Редакциямызға Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қарасу ауылының тұрғыны Ания Саипышева Qamshy.kz ақпарат агенттігі арқылы облыс басшылығына дат айта келді.
Қарасу ауылының тұрғындары атынан Облысы басшылығына өтінішін арқалай келген Ания Саипышева Қордай ауданына қарасты «Қарасу» ауылының атын» Момбек ауылы» деп өзгертілгенін талап етеді.
Себебі ауыл тұрғындарының пайымынша «Қарасу» ауылында ауыл атына байланысты көптеген қайғылы оқиға болып тұрады.
«Қарасу» деген атау ауылға қайғы-қасірет алып келеді»,- дейді екен ауыл тұрғындары. Ания Саипышеваның айтуынша, өлім санын азайту үшін Қарасу ауылының атын өзгерту қажет. Осы жылдың шілде айының өзінде Қарасу ауылында жеті адам қаза тапқан. Бұдан басқа ауылда көлік апаты оқиғасы да көбейген.
«Бұрында Қордай ауданына қарасты Кеңес деген ауыл болатын. Сол ауылда өлім мен көлік апаты көп болғаннан кейін ауылдың атын Өтеген деп ауыстырды. Қазіргі таңда ауылда көлік апаты мен адамдардың қайтыс болуы азайды. Қордай ауданына тағы бір ауылы Қасық ауылының атын Әлжан ана деп өзгертпекші. Осы іспен қатар Жамбыл облысы әкімдігі Қарасу ауылының да атын Момбек ауылы деп өзгертсе деген тілегіміз бар. Себебі, біздің ауылда Момбек бидің мазары бар. Түркістанға бара жатқан адамдар Момбек би мазарына ат басын бұрып, дұғаларын оқып кетеді. Ауылды Момбек ауылы деп атауды ауыл ақсақалдары да қолдап отыр. Қарасу ауылында қазіргі таңда 4724 адам өмір сүріп жатыр»,- дейді Ания Саипышева.