Астана мерейтойындағы мәдени шаралар қандай?

/uploads/thumbnail/20180213133302294_small.jpg

Астананың мерейтойы "EXPO" алаңында «Ел жүрегі-Астана» атты салтанатты шарамен ашылады, деп жазады qamshy.kz. Мерейтойдың жалпы бағдарламасын арнайы сайттан қарауға болады. 

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының, Астана әкімі Әсет Исекешевтің сөздеріне сүйенсек, бас шаһардың туған күніне орайлас шаралар бас-аяғы бірнеше күнмен немесе бірер аптамен шектеліп қалмайды. Қала халқы, шаһарға алыс-жақын аймақтардан келген меймандар үшін ұйымдастырылатын шаралардың ауқымы әлдеқайда кең, тіпті бірнеше айға дейін ұласатын болады. Жоспарланған жиындар да Астанамен шектеліп қалмайды, Алматыда және басқа да ірі қалаларда атап өтіледі.

Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қалалық әкімдігі және басқа да мемлекеттік органдар мұрындық болатын 645 шара өткізілуі тиіс. Бұлардың қатарында ресейлік Мария театрының гастрольдік сапары, халықаралық Канн кинофестивалі - 2018 аясындағы қазақ киносының апталығы, Нью-Йоркте өтетін Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік музей қорындағы картиналардың көрмесі сынды шаралар бар. А.Мұхамедиұлы айтып өткендей, 15-16 маусымда өтетін Voice of Astana эстрада әндерінің халықаралық фестивалі де көлемді қаражатты қажет ететін жобалардың санатында. Бұл мәдени жиынға әлемдік супержұлдыздар шақырылмағанымен, жарық пен дыбыстың сапалы болуының өзі арзанға түспейді екен. Бір атап өтерлігі, музыкалық бағыттағы шаралардың барлығында отандық музыка өнерін, төл композиторларымыз бен жұлдыздарымыздың шығармашылығын насихаттауға баса көңіл бөлінеді. «Біз биыл фестивальдің алғашқы күнін «А-студио» тобының жетекшісі Байғали Серкебаевтың 60 жылдығына арнағымыз келіп отыр. Екінші күнін Батырхан Шүкеновті еске алуға арнаймыз. Валерий Меладзеден бастап, Леонид Агутин, Кристина Орбакайте сынды танымал өнер жұлдыздарының барлығы Батырханның достары ретінде осы концертке қатысуды парыз санайды», дейді министр.

Мерейтой бағдарламасына көз жүгіртсек, 1 шілдедегі «Қазақстан барысы» республикалық қазақша күрес турнирі, 1-5 шілде аралығында өтетін XIV халықаралық «Еуразия» фестивалі, 7-13 шілдедегі І халықаралық Wide World театрлар фестивалі, 25-29 маусым күндері өтетін The Spirit of the Dance этностық музыка мен халық биі фестивалі, халықаралық ақындар айтысы сынды ауқымды мәдени шаралар легі толастамайды екен. Wide World театрлар фестивалі аясында халықаралық симфониялық оркестр сүйемелдейтін Карл Дженкинстің Chune Astana одасының салтанатты премьерасы, «Опералия» фестивалінің бағдарламасында Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсы қойылатынын атап өткен ләзім. Жыл сайын маусым айының орта шенінен бастап қала күнін тойлау қыза түсетіні белгілі. Биыл мерекелік шаралардың легі, шаһардағы мерекелік көңіл-күй бірер аптаның аясында саябырлап қалмай, жаз бойы толастамауы тиіс. Бұл елордалықтар үшін де, Астанаға жазда қыдырып келетін меймандар үшін де ыңғайлы болары сөзсіз.

Биыл Қазақстанның Ұлыбританиядағы, Жапониядағы, Қытайдағы күндері және Өзбекстанның, Әзербайжанның, Ресейдің Қазақстандағы күндері өтеді. Астана орталығындағы Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Үмітхан Мұңалбаева кітап ордасы елорда мерейтойына арнап әлемнің танымал 20 кітапханасының көрмесін өткізетінін жеткізді. Он тоғыз мемлекеттің кітапханаларында Қазақстанның әдеби және мәдени орталықтарын ашқандарын мәлімдеген ол осындай жиырмасыншы орталық биыл Германияда ашылатынын, осылардың бәрі көрмеге келетінін айтты. «Былтыр Францияның BULAС атты үлкен кітапханасында Мұстафа Шоқайдың қолжазбаларын таптық. Кітапхана бізге бұл қолжазбаларды тапсыруға дайын», деді Үмітхан Мұңалбаева.

«Астана Балет» театрының директоры Валерий Күзембаевтың айтуынша, биыл аталмыш өнер ошағы Астана мерейтойына «Жизель» балетімен қоса, қазақ ертегісі желісімен қойылатын балетті тарту етеді. Бұл туындының либреттосын Бақыт Қайырбеков жазып жатыр. «Астана Опера» театры директорының орынбасары Александр Совостьяновтың сөзінше, биыл бұл ұжымның «Біржан-Сара» операсының премьерасы ашық аспан астында өтеді. Кастинг жарияланып, қазіргі таңда бас кейіпкерлерді сомдайтын әртістер таңдалып жатқан көрінеді. Бұған қоса, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Севилья шаштаразы», «Евгений Онегин» опералары «Корсар» балеті қойылады. Пекиннің ұлттық опера театрымен бірге қойылатын «Турандот» операсын сахналауға әлем мойындаған режиссер Тимур Бекмамбетов шақырылып отыр. Қазіргі таңда онымен келіссөздер жүргізілуде. Ұйымдастырушылар Астана мерейтойына арналатын айтулы шараларға билеттер техникалық себептерге байланысты электронды сатылымға әлі түспегенін айтты. 

Связанные Статьи