Шымкенттің шенеуніктері қоғамдық көлікпен қатынап жүр. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың өзі бастап қарамағындағы жетекші қызметкерлерге 1 ай қызметтік көлікке мінуге тыйым салды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі otyrar.kz-кесілтеме жасай отырып. Енді әкім және оның орынбасарлары, бөлім басшылары бүгіннен бастап жұмыстарына автобуспен қатынай бастады. Жауапты мамандар құр барып-келмей, жолаушылар көлігі саласындағы кем-кетіктер мен ереже бұзушылықтарды анықтауы тиіс.
Шымкенттегі қоғамдық көліктің жұмысы тап-тұйнақтай. Әр аялдамаға аялдау уақыты да сақталған. Оның бір себебі, жолаушылар көлігімен шенеуніктер жүр. Қаланың қақ ортасындағы «Спартак» аялдамасынан ең бірінші болып Әл Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжанов түсті. Бір емес, бірден екі бағыттық көлікпен жұмысқа жеткен шенеунік қысылмай, дер кезінде келгенін айтты.
Бауыржан Қалжанов, Әл Фараби ауданының әкімі: «Мен №69 бағыттағы автобусқа міндім. Тез жеттім. Іші таза, қызмет көрсету деңгейі жоғары. Билет те берді.»
Қуатжан Жұматаев, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы: «Мен бір емес, екі автобусқа міндім. Әрине, жолаушы көп. Бұл таңғы «час-пикке» байланысты. Үш аялдамада жолаушылар көп мінді. Мен Бекжан базары маңынан №12 бағыттағы көлікке отырдым. Осы жерге дейін 29 минутта жетті. Енді «час-пикте» жоаушылар ағыны көп болатынын жасырмаймыз. Ол барлық ірі қаланың мәселесі. Міне, жолаушы билетін алдым. Мен бұл бастаманы қолдаймын».
Осылайша қала әкімінің тапсырмасы бірден орындалды және бір айға жалғасады. Байқағанымыз — әкімдіктің ғимаратына бір де бір қызметтік көлік келіп тоқтамады. Әкімдіктегілердің айтуынша, қызметтік көлік жүргізушілері ақылы еңбек демаласына кеткен. Яғни еңбек кодексі бойынша айлығының 50 пайызы төленеді. Ал қызметтік көліктердің есігіне мөр басылып, тұраққа қойылған.
Оставить комментарий