Алматыда 24 тұрғын үйдің құрылысы ағымдағы жылдың соңына дейін бітеді

/uploads/thumbnail/20171211151308138_small.jpg

Өздеріңізге белгілі, биыл Ел­басы тапсырмасымен елімізде «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарла­масын жүзеге асыру жұмыстары басталды. Осыған орай жақын болашақтағы 15 жылда өте маңыз­ды мақсат – елімізде 1,5 млн. отба­сы баспанамен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Бұл ретте Алматы қаласында «Нұрлы жер» бағдар­ламасы аясында 73 үйдің құры­лысы жүреді деп жоспарланған. Ал оның ішінде 24 тұрғын үйдің құрылысы ағымдағы жылдың соңына дейін бітеді деп көзделген.

 

Қазір қалаға қыс маусымы жақындап келеді. Енді бірнеше күндерден соң қар жауып, күн суытатыны болжануда. Осы тұрғыда қалыптасқан дәстүр бойынша шаһарда жұмыс ырғағы бәсеңсіп, ала жаздай ғимараттың сыртқы қорабын салып бітірген құрылысшылар үйдің ішкі өңдеу жұмысына кірісетіні белгілі. Бұл ретте, қазір Алматыда тұрғын үй және азаматтық мақсатта 1140 нысан салынып жатыр екен. Оның ішінде 762 ғимарат жеке кәсіп­керлердің өз есебінен және 378 құрылыс нысаны қалалық бюджеттің қаржылан­дыруымен салыну үстінде.

Жалпы, қазір қалада құрылыс жұмыс­тары белең алған. Мысалы, мемлекеттік бағдарламаның қалалық әкімдік желісімен 2016-2017 жылдары шаһарда 1040 пәтерлі 19 тұрғын үй салынды. Сондай-ақ, «Қол­жетімді баспана» бағдарламасы аясында биыл «Саялы» және «Жас қанат» ықшамау­дандарында 17 тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. Сосын «Ескі үйлерді сүру» қалалық бағдарламасы шеңберінде үш жаңа тұрғын үй бой көтерген. Атап өтетіні, соңғы жылдары негізгі құрылыс жұмыстары Наурызбай батыр ауданында жүріп жатыр.

Бұдан басқа, биыл мегаполисте 42 білім беру мекемесі құрылысын көтеру және сейс­микалық тұрғыда нығайту жұмыстары жүргізу көзделген еді. Солардың ішінде 29 нысан жыл аяғына дейін пайдалануға беріл­еді деп күтілген. Сонымен қатар, қа­зіргі таңда қаладағы 18 нысанда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Өздеріңізге белгілі, «Ескі үйлерді сүру» бағдарламасы еліміз бойынша ең алғаш Алматы қаласында қолға алынған болатын. Осы ретте қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметі бойынша, қазіргі таңда мегаполистегі ескі, жарамсыз деп танылған мыңға тарта тұрғын үйдің ішінде биылғы жылы 56 үй бұзылып, сүрілетіні жоспарланған. Және тып-типыл етіліп сүрілетін бұл үйлердің орнына жаңа еңселі тұрғын үйлер бой көтеретін болады. Әрине, қолға алынып жатқан бағдарламаның маңыздылығы мен тиімділігі де осында.

Бұл тұрғыда үстіміздегі жылы Алматы­да 297 пәтерден тұратын үш бірдей тұрғын үйдің құрылысы бітіп, пайдалануға берілді. Жалпы аумағы 21,3 мың шаршы метрді құрайтын бұл үйлер Жандосов көшесінің бойындағы Сүлейменов пен Щепкин көшелерінің арасында орналасқан. Атап өтетіні, салынып жатқан бұл тұрғын үйлердің сапасына сол саладағы өте көп адамдар жауап береді екен.

Жалпы, «Ескі үйлерді сүру» бағдар­ламасы шеңберінде Алматы қаласы аумағында  2017–2024 жылдар арасында әбден тозығы жеткен жалпы саны 1034 ескі үй бұзылып, қайта жаңартылады деп жоспарланған.

 

Әрине, біз әр кезде «басында үйі бардың, жап-жақсы күйі бар» дегенді жиі айтамыз. Бұл ретте Алматы қаласындағы көп ғимараттар түрлі табиғи апаттар мен келеңсіздіктерден қорғалмағаны жасырын емес. Сондықтан да өткен ғасырдың 70-ші жылдары жапондықтар алматылықтар туралы «ержүрек 900 мыңдай (ол кезде Алматыда осынша адам тұратын) мекен ететін қала» деп атаған екен. Өйткені, Алматы шаһары жер сілкінісі өте қауіпті ауданда тұратыны белгілі. Мысалы, ХVІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың аяғында мұнда күшті зілзала болғаны тарихтан мәлім. Сосын қала әрқашан жойқын тасқын суға кеудесін тосып келеді. Оның салдарын соңғы жылдары өзіміз де анық байқап жүрміз.

Міне, осыған байланысты бұдан бір­неше жыл бұрын шаһарда «Алматы қала­сын жер сілкінісінен қорғау» бағдарламасы қолға алынды. Онда келтірілген мәліметтер бойынша, қазіргі таңда Алматы тұрғын­дарының 27 пайызы жер сілкінісінде қауіпті тұрғын үйлерде, 31-і әлі қандай екендігі анықталмаған үйлерде және тек 42 пайыз алматылықтар сейсмикалық төзімді ғимараттарда тұрады екен.

Бұл қауіптен бізді үйлерді паспорттау бағдарламасы ғана сақтандырады екен. Өйткені, таяуда еліміздегі әр көпқабатты тұрғын үйдің өз төлқұжаты болады. Соған сәйкес барлық көпқабатты тұрғын үйлер кондоминум нысаны ретінде  тіркелетін көрінеді. Қазір мұндай құжат еліміздегі әрбір үшінші көпқабатты үйде ғана бар екен. Бұл ретте тұрғын үйдің жай-күйі мен сапасы республикалық тұрғын үй-коммуналдық базасына енгізіліп, әр тұрғынның жалпы мүлкі саналады.

Оставить комментарий

Связанные Статьи