Бүгін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед 57 жасқа келді. 20 жылдан бері үлкен саясатта белсенді жүрген тұлғаның өткені мен бүгіні қандай? Qamshy.kz тілшісі осы сұрақ төңірегінде ізденіп, «Бала Мұхтар қандай болған? Бүгінгі биліктегі Мұхтардың бейнесі өзгерді ме?» деген сұрақты Мұхтар Абрарұлының мектептегі сыныптасы, ауылдасы Советхан Үмітқажиевке қойды:
Мұхтар ойынға берілген бала емес
- Біз Мұхтармен ауылда бірге өстік. Бірінші сыныпқа бірге бардық. 3-тен кейін мен «б» сыныбында, ол үлгерімі жақсы балалардың іріктелген «а» сыныбында оқыды. Үйіміз іргелес болды. Малға шықса 4-5 кітапты қолтықтап шығады. Мен онысына күлем, ол «Оқу керек! Көресің, мен кейін бастық боламын» деп қалжыңдайтын. Айтқанындай бастық болды.
Ол 3-тен кейін «а» сыныбына ауысып кетсе де, араласып тұрдық. Сабаққа бірге барып, бірге қайтатынбыз. «Совет, сен де жақсы оқысаңшы» деп қоймайтын. Малға қолтықтап алған кітаптарын оқып барады, оқып қайтады. Табынға мал апарып, кешке қарсы аламыз, сонда қолындағы кітабын тастамай «Мен оқуым керек, сен де оқысаңшы» деп айтатын. Мен трактор айдаймын дейтінмін. Ойынға берілген бала емес. Ол адал адам болатын. Мектепте жүргенде барлық пәнді жақсы оқыған. Оған төрт қойса, намыстанатын. Мұғалімдер бөлмесіне дейін барып, өзінің дұрыстығын дәлелдеп, 5-ке түзететін. Біз қоңырау уақытында доп ойнайтын едік, сонда бір ұл жетіспей қалып, оны шақырғанымызда, біздің маңайымызға қарамайтын. Ол үшін 4 алу ұят болатын.
Мектепте қоңырау уақытында сабағын жақсы оқитын 5-6 қызбен отырып, сабақ жайында әңгіме айтатын. Біз секілді көшеде жүгіріп жүрмейтін. Бала күнімізде бұзақылар ұрып кететін, ол тіпті жауап та қайтармайтын. Сонда таң қалатынмын «Мұхтар, шамаң жетеді, неге ұрмайсың?» деп. Сонда «Білім мыңды жығады, білек бірді шығады» деген сөзді Мұхтардан алғаш естідім.
Мұғалімдерден «сабақ айтайыншы» деп үнемі сұранып отыратын. Күн-түн демей оқитын. Үздік оқушы болды. Мектепті 1977 жылы бітірдік қой, ол 30 жылдықта келген жоқ, шетелде болғандықтан сыйлығын жіберіпті. Мектепке үнемі көмегін беріп жүреді.
Ауылда әке-шешесі тұрады. Әкесі 80 жастан асты.
Бүгін хабарласып араласпасам да атқарып жүрген қызметін бақылаймын. Бала күнінде «оқысам, жетсем» деп жүретін. Біз көңіл де бөлмейтін едік қой. Бізге де «оқы, оқы, ізден» деп жүретін Мұхтар өзінің дәл орнында отыр. Өзіне лайық жұмыс тапты деп ойлаймын.
Теледидардан көріп разы болып отырамын. Қызметіне көңілім толады. Бұрындары қалай адал болса, қазір дәл солай. Ешкімнің ала жібін аттамайды. Ұлтына қызмет етуге шын берілген адам ғой. Өзін көрмесем де, сырттай разы болып жүремін.

***
Советхан Ақышұлының жары болса Мұхтардың қарындасы Ғалиямен бірге оқыған. Ол да отбасында 8 ағайынды болып өскен Мұхтар Абрарұлының мектептегі ең үлгілі оқушы болғанын естелік етеді. Үмітқажиевтер отбасының айтуынша жоғары билікте болғанымен бауырлары билікте қызмет етпейді. Абрарұлы бала кезіндегі қарапайымдылығынан еш өзгермеген адам.