Алматы қаласы тұрғындарының әлеуметтік ахуалына жауапты Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қай кезде барсаңыз да, адам қарасы үзілген емес. Екі қолға бір күрек іздеп жүргендерді де, әлеуметтік жағдайы төмен отбасының иелерін де, арбаға таңылып, таяққа сүйенсе де күнкөрісіне дәнекер болар жұмыс іздеп жүрген мүгедек жандарды да осы жерден кездестіруге болады. Алматыда оқып, Алматыда тұрақтап қалғысы келетін жастар да осы басқармаға келеді. Олардың барлығының бабы табыла кетеді десек, артық айтқандық болар. Дейтұрғанмен, бұл басқарманың босағасын аттаған адамдардың өтініші ескерусіз қалған емес, – дейді басқармаға басшы болып отырған Мейіржан Отыншиев. Мейіржан Батырбекұлы бұл басқармаға сырттан келген жоқ, ол басқармадағы қызметін қатардағы маман болып бастап, бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарған. Ал бүгінде басқармаға басшылық етіп отырған әлеуметтік сала қызметі бойынша тәжірибесі мол білікті маман. Біз жуырда Мейіржан Батырбекұлымен әлеуметтік салада болып жатқан өзгерістер төңірегінде әңгімелескен едік.
– Мейіржан Батырбекұлы, басқармаға басшы болып тағайындалғанға дейін, сіз басшының тапсырмасын орындап келдіңіз, ал қазір өзіңіз тапсырма беріп, жұмыс талап етіп отырсыз. Басшы болған оңай ма екен, жоқ әлде, оның тапсырмасын орындау оңай ма?
– 2010 жылдан бері осы басқармада қызмет атқарып келе жатқандықтан, маған тапсырма беріп, оны талап ету соншалықты қиынға түскен жоқ. Өйткені, мен қай бөлімнің қандай мәселеге жауапты екендігін, онда отырған бөлім басшылары мен мамандардың қызметіне деген жауапкершіліктерін және ішкі проблемаларды жақсы білетіндіктен, тапсырма беру, оның мерзімінде орындалуын талап ету де қиынға түскен жоқ. Бір кісідей жұмылып, әркім өзіне тиісті жұмыстарын атқарып келеді.
– «Жас келсе, іске демекші», жаңа бастамалар, жаңа әлеуметтік бағдарламалар қолға алынып жатыр. Халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуға мүмкіндік беретін сол бағдарламалардың Алматы қаласындағы беталысы қалай?
– Қазіргі таңда басқарма Алматы қаласының 2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы мен 2017–2021 жылдарға арналған «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жұмыссыздарды әлеуметтік қорғау, әлеуметтік көмек көрсету, мүгедектерге және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына әлеуметтік жәрдемақы төлеу қызметтерін жүзеге асырып отыр.
– Биылғы жылдан бастап жаңа форматтағы әлеуметтік көмек түрлерінің енгізілуіне байланысты бұрыннан төленіп келе жатқан кейбір жәрдемақы түрлері жойылды деп жүрміз, соған толығырақ тоқталып өтсеңіз?
– Оныңыз рас, жаңа форматтағы әлеуметтік көмектің енгізілуіне байланысты өзіңіз айтып отырғандай, бірқатар әлеуметтік көмек түрлері жойылды. Мәселен, төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға арналған арнайы әлеуметтік көмек, 18 жасқа толмаған балалары бар аз қамтылған отбасыларға арналған жәрдемақылар жойылып, оның орнына жаңа форматтаға шартты және шартсыз әлеуметтік көмек түрлері ендірілді.
– Жәрдемақыларды берудің жаңа тәртібінің енгізілуін балалары мен әлеуметтік жағдайы төмен болғаны үшін төленетін жәрдемақыға арқа сүйеп алған азаматтарды масылдықтан құтқарудың бір тәсілі дейсіз ғой?
– Ондайлар жоқ емес, жәрдемақымен күн көріп келген отбасылар бар. Өздеріңіз білесіздер, жаңа жылдан бастап әлеуметтік көмек түрлері екі – шартты және шартсыз әлеуметтік көмек түрінде берілуде. Шартты әлеуметтік көмек отбасы құрамында еңбекке қабілетті болғанмен, жұмыс істемейтін мүшесі бар, жан басына шаққандағы табысы кедейшілік шегінен төмен отбасыларға төленеді. Кедейшілік шегі тоқсан сайын күнкөрістің ең төменгі деңгейінің 50 пайызы мөлшерінде анықталады.
– Қазіргі кездегі бір айлық күнкөріс пен кедейшілік деңгейінің мөлшері қанша теңгені құрап отыр?
– Биылғы жылдың бірінші тоқсанында күнкөріс деңгейі 27 326 теңгені, ал кедейшілік шегі 13 663 теңгені құрады. Ал шартсыз ақшалай көмек отбасында еңбек етуге қабілетті мүшелері болмаған жағдайда немесе отбасының еңбекке жарамды мүшелері белгілі бір себептер бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатыса алмайтын отбасыларына беріледі.
– Демек, шартсыз әлеуметтік көмек отбасында жұмыс істейтін адамы жоқ отбасыларға берілсе, ал шартты әлеуметтік көмек белгілі бір келісім-шарт арқылы беріледі деңіз.
– Иә, шартты әлеуметтік көмек алатын отбасыларына басқарма тарапынан жұмыс ұсынылады, егер де олар жұмыстан бас тартатын болса, әлеуметтік көмек түрі біртіндеп азайтылып, тіпті оның берілмеуі де мүмкін. Ал атаулы көмек түрлері сақталып отыр. Ол үшін республикалық бюджеттен 522 миллион, жергілікті бюджеттен 24, 7 миллион теңге қарастырылған. Сонымен қатар, табысы төмен отбасыларға тұрғын үй коммуналдық шығыстарды төлеу үшін тұрғын үй көмегі көрсетіледі. Өрт немесе табиғи апаттардан зардап шеккендерге біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі.
– Өзіңіз айтып отырған табиғи апаттардан зардап шеккендерге берілетін бір реттік жәрдемақы мөлшері қанша теңгені құрайды, егер де құпия болмаса, айтып өтсеңіз?
– 100 айлық көрсеткішке дейін беріледі. Бұл көмекке биылғы жылы 7,7 миллион теңге қарастырылған болатын. Қазіргі уақытқа дейін оның 1,7 миллион теңгесі игеріліп, 9 адам өздеріне тиісті көмектерін алды. Жалпы, халыққа дұрыс ақпараттар айтуымыз керек. Неге десеңіз, көп адамдар әлеуметтік төлемдер тоқталыпты деп бізге келеді. Олай емес, әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдар мемлекетіміздің қамқорлығынан тыс қалып отырған жоқ. Жуырда Елбасының бес әлеуметтік бағдарламасы жарық көргені белгілі. Осы бағдарламаның ең басты мақсаты – осы әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарды қолдауға бағытталып отыр. Жұмыспен қамту, салық мөлшерін азайту арқылы еңбекақы мөлшерін арттыру, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталып отырған Елбасының үлкен қамқорлығының жемісі деуімізге болады.
– Сол бағдарламаның ең басты талабы адамдарды жұмыспен қамту екені белгілі. Қазір Алматыдағы жұмыссыздар саны қанша адамды құрайды?
– Қаламыздағы жұмыссыздар саны 5,3 пайызды құрап отыр. Бірақ қазіргі таңда осы жұмыссыз жүрген азаматтарды жұмыспен қамту, кәсіптік білім мен кәсіптік бағдар беру бағытында көптеген іс-шаралар қолға алынғанының нәтижесінде жыл өткен сайын қаламыздағы жұмыссыз азаматтар санының төмендеп келе жатқандығын атап айтуымыз керек. Жұмыссыз азаматтар әлеуметтік, қоғамдық жұмыс орындарына, қысқа мерзімді курстарға жіберіліп, мүмкіндігінше жұмыссыз жүрген азаматтардың жұмыс істеуіне қажетті жағдайларды қарастырып отырмыз. Тіпті, қазір жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарға несие беру мүмкіндіктері қарастырылып, бірінші рет қомақты қаражат бөлініп отыр. Биылғы жылы 150 адамды осы несиемен қамтамасыз ету қарастырылған. Жоғарыда айтып өткен жаңа форматтағы көмек түрімен жыл басынан бері 287 отбасы қамтамасыз етіліпті. Жыл басынан бері тұрғын үй көмегіне қаламыздың 1991 тұрғыны ие болса, әлеуметтік көмекке өте мұқтаж азаматтарға жарты жылда бір рет 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бұл мақсатқа биыл 329,4 миллион теңге қарастырылған. Жыл басынан бері 5550 адам бір реттік жәрдемақы алды.
– Жеңіс мерекесі жақындап келе жатыр. Бұл күні ардагерлеріміз мерекелік сый-сияпат күтетіні белгілі.
– Қала әкімінің бастамасымен биылғы жыл Алматы қаласында Қарттарды құрметтеу жылы болып жарияланып отыр. Соған байланысты қаламызда тұратын қарттарымыз бен зейнеткерлерімізге көрсетілетін қамқорлық пен қолдау жұмыстары белсенді түрде қолға алынып жатыр. Осы іс шараларға орай Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне көрсетілер құрметіміз де айрықша болмақ. Оны алдын-ала айтпай-ақ қоялық, ардагерлеріміз мереке күні бір қуанып қалсын деп отырмыз. Бұл күні Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген және тылда еңбек еткен ардагерлерді де құрметсіз қалдырмаймыз.
– Демек, сыйақы қомақты болып тұр ғой. Ардагерлер демекші, жуырда қала әкімдігінде 2018–2020 жылдарға арналған «Ұзақ белсенді өмір сүру» жол картасы тұсауын кесті. Бұл жаңа бастамаға қаламызда тұратын зейнеткерлер қатты қуанғаны белгілі, енді ол жұмыстар қашан қолға алынады?
– «Ұзақ белсенді өмір сүру» жол картасы өмірге жол тартты десе де болады. Қазір қала әкімдігінің қолдауымен арнайы ғимараттар қарастырылып, зейнеттегі үлкендеріміз бос уақытын қайтсе тиімді өткізеді. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының «Салауатты қалалар» қатарындағы Алматы жұртының салауатты өмір сүруіне қажетті барлық жағдайлар қарастырылып отыр. Бұл жоба халықаралық тәжірибелер арқылы және қоғамдық ұйымдардың, жекеменшік-мемлекеттік серіктестік жобасы аясында жүзеге асырылатындығын атап өткен жөн. Бұл ретте әлеуметтік үйлерде тұратын, адамдарды әлеуметтендіру, яғни мүмкіндігі шектеулі, жалғызбасты адамдарды қоғамдық ортаға бейімдеп, өз беттерінше өмір сүруге бағыттайтын шағын әлеуметтік үйлерді ұйымдастыруды қолға алдық. Қазір бізде осындай үш шағын әлеуметтік үй қызмет көрсетуде. Мұндай үйлерді Алматы қаласы республика бойынша бірінші болып ашып отыр. Жақында бізге Павлодар облысынан арнайы өкілдері келіп біздің сол шағын үйлердің жұмысымен танысып кетті, бізден кейін мұндай әлеуметтендіру үйлерді Павлодар қаласы ашпақ.
Енді әлеуметтік үйде тұратындар өздерін-өздері күтуді, еңбек етуді үйренеді. Қазір қарап отырсақ, кейбір мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сүруге деген құштарлықтары артып, жұмыс істеп, ақша тауып, зейнетақыларын үнемдеп ұстауға дағдылана бастаған.
– Жақсы бастама болған екен, ең алдымен, кешке дейін тас үйде қамалып жататын адамдардың еркін өмір сүруге бейімделуі қуантып отыр. Мейіржан Батырбекұлы, қазір МӘМС сақтандыру жүйесінің ендірілуіне байланысты тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін анықтау күрделі мәселенің бірі болып тұрғаны белгілі. Басы ауырып, балтыры сыздамайынша, адам емделудің қадірін біле бермейді ғой, құдай оның бетін аулақ етсін, дегенмен қала бойынша мәртебесі анықталмаған 500 мыңға жуық адамның тағдыры не болып жатыр?
– Аудан әкімдіктерінің, ішкі істер және басқарманың аудандық бөлімдерінің қызметкерлерінің және емдеу мекемелеріндегі учаскелік дәрігерлердің белсенді жұмыс істеуінің нәтижесінде қала бойынша мәртебесі анықталмаған 470 мың адамның бүгінгі күнге дейін 168 мыңының мәртебесін анықтау қиынға түсіп отыр. Дейтұрғанмен, қазір осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жерде тұрғындар өздерінің болашақтағы жағдайларын ойлауы тиісті. Қазір келіп тіркеліп, өздерінің қайда немен айналасатындары жөнінде ақпараттарды бергендері дұрыс, өйткені, өзіңіз айтып өткендей, басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам баласы жоқ, қартаймайтын қағида тағы жоқ. МӘМС және зейнетақы қорын жинақтау әр адамның өз болашағы, ертеңгі күнінің қамы үшін жасалып жатқан игілікті қадамдар екендігі естерінде сақтауы тиісті. Біз әлі де бейқам жүрген азаматтарымызға осы мәселені қаттырақ ескерткіміз келеді. Өзгеден қашып құтылғанмен, адам баласы ешқашан өзінен қашып құтыла алмайтынын ескергендері жөн.
– Мейіржан Батырбекұлы, әңгімеңізге рахмет. Бір сұхбатта басқарманың жұмысын айтып шығу мүмкін емес шығар. Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз.
Әңгімелескен –
Нұржамал Байсақал