағамызды ардақтау, құрметтеу, сыйлау біріншісі – елдігіміз, ел екенімізді ел үшін еңіреп туған ердің әрбір еңбегін бағалай алатындығымызды, көзімізді жұмып үнсіз отырып қалмайтындығымызды, мысық емес екендігімізді көрсететін кез. Сондықтан Өмірхан Алтын ағамызды марапаттау, ат мінгізу, шапан жабу, ол былайғы ел-жұртқа үлгі-өнеге, жастарымызға үлгі-өнеге. Ел үшін еңбек етсең халқың өстіп сыйлайды деген сөз. Яғни үгіт-насихат, тәрбие.

Сондықтан, бауырлар, Өмірхан ағамызды марапаттайтын осы бір игі шараны жігіттер ұйымдастырып жатыр екен, бәріміз қатысайық, иншалла! Жақсыны жақсы демесең, асылыңды асыл демесең, онда елдігің қайда?

Дәл осы мәселені көтермей, үндемей, бұғып қалған қаншама адам бар. Оны алдыңғы жылғы сөздерімізде айттық. Қытайдағы қазақтардың басына осындай бір нәубет күндер келген кезде алпыс апасы, жетпіс жездесі, қолқа-бауыр, жүрегі сонда қал­ғанына қарамастан соны мүлде естімегенсіп, көрме­генсіп, көзі соқыр болғансып, құлағы керең болғансып, «Фейсбукте», «Твиттерде» бір ауыз сөз жазбай, қорықса лақап атпен немесе бүркеншік атпен жазбай, мұндай оқиға ешқашан болмағандай, қоғамда резонанс тудырмай, жоғары жаққа жеткізбей, ештеңе болмағандай, оны білмегендей болып отырған біздің аталмыш мүйізі қарағайдай ақын-жазушылар, қоғам қайрат­керлері, еңбек сіңірген қайраткерлер, төсбелгі иелерінің бәріне сын.

Ұлт басына күн туғанда екі-ақ түрлі адам бар: біріншісі – ұлт үшін күрескендер, екіншісі – сатқындар. Сатқындар кімдер?  Олар – барлық үнсіз қал­ғандар, сылтау-себеп тап­қыштар, бұғып қалғандар. Кім бұған қатыспаса, бәрі сатқын. Ұлт мүддесі сынға түскен жерде үшінші адам жоқ. Қалыс қалғандар жоқ. Қалыс қалғандардың өзі сат­қындар.

Сондықтан, бауырлар, бір игі іс бастаған екенсіңдер, өзімізге, ұлтымызға, ел-жұртымызға, тұтас халқымызға өнеге көрсетейік. Білсін. Кім қазақ үшін еңбек етсе, сол атаққа, құрметке, марапат­қа лайық.

Ендеше, қатысыңыздар! Мен өз басым қатысамын.

Осы шараны бастап жүрген жігіттерге Алла разы болсын!»

...Міне ұлтжанды қандасымыз осылай деді. Ол кісінің жан жүрегінен шыққан бұл жалынды сөздер қазақ ұлтының рухын көтеруге қызмет етері анық.

Осы орайда германиялық қазақ азаматы Өмірхан Алтын жөнінде айта кетейік. Ол – 1940-жылдары Шығыс Түркістанның Алтай өңірінде болған халық көтерілісі кезінде қытайлық жазалаушылардың қолынан қаза болған Зуха қажы Сәбитұлыныңұрпағы.

Қытайлар қолға түсіргесін Зуха батырды  өл­тіріп, жұртты қорқыту үшін оның басын кесіп алып, көпірге бірнеше күн бойы іліп қойған. Ұлт  азат­тығы жолында күрескен осы батырдың ауылы кейін жер ауып, Үндістан мен Пәкстан арқылы Түр­кияға асқан. Азабы көп осы ауыр жолда жүздеген қазақтың сүйегі жолда қалған екен. Түркияға екі мыңдайы ғана аман жетіпті. Түрік өкіметі оларға Нигде деген қалаға таяу маңнан жер бөліп берген. Оны «Алтай ауылы» деп атапты.

Өмірхан Алтын осы Алтай ауылында туып-өскен. Кейін Германияда білім алған, журналист мамандығын игерген. Ол Мюнхендегі «Азаттық» радиосында тілші болып жұмыс істеген. Қазақстан өз Тәуелсіздігін алған 1991-жылғы желтоқсанда бұл жаңалық жайлы жаһанға хабарлау бақыты осы Өмірхан Алтынға бұйырған екен.

Өмірхан Алтын Қазақстан Президенті Н.Назарбаевпен сонау 1987-жылы танысқан екен. Н.Назарбаев сол кезде Мюнхенге барған КСРО делегациясының құрамында болған, бұл кезде ол Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметін атқаратын.

Қоғам қайраткері Өмірхан Алтын – тәуелсіз Қазақстан Республикасы Президентінен ал­ғашқы болып сұхбат алған шетелдік журналист.

                                                                                                                                                                                                                                    «Замана» газеті, Д. Нұрпейіс

Оставить комментарий

Связанные Статьи