Абаев Астананың 20 жылдығына жұмсалатын 19 миллиард туралы айтты

/uploads/thumbnail/20180528021902157_small.jpg

Сәуір айында Мәдениет және спорт вице-министрі Астананың мерейтойына республикалық бюджеттен 18,8 миллиард теңге бөлінгенін мәлімдеген болатын. Әлемде дағдарыс жүріп жатқан һәм ел экономикасында инфляция мен валютаның әлсіреуі байқалып жатқан бүгінгі таңда бір мерейтойға осыншалық қаражат бөлуді қазақстандықтар құп көрмейді. Салыстырмалы түрде айтсақ, мектептер мен емханалардың құрылысына небәрі 7 млрд бөлінгенін. Бұндай реакция әлеуметтік желіде қатты байқалды. Осыған орай министрлер бюджеттен бөлінген қаржы туралы түсініктеме берді.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы болса «Қазақстан — әлемдік қауымдастықтың бір бөлігі. Барлық ел халықты тарту үшін өнер арқылы өз жетістіктерін көрсетуі тиіс. Имидждік шаралар осы үшін ұйымдастырылады. Өздеріңіз көріп отырғандай, біз барлық шараны ірі әлемдік театрлармен немесе концерттік ұйымдармен бірлесіп өткізіп жатырмыз. Бұл — қажет» дейді. Ол «Элтон Джон, Леди Гаганы шақырып, формула-1 шарысын өткізе алмаймыз. Жалғыз Элтон Джонның өзіне бөлінген бюджеттің жартысы кетер еді. Айтылған сынға келсек, біз жоспарланған іс-шаралар тізімін ертерек беруіміз керек еді. Қаржы министрлігі бізді толықтай қолдады, қаражат бюджетте қарастырылған. Біз мерекелік бағдарламаның жоғары деңгейде өтуіне барлық күшімізді саламыз» деп түсіндіреді.

Ал, Астананы Қазақстанның визиттік карточкасы деп сипаттаған Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев болса «Ел тәуелсіздігі дегенде, ең алдымен елорда ойға оралады. Астананың 20 жылдығы шенеуніктер үшін емес, қала тұрғындары мен қонақтары үшін мерекеленеді. Екіншіден, бұл бюджет бірнеше мемлекеттік органннан құралады. Бұл ақша қазір көбісі айтып жүргендей, кредиттік ақша емес. Тексеруші органдар қаражаттың орынды жұмсалған-жұмсалмағанын кез келген уақытта тексере алады. Сіздер үнемі бар назарды ақшаға аударасыздар, ал сол шараның бізге беретін мультипликативті әсерін ешкім ойламайды. Мәселен, инфрақұрылым қалады, қала дамиды, бәрі де қала тұрғындары мен қонақтары үшін.  Жұмсалған ақша салық, түрлі шара түрінде ел қазынасына қайтып оралады», — деп түсіндіреді бюджет қаржысын.

Еске салсақ, 2015 жылы ақпанда президент Назарбаев «Бюджет қаржысы есебінен мерейтой жасаудан тыйылу керек». – деген болатын. «Бізде мерейтой жалпыға ортақ сүйікті іс болып отыр. Мерейтой қайда болса, бәрі сонда. Жиындарға қатысу, банкеттерде отыру, осылай жалғаса береді. Әлемнің қай жерінде біз сияқты мерейтой өткізеді? Ұлы даталарды атап өтіп, баспасөзде, телеарналарда, ғылыми-тәжірибелік конференцияларда айту керек. Ал дүркіретіп той ұйымдастыру, айдалада мыңдаған қазақ үй тігу мерейтой иесіне не берерін айтыңдаршы маған?», - деген еді Елбасы.

Бір айта кетерлігі, Астана күнін тойлауға кететін бюджет шығыны жыл сайын қарқынды ұлғайып келеді. Мәселен, 2009 жылы небәрі 120 миллион теңге жұмсалса, 2014 жылы 700 миллионға өскен. Ал биыл рекордтық көрсеткішке жетті. Ал қыруар қаржыға қарық болатын министрлік өкілдері шаралар апталық емес, жыл бойы жалғасады дейді.

Связанные Статьи